Уа, күй, не дейсің?!.
«Кез келген журналист блогер бола алады.
Кез келген блогер журналист бола алмайды».
Әміржан ҚОСАН, саясаткер
Қарағандыға барсаңыз, күмбірлеген күй тыңдап қайтасыз!
Ұлттық домбыра күні қарсаңында Қарағанды қаласында Күй аллеясы ашылды. Айналасын сәнді, сәмбі талдар көмкерген 17 орындық… Әлгі орындықтарға жақындай қалсаңыз болды, бірден күй ойнай жөнеледі. Әр орындыққа әйгілі күйшілердің есімі жазылып, QR-код орнатылған. Сіз сол QR-код арқылы күйшілердің өмірбаяны мен шығармашылығы жайында мол мағлұмат аласыз.
Жалпы жұртқа жария етіп, үлгі қылып көрсетуге болатын игілікті істің басы-қасында жүрген Е.Бөкетов атындағы Қарағанды университетінің ректоры Нұрлан Дулатбеков:
– Орындықтар күйшілердің соңына қалдырған күйлерінің санына орай орналасқан. Бір күйшіден бізге жеткен күйдің саны – үшеу. Енді бір күйшіден қалған күй – бесеу. Мысалы, Сембекте, тағы басқаларда бір-бір күйден ғана қалған. Яғни олардың барлығын әрі қарай дамыта береміз. Әр орындықта олардың өмірі ағылшын, қазақ тілдерінде жазылған. Саябақта серуендеп жүрген әр адам орындықта отырып күй тыңдайды, QR-кодтан алып күйшілер өмірімен, шығармашылығымен танысады. Күй әлеміне енеді, – дейді.
Бабаларымыздан қалған ұлы мұра – күй музасымен табысудың заманауи төте жолы осы болар. Ал енді тамырыңды бойлап күй тасысын, қазақ.
Уа, күй, сонда сен дейсің?!.