ТҮЗЕТУ һәм ШАҚЫРУ
22.07.2023
206
0

Танымал мәдениет­танушы, әдебиет сыншысы Құлбек Ергөбек әрәдік түрлі дәрежедегі билікке орынды ой, ұсыныс білдіруімен баршаны разы етіп келеді. Президент Қ.К.Тоқаевқа «Билік пен бұқараны біріктіретін құбылыс – мәдениет!» деген тақырыппен жазған хаты да («Қазақ әдебиеті», 7.07.2023 ж.) көпшіліктің ойынан шығарына күмән жоқ. Дейтұрғанмен осындағы бір жаңсақтықты елеусіз қалдырмай, түзегенді орынды көріп отырмын.

Қазақ әдебиеті мен өнерінің 1936 жылғы Мәскеудегі Декадасы жалпақ еліміздің, тіпті Еуропаның барша өнерсүйер жұртшылығын таң-тамаша қалдырып, қат­ты сүйсіндірді. Музыкалық театрда дайындалған «Қыз Жібек» ат­ты тұңғыш ұлт­тық опералық спектакльдің екінші қойылымына Саяси Бюро мүшелерін бастап Бас хатшы И.В. Сталиннің келуі шын мәніндегі тарихи оқиға болды. Алапат ашаршылыққа ұшырап, ұлт­тық апат иіріміне жұтылудың аз-ақ алдында қалған «қараңғы, жетілмеген, дамуы кенжелеп қалған қазақ халқының» ұл-қыздары «жеңімпаз социализмнің арқасында» биік өнерді қысқа мерзім ішінде батыл игеріп, озық өркениетпен аяғын тең басып жүре алатынын жарқырата паш еткені тоталитарлық мемлекет басшысын да риза етіп, таңғалдырды. Таңғалып қана қоймай, Екінші Совет­тік Конституция жобасын жасайтын Комиссияның төрағасы Сталин жолдас көшпенділерді қызыл қырғынға ұшыратқан мемлекет­тік қылмысты біржола ұмыт­тырудың тамаша жолын тапты. Сол жылғы 5 желтоқсанда Совет­тердің Бүкілодақтық Төтенше Сегізінші съезі қабылдаған сталиндік Конституция бойынша Ресей Республикасы құрамындағы Қазақ автономиялы республикасына, титулдық халқының үлес салмағы күрт төмендеп, ұлт­тық экономикасы тұралап қалғанына қарамастан, одақтық тәж кигізілді. 1936 жылғы осы тарихи оқиға 1991 жылы жарияланған мемлекет­тік тәуелсіздігімізге жол салған еді. Бүгінгі ұрпақ мұны айқын түсініп, осыны мүмкін еткен өнер сынды ғажайып құбылыстың қозғаушы күші, басты ұйымдастырушысы болған тұлғаның іс жүзінде тәуелсіздігіміздің ту ұстаушысы, тәуелсіздік флагманы болғанын мақтан етуі керек!).
Қазақ­стандағы мәдени революция штабын басқарған Ағарту комиссары Темірбек Жүргенов қазақ мәдениетіне таңсық опера өнерін ұлт­тық топыраққа егіп, сіңіріп, дамытудағы ерен еңбегі үшін 1936 жылы Мәскеуде биік мемлекет­тік марапатқа ие болды.
Қазөлкеком декадашылар Алматыға оралғаннан кейін онкүндік нәтижелерін талқылап, қорытындылады. Нәтижесінде, Мәскеуде асқақ та астам ой-санаға төңкеріс жасаған «Қыз Жібек» пен «Жалбыр» шыққан музыкалық театр Қазақ мемлекет­тік ұлт­тық опера және балет театры болып қайта құрылды. Енді Жүргенов ұлт­тық опера және балет театрына арнайы ғимарат салғызуды армандап, болашақ құрылыс орнын өзі таңдады. Астана Қызылордадан Алматыға көшіп келгеннен соң, мемлекет­тік театр салу үшін өткізілген бүкілодақтық конкурстың жеңімпазы мәскеулік архитектор Н.А.Кругловқа жобасын жаңа талапқа сай дамыту тапсырылды. Ұзамай Н.А.Круглов пен оның тең авторы Н.А.Простаков жобалаған үлгі бекітіліп, ғимарат­тың іргетасын көтерер сәт туғанда Жүргенов Левон Мирзоян, Ораз Исаев, Ұзақбай Құлымбетов бастаған партактивпен опера театры ғимаратының іргесіне алғашқы тасты қалау құрметіне митинг өткізуге мұрындық болып, сол митингті өзі жүргізіп тұрды. Театр ғимаратын салу барысын да өзі қадағалап жүрді. Алайда Үлкен террор өріс алып, Алматыда Ағарту халкомы Жүргенов, Мәскеуде архитектор Круглов «халық жауы» атанысымен, құрылыс тоқтатылды. Республика басшылары жаңартылғаннан кейін, Опера және балет театрының салынуын жалғастыруды және оны тиісінше безендіруді қуғыннан аман қалған архитектор Простаков толық аяқтап шықты. Театр көрермендерге есігін 1941 жылғы қарашада ғана аша алды.
Үлкен террор құрбаны болған Исаевтан соң, 1938 жылдың шілдесінен Халкомкеңесті басқарған Нұртас Оңдасынов Құлбек айтқандай «опера және балет театрын салу идеясының авторы» болған жоқ, құрылыс та ол предсовнарком лауазымымен қызметке кіріскеннен бұрын, 1937 жылы басталып, қара жұмысы аяқталуға тақалған-ды. Бірақ Оңдасыновтың соны жалғастырып, ғимарат­ты пайдалануға бергенге дейін «игілікті істің басы-қасында жүрген зияткер басшы» болғаны күмәнсіз.
Биылғы 15 наурызда сол ғимарат­та – Абай атындағы Мемлекет­тік академиялық опера және балет театрында – ғаламат мемлекет, қоғам, мәдениет қайраткері Темірбек Жүргеновтің 125 жылдығы құрметіне салтанат­ты іс-шара өткені мәлім. Іс-шараға қатысқан Мәдениет және спорт министрі Асхат Оралов Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлт­тық өнер академиясы студент­терінің арнайы әзірлеген қойылымы алдында Президент Тоқаевтың құт­тықтау хатын оқып берді. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша биыл елімізде жүзден астам түрлі іс-шара өткізілмек. Тек біздің еліміз ғана емес, ТҮРКСОЙ ұйымы 2023 жылды Жүргенов жылы деп жариялағандықтан, бұл мерейтой халықаралық деңгейде атап өтіледі, оны барлық түркі мемлекет­тері де мерекелейтін болады.
Осы орайда, Құлбек Ергөбектің үшбу хатында (қараңыз: «Билік пен бұқараны біріктіретін құбылыс – мәдениет!». «Қазақ әдебиеті», 7.07.2023 ж.) байқаусыз кетіп қалған ағат­тыққа аздаған түзету енгізумен қатар, Құлбекті де, барша әдебиетші, мәдениетшіні де, олардың үнін бұқараға жеткізуші жаршыны да Президент арнайы құт­тықтау хат жолдап, ерекше мән берген Жүргенов жылына және жылдың бас қаһарманы ретінде терең таныла түсуге тиіс тұлғаның еңбегін терең түйсіне бағалап, азамат­тарды әділ тарих арқылы тәрбиелеу ісіне ыждаһатпен қарауға шақырамын. Бұл, сөз жоқ, «билік пен бұқараны» да, мәдениет­ті жасаушылар мен тұтынушыларды да өзара жақындастырып, түсіністіріп, біріктіретін құбылыстың нақ өзі болады.

Бейбіт ҚОЙШЫБАЕВ

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір