ҚЫННАН СУЫРЫЛҒАН ҚЫЛЫШТАЙ
06.07.2023
2064
0

Нұрбек Сейілхан біздің жас кезімізде жұртшылыққа танымал азамат еді. Аудандық «Еңбек туы» газетіне мектепте волейболдан өткен жарыс туралы, көркемөнерпаздар үйірмесінің ауданда өткен сайыстары туралы жазған мақалаларымыз жарық көрген сайын Нұрбек ағамыз үйге келіп, басымыздан сипап, ертеңіміз туралы жақсы тілектер айтып, көтермелеп кететін. Әкем Жаппас ауданға танымал шежіреші еді. Нұрбек ағаның баспасөзде шыққан материалдарын қалт жібермей оқитын. Онда көтерген мәселелерді, оның халықтық мәнін бұтарлай саралап: «Нұрбек, сен аудан жұрты алдындағы аяққа оралған жайларды ашық жазатының дұрыс. Елдің елдігін сен секілді азаматтар тілдеріне тиек етпесе, кім ескеріп жатыр», – деп қолпаштайтын.

Нұрбек Сейілхан біздің жас кезімізде жұртшылыққа танымал азамат еді. Аудандық «Еңбек туы» газетіне мектепте волейболдан өткен жарыс туралы, көркемөнерпаздар үйірмесінің ауданда өткен сайыстары туралы жазған мақалаларымыз жарық көрген сайын Нұрбек ағамыз үйге келіп, басымыздан сипап, ертеңіміз туралы жақсы тілектер айтып, көтермелеп кететін. Әкем Жаппас ауданға танымал шежіреші еді. Нұрбек ағаның баспасөзде шыққан материалдарын қалт жібермей оқитын. Онда көтерген мәселелерді, оның халықтық мәнін бұтарлай саралап: «Нұрбек, сен аудан жұрты алдындағы аяққа оралған жайларды ашық жазатының дұрыс. Елдің елдігін сен секілді азаматтар тілдеріне тиек етпесе, кім ескеріп жатыр», – деп қолпаштайтын.
– Өткенде «Семей таңы» газетіне шыққан материалыңда: «Республиканың ең шалғайдағы70 аудандарының біріміз. Соның ішінде әлеуметтік жағдайы өте төмен 30 селоның біріне жататынымыз баспасөздерде жиі айтылады. Бірақ қол ұшын беріп жатқан ешкім жоқ», – деп күлбілтелемей жазғаның жерлестеріңнің аузында әлі жүр». Ара-арасында әкесі Сейілхан марқұм келіп, сөзді басқа жаққа бұрып кететін.
– Жаппас, Нұрбектің шалғы жанығанын көрсең ғой… Қылпып тұрады ғой, қылпып тұрады. Ал шалғы тартқанда мұндай көсіле шабатындар сирек, – деп мақтанатын.
Нұрбек ағаның өлеңдері тасқа тым кешірек басылғанымен, айтар ойлары айқын еді. Сол кездегі Коммунистік партияның ережесінен ешкім бұлтарып кете алмайтын. Сонда да оның:
«Сен үшін атқан
оқтан тайсалмадық,
Саған күдіктенгенге
сан шамдандық.
Буына партбилеттің
насаттанып,
Аш, жалаңаш жүрсек те
алшаңдадық»,–
деуі өз уақыты кезінде көзсіз ерлік еді. Тағы бір тұста:
«Мақсатың сөз жүзінде түзік еді,
Үмітің білген жанға үзік еді.
Қанына миллиондардың
малынғандай,
Туың да күдікті еді, қызыл еді», –
деп, Компартияны ешкім де сілікпеге сала алмайтын. Нұр-ағаң ашық жазғаны үшін қуғын да, сүргін де көрді. Бір күндері аудандық партия комитетінің бюросында ақын ағаның мінезі қаралады.
– Сенің:
«Қанына миллиондардың
малынғандайың
Туың да күдікті еді, қызыл еді, –
деп Компартияны кемсітуге қандай қақың бар? Әрі бұл кімнің тәрбиесі? – деп өзеурегендерге ол:
– Менің кешкі мектептен алған жеті-ақ кластық білімім бар. Жеткенінше сол біліміме арқа сүйеймін. Өз тәрбиемдегі адаммын. Туды қызылға бояп қойған мен емеспін ғой. Басқа бояу табылмаған ба?
– Сен ділмарлыққа салына берме. Сазайыңды тартқызамыз, – дегендерге:
– Мектепте дұрыс тәрбие бермегендерің аз болғандай, енді түрменің дәмін тарттырмақсыңдар ма! – деп есікті тарс жауып, шығып кетіпті.
Жалпы, Семейге, Ақсуатқа барған ақын-жазушылардың көбі Нұр-ағаның отбасын көбірек сағалайтын. Өтеш жеңгеміз ашық қолды адам еді. Күн-түн демей солардың көңілін табуға тырысатын. Қабдеш Жұмаділов, Қажытай Ілиясов, Сәкен Иманасов, Сәкен Жүнісов, Оралхан Бөкеев сындылар Нұрбек ағаның әңгімесін құлшына тыңдайтын.
– Ауылда жүргенің болмаса, ашып айтарың мол азамат екенсің, – деп Оралхан ағаның қағытатыны да сол тұс.
– Мен тізгінсіз емеспін. Бірақ ауыздыққа көне бермеймін, – дейді екен.
Нұрбек аға негізінен халықшыл болған адам. Еңбекші, шаруалардың мұң-мұқтажына үнемі құлақ асумен жүретін. Оны «Тау ұлы» дейтін өлеңінен-ақ анық аңғаруға болады. Тұстасы, қойшы, Социалистік Еңбек Ері Сайлау Таушаевты:
«…Қаламауы оның, сірә, басқаны,
Тартуы оны биік таудың асқары.
Жасыл жайлау,
ашық аспан астында
Жастайынан малмен
көзін ашқаны.

Ақтаймын деп анасының ақ сүтін,
Тура жолды өмірдегі тапты шын.
Іздемеді атақ, даңқ, дәреже
Қондырды еңбек қолына оның
бақ құсын, –
деп, асқақтата жырлауы оның қарапайым халыққа, еңбек адамына деген жүрек­жарды көңілі еді.
«…Өзгелерге тағы да
бір танытты,
Бақыт деген тек еңбекте екенін».
Нұрбек аға қоғамдағы керітартпа әрекеттерді жақтырмаса да, ардагерлердің адал терімен тапқан табыстарын бар пейілімен мадақтай білді. Оның ауылдың әлеуметтік, экономикалық жағдайын арқау еткен материалдары сол кездегі «Социалистік Қазақстан» газетінде де жиі жарық көретін.
Кезінде қалам-қаруымен жұрт назарына іліккен әріптестерін де асқақтата жырға қосты:
«Ойың өсіп,
күннен күнге құлпырдың,
Оқырманға ақыл беріп, сыр түйдің.
Өмір деген ұлы көшке жол сілтеп,
Санасына нұр құйдың
сен жұртыңның.

Сырлас болдың кәрімен де,
жаспен де,
Заманда елің домалатқан
тасты өрге.
Құтылмады, құрығыңа ілінді,
Қоғамға жау, арам пиғыл,
қас пенде».
Бұл жерде автор жанына жақын тартқан сөз зергерлерінің адал пейіл, ақ көңілдерін, оқырмандармен санаса жүріп, олардың «Өмір» деген ұлы көште дұрыс жол сілтегендерінің өздеріне де ақ жол тілейді.
Қоғамға жау, арам пиғыл­дыларды семсер-қаламынан еш құтқармайтынын, әрі өзі де соларға еліктейтінін ашық жазады.
Нұрбек Сейілхан өз заманының қыннан суырылған қылыштай адал қаламгерлерінің бірі еді.

Еркін ЖАППАСҰЛЫ

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір