«ТАЛАПТЫҢ АТЫ АРЫНДАП…»
29.07.2023
618
0

Азамат
ӘЛІБЕК

АЛМАТЫ. МЕН. СЕН
Алматы.
Мен және сен.
Сәуір.
Сирень.
Жалғыздығың жаныма ауыр тиген,
Жалғыздығым жаныңа ауыр тиген,
Сенің мөлдірлігіңді жаным сүйген.

Алматы.
Көктем кеші.
Саялы бақ.
Екеумізге құшағын жаяды бақ.
Өлең жазғым келеді өзің жайлы,
Өмір сүргім келеді баяны ұзақ.

Бізден де ертең қалады-ау, шалық-ғұмыр,
Өмір заңы – аңсау мен зарықтыру.
Маңдайыңнан өпкен сәт ерке жаңбыр,
Мен деп ойла ақ таңның жарық нұрын.

Сағыныштан бейнемді құрап ап әр,
Қарашығың моншаққа тұна қалар.
Сен мұңая көрмеші, сен мұңайсаң,
Өксіп-өксіп Алматы жылап алар.

Алатаудың аспанын бұлап жасқа,
Кетіп барам мен елге мұнарлы, асқақ.
Жолсерігім: сен жайлы ой, сен жайлы өлең,
Жанымды ұғар ешкім жоқ бұдан басқа.

Алматының көз жасы мұң боп ағар,
Көрген түстей өтуде күн кереғар.
Бәлкім, жүрек ынтызар….
Сол қалаға
мені әйтеуір тартатын бірдеңе бар.

Бақыт толы сәттерім өтті қанша,
Жүрегімді қалдырып кеттім алшақ.
Саған барар жалғыз жол – ұлы іңкәрлік,
Саған мені бастайды шексіз аңсар.

Жолығысып қалармыз келесі күз,
Жолайрықта қоштастық неге осы біз?
Көп дерегі жанардан жас боп аққан,
Көктөбені кезіп жүр елесіміз.

Алматы.
Көктем кеші.
Мамыр.
Сирень.
Менің мөлдір жырымды жаның сүйген.
Жалғыздығым жаныңа ауыр тиген,
Жалғыздығың жаныма ауыр тиген.
Сол қиын.


Меңдібек
ЛҰҚПАНОВ

* * *
Тағы да түн.
Мазасыз ой не түрлі,
Сені ойлатқан, мені оятқан мұң деймін.
Қала шамы сенің күлкің секілді,
Мені алдайды.
Неге алдайды?!
Білмеймін…

Неге алдайды шамдары анау көшенiң,
Бағыттардан, қамыттардан шаршаған.
Сол шамдарда жасырулы неше ерін,
Сол шамдарға алданды екен қанша адам?!

Қанша жанның көтере алмай күнәсін,
Сөнеді олар, өледі олар ақырын.
Кетпей қойды көз алдымнан бір асыл,
Жетпей қойды ақылым.

Түнге сіңген бір бейнемен тілдесем,
Шамдарынан сан іздедім неше үйдің.
Сылқ-сылқ еткен сұлудай шам күлмесе,
Сен мұңайып қалды ма деп шошимын.

Кенет, кенет…
Шамы сөнді қаланың,
Кетер сәтім бар ғажаптан безініп.
Кірпігіне хаттың жазып жауабын,
Ал сен кеттің көз іліп,
Қайырлы түн!!!


Темірлан
ТЕМІРБАЙ

* * *
Тереземнің алдында құс әндетер,
Құс әндетер: «қайғың да, құсаң бекер!»
Жан досымдай мұң шағып, сыр айтсам да,
Білем, ол да бір күні ұшар, кетер…

Құс әндетер, әні әсем көңіл аулап…
Мен жалғызбын… дерттімін… тобыр аулақ.
…Жүдеп сіз де жүрмісіз мына өмірде,
Жүрексізге қонатын соқыр-ау Бақ…

Құс әндетер –
Біледі ол ән сүйерді.
Айтқым келер: «тапқанша, қалшы, Иеңді!..
Жұбанышым боларсың жалғыздықта,
Әніңменен ерітіп жан-жүйемді!»

Құс әндетер көп жайды еске салып…
(Өткенді адам қайтадан кешпесі анық.)
…Өз қолыңмен жазылған тағдырың ғой,
Өткен іздер – қойылған тас қашалып!..

Құс әндетер сейілтіп ойдан күдік,
Құштарлық пен үмітке бойды алдырып,
Кіп-кішкентай сүйкімдім әніменен
Қанша жайды қойған сол ойландырып!

Құс әндетер: «сүйгендер… қосылмаймыз…».
Тынды кенет… тоқтатқан тосын қай күш?..
…Көңіл қылын шертетін әр таң сайын,
Сізде де бар шығар-ау осындай құс?..

Абзал
МАҚАШ

ҚАҒБА-ЖҮРЕК
«Мұсылманның ең үлкен Қағбасы – жүрегі».
Шығыс шайырларының бірінен.

Тіл қатса керуен іздері,
Ілімнің ізгі тегін ұқ:
«Жүректі кеудеміздегі
Қағба-дүр»
дейді,
«ең ұлық!»

Көңілім кетті гүл аңқып,
Қонғандай басқа мерей-бақ.
Алыста тұрған мұнартып,
«Қағбаңды» ойлап,
Сені ойлап…

Арымды жудым араймен,
Жалынды жырмен жан аман.
Жан-ділім лас боп қалай мен,
Жаныңа жақын бара алам?

Оралып ойға бар сүрем,
Құранның құты – сырлары.
Тахарат* алдым тамшымен
Махаббат құтысындағы.

Нұрына шалқып өлеңнің
Санама сәуле бүріккен.
Қанатын періштелердің
Орадым сәлде қылып мен.

Шабытты шақта шарықтап,
Ұмыттым қайғы-қатерді.
Жайнамаз жаным қалықтап,
Алдыңа сенің әкелді.

Ғашық боп іңкәр рухпенен,
Өзіңді жаным деп білгем.
Осындай тазалықпенен,
«Қағбаңа» тәуап еттім мен!

Тахарат – ғибадат алдынағы тазалық.

Ақтілек
ӘЛІБЕКОВ

* * *
Лаулап-лаулап күл боп қалған жаныма,
Кім болып келдің?
Мүмкіндік беріп тағы да,
Үлгеріп көрдім,
Жануға тағы қам етіп,
Бет қаратпадым сонда мен,
Әрі өтіп, сосын бері өтіп,
Жылынып жатты жолда әлем!

Әлсіреп жанған от едім,
Үрледің бе екен?
Қандай ұлылық о, тегі,
Білмедім бе екен?

Тамызық салған сол отқа,
Тосыннан келіп.
Жалын таратып тарапқа,
Қосылған болып…

Алшақтап жүрсің,
Қашқақтап қайда барасың?
Дірдіктеп өмір сүресің.
Жылылық таппай күн іздеп, айға қонасың,
Сенің де бар ғой үлесің.
Тоңғағым менің,
Тағы да үрлеп жіберші,
Қолыңды ұстап тұра тұр қалағаныңша,
Оныма көнбей күлерсің,
Амалым қанша?!

Ғажап күн бастан көп өтті,
Ұғынбай бір сын,
Өзің лаулатып сол отты,
Жылынбай жүрсің…
Неге?

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір