ЖҰБАТУ
10.07.2023
217
0

Инешке табан астында кесапат кесел келді. Тамағы жұтындырмайды. Көмейінде сүйек қадалып қалғандай бірдеңе тұр. Қақырынды, түкірінді болар емес. Бір қасық су әрең өтеді.

– Біттім. Уа, дүние көзден бұл-бұл ұшқалы тұрсың. Сүйек, тұқым қуалаған ауру болды бұл. Шешем марқұм да дәл осы аурудан қайтыс болып еді ғой. Енді міне, мен де…
Келіншек еңіреп зар жылады. Емізулі баласын қолына ұстап, кеудесіне қысты.
– Жетімегім менің. Ең болмаса аяғыңды апыл-тапыл басып, «су ішем, нан жеймін» деуге тілің де шықпай әлдекімнің қолында қалатын болдың. Сорлы-ай, құдайға сен не жаздың жетім қалатындай…
Ал кеп жыла, еңіре. Командировкаға кеткен күйеуі келсе, бәрін айтар еді. Ол да жоқ. Зар еңіреген бір күн өтіп, күткен күйеуі де келді-ау.
– Жұрнақ, мен өлемін. Ия… кесапат қылтамақпын. Тамақ өтпейді, су жүрмейді. Емшектегі бала мынау шырылдап, аш. Өл-е-мін. Апамның ауруы.. Ы-ы… – деп ағыл-тегіл жылай берді. Алдынан боздап отырған келіншегін жақтырмады ма, күйеуі қабағын шыта, әрі салқынқандылық көрсеткісі келіп:
– Тоқтай тұршы енді. Не болды сонша! Кәне, су ішіп жұтынып көрші, – деді бірден.
– М-мі-не жүрмейді ешнәрсе. Шашаламын. Былай… Ық! ық… Қх-қх!-а-а қылтамақпын…
Келіншек екі көзінен мөлтілдете жас төге жылағынын жалғастырды.
– Сені, Мұратымды, қалай, кімге тастаймын. Өлсем екеуің де ешкімге сыймайсыңдар. Әсіресе Мұратымды қимаймын… Аяғын басып, аузына қасық та апаратындай жас емес. Бұл баланы кім асырап алады? Білем, сен оны детдомға өткізіп жібересің де…
Үйдің іші азан-қазан болды.
– Дәрігерге бару керек. Олар ыңғайын айтып, сездіртеді ғой. Әзір жылама, жаным.
Жұрнақ келіншегін бауырына қысып, мөлтілдеп төгілген жасының сор-тұздығына қарамастан сүйді. Сөйтті де:
– Бұл аурудың 1 айлық, 3 айлық, 6 айлықтары болады дейтін. Алты айлығын берсін деп тілейік. Сол кезде Мұратың да апыл-тапыл аяғын басып қалар, – деп жұбатты күйеуі.
– Ойбай-ау, ақыры өлетін болған соң бір айы не, алты айы не?. Іі-іі-і…
Кенет Инеш кілт тоқтатты жылағанын.
– Әй! Осы ма жұбатқандағы түрің. Маған жаның ашығандығың! «Шетелдегі докторларға көрсетем, мұндай ауру дегендер жазылады», – демейсің бе, тым болмаса. «Алты айлығын берсін деп тілейік» – деуін қарашы ей… Мүмкін мен бір жылдық ауру, то есть. Вообще ондай ауру емес шығармын! – деп Инеш бұлқан-талқаны шыға, алдындағы стақан толы суды қағып салғанын білмей қалды. Сөйтті де орнынан атып тұрды.

Өріс ЯШҮКІРҚЫЗЫ

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір