МАҚТАНШАҚТЫҚ ЖАҢҒЫРТА МА, ҚҰЛДЫРАТА МА?
Соңғы 32 жылдың мұғдарында Қазақ елінде қаншама саяси бағдарламар мен реформалар қабылданды. Соның қай-қайсысы да әуелі төрткүл дүниеге жар салып, арқыратып ат ойнатумен, желбіретіп жалаумен басталады, сосын оның орта тұсы саябырсиды, сосын аяғы сиырқұйымшақтанып барып «демі бітеді» де, ақыры ұмыт болады. Қарапайым халық не болғанын түсінбей енді ойлана бастағанда жаңа бір ұран тасталады. Не керек, тақырыбы тәп-тәуір бастамалар осылай тағы да миллиондап ақша шашатын науқаншылдыққа айналып, небір белсенділер мен пысықайлардың ел аралау «түсіндіру жұмыстарын жүргізу» деп аталатын жолақысы, жамбаспұлы тегін іссапарға шығуына жалғасып, содан-ақ әлгі атойшыл ұранның халық алдындағы қадір-қасиеті кете бастайды. Ақырында оның немен тәмамдалғаны, қандай нәтиже бергені туралы көзбен көріп, қолмен ұстайтын бір түйір дерек қалмайды. Атышулы «Қазақстан-2030», «2050-ді» қоспағанда «Нұрлы жол», «100 қадам», «100 жаңа есім» аяқталмай жатып, «Рухани жаңғыру», қазақ әліпбиін латын әліпбиіне көшіру, одан қостілділік, сосын үштілділік жөніндегі бастамалар қызу қолға алынды. Бірақ сол «қызу қолға алынған» шаруаға негізінен 2025 жылы ғана көшеді екенбіз. Кімнен, қандай құдіретті мемлекеттің қамытынан босанып, кімге тәуелділіктен құтылғанымыз айтылмаса да тәуелсіз болдық деп шуылдаған соңғы 30 жылда Қазақстанда қазақ тілін өз биігіне шығара алмай, қазақ ұлтын отарланған құлдық санасынан тазартып, қазақ қыла алмай жүріп, аузындағы сүті кеппеген қазақ сәбилеріне ағылшын тілін үйретуге кірістік. Тойып ас ішсек те «елбасымыздың арқасында» дейтін болдық.
Сол кезде бір академик қазақ әйелі: «Мақсатымыз айқын, бағытымыз белгілі. Әлемдегі ең дамыған 30 елдің қатарына қосылу аталған рухани жаңғыру процесінің нақты мақсаты соны көздейді», – деп жазыпты «бас газетке». – Паһ шіркін, қазақта басқа мақсат-мүдде, басқа мұң-мұқтаж, басқа арман қалмапты-ау, дедік соны оқып отырып.
Қазір көп ойланып, бас қатырып жатпастан билікті жастарға беру керек дегенді екінің бірі қайталайтын болды. Дұрыс-ақ дейік. Бірақ біз сол тәуелсіз 30 жыл ішінде жүрегі ең әуелі елім, жұртым, қазақ деген ұлтым деп соғатын жас ұрпақ тәрбиеледік пе? Сондай бастама көтердік пе? Әй, қайдам-ау.
Иә, қазіргі қазақ қоғамында жоғарғы жақта отырған бір белсенді бір ауыз ұран тастаса оны түсінсін, түсінбесін, әйтеуір, желпілдетіп ала жөнелетін де қарттар десек, дәл сол қарттардың орнын басуға дайын небір киелі атаулының бәрінен қарабасы мен қатын-баланың ғана күнкөрісін ойлайтын жылпос жастар да аз емес. Өйткені, біз таңның атысынан күннің батысына шейін мерзімді басылымдар арқылы да, телеарналар арқылы да бір адамды 30 жылға жуық жер-көкке сыйғызбай мақтап, оның «ұлы жетістіктері» туралы жағымыз талмай, жар салумен болдық. Қазіргі жастар соны естіп өсті. Бұлайша мақтай беру жақсылыққа апармайды, тоқтатыңдар деген бір адам болған жоқ. Ал той-томалақ немесе шығармашылық кештерде еңбектеген баладан, еңкейген қарияға шейін, кеш иесін жер көкке тигізбей мақтағанда төбе құйқаң шымырлап, басың айналып, тебіренгенде жылағың келеді. Ал шындығында ше? Шындығында рухани жаңғыру дегеніміз – осындай көзге мақтаудан, мақтанудан, ұраншылдықтан, жасанды бастамашылдықтан арылу емес пе? Өйткені, мақтау мен мақтаншақтық, ұраншылдық жайлаған елде адам баласы рухани жаңғырмайды, құлдырайды.
Жас ұрпақ ақыл-естен айырылады. Атақты философ Тельвецкий: «Бір елдің президентін мақтап-мақтап мемлекетімен қоса жоқ қып жіберуге болады» деген екен. Өткен 30 жылға тақау уақытта біз соған душар бола жаздап, Алла сақтап қалды.
Әнебір жылы Астана қаласының әкімшілігінде жиналыс болыпты. Сол жиналыста Астана қаласының әкімі есеп беріп: «Біздің білім басқармасының қызметкерлерінің жалақысы 150 мың теңге және барлығы баспанамен қамтамасыз етілген» депті. Сөйтсек, олардың көпшілігі баспанамен қамтамасыз етілмеген, пәтер жалдаушылар болып шықты. Міне, бұл арада мақтаншақтық оны өзінің жердегі «құдайсымағын бір» алдап, Құдай алдында да бүкіл қазақ елі алдында да күнәнің батпағына батырып тұр.
Егер біз сол кезде шын тәуелсіз ел болып, бүкіл рух-күшіміз жаңғырып жатқаны рас болса Қазақстан атты үп-үлкен бір мемлекеттің Елордасының осы әкімі бүкіл мәжілістер мен мәслихаттарын қазақ тілінде жүргізер еді ғой. Уэльстік ғалым Дэвид: «Тілін қорғай алмаған ел – өлі ел» депті.
Міне, елдің, адамдардың жаңаруы жаңғыру дегеніміз мемлекет қаржысына уәлаят аралап, шетел аралап бой жазып, көзге түсіп, көңіл көтеріп қайту емес деп отырған себебіміз де осы.
Тәуелсіздік үшін ғасырлар бойы қаны мен терін қоса төккен қазақ халқы тек қарнымыздың тоқтығына мәз болып, ұрандата берейік деген жоқ. Қазақ азаттықты, тәуелсіздікті аңсағанда тілін, дінін саф күйінде сақтап отырған көршілес түркітілдес республикаларға ұқсап, ұрпағымыздың ұлттық рухы, ұлттық тілі, ділі ең болмаса өз елінде әуелеп тұрсын деп, рухымыз азат өзгелермен тереземіз тең ел болсақ деп аңсап еді ғой! Айтпақшы, бір елдің не бір ұлттың рухын, сана-сезімін отарлау саясатында Ресейдің алдына түсетін мемлекет жоқ шығар, сірә! Ресей патшасы да, Ресей компартиясы да өз қол астындағы халықтарды уысында ұстап отырудың ең ұрымтал түрі бұратаналардың балаларын орыс-қазақ аралас мектептерде оқыту арқылы ұлтсыздандырылған, санасы мәңгүрттенген, шалапайларды даярлайтын еді. Сол әдіс елімізде әлі де жүргізілуде десек қателесе қояр ма екенбіз? Патша заманында орысша сауат ашқан қазақ тілмаштары мен шолақ белсенділер Ресейге адал қызмет етіп, «шаш ал десе, бас алып» өз халқына қарсы шықса, бүгінгі қазақ билігіндегі кейбір орыстілділер әлі де қазақ тіліне қарсы шығуда. Осыдан 3-4 ай бұрын Алматыдағы №3 перзентхананың алдынан өтіп бара жатып, мына бір сұмдықты көргенше шыққыр көзім неге ғана шығып кетпеді деп жылағым келді. Сонда перзентханадан дүниеге жаңа келген сәбиін алып шығып келе жатқан жас жігіт құндақтаулы шаранаға «Сына, сына! Сынок!» деп орысша сөйлеп бара жатқанын көріп, аяғымды баса алмай, қалшиып қаттым да қалдым. Жүрегім аузыма тығылды. Міне, бұл құлдық сананың әбден қанымызға сіңгенін көрсетеді. Міне, біздің әлгінде елді басқарсын деп отырған жастарымыздың көбісінің түрі осы қазір.
Иә тәуелсіздік алдық. Ал ғасырлар бойы біресе патшалық Ресейдің де, Кеңестік Ресейдің де талауына түскен мал, тонауға түскен қазына байлық, олар тартып алған, жер-су қайтарылды ма? Орыстар бүгінгі күні де Казахстан – это исконно русская земля. Эту бескрайнюю территорию мы должны вернуть любым путем» деп аласұруын күшейтпесе азайтқан жоқ. Біз олардың бұл сөзді енді аузына алмайтындай етіп айттық па? Бүйтіп үндемей, үйдей бәледен құтыламыз деп отыра беру – қылмыс. Әлде әлгі орыстілді басшылардың ішінде «после меня хоть потоп» (мен кеткесін топан су қаптаса да бәрібір) деп отырғандар бар ма екен? Өткенге салауат дей берсек, тарихымызға обал. Олар Қазақстан жері Ресейдікі деп аузына келгенін айтып отырғанда біз бүгінде Ресейдің қол астында қалған Орынбор, Саратов (Сарытау), Орск (Ор), Астрахань (Хажы Тархан) Омбы, т.б. атамекендерімізді қайтаруды талап етсек несі кінә? Тәуелсіз елміз деп кеңірдегіміз керілгенше ұрандағанымызбен, іс жүзінде бұрынғы қалыптасқан тәуелді тірлігіміздің қаймағын бұзбай, сол күшінде қалдырып, отарлаушылар орнатқан жүйені ешқандай өзгеріссіз әрі жалғастырып келе жатқан жоқпыз ба? Өткен 30 жыл ішінде, қазақты құлдық санадан арылтып, ұлттық санасын, ұлттық намысын оятуға бағышталған бірде-бір нақты іс қолға алынбады. Қалың бұқара бұрынғысынша орындаушы қалпында қалды. Тәуелсіздік берген мол мүмкіншілікті орнымен пайдалана алмадық. Өйткені, қазақтың кейбір атқамінерлерінің өздері де Ресейге табынушылық санасынан арылған жоқ.
Тәуелсіз, өркениетті ел болу дегеніміз – қазіргі кейбір қазекеңдер ойлағандай діні бөлек, тілі бөлек, салт-дәстүрі бөлек, бай елдерге еліктеу емес. Әттең, бүгінгі поэзиялар осыны да түсінгісі келмейтін сияқты. Олар аузын ашса Еуропада өйтеді, Ресейде бүйтеді деген сияқты есірме ермеліктен шыға алатын түрі жоқ. Әнеугүні бір қазақ шонжары Еуропада қыздардың орамал тартуына тыйым салған ел бар. Біз де сөйтуіміз керек деді телеарнадан. Сол жерде сауатты, білікті журналист болса, сіз не деп тұрсыз, әр елдің, әр ұлттың өз даму жолы, өмір сүру үрдіс-салты, өз саяси ұстанымы болады. Оданда қыздарымыз сол Еуропадағы сияқты мини шорты киіп, жалаңаш-жалпы ішін, бөксесін, емшегін көрсетіп жүруі, арақ-шарап ішіп, көшеде темекі шегуі, боқтық сөз айтуы сияқты ұлттық рухымызға жат қылықтарына тоқтау салайық демес пе еді?! Амал не, бүгінгі қазақ журналистикасында ондай деңгейде пікір айтатын журналист те қалмаған сияқты. Осы бір ғана көріністің өзі-ақ ұлттық санамыздан айырып, улауға мол жетіп жатыр емес пе?! Ұлтты алжастырудың, адастырудың бір түрі міне, осы. Осының өзі-ақ ұлтты, елді рухани жаңғырту емес, алжастыру, ұлттық рухтан алшақтатудың бір түрі секілді көрінеді екен.
Иә, біз Жаңа Қазақстан құрып, жаңғыруға кірістік. Әттең, осы игі істі әркім әртүрлі пайдаланып жатқан сияқты. Осыны желеу етіп, азды-көпті атағы бар бір-екі қаламдасымыз мемлекет қаржысына Еуропаны аралап келді. Ол екеуін елден ала-бөле кімдер таңдап, кімдер іріктеп, мұндай «саяхатқа» жіберіп отырғанын жұрт біледі. Білсе де үндемейді. Өйткені, олар әлі де билікке бағыныштылық санасынан арылған, яғни, жаңғырған жоқ. Енді біраз пысық елдің бірнеше облысын шарлап, тегін ас-су ішіп, тегін көлік мініп, қымбат мейманханаларда жатыр. Олар өздері қалай жаңғырып, елді қалай жаңғыртып жүр? Ойланайық…
Мырзан КЕНЖЕБАЙ