Жылымық
22.07.2023
646
0

Абайдың «кешегі өткен ер Әбішіндей», һәм Шоқан тұрпатты, жарқ еткен жасын ғұмырлы жан өтіпті, арғы заманда, суретшілердің тап ортасынан. Ресейдің табиғат көрінісін салатын Алексей Саврасов, Иван Шишкин тақылетті шығармашылардың шоғырынан… Мың сегізжүзінші жылдардың ортасынан аса беріп, ширек ғасырға жетпей…

   Білетіндер бұл кісіні: «Біздің пейзаж сұрғылт, көңілсіз», – деп жақсысына көкірек көзі жетпей, италиялық, швейцариялық әсем табиғат көріністерін ғана салып жүрген сол кездің көп пейзажистерінің көгінен күн күркіретіп, төпеп тұрып, жауып барып ашылған жаңбырдай айналасын тазартып жіберген жан деседі. Өзінікіне шүленсіп жүргендердің сол «сұрғылт көрінісін» жыр қылып жіберген осы кісідей «Жылымықты» біреу жазды ма екен, сірә?
«Жылымық! Ақырған аяздың дәурені бітіп, бұл өңірге жылымық ұялағанынан бермен қайғы жұтып жүдеген далада қыбыр-қыбыр қозғалыс барға ұқсайды. Анау, адамдардың улы табаны тиіп бой-бойы шыққан ылжыр жолда бала жетелеп бара жатқан шаруаның қазіргі халі қандай екен?» (Оралхан Бөкей «Жылымық»)
. Сұрғылт күнді жамылған сол екеудің табаны қайда тартып тұр екен? Иә, өңірін орман, өңменін сұр бұлт басып, қар құшқан шеті, шегі жоқ өлкені бетке ұстап барары қайда, табар барақаты қайсы?
Картинадағы еріген қар, еңсесіз жапырайған ағаш үй, жалпасынан түскен жалаңаш бөренелер, ылғалды ауа, шеті шексіздікке сіңіп кеткен шалшық жол сондай қарапайым жазылған. Жол ғана ма екен шексіздікке шақырған? Ой шығар, мұң болып қол бұлғап тұрған… Мұнда көңіл күйдің бар үмітін мүжіген сұмпайы күдік бұғып тұр-ау. Қамсыз қыстың тап шетіне шақырусыз жеткен жылымық – жайыла созылған аласа картинаның шерлі үнсіздігімен араласып, шоқпыт киген қос мұңлықпен құшақтасып, сүреңсіз кейіп танытады. Тек, қалың да қоймалжың бұлт арасынан қапияда сығалап үлгерген ұялшақ күннің жалқы сәулесі күдіктің кіреуке пердесін сәл-пәл ысырғандай ма?
Картинада су жағалаған, шана ізін қуалаған, әндете созылған жұмсақ сызықтар сонау ағаштардың кейпін айқындай беріп, әрі асып, бұлттардың бұйра-бұйра толқынымен астасып кетер еді. Суретші табиғатта сирек кездесетін жылымық-жалғыз сәтті дәл ұстаған. Осы бір ғана деталь картина иесінің елден ерек, сирек сезімтал жан екендігінен хабар беріп, андағайлап тұр. Қызыл-жасыл бояудан мүлде ада, күрделі монохром, монтаны реңк, жуас гаммада түзілген картина көрген елді таңдандырмай қоймайды. Тіпті еліне даңқын жайып, дабысы Еуропа асып кеткен «Жылымық» біздің елде жазушы Оралхан Бөкейдің осы аттас әңгімесі болып дүниеге келіп, «…мен осы бір суретті көрген сайын, тіршіліктің мәнін бұрынғыдан әлдеқайда терең түсініп, адам өмірінің шын қуанышын, шын қайғысын жырлау, сипаттау екінің бірінің қолынан келмейтіндігіне илана түсетінмін. Бұл суретке ұзақ үнсіз қарап тұрып бақыт, күлкітоқтық дегеннің бәрін санамнан сылып тастап, өзім де біле бермейтін мәңгі шексіздікке, мәңгі тұманды сапарға аттанып кетуді көксер едім…» – дейтін жолдар жазылып еді.
«Жылымық» дүниеге келісімен даңққа оранды (ол даңқ уақыттың қатал тезіне төзіп те берді). Қашан қарасаң да күні кешегідей бояуының «иісі аңқып, шалқып» тұрғаны. Шикі өкпе, түбіт мұрт емес, пейзаж жанрына әбден қолы төселген маэстроның қолынан шыққандай кексе картина еді. «Кексе» картинада бозбаланың өмірге дейтін аңқау да адал, тұма махаббаты тұнжыр мұңмен табыса жазылған еді. Картина замандастарының арасында дер кезінде тарихи оқиға болып танылып, лайықты бағасын алған-ды.
Өлшеулі ғұмырлы суретшіге осылай, қат-қабат жақсылық келіп, жазған атақты картинасы үлкен жүлде алды. Сол кездің патша сарайы да «Жылымыққа» аса ден қойып, картинаны (пессимизм жүгін арқалап тұрса да) екінші қайыра, қайта, арнайы салғызып еді ау…
Картинаның жазылу тағдыры иесінің де тағдырын күрт өзгертетін кезі болады. Рембрандтың «Түнгі шолғыншылары» секілді, «Жылымық» та өз иесіне ауыр нәсібін ала келді. Картина жазу барысында шаттанып, сыртта асыр салып жүргенінде балаң көңілмен қар асап жіберіп, онысы көкірегіне дерт болып жабысып, (тағы да тап Әбіш сияқты!) құрт аурына шалдықты. «Жазылармын» деп үміт арқалап Ялтаға кетіп, жазыла алмаса да, өлмейтін «Су тұнған шалғын» (1872), «Қырым» сериясын жазып, артына жүздеген картиналарын тастап бақилық болып еді. Жә, әңгімеміздің жадау жолдарын тежей тұрып, сирек талант иесінің өмір жолына бір үңіліп көрелікші.
Ол он бес жасқа толған кезінде-ақ кешкі сурет мектебіне түсіп, орыс, француз (барбизон мектебі) табиғат суреттерін зерттеген екен. Портретші, тарихи-тұрмыс жанрының суретшісі Иван Крамскоймен оңынан жолығыпты. Оның тағдырына жазылған ең әуелгі сыйлық – Жаратқаннан өлшеусіз талантпен туғандығы және мәдениет қазаны бұрқ-сарқ қайнап жатқан Петербор қаласында өнер жолының басталғандығы екен (туған жері Гатчинадан әке-шешесі көшпей отырып қалғанда ол жүз жерден талантты болып кетсін, бұл суретшіні біз білмей қалар едік). Сол кездегі орыс сурет академиясының бағытымен келісе қоймайтын бунтарь «Суретшілер артелінің» оң әсерімен жазған балаңқы пейзаждарының дереу көзге шалынып, атақты атымтай-жомарт, шонжар Строгановтың назарына ілінгендігі… Кейіпкеріміздің тұрмыс тауқыметі оңынан шешіліп әлгі графтың алқауымен, сәнді-салтанатты үйлер салынған, нулы-сулы саяжайларына барып, емін-еркін сурет салғандығы… Сонан соң, әпкесі атақты суретші-пейзажист Иван Шишкинге тұрмысқа шығыпты. Жездесінің сауатты қолына ілігіп, жанында бірге жүріп, ел аралап, сурет салыпты. Салғанда да ойдан, болмаса басқадан көшіріп емес, табиғат көрінісін тікелей көріп салып, түп қазығын адаспай тапқан-ды.
Атақты суретшілер айналып-толғанса, біздің кейіпкер олардың күндіз мойнында, түнде қойнында еді. Әсіресе, Крамскоймен жаны бірге тұғын. А.Саврасов, И.Шишкин Е.Макаров, И.Репин сияқты аты дүрдей шеберлермен сапарлас-сырлас, үзеңгі жолдас болып, Еділ бойымен жүзе жүріп, қатар тұрып сурет салу бақытына ие болды. 1870 жылы жазған «Еділ жағалауы» ол атақты картиналардың біріне айналды. Үлкендер салған реалистік жолдан ауытқымай әрі өз жүрегінің қалауына бағына жүріп, жазған пейзажын дәл де анық, шынайы түсіріп, оны лирикалық әсерімен орап, көңіл күйінің сол сәттегі ауанымен астастыра отырып, табиғаттың сәт сайын ауысып жатқан өзгерісін асқан сезімталдықпен аулай жүріп жазды.
Отанын жан дүниесімен елбірей сүйген суретшінің қаламына іліккені қайдағы бір қураған ағаш, елсіз диірмен, өзен арнасы, ми батпақ, шалшықты сүрлеу-жолдар, іргесі жерге сіңіп, шатырын жел сумен шіріткен жапырайған ағаш үйлер болып келетін. Көгерген ағаш шарбақ, отын арқалаған шаруа, өгіз айдаған арбакештер еді. Айтқанға жадау, есіткенге жабырқау, көңілге олқы осынау бір «көңілсіз дүниелерді» жарқын күннің нұрымен, шағылысқан жарқыл, мөлт еткен су, тұнған шық, зеңгір аспан, шарбы бұлтпен астастырып отырып жазды. Қаламын палитраға емес, жүрегіндегі елі-жеріне деген махаббатқа, мейрім мен уайымға малып отырып жазды. «Иесіз диірмен», «Жауыннан соң», «Нөсерден кейін», «Өткінші» деп басталатын картиналарының бәрі дерлік терең сезімді лирикаға, поэзия мен ән-әуенге тұнып тұрды. Өзге пейзаж мамандарынан өзгешелігі де сол, бала көңілмен құлай сүйгендігінде, жан дүниесі кеудесінен шығып кетіп туған жерінің әрбір бетегесін аялап, әрбір жусанын сипап келетіндігінде жатса керек (Көрермені де әлі күнге дейін сол, Жаратқан сыйлаған ғазиз іңкәрлікті картинасына қараған заматта сезе қояды). Этюд жазғанында өзінен үлкен тіс қаққан суретшілердің өзі мұны айнала, үйіріліп, еліктей беріпті деседі.
Жұмыс істеу мәнері өзгеше еді. Ол әлденеше картинаны қатар бастап, бірінен екіншісіне шүйіліп жүріп, дамыл көрмей жазатын. Ешкімге ұқсамай, ешкімге еліктемей… Пейзаж мамандарының бірде-бірін, тіпті алақандай жерін болса да қайталаған емес. Пейзаж мектебінің ешбірі түсірген көлеңке, әсері де жоқ. Өзімен-өзі қалаған, өзгелермен соншалық қабыспайтын, сол кездегі өнер ағысына да сорпасы қосылмаған, оқыс келіп, оқшау тұрған суретші еді. Тіпті картиналарының шикі қалаған, бітпей тұрған тұстары, кедір-бұдыр қалпымен-ақ ғұламалардың қатарына барып тұрар еді.
Табиғат дейтін ұлы құдіретті тұтасымен сіміріп, көкірегіне апаш-құпаш сіңіріп алмаққа жанталасқан, айға шауып мерт болған арыстан іспетті.
Табиғаттан сюжет сіңіруі өзгеше. Оны картинаның композициялық құрылысымен астастырып, оның айқын да айбынды қалпын жеткізуді мұрат тұтты. Суретшіге өлшеп берілген қысқа ғұмыр бұл мақсатына тек аяқ басуды ғана жазыпты.

Оның жазған пейзаждары Саврасов пен Венециановтардың лирикалық жалғасы секілді көрінгенімен, қуаты мен бояуының тазалығы жағынан оның салғаны соны соқпақ еді. Әдетте жаңа да қысқа соқпаққа адам ізі аз түседі. Келе-келе әлгі жол даңғылға айналып, оның ең бір керек бағдар екенін уақыт дәлелдейді.
Сол кезде көзін көргендер: «Несін айтасыз, байлығын оңды-солды, таңдамай-талғамай шашқан шын көпестің өзіндей еді, – деп естелік айтатын. – Әсіресе, оның жазған аспанынан шыр айналып шыға алмай қалатын едік». Суретші табиғатты көшіре салғандардың ауылынан емес. Ол – табиғаттың образына табандап отырып, тереңдеп енген, талайы бөлек жан. (Шығармашылық ғұмыры бар-жоғы бес-ақ жыл десе болады. Ғылым тілі мұндайды «феномен» деседі.)
Оның «Дымқыл шөбі» Шишкиннің «Ну қарағай (Сосновый бор)» картинасымен бәйге мәресіне қатарлас-қанжығалас келген екен. Жастық шақ жазған, жауыннан кейінгі озонмен араласқан суреттер сол әсерден ешбір арылған емес. Төңірегінің бәріне таза аура сыйлап, Борисов-Мусатов, Левитан, Серов секілді суретшілер, тіпті «Өнер әлемі», «Көгілдір раушан» тобы да осы әсерден шыға алмай жүріп өздерінің талай жақсы дүниелерін өмірге әкелді. Барымен бөлісіп хат жазып, хат алып тұрушы еді.
Кенебіне жапырайған мұжықтың жертөлесі мен асқақтаған Қапқаз тауларын қатар сыйғызған кемел жігіт көріпкел де еді. Крамскойдың «Құладүздегі Айса (Христос в пустыне)» картинасы Петерборда жазылып жатқанда, оны сонау Қырымда жатып, түсінде көреді.
Әкесінен ерте қалып, тез есейген суретші рухани әлемді таңдап алғаны да бекер емес. Оның пешенесі пейзаж әлеміне өзгелер кірмеген басқа бір есіктен кіріп, тереңдеп еніп, табиғаттың тұмса да жұмбақ үйлесімін көріп-білуге, жазуға бұйырыпты.
Көз арбаған Қырым пейзажы көпке дейін біздің кейіпкерді әсерлендіре алмаған деседі (Нөкерлерін ертіп Айвазовскийдің өзі Қырымда емделіп жатқан жеріне көңілін сұрай келіп кетіпті. «Теңізді де жазып көр, былай істе, былай қыл» деп айтқан ақылына құлақ аспаған деседі, өйткені атақты маринистің картиналарындағы секілді романтикалық, пафосты-шарықтау сарыны біздің кейіпкерге шетін болатын).
Бұл жерге емделе келіп, елді сағынып жүріп жазған картиналарының ішінде ай маңдайлысы – әрі ғайыби, әрі шын бояумен емес, жарықпен жазылғандай «Дымқыл шалғын» еді.
Жайдақ төбе… Етекте беті жарқырап жатқан көлкіген су, дегдіп үлгермеген шалғын, әріде шетінен бір-екі ағаш әйдік көрініп арғы жағы көкжиекке сіңе кеткен орман, кең аспанның кеудесін жайлаған бұйра тұман, жаңбырлы бұлт көрінер еді бұл суреттен. Картинадағы әрбір бөлшек тәптіштей жазылғанымен табиғат образының жалпы тұтастығына нұқсан келмейді. Қайта күнге шағылысқан ұсақ тастар, сусіңді ағаш, ылғалды топырақ, әрбір шөптің жапырағы, күлтесіне дейін сонша назарын салып, елжірей қарағаннан күннің қиғаш түскен шуағындай жан жылытады.
Бұл өзі қиялдан туған картина болса да, тап жанында тұрып жазғандай, бояуы кеппей, қапысыз сендіретіні несі? Су бетімен жүгіріп өткен желдің бетіңізді желпитіні, көлеңкесін жасырып жөнеп берген бұлттың соңан қарайлай беретініміз қалай? Әлденеге зарықтырып, аты жоқ сарсаңға салып қоятыны не жұмбақ? Жазғытұры ұмытылмас суреттерінің әрқайсысымыздың көкірегімізде тығулы жатқанынан шығар. Мына сурет әлгі жасырын естелігімізді жанардан лықсыған жастай қылып, кемерінен итеріп шығарып жібергеннен болар? Жай көзбен емес көкірек көзімен қарағанан-ау?
Көзіңнің алмасын сорып, сонша шынайы жазылған суретші картинасы адамзаттың рухани байлығы болып артында қалды (Талай қазақ суретшілерінің шеберханасында ілініп тұрған осы, «Дымқыл шалғынын» талай репродукциясын көз көрді).
Осы жерде орыс сурет Академиясының, Петербордың марапат Одағының суретшіге қарайласып, тапсырыстар беріп, қаражатын уақтылы төлеп, бірінен соң екінші сыйлықты тағайындағанын да айтуымыз керек. Жырақта жатса да бәйгеге қатыстырып, назардан тыс қалдырмаған. Көпес Третьяков та артынан ақша салып отырыпты.
Суретшінң қырым жазбалары көпшіліктің көкейіндегі оңтүстіктің жарқырауық образындай емес, бұйығы мұңға бейім-тін. Тауды бейнелесе-ақ оны жаңбырлы бұлт меңдейді, бірде оны қиғаштап, кертіп қар алады, енді бірде жарықтың жарқылын, күндіздің көркін тұмшалап, салбырап түн басады. Десе де елпілдеген көңіл күйге кем, көз арбаған әсемдік болмаса да, жаңбыр мен қардың арғы жағында, беріден анық-қанық басталып, көртеріле түсіп, арғы басы көрінбей кеткен тау жолында аты жоқ құпия бір салтанат тау әлеміне шақырып, қол бұлғап тұрғандай болады.
Суретшінің табиғатты көргіштігі, талғамы мен сезімталдығы Қырым көріністерін түзуде белсенді рөл атқарды. Онда көрерменнің көз алдына табиғаттың дүлей күші тартылар еді. Әсіресе, өмірінің соңында жазған «Қырым тауларында» картинасының орны бөлек.
Өрге тартқан тастақ соқпақ, мойнын көкке созған қарағайлар, көрініп-жасырынған тау сілемі, өгіз арба, адамдар сияқты қарапайым ғана сөздер кенептің бетіне сурет болып көшкенде де тап сол кездің ауасымен тыныстап тұрғандай жанды әсер береді. Жер беті заңдылықтарының ешбіріне бағынбайтын, биікті ғана мекен еткен бұлт пен тұман патшалығы салмақтыны салмақсыз қалпымен-ақ тұтқындап алып еңіске қарай еміне ұмтылады. Сол арқылы картинаға өлшеусіз кеңістік сыйлайды.
«Күз. Ормандағы батпақ» картинасын айтсаңызшы?
Көк түс пен шөп түсті, сұрша-күміс реңді бір картинаға көрші қондырып, кейбір жерін жұмсақ тұманға малып, жұмбақтап, жаңағы жасыл түстің табиғи әріне өзге сипат береді. Картинаның өн бойындағы түс жинала келіп, тұтас колорит түзіп, таңның атып келе жатқанына көрерменді шүбәсіз сендіреді. Бұл картинананың қалай жазылғандығы белгісіз. Бәлкім, ойдан салды. Бәлкім, таңның бозынан барып этюд жазды. Қалай болған күнде суретшінің сұңғылалығы – бояуды жанды реңге айналдырып, реңді танып, сұлулық үйлесіміне жымдастырып, жылжыған жарық пен көз алдыңда мың құлпырған табиғи түстерді аса дәл бере алатынында.
Ақ құтандар мекен еткен батпақты өңірдің қарағайы «Елсіз диірмен» де суретші шығармасының шоқтығы биік картиналарының санатына кіреді. Суретші шығармасының ең мәнді тұсының бірі – тап-таза бояуларды сол қалпында тап-таза эмоция, реңк, кескіндемеге айналдыра білетіні. Әдетте үш-төрт бояу араласса-ақ кірлеп, кіділене қалуға бейім бояу шіркін жас өркеннің қолына тиісімен әлгі әдетінен заматта айнып, сиқыр қолға бағынып, қайда жұмсаса, соған лыпып, елпілдеп, тілалшақ қасиетке ие болып шыға келетін.
Науқасымен жалғыз арпалысып қалған суретшінің Ялтадан еліне жеткен қарындашпен сызып, сепиямен салған картинаның күллісінде әбден қайралған сартап машық бар. Тәйірі, пейзажды оған дейін кім жазбады десеңізші? Одан кейін де талайлар жазды. Саф алтындай талант келіп қонғанда сол бақытқа ие болған жан тіпті инешаншар жер қалмаған тар жерге келіп, өз орнын тауып, өз көрермендерін кездестіреді емес пе. Ешкімге кесірі һәм бейнеті емес, өнерімен жұртты өзіне қарата біледі. Өнер шетсіз екен. Шексіз де…

*** 

Суретші дүниеден өтісімен оның шығармашылығына арналған үлкен көрме өтеді. Әлгі көрменің лентасы қиылмастан-ақ бүкіл шығармасы шып-шырғасы шықпай сатылып кетіпті (көпес Третьяков cол көрмеден он сегіз бірдей картина олжалаған көрінеді).
Қош, ол атақтың абыройын, аурудың азабын да қабат-қабат көріп дүниеден өтіп кете барды. Бұл – келте ғұмырлы, кемел жігіт, орыс табиғат көрінісін жазған он тоғызыншы ғасырдың даңғайыр шеберлерінің арасынан ойып тұрып өз орынын алып, алтын әріптермен атын жазып кеткен дарынды жан Федор Васильев болатын.

Жеңіс КӘКЕНҰЛЫ,
суретші

(Суреттер: «Кавказ көріністері« топтамасынан)

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір