Жент жәдігерлері
19.06.2023
2385
0

Қасиетті Құранда пендеден пенденің, ұлттан ұлттың артықшылығы жоқ. Һәммәсі тең, бірдейлікте деген пәтуа жиі айтылады. Кеңес заманында бұл қағида ауызша болса да айтылғанмен, нақты өмірде жүзеге асырылған жоқ. Оның орнына «аға ұлт» деген ұлт басқа ұлт атаулыға үлгі ретінде алып елдің қақ төрінде қасқайып отырды. Одан өткен мәдениетті, одан өткен тарихы бай ешкім болған жоқ. Солардың бірі қазақ болатын. 

Еліміз тәуелсіз еркін ел атанғалы ғана сол туған даламыздың жұмбаққа толы жырына құлақ түріп, жаңа ұрпаққа жариялай бастағалы да көп болған жоқ.
Қазақтың қазынаға толы көне тарихы оның дархан даласының астында қашанда сыртқа бұрқ етіп, бір шығуға бұлқынып жатады десек қателеспейміз. Сол көнеліктер көмбесінің көзін ашып, тарқаса бастаған тарихи саланың бірі қазақтың ежелгі дәуірлердегі салтанатқа толы сәулеткерлік өнері-тұғын.
Мысалы, қазіргі таңда Қызылорда уәлаятының (облысының) территориясында 800-ден астам тарихи-мәдени ескі ескерткіштер мемлекет тізіміне ендірілген. Оның ішінде сәулет өнері, яғни археологиялық қалалар мен қоныстар ерекше орын алады. Солардың бірі – әйгілі ортағасырлық Жент (Жанқала) қала жұрты туралы археолог қазбагер ғалымдар айтқан қызықты деректердің бірі былай дейді.
Көне Жент (Жанқала) қала жұрты бұрынғы Ақмешіт, қазіргі Қызылорда қаласынан оңтүстік батысқа қарай 115 шақырым жерде орналасқан. Қаланың орны қазіргі уақытта 40 га астам аумақты алып жатыр. Тарихи деректерге сүйенсек, Жент (Жанқала) оғыз – қыпшақ дәуірінде өмір сүргені айтылады. Қала ХІІ ғасырда қараханидтер билігінде, ХІІ ғасырдың аяғы ХІІІ ғасырдың басында Хорезм империясының солтүстік шығысындағы саяси маңызы бар әскери бекініс қызметін атқарған. Қала көркейіп, алыс-жақын елдерге аты мәшһүр үлкен беделге ие болғаны сондай, кейбір деректерде Арал теңізі Жент көлі деп жазған. Мысалы, «Жаһаннамеде» мынадай жолдар бар: Женттің маңында Жент көлі деп аталатын көл бар, оны кейде хорезмдік деп те атайды. Көлдің аумағы 100 фарсах, ені 32 фарсах, суы ащы. Кейін моңғол Шыңғыс ханның шапқыншылығына душар болып, қала қирайды. Алтын Орда дәуірінде Жент (Жанқала) қайта жанданып, тағы да шамалы уақыт өмір сүреді. Сырдың төменгі ағысындағы басқа қалалар секілді Женттің де ХІV ғасырдан кейінгі тағдыры беймәлім.
Ол жайында жазба деректерде ештеңе айтылмайды. Ал ХІІІ ғасырдың 2-і жартысында Сырдың бойындағы қалаларды аралаған Орта Азия ғалымы Жамал Қарши бір кездегі қаланың орнынан кішігірім елдімекенді көрген. Ал В.В.Бартольд бұл өңірдегі қалалардың 15 ғасырдан бастап қаңырап бос қалуы Сырдарияның өз арнасын басқа жаққа бұруына байланысты болар деп пайымдайды. 1897 жылы Сыр бойындағы қалалардың қираған орнын зерттеген П.И.Лерх Женттің орнын Қорқыт Ата мазарының маңынан іздеу керек деген болатын. Бұдан кейін Бартольд Жент орны Қызылордадан 25 шақырым жердегі Қышқала деп болжаған. Тек 1946 жылы Сырдария мен Әмударияның аралығында орналасқан ескерткіштерді толық аралап шыққан С.П.Толстов Женттің негізгі орнын тауыпты, ол Қызылордадан 115 шақырым жерде орналасқан Жанқала жұрты болатын. Жанқалаға 1946-48, 1957-58 жылы Хо­резм археологиялық-этнографиялық экспедициясы (жетекшісі Толстов) зерттеу жүргізіп, жиналған қыш ыдыстардың негізінде қала 10-13 ғасырлар аралығында болған деп топшылады. Жанқаланың өзінде күрделі қазба жұмыстары жүргізілмегенімен, оның айналасындағы көне суғару жүйелері біршама зерттелген. Зерттеу қорытындысына қарағанда, қала тұрғындары егін шаруашылығымен айналысқан деп айтуға болады, – дейді ғалымдар.
Осыдан бірер жыл бұрын «Мәдени мұра» бағдарламасы қолға алынғаны мәлім. Сөйтіп, 2009 жылы Қызылорда облысының өңірлік «Мәдени мұра» бағдарламасы бойынша Ә.Марғұлан атындағы археология институтының археолог-ғалымдары (жетекшісі К.М.Байпақов) ортағасырлық Жент (Жанқала) қаласына археологиялық қазба жұмыстарын жүргізіп жатыр дегенді баспасөзден оқып қуанып қалдық. Ке­йін қазба жұмыстарының нәтижесінде қала қойнауынан оның мәдени экономикалық дамуының жарқын дәлелі болатын көптеген олжалар табылды. Мұражай қорына ғылыми қызметкерлер 300-ден астам жәдігер өткізді деген хабарды естіп ел қуанды. Олардың ішіндегі нумизматикалық коллекция (күміс және мыс теңгелер) халқымыздың баға тарихи байлығы деп айтуымызға әбден болады.
Кейде мұражайларды аралағанда әртүрлі ақша сарайларында құйыл­ғандықтан металл теңгелер алуан түрлі болып келетінін көріп жүрміз. Мысалы, теңгелердің 10 данасы күмістен құйылған. Олардың 9 данасы Алтын Орда мемлекетінде Тоқтай хан (1292-1312 ж.ж.). Өзбек хан (1312-1342 ж.ж.) Жәнібек хан (1342-1358 ж.ж.), Бердібек хан билік еткен кезеңде Хорезмнің ақша сарайларында құйылып, айналымға енгені анықталып отыр дейді ғалымдар. Қалған бір данасында Жошы ұрпақтарының құпия тамғасы анықталған көрінеді. Теңгелердегі жазулар араб әрпінде, жыл санауы һижра (733 ж., 790 ж.719 ж., 732., 733., 706-709 жж., 686-688 жж., 690 ж., 744., 742., 743ж.) бойынша көрсетілген.
Екінші мыс теңгелер қазынасы (110 дана) өзінің бір тектілігімен ерекшеленеді екен. Теңгелердің көпшілігі Алтын Орда мемлекетінің ақша сарайларында құйылып, Жәнібек хан, Бердібек ханның билік еткен тұсында ақша айналымына енген. Теңгелердің бетінде «Сарай әл-Жәдид» деген жазуы бар. Дереккөздері Сарай әл-Жәдидтің (Берке Сарай) ХІV ғасырда дәлірек айтсақ, 1332 жылы Өзбек ханның өзі де осы қалада жерленген. Сарай әл-Жәдид Жәнібектің тұсында ХІV ғ. 40-жылдары Алтын Орданың астанасы болып тұрған. Археологиялық зерттеулер мұнда құмыра, әйнек жасау, зергерлік өнер мен мыстан, темірден бұйымдар жасау өнеркәсібі, ақша жасау, құрылыс пен сәулет өнері жақсы дамығандығын көрсетті. Археологтардың айтуынша, мұндай металл теңгелер мемлекеттің ақша сарайлары бар кез келген қалаларында құйылған дейді ғалымдар.
Келесі бір топ теңгелерде (ХІV – ХІV ғ.ғ.) геометриялық өрнекпен Әмір Темірдің аты жазылғаны анықталып отыр. Теңгелерге аңдар (арыстан) мен құстардың (екі басты сұңқар) және шығып келе жатқан күн бейнесі салынған. Кейбірінде үзінді жазулар бар. Әттең, теңгелердің көбісі ескіргендіктен, жазулары өшкен.
Жалпы алғанда бұл жәдігерлерге қарап, ХІІ ғасырдың алғашқы ширегінде моңғол басқыншылығынан кейін ақша саудасы тез қысқарып, мүлде тоқтап қалуына байланысты, Орта Азия мен Қазақстанды күйзелістен шығарып, шаруашылықты қалпына келтіріп, сауданы жандандыру үшін, бәрінен бұрын ақша реформасын жасауда моңғол хандары үлкен еңбек сіңіргенін көруге болады. Осының өзі ХІІ-ХІV ғ.ғ. халықаралық саудаға игі әсер етті. Алтын Орданың өсіп-өркендеуіне септігін тигізді. Сонымен қатар Қазақстанның оңтүстігіндегі Ақ Орда қалаларындағы мәдени-экономикалық ахуалдың жақсаруына көмектесті. Алайда, бұл жәдігерлерге әлі де мұқият зерттеу жұмыстары қажет дейді ғалымдар.

Мырзан ШАЛҚАРИ

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір