МЕН – ҚАРАДАЛАМЫН!..
27.07.2023
583
0

Бақыт БЕДЕЛХАН

Шаһар-наме

Бұл – менің Шаһарым!
Бұл – сенің Шаһарың!
Олардың Шаһары емес –
…Жерім – Жаһаным!

Жаннәт қақпасы жабылмай
тұрған кезі ме?..
Жоқ, Адам-Ата пайғамбардан бері ме?.,
…Қабырғам Һақ нұрымен бүрлеген
кезде де,
Кіндігімнен Ібіліс-сайтан үрлеген
кезде де,
…Бұл Шаһар – Біздікі болатын.

Қабыл Абылды өлтіргенде де,
Ібіліс,
алғашқы жеңісін тойлап желпінгенде де,
Жүз жиырма төрт мың пайғамбарларды
Жаратқан жерге келтіргенде де,
…Бұл Шаһар – Біздікі болатын!

Жүрегіміз мұз боп тұрса да,
Жігеріміз құм боп тұрса да,
Заманалардың Жезтырнақ-желі
Кеудемізді тырнап тұрса да;
Әйтеуір, бұл Шаһар – Біздікі болатын!

Қан қасап замандарда да,
Ақжем боп жаман қарғаға,
Қар-рқ етіп ұшып, жоғалып
Жолықтық зауал-зарға да;
Бәрібір, Бұл Шаһар – Біздікі болатын!

2
Біздікі болатын Бұл – Шаһар,
Ұшы-қиыр, шет, шектеуі мүлдем жоқ.
Бірте-бірте боп кетерін мұнша тар,
Біле алмадым, білгем жоқ!

Бір-бірінің Шаһарларын тонарда
«Жарты құдай» боп кететін патшалар.
Құдай жалғыз екендігін оларға,
Айтпаған ба, сонда, басқалар?

Арланымның көкке ұлыған азуын,
Тұлымды ұлға тұмар қылып таққанда.
Болар ма еді, болмас па еді жазығым
Сол – тұлымды ұл соңғы үмітті жаққанда!

Сіңірімнен суырылған сірі жіп
Күдерімнен бұрын солай үзілді.
Ібіліске иілмеген ірілік,
Шаһарында шарт сынды ма бүгінгі?

Опық та жедім, (ой Алла-ай…)
Ақыл – түлен, Ес –түлей;
Құранымның құзырында бола алмай,
Құлағымның сыбырын да естімей!

Бұл Шаһарды бұлдайтындай кімің бар,
Жүрегінде Құдайы жоқ пенделер.
…Айдан-сәуле, Күннен-шуақ –
Нұрымды ал,
Жүрегімде иманым бар, ел көрер!

Ләй-и-лә-һә ил-Алла – деп басталған
Иман-нұрға толып тұрса Шаһарлар,
Жолаушылар жолға шығып аспаннан…
Бұл Шаһардан басталмас па сапарлар!
Күллі адамның күмілжіген ындынын
Періштелер махаббатқа дүй қылып.
Алла ауылына ап кетсе ғой күн бұрын,
Мешіттегі азан-жырға сыйдырып.

3
Біздің Шаһардың
Күні шығыстан шығатын,
Айы батса да батысқа барып тынатын.
Жұлдыздары бар – жүмле-ғалам шырағы
Жарқырап тұрар
Алланың айтып мың атын.

Біздің Шаһардың жұмақтай еді – бұл елі.
Мөп-мөлдір, таза бұлақтай еді –жүрегі.
Қызының сөзі – Қызырдың сөзі болардай
Періште-көңіл, шырақтай еді – нұр-өңі.

Біздің Шаһардың патшасы
тіпті болмаған,
«Патшамын!» деген,
талай пендесі сорлаған.
Жүректің ғана әмірін тыңдар оғланы
Шаһарда мынау жүрегін ғана қорғаған.

Азаматтары сатылмайтын да
сатпайтын.
Қазанаттары далақтап
босқа шаппайтын.
Таулары биік, даласы асқақ,
бұл – Шаһар
Күн менен Түнге есігін мәңгі жаппайтын.

Біздің Шаһардың шетсіз де
шексіз көлемі,
Абыз боп туған ақсақалдары көп еді.
Зынданның ауызын
Ар-намыспенен бекітер,
Е,біздің Шаһардың Абақтысы да
жоқ еді.

Қоңыр далаға қорасыз қойын өрбіткен,
Мылтықсыз аңын бөктеретұғын
өрлікпен.
Түленсіз және түрмесіз біздің Шаһарда
Жұмаққа ғана апарар деп ем
жол біткен?!
(Сол Шаһарымның алдынан
неге сор күткен?)

4
Заманның зарпы зарлы,
Алды – құз, арты –жарлы.
Менің мұңсыз Шаһарымды,
Сенің мінсіз Шаһарыңды
Олар неге тартып алды?!
Олардың Шаһарында
Орын жоқ атан-ұлға.
Ән қылып айтарың жоқ
Мәңгілік сапарыңда.

Ұйыстық, ұйпаландық,
Жіберді бұрқаған бұлт:
Қыздарын – шеге-тұяқ,
Ұлдарын – құл-табан ғып.

5
Ал содан соң,
Жеті түннің аспанынан,
Жеті қат жер тастарынан,
Жеткен бізге жеті иесіз
Жер үстінде бастады ылаң;
Екі көздің түймесін бырт-бырт үзіп,
Мөп-мөлдір суы кетіп, сұғы қалды.
Алқымымның түймесін бырт-бырт үзіп,
Құлқынымның құл қылып құнын алды.
Кіндігімнің түймесін бырт-бырт үзіп,
Сықпытымның уызын сығып алды.
Қос қанатым – бар еді, дін мен ділім
Жарқанат жарғағындай түрі қалды.
Ар-намысым бар еді Алдаспандай
Қолымда қой үркітер қыны қалды.
Өр рухым да бар еді бөрі тектес
Е,оның да Айдан басқа кімі қалды?..
Сұмдығы – сөз-патшасы тақтан тайып,
Тілдің де қуаты жоқ дымы қалды.
Жеті ағайын жұт келіп, жұрдай қылып,
Жұртта мені қалдырып, қыбы қанды.
Барынан айырылған сірі жаным
Сіресіп қалай ғана тірі қалды?!
Сонда да сүйрелеп кеп сүлдерімді,
Көремін көні кепкен сүрлеуімді.
Сосын, осы Шаһарда шаршап жүрем,
Айта алмай, қалай өмір сүргенімді.

***
Жерді айтсам, топырақ жылайды .
Желді айтсам, жапырақ жылайды.
Елді айтсам, азамат жылайды.
Ерді айтсам, қазанат жылайды.
Сөзді айтсам, ақындар жылайды.
Езді айтсам, батырлар жылайды.
Ұлтты айтсам, арыстар жылайды.
Рухты айтсам, намыс зар жылайды.
Көрді айтсам, күрегің жылайды.
Сорды айтсам, жүрегің жылайды.
Жылайды бəрі,
жылайды бəрі,
жылайды….
Тек, жылатып алмаңдаршы,
Жүректің ішіндегі Құдайды !!!

***
Санамдағы сансыз-сансыз сұраққа
Жауап таппай, түсем ылғи мың отқа.
Жанарымның жаңбырына малшынып,
Жын қаққандай болам, сосын, жырақта.
…Жын қаққандай жылап-жылап алайын
Сен бірақ та жұбатпа?!
Кейде осылай, қашып кеткім келеді
Жүйкедегі – тозақтан,
жүректегі – жұмаққа…

Мен – Қарадаламын!

Мен – мынау, Қарадаламын!
Намыспын,
Назбын,
Наламын…
Ашуға мінсем,
аспаның да анау – бір уыс,
Аспантауың да бір тұтам болар қарағым!

Мен – мынау, Қарадаламын!
Күннен де өткір жанарым.
Қазақтың жаны,
Айдай шалқалап жатқанда,
Оңынан туғызған
қайқы қылыштай қабағым.

Мен — мынау, Қарадаламын!
Аждаһаның көрген аранын…
Жұтылып кетпей,
Жұртымнан көкжал шығарып,
Тәңір таудың да
Тазалап өткем табанын…

Мен – мынау, Қарадаламын!
Ұлы жүрекке панамын…
Батысың бар ма,
Шығысың бар ма,
шын сыйла!
Арғы-бергіге алтын-бесіктей арамын!

Мен – мынау Қарадаламын!
Үйсін тауға да бабамын…
Көк аспанымның кекірек шерін жасырып,
Нұрға бөледім,
Жалғанның жасыл жанарын!

Мен – мынау, Қара даламын!
Бақ орап жатқан балағын…
Басыма менің бақ емес,
Қызыр түнесін,
Түнесін-дағы қақпай-ақ, кетсін,
балағын!

Мен – мынау, Қарадаламын!
Самал мен жел ғой – жалауым…
Сол жалауымды
Желбірете алған оғланмен
Дауыл боп соғып,
жауын боп төгіп,
…жауамын!

Мен – мынау, Қарадаламын!
Шарын боп шалқып ағамын.
Бұғыты тауым –
қосты күзеткен батырдай
Өр Текес пенен Құлжаға еркін барамын!

Мен – мынау Қарадаламын!
Замана жыры – зар әнім…
Зардан да бөлек,
Зау көкімде әлі қалқып жүр
Әруақ боп, рух боп
Әулие, батыр, Қағаным!

Мен – мынау, Қарадаламын!
Аманат толы алабым.
Аманаттарды
жарау аттарға қондырып,
Аламандатып,
Шаң қалмас жерде шабамын!

Мен – мынау, Қарадаламын!
Аспантаулар ғой – қамалым…
Қамалым құлап,
Заманым жылап жатса
Ерлік пен өрлік,
Кеңдікті сақтап қаламын! 

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір