ПИКАССОНЫҢ ОТАНЫ
05.07.2023
338
0

Қазақтың «өнерді үйрен, үйрен де жирен» деген сөзінің мағынасын Пикассо жақсы түсінген сияқты. Өнердің шыңы да сол емес пе? Өнерді үйренбей тұрып жирендім десең – қарабайырсың (көпшілігіміз сондаймыз), ал үйреніп, сол деңгейде қалып қойсаң – ортаңқолсың (көп суреткерлер сондай), үйреніп, сосын одан жиреніп, жаңа деңгейге шығу тек генийлердің несібесі болса керек. Меніңше, суреткер жұмысы да, стилі де – өзін қоршаған ортаға жауабы. Біздің өмірімізге енетін әр адам біздің де жаңа қырымызды, жаңаша көру, жаңаша сезіну, сүю мүмкіндігімізді ашады. Сол сияқты, қоғамдағы құбылыстар да болмысымызды мүсіндейді. Пикассо жеткіншек кезінде-ақ классикалық мәнерде оригинал жұмыстар жазды, мысалы, қарындасының портреті (1-сурет). Сол кездің өзінде-ақ ол адамдарды да, өмірді де басқаша көруге құқы барын жар салғандай. Ольга Хохловаға ғашық болғанда ол классицизмнің жаңа, заманауи келбетін жасады (2-сурет). Шамасы, іңкәрлігі де сондай нәзік, шабытты болса керек. 1920-30 жылдары кубизм, классицизм және сюрреализм тарапындағы ізденістері оның жанының жай таппағанын бейнелейтін сияқты. Мария Тереза Уолтерге арнаған жұмыстарынан (3-сурет) Пикассоның құштарлығын, әйел тәнінің тартымдылығын көреміз. Ал интеллектуалдық ізденіс, кубистік мәнердегі шығармаларға шабыт берген Дора Маар сондай, мінезі мен болмысы қайшылықты жан еді дейді-міс. Франсуа Гилот «Өмір қуанышын», адами бақытты сезіндірген серігі болған сияқты. Революциялар мен соғыстар да Пикассоның шығармашылығында жеке өмірмен шарпыса көрінеді. Мысалы, Франко мен оның жандайшаптарын ол құбыжық минотавр, ал Испанияны сұлу бейнесінде көрген, сонымен бірге өзін минотавр, Ольганы сұлу бейнесінде жазған. 30-40 жылдары Пикассода соғыс сахналары жоқ, бірақ жеке өмірімен қоса өрілген үрей мен жиіркеніш сезінісі бар.  
Еуропа, Америкадағы ірі музейлерден Пикассо жұмыстарын көріп жүрміз ғой, алайда Малагадағы Пикассо музейінің концепциясы ғажап екен. Коллекция суретшінің көркемдік ізденістерін түсінуге көмектесетіндей етіп, жұмыстарын кезең-кезеңімен әрі тақырыптық тұрғыда топтаған. 1894-1972 жылдар аралығында суретшінің қалай өзгеріп отырғанын, бүкіл өмірін көруге болады.
Айтпақшы, Пикассоның шын есімі испан мәнерінде, өте ұзақ – Пабло Диего Хосе Франсиско де Паула Хуан Непомусено Мария де лос Ремедиос Сиприано де ла Сантисима Тринидад Мартир Патрисио Руис-и-Пикассо. Бір ауылдың атын арқалап жүрген адам соншама адам үшін өмір сүріп, соншама адамның жұмысын істеген сияқты.
Малага – Пикассоның туған жері, десе де көпшілік оны біле бермейді. Себебі он жасында Ла-Коруньеге, сосын Барселонаға көшіп кеткен. Малага Пикассоның отаны ретінде танылу үшін күш салып жатқаны көрініп тұр: Малага вокзалына кіріп келгенде Пикассо қарсы алады, ауқымды музей ашылған, көшедегі туристік дүкендер де Пикассо стиліне тән бұйымдарға толып тұр. Пикассоның өзі 50-жылдары-ақ «Осы қалада музейім болсын», – деген екен, жарты ғасырдан кейін (Пикассоның өзі кеткенде) келіні мен немересі 233 жұмысын Малагаға сыйға тартып, содан музей құралыпты.
Сөйтіп, жағажай деп келген жұрт кенет мәдениет ошағына түсіп, таңғалып қалатын жайы бар.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір