ӘКЕЛЕРІНІҢ ӘКЕСІН ТАНЫТҚАНДАР
Өзіміздің «Қалжыңқалтаның» «басыбайлы» авторларының қатарына соңғы кездері ғана қосылғанына қарамастан, алға қарай ентелеп бара жатқан Кемелбек Шаматай есіктен ене берді. Дидарын дұрыстап көруіміз үшін дәметіп қалған дәмеміз дүрбімізді дереу солай қарай бұрғыза қойды. Түйсігіміз түзу екен! Кемекеңнің көңілінде алаң жоқ, есесіне тонының іші тоқ! Жымың ете қалғанымызды байқамаппыз. –Жай ма? – деді Кемекең жайбарақат.
Ештеңе емес, жай… отырмыз… – Жымың еттің ғой.
– Е, белсенді авторымыздың келгені үшін қуанышымыздың қойнымызға сыймай, асып-төгіліп жатқаны ғой. Оған қоса тоныңыздың іші… – Ә, мынау ма? – Кемекең асықпастан, өңірінің түймелерін ағытып, томпайып тұрғанды қолына алды. – Білетін боларсың, соңғы кездері «Арамен» достасқан еді шалың, бұл – содан жинаған балым…
– Оппо-о… Әй-шайға қарамадық, өзі ұсына берген дүниені әлдекім қағып кете ме дегендей, қолынан жып еткіздік. «101 жүгермек» деп аталады екен. «Тоғанай Т» баспасынан 2015-тің жылжабарында ғана жарық көріпті. «Араның» ұясынан алынған соң, бал болса керек, әрине! Соның бір тамшысын сіздерге де ұсынып отырмыз. Дәмін татып көріңіздер…
– Айтқаным – айтқан! Тимейді деген соң тимейді!
– Тигенде қандай, тұп-тура анау үйдің төріне бір-ақ сүйрейді!
– Айтады екенсің! Ол өзіне тигенді сүймейді! Тиіп көрсін! Тимек болғанның өзін кәуап етіп түйрейді! Тәк што, бұл батырың ешкімге басын имейді.
– Көр де тұр осыдан, тигенде бар ғой, анау кекжиген басы тұрған жерінде күйрейді!
Екілесіп тұрған екеуге бүйірден келіп үшіншісі қосылды.
– О, не боп қалды түге, езулерің көпіріп кетіпті ғой мүлдем?
– Е, мынау Қапалақ қой, ана кісінің еркесі кішкене нетіп қойған екен. Енді соған қиын болатын болды деп, қабырғасы қайыса құалыпты!
– Қай кісінің, ә, анау ма? Айтқандай, оның маңдайына басқан жалғызы кіш етіп қойған дей ме? Бұты не бопты, тазарыпты ма? Иә, нақтырақ айтқанда, тазартыпты ма?
– Тазармай қайда барады дейсің, тазарттырады ғой!
Қапалақ осы тұста шыдамай кетті.
– Заң – баршаға ортақ! Ендеше, ол үшін жауап береді. Біздің құқық қорғаушыларымыз жауап бергізеді! – деді. Апалақ оған ақшия қарады.
– Сен мына жерде жүр екенсің ғой, Қапалақ-ау! Заңды баршаға ортақ деп кім айтты саған? Біздегі заң тек сүйенері жоқ әлсіздерге ғана міндетті. Ал мойыны жуандар көздерін алартып қараса бітті, заңыңыздың баптары дүр-р көтерілген күйі үдере көшіп барып, жарлы-жақыбайларды жағалап кетеді.
– Сен өйтіп, біздің әділ заңымызға…
Қапалақ арғы жағын айтқызбай, бастырмалата жөнелді.
– Заңның кінәсі жоқ, әрине! Мәселе оны ноқталап алушыларда! Арқыраған автокөлігімен алты адамды жапырып өткен анау Мақсат Үсеновтің еркесі жайында естімеген құлақ жоқ шығар. Зәмзәм суына сүңгігендей тап-таза боп шыға келген ол араға жыл салмастан сол «еркелігін» тағы да қайталаған жоқ па?
– Ол енді…
– Ой, біз бос әңгіме соғып тұрып, кешкі жаңалықты жіберіп алмайық! – деді бұл екеуіне бүйірден қосылған үшіншісі.
Үшеуі топтаса келіп, 31-телеарнаның шымылдығын сырғытты. Дәл уақытында үлгерген екен! Кезекті жаңалық енді басталыпты.
Кенет көз ілеспейтін қимыл басталды да кетті. Телебізірде! Ә дегенде, бұлар ештеңе ұқпай қалды. Жаңалық дейін десе, жаңалық емес! Оған ұқсамайды, жанталас әрекет! Анау телеэкрандағы бейне қарсы алдындағы кісі бойы кедергіден қарғып өткенде, бұлар Джеки Чан қайдан пайда бола кетті деп ойлап қалды. Сөйткенше болған жоқ, онысы сол күйі барып, қос аяқты қайшылай сермегенде, отырған орнынан ұшып тұрған қыз шалқалап барып, ұзынынан түсті. Джеки Чан болса, ой, кешіріңіз, соның шеберлігін қайталаған бейне көз ілеспес жылдамдықпен қимылсыз қалған қыздың үстіне төне берді…
Мына шым-шытырық, өткір оқиғалы фильм қайдан пайда бола кетті өзі?! Оның күтпеген жерден басталғаны сонша, көз алдарындағы көрініс диктор үнін тыңдауды естерінен шығарып жіберген екен. Бұл оқиғаның Астана қаласындағы Kinopark 8 SaryArka кинотеатрының кассасында болған оқиға екені айтылғанда барып, өздерінің жаңалық көріп отырғандарын естеріне түсірді.
Сөйтсе, олардың Джеки Чан деп ойлап қалғаны Астананың кәдімгі өз тұрғыны Қуаныш Тұракелдиев (кей ақпаратта – Төрекелдиев) екен. Жасы тұп-тура жиырма екіде. Осы жасында оның мынадай шеберлікті қайдан, кімнен үйренгенін диктор айтып уақыт оздырған жоқ. Бар болғаны премьер-министр кабинетінде жоғары лауазымды қызмет атқаратын беделді кісінің, нақтылап айтқанда, канцелярияның бас инспекторы Болат Тұракелдиевтің ақыл-ойы, санасы, көзінің ағы мен қарасы екендігін тұспалдады.
Ақпараттық хабарды көрген үшеу бұл жайды одан әрі өз беттерінше зерттей түсіп еді, кассир қызды теуіп құлатқан жігіттің кінәсі жоқ көрінеді. Ол сәтте Қуаныш Тұракелдиев бар болғаны аффекттік, яғни өзіне-өзі есеп бере алмайтын жағдайға келіп, қозбасы қозып, өзіне есеп бере алмайтын жағдайда тұр екен. Қыздың қорғаушысы оның тап сол шақтағы жай-күйін солай бағалаған. Ал оның өзінің айтуынша, қызды неліктен және қалай сұлатып түсіргені мүлдем есінде жоқ!
Бір анығы, жоғары шенді әке беделінің арқасында асып-тасып, кеуделеріне нан пісіп жүретіндердің ақыл-есін айдалаға адастырып жіберетін осындай себептері ескерілгендіктен болса керек, қазіргі кезде қылмыстық істе «медитация» деп аталатын жаңа түсінік өлшемі пайда болыпты. Ол қылмыс жасалуына байланысты екі жақтың заңнан тыс, өз беттерінше ымыраласып, адамгершілік танытуы дегенді білдіретін, өсіп-өркендеген қоғамның моральдық өлшеміне тән жаңа қасиет болса керек. Дәлірек айтқанда, екінші жақты риза етсеңіз болды, өлеңіңізді айтып әндете-е-еп жүре бересіз! Қорғаушы Жандос Тұяқовтың түсіндіруі бойынша, бұл құптарлық шешім екен.
– Әне, айттым ғой тимейді деп, – деді Апалақ осыны естігенде.
– Е-е, қауашағыма енді ғана бірдеңе тамшылай бастады. Демек, бұл жаңа түсінік бойынша, тұмсық бұзудан бастап, кісі өлтіруге дейінгі кез келген қылмысты жасап алып, одан соң қылмыскер екінші жақпен келісімге келу арқылы, яғни иығына торқасын жауып, көңілінің қалауын тауып, жазадан құтылып кетсе, ол адамгершілікке жатады екен!
– Әсіресе, заңның қазақстандық бұл иірімі Қуаныш Тұракелдиев сияқтылар әкелерінің беделіне нұқсан келтірмеу үшін таптырмайтын тәсіл ғой!
– Бәсе, әлгі алты адамды бірден жапырып өткен Мақсат Үсеновтің үстіне қылау жұқпай жүргені сондықтан екен дә!
– Е, сол үшін «үлкен Үсенов» қызметінен кетіп, жауапқа тартылған жоқ па?
– Оның қызметтен кетуіне де, жауапқа тартылуына да баласы көрсеткен «өнердің» қатысы жоқ, ол өзіне сеніп тапсырылған ЭКСПО қаржысының бір бөлігін «әп!» деп қойған әпитетінен келген зауал!
– Ендеше, әкесінің өзі бірдеңені жазатайым қылдан тайып кетпесе, Қуаныш Тұракелдиевтің мазасын ешкім алмайды десеңізші!..
Кешіріңіздер, осыдан апта бұрын қағаз бетіне түсірілген бұл жазбамызға осы тұстан нүкте қойып, сиясын кептіру үшін күн көзіне жайып қойғанбыз. Сонымыз дұрыс болған екен! Ол кеуіп үлгергенше әкелердің жалпақ табанын пайдаланып, заңыңыздың белінен басып тайраңдағандардың бір тобымен тағы да танысу бақытына ие болдық! ҚР Әкімшілік полициясы комитеті төрағасының орынбасары, полиция полковнигі Бақытжан Балташевтың ұлы өзінің үйлену салтанаты кезіндегі автошеруде Астананың басты көшесінде жолды көлденең кесіп, көліктен беліне дейін шығарып, тіпті бірнеше джип артымен жүріп, қозғалысқа қауіп төндіріп, «ғажайып» өнер көрсеткен.
– Сол үшін әке Балташев қызметтен кетуін кетті-ау, бірақ бала Балташевтың Ата заңымыздан да биік тұрғанына қарағанда, олардың шебі әлі де болса мызғымаған қалпында тұрған жоқ па? – деді бұл жайында да хабардар болған Апалақ Қапалаққа көп мағыналы көзімен қарап.
– Түсініңкіремедім, шебінің мызғымай тұрғаны қалай?
– Егер заңымызды мойындап, оған мойынсұнған болса, өздерінің осынау еркелігінің бағасын шығарған сот отырысына келген болар еді ғой! Оларды соған әкелуге заң орындары құдіретінің жетпей қалуы нені көрсетеді?
– Осы жайдың өзінен ЭКСПО-дан кертіп жеген Үсеновтің тәбеті тәрізді басқаша ши шығарып алмаса, әкелер Төрекелдиевтің де, Балташевтың да мұрттарын балта шаба қоймас деп жобалауға болатын сияқты, – деді Қапалақ та қарап қалмастан. Оны аз десеңіз, Балташевтың ұлы Астананың Қонаев көшесінде «өнер» көрсетіп жүрген сәтте Алматының әл-Фараби даңғылында онымен сырттай «бәсекеге» түскен Тамаз Құрбанов пен Афган Мамедовтың он тәулік қана «демалып» шығатыны да талай нәрсені аңғартып тұр ғой!
– Ендеше, ұлдарының көрсеткен «өнерінің» құрметі үшін көрер көзге «жаусап түсіп» әкелерін таныған сияқты боп көрінген әкелер әлі алдағы уақытта шахматтағы аттың жүрісін жасап, тұяқтарымен жер тарпып, өзге бір тұстан осқырынып шыға кеп жүрмесін деңіз!