Сырнайшы шал

Қаланың ортаңғы орамындағы көлемді үйдің тоғызыншы қабатында тұратын бұлардың баспанасы шағын.Үш бөлмелі пәтер алты жанға тарлық етеді. Отбасына тағы бір мүше кеп қосылғалы тіптен тарылып кетті. Бір ұл, екі қыз өсірген Құттыбек шал елу жыл жолдас болған қосағынан айырылған соң, келін мен баланың қолына келген еді. Бұлардың сыры өзіне мәлім. Ауылда тұрғанда, сыр-сымбатына әбден қанған. Жалғыз ұл босаңдау боп өсті, өзіне оқу қонбады. Бер емес, екі жоғары оқу орнын тастап кетті. Біреудің ерке қызын алып қашып алған-ды. Ауылдағылар оны «Серілігі әкесіне тартқан» деп көрінеу көтермелейді. Серілігінен де перілігі басым ол «ақжорғаны» тайпалтты. Ішкенде өзімен-өзі болады. Сүйіп алған сүйіктісі не айтса соған тоқтайтын еді. Бүгінде екі ұл, үш қыздың әкесі.
Бұлар қалаға ертерек орнықты. Сыртта жүрсе ширайтын шығар деп үміттенген қамкөңіл әке мен шеше қолдағы малды ақшалап берген еді. Үш бөлмелі пәтер – сол пұлға сатып алынған баспана. Ұл босаңдау болғанымен, келін ширақ келді. Біреудің үкідей үлпілдеген ерке қызы, обалына не керек, ибалы еді. Жүре келе мінез шығарды. Дауасыз дертке шалдыққан бәйбішесі: «Менсіз саған қиын болады. Келін мен балаға сыймайсың. Қыздарыңды сағала», – деп өсиет еткен.
Қалаға тұрақтаған төрт-бес жұмада Құттыбек шал өзін монтаны қалыпта ұстады. Келіннің тасыраң-тосыраңына еті үйреніп келеді. Шіп-шикі перзенттерін асыраудың қамымен жар құлағы жастыққа тимей жүрген келінді не деп жазғырады?
Шалдың күрсінісі жиілеп кетті. Жүрегі мықты еді, жетпісті орталағанда, бәйбішесінен айырылып қалғаны ауыр соқты. Кешегі дәуірлеп тұрған жылдарда сүйріктей сүйкімді екі қызына жоғары білім әперген. Ұзап оқығанның салдары ма, екеуі бірдей сүйіктілерімен қол ұстасып, қиянды бетке алып кете барған. Шешелері өлгенде, жылап-сықтап бір келді. Содан бері олардан хабар жоқ. Ұзын құлақтан естуінше, кіші қызының күйеуі банкіден алған қарызын өтей алмай істі боп қалған көрінеді. Үлкен қызы балалы-шағалы. Ата-енесі қолында тұрады деп естиді. Қыздардан қайыр жоқ. Жалғыз ұл мен келіннің де жағдайы мәз емес. Келіні саудамен айналысады. Қияндағы бір қаладан қоржындап тасыған терезе перделерін сатады. Олжалы оралса, құдайдың жарылқағаны. Барған шаруасының сәті түспей қалса, үй ішінде береке қалмайды. Көше сыпыратын күйеуінен бастап балаларын да бидайша қуырады. Келіннің ысқырық-ызбарынан Құттыбек шал тайсалады. Немерелеріне алданайын десе, келіннің қабағынан жасқанады. «Атай, балаларды мазалай бермеңіз, бұлардың сізді тыңдауға мұршасы жоқ. Уақыттары шектеулі, көп оқып, көп түртінеді, – деп бір емес, бірнеше ескерткен. Аталарына ыңғай беретіндей оларда да сондайлық пейіл жоқ. Түрік құлақ темірге шұқшияды да жатады. Ұлының да жылуары аз боп тұр. Бірдеңесін ішіп алады ғой деймін, бұқиып көзімен жер шұқығанына зығырданы қайнайды. Оңаша бір отырыста: «Әкей, сіздің бұнда жағдайыңыз болмайды», – деп айтып қалған. «Қыздарың бар ғой», – деп және емеуріндеген. Әке-шешелерінің қырпымен бола ма, балалары да аталарына салқын тартып тұрады.
Қолынан шығармайтын көне сырнайын құлаштап соза бергені сол екен, көзілдірікті үлкен немересі; «Бросьте эту штуку!» – деп зекіріп қалғанда, селк етіп шошып кетті. Ескі серігі сырнайды құйқылжытқанда қөмейінен жыр төгіліп сала беруші еді. Сондай сілкіністе арқа-басы жазылып, бір жасап қалатын-ды. Бәйбішесі де көмейі бүлкілдеген қырғын әнші болатын. Әп-сәтте жинала қалған көрші-қолаң дуылдата қол соғады. Сөйткен мекеннен, құтты қоныс Ақжардан көз жазғаны Құттыбек қарияға оңай тиіп тұрған жоқ. Кәрі құлжадай можа-можа өлмелі шал осында тұрақтаған аз күнде еңселеп қалды. Бір жабысқақ мұң іші-бауырын жидітіп барады. Сағыныш азасы және қинайды. Осындай торығысты сәтте өзі шығарған «Ақжарым – алтын мекенім» әнін қоңырлатар еді. Енді сол жүрегінен үзілген ән өзіне жат көрінеді. Жат көрінбегенде қайтеді, ауылдағыдай ашылып шашылатын жағдай қалаға үйеспейтін көрінеді. Қала адамы ерсілікке жоқ, ұстамды болуға тиісті. Даурықпаға салынуға еш болмайды. Орынсыз жерде ән салу деген шаһар мәдениетіне жатпайды екен. Қорап үйлерде сығылысып тұратын қала тұрғындары өмір бақида көріспегендей-ақ, бір-бірін жатырқап тұратынына таң. Амандық ишарасымен бас изесуге де жоқ.
Құттыбек ғұмыр бойында ауылда тұрып келген-ді. Облыс орталығынан мойыны алыс Ақжар ауданында туып өскен кәрияның ата-бабалары сол атырапта дамылдап жатыр. Жастайынан ән-жырға үйір оның білімі орташа еді. Әдебиетке бейім жыршылығы болатын. Мектептен соң, облыстағы музыкалық училищеде оқып, білімін толықтырған. Аудандық мәдениет үйінде қырық жыл қызмет атқарды. Жар қосағы Бибінұр бір сыдырғы әнші болатын. Жұбайының әкесі қос орденді атақты аға шопан. Содан да бұлар тұрмыстан аса таршылық көре қоймады. Нарыққа бет бұрған жылдарда өнер шаңырағынан ұзамады. Ерлі-зайыпты қос өнерпаз өтпелі кезеңнің ауыртпалығы жұқартқан ауылдастарының көңілін ән-күймен демеді. Өзінің өнердегі тұңғыш әні «Ақжар вальсі» шырқалғанда, үлкен-кіші қосыла әндетеді. Қаукөрік қонақуар ақжарлықтар сый қонақты осы әнмен қарсы алып жататын-ды. Елуге тарта жазған әнінің шырайлысы осы «Ақжар вальсі болатын. Әнді Ақжардың үлкен-кішісі күні бүгінге шырқайды.
Сондай ыстық ұя, қайран ауылды қиып кету Құттыбекке ауыр соқты.
Өзі жетекшілік еткен «Ақжарым – алтын бесігім» ансамблі кезінде Қазақстанға белгілі болған еді. Ансамбль қызды-қыздымен Мәскеу төрін де көріп қайтқан. Қайран сол жылдар еске түскенде, Құттыбектің көкірегін күрініс кернейді.
Бәйбішесі өмірден озған соң да екі жыл шыдаған. Жалғыздыққа төзе алмады. Қырық жыл тұрақ болған құтты ұясын сатып, ақшалап алған соң, амалсыздан қалаға жылжуға тура келді. Жолға жиналған әрі-сәрі күндерде мәдениет үйіне қайта-қайта барғыштай берген-ді. Осы құтты өнер шаңырағында жарты ғасыр ғұмыры өткен еді-ау… Мәдениет үйі қала үлгісімен салынған көрнекті болатын. Төңірегі ағашты еді. Сәнді орындықтар қойылып, гүлмен көмкерілген хауыз бақтан су бұрқағы атқылап жатады. Неше қилы қарағай, шырша, емен ағаштарын кезінде өз қолымен отырғызған.
Өмір осы деп түйілген. Бауыр басқан мекенде баяғы елібайшылық жоқ. Ауыл ортайыңқы. Көз көргендердің де қатары селдіреп барады. Құлын-тайдай тебіскен жора-жолдас көзіне шанжау шалынады. Жарты ғасыр қол ұстасқан Бибінұрдың басына күніге бір бармаса, көңілі көншімеуші еді. Қауқылдасқан қатарластары бірте-бірте сол жаққа қоныс аударған. Аузын ашса, көмейі көрінетін аңқылдаған ағалары да қалмады. Өзінің де келісіп тұрғаны шамалы. Бір кездегі жігіт дүрі, өнер серісі кәрілік салдарынан ұсқынсыз әруейге айналған.
Шіркін, сол жалындаған мұңсыз-қамсыз күндер-ай! Сахнаға жарқ етіп шыға келгенде, келісті ер кейпі көрер көзді тұсап тастайтын еді. Бибінұр да бет біткеннің бәдендісі-тін. Құлақ тосаңсып, көз бұлдырағаны, аяқ-қолдың мұздап, белдің сырқырағаны өз алдына, ішті кемірген зар-наладан бүтін жан дүниесі иесіз үйдей азынап кететіні бар. Көз алдына өткен күндердің елесі келер еді. Өзін сахнада ән салып тұрғандай сезінген ол сырнайды құлаштай созып: «Алтын бесік – Ақжарым, сағынышым арманым», – деп ыңылдай бастағанда, қойнында жатқан немересі: «Ата, успақойса!» – дегенін елеместен «Ақжар вальсін» соза түседі. Тыныштала қоймаған соң, үй иесі тұрып кеп: «Әкей, бұның не сенің!?» – деп жұлқылағанда барып зорға тоқталады. Ертесінде келіні тергеуге алады. «Аташка, сіз ауырасыз ба?! – дейді жүгірінді тіршіліктен мезгілсіз тозып кеткен өңі сұрғылт тартып. – Бұл – қала ғой! Көрші-қолаң, сізді мазасыз деп жүр».
– Енді қайтемін?! – дейді атасы келінге беріскісі келмей. – Есіктерін қақпасам, бет-жүздерін көрмесем, олардың менде не жұмысы бар?!
– Қаланың көп қабатты үйінде тұратындардың жүйкесі жұқа келеді, аташка! Сіздің ұйқысырағаныңыз есеп емес оларға.
– Былай ыңылдап ән салғанда не тұр?
– Әнді сахнада салмай ма, аташка?
– Онда мен қойдым.
Сырнайшы шал үйреншікті дағдысын қоя алмады. Қойған былай тұрыпты, асқындырып жіберді. Сондайлық оғаштыққа бара қоймаса да, жүріс-тұрысында сөкеттік байқалып тұрады. Баяғы әртіс киімдерін үстіне ілгені өзіне жарастықты көрінгенімен, сырт көзге ұнамайтынын қайдан білсін?! Тәуелсіз ел болдық қой, емін-еркін жүріп тұрғанда не тұр деп көңілін кеңге салатын өнерпаз қария ауылда өзін еркін ұстайтын еді. Үнемі ескі сырнайын иығына ілетін әдетін қалада да тастай алмай жүр.
Келін мен баладан мықтап ескерту алған Құттыбек қалалық баққа бет алды. Үстінде әртіс киім, иыққа ілгені өзінің ескі серігі қара гармонь. Екі иықты керіп тастап жүретін баяғы күні жоқ, емпелеңдей басқан оның сырт кейпі былайғы көзге сөлекеттеу шалынады. Кесек бітімді келісті кейпінің нобайы ғана қалған, оның иықты тұрқы шөгіп кеткен. Сырт көз осы жүрісінен сырнайшы шалды ақыл- есі кемшін адам деп ойлауы әбден мүмкін. Ауылда жүргендегі әдет-дағдысын қалада да тастағысы жоқ. Одан қалса, біткені ғой.
Мәдениет үйіне күніге бір бас сұқпаса, көңілі көншімейтін еді. Әсіресе оған өнер шаңырағының гүлмен көмкерілген хауызды саябағы ыстық көрінеді. Жасыл баққа жайғасқан ол қоңыралта ән бастайды. Алдымен өзінің төл туындысы «Ақжар вальсін» шырқайды. Одан әрі қара өлеңге кезек береді.
Ойлап тұрсаң бұл жалған
жазбен қыстай,
Құлпырған қайран күнім
тоты құстай!
Орайыңның барында ойна да күл,
Әр төбеде қалармыз қосылыспай.
Қызды-қыздымен термелеп те кететіні бар. «Опасы жоқ сұм жалған, бұл жалғанда кім қалған? Ағаларды ұйпады, сандал көкте ырғалған, қатарластарым да сиреді, содан да көп бізде арман. Бойдағы қуат күшті алды, ауыздағы тісті алды. Көмейден лақ-лақ төгілген тегеурінді үнді алды, тыңдаушыға жеткізбей, төгілмелі жырды алды. Құлақ тосаң, көз бұлдыр өлмегенде нем қалды?»
Таяққа сүйенген қатарластары жинала бастайды. Жастар да төбе көрсетеді. Белі бүгілген кемпір-сампыр да қасынан табылады. Сол күндерге де зар боп қалды.
Қаланың орталық саябағынан өзіне ыңғайлы орын сайлап алған еді. Кісі-қарасы аздау осы тұс сырнайшы шалға жайлы тиді. Қарлығыңқы тосаң үнмен қоңырлата ән бастайды. Ескі серігі сырнайға төнген сауатты саусақтарында жаңылыс жоқ. Небір зарлы әуен көне аспаптың көкірегінен өксіп шығып жатады. Сол өксікке дауыс қосқан Құттыбек шал арқасы ұстағанда өзінің қайда отырғанын естен шығарып, ауылдағы әдетіне басады. Сырнайды құлаштай созған бойда қоңырлата ән бастайды. Сөйте-сөйте маңына тыңдаушысын топтастырып алған-ды. Оқушылар үйір бұған. Бірді-екілі шал -шауқан, кемпір-сампыр да бұрыла кетеді. Делебесі қозған кәрі тарлан барынша барқырайды. «Кешегі жыршы мен едім, жаннан асқан өнерім, төбесіне көтерді, Ақжар байтақ көлемім. Опа таппай ауылдан, демсін көрмей қауымнан, болмай қалды керегім…».
Ауылдағы күндер ойын жолы екен. Мұндағы жағдайы оңып тұрған жоқ. Жалғыз ұл үйреншікті әдетпен мойнын ішіне алып бұқияды да отырады. Аузын жылытпаса, жүре алмайтын әдеті бәз қалпында. Өзіне түр әлпеті келгенімен, мінезі мүлде басқаша. «Осы шіркінді шешесі секектеп жүріп біреуден олжалап қойған жоқ па?» – деп те қияс ойға берілетіні бар. Немерелері де онша емес, басқа бір әлемде жүргендей тұйықталып алған. Әне бір «сиқырлы темірді» шұқылаумен болады. Келінде бет жоқ, бірде түйе, бірде бие. Саудасы жүргенде қабағы ептеп ашалады.
Айналысқан кәсібі мандымай жатса, онда келіннің қабағынан қар жауады.
«Осы кісі келгелі жұмысым өндімей қойды. Тілеуі жаман өзінің. Құдай аманаты жылайды да отырады», – деп күңкілге басады.
Онысы бір есептен орынды. Ән салдырмай, сырнай тарттырмай қойған соң, көзіне ерік беретіні бар. Бір жыласа, өзін тоқтата алмай қалады. Қанша дегенмен әкесі емес пе, ұлы бұнымен қосыла жылайды. Оны әкетіп бара жатқан сондайлық уайым да жоқ, ащы судың запыранына елтіген немкеттілік, әншейін.
Қалаланың орталық бағына күніге бір бармаса жүре алмайтын әдетке басқан сырнайшы шал көңіл қатпарында қалып кеткен зар-наланы әнге ұластырғанда, саябақ қоңыр әуенмен тербетілгендей болады. Жаңа кезеңмен ере келген салдыр-күлдір елірме әуенге құлағын жегізе-жегізе ығыры шыққандар аяқ астынан пайда болған көше жыршысына бұрыла кетеді. Сырнайшы шалдың көмейінен төгілген көне сарын егде адамардың көзіне жас үйіреді. Тыңдаушысы молыға түскенге арқаланған кәрі қақсал жыр-термені үстін-үстін үдете түсті. Жан түбінен булығып шыққан сарыннан заманға наразылығы байқалып қалады. Сондай ширығыста ащы жырмен ақтарылады. «Жекеге шық деп жел бердің, елікті соған пермерің. Байлықты дедің тең бөлдім. Қолы ұзындар ұйпады, әділетсіздікті көз көрді. «Жағдайың болмас далада, бет түзеңдер қалаға» дегенді көсем шығарды, қара халық құп алды. Үдере көшті қалға, ауыл қалды қаңырап. Кең жайлауда сән қалмай, жұртта қалды шаңырақ…».
Іле жеткен тәртіп сақшылары:
– Сізге біз ескерттік қой! – деп дігірді салады.
– Не деп?
– Көпшілік орындарда әдеп сақтау керек деп.
– Нені бүлдірдім, жарқындарым?!
– Аузыңа келгенді айтасың! – деді қабағы қалың шендісі. – Сіз, сірә, оппозицияның адамы боларсыз!? Ел ішіне үгіт айтуға әдейі жіберген. Оныңыз болмайды, ақсақал!
– Әдетім солай, – деген Құттыбек шал мөлтеңдеп. – Кезінде бір ауданның бетке ұстаған өнерпазы едім. Әншісі, әрі жыршысы. Сазгерлік талантым болған. Кемпірім өліп… балаларымның қолына кеп… содан осындай кепке ұшырап…
– Мәймөңкең өзіңе, ақсақал! – деген қызыл жағалы көрінеу қырыстанып. – Не шықса үлкендерден шығады. Сендерді көрген жастар қайтіп оңсын? Түс, кәне, алға!
Осыдан былайғы жерде сырнайшы шалға аңду түсті. Тәртіп сақшыларының ескертуін қаперге алған келін мен бала кәрияны үйден қия бастырмай қойды. Түн ұйқысы бөлініп, жай кеткен қария сырнайды сыңсытқанда, долырған келін атасының гармонына жармасып берген-ді.
– Бұл аспап өлгенімше менен ажырамайды, қарағым! – деді шал балаша кемсеңдеп. – Ермегім ғой.
– Ермегіңмен қоса құры! – деген келіні үрпе-сүрпе шашын дудыратып. – Ұйқы бер! Өйтпейді екенсің, сізді біз бір жайлы қыламыз.
– Қайтпекшісіңдер!?
– Күн уағында көре жатарсыз. Мына түріңмен, аташка, ешкімге де сыймайсың! Сізден қыздарыңыз да безіп жатыр.
– Енді қайтуым керек?!
– Қағазыңыз дайын, аташка! – деген келіні өзінің осы сөзіне қыбы қанғандай боп. – Ертеңнен бастап қарттар үйіне жайғасасыз.
– Онда бармасам ше?!
– Өйтетін болсаңыз, есі ауысқандардың қатарына жатқызылып, жындыханаға тұрақтайсыз.
Құттыбек қария жым болды. Содан арғы күндерде сырнайшы шал үшті-күйлі жоғалып кетті. Өлмелі қартты іздестіру шарасы жоғарғы қарқынмен жүріп жатты. Алыстағы ауыл тұрғындары өре түрегеліскен-ді. «Қолда бар да алтынның қадіріне жетпегеніне» шын қиналған ауылдастары өнерпаз қарияны жабыла іздеді.
Жұрт кейін білді, жоғалған кәрі шөңге бауыр басқан мәдениет үйіне жетіп жығылған екен. Қалың ағаш саясында сырнайын басына жастанып, көк құраққа жамбастаған Құттыбек шал терең ұйқы құшағында жатыр еді.
Тендерге түскен кемпір
Бергенбай әулеті осы көлемге қашаннан белгілі. Бірі – малшы, бірі – тракторшы, бірі – шопыр болатын. Айтулы аға шопан Бергенбаев Ілес боранда үсікке шалынып, өмірден мезгілсіз озған. Артында үш ұл, екі қыз қалды. Бес баласын бауырына басқан жар қосағы Еркебала жетіліп қалған балаларына сүйеніп, аға шопандықты міндетіне алған-ды. Төрт-бес жылдың мұғдарында топ жарып алға шықты. Бес жылдықтың қорытындысында омырауына орден тақты.
Ортақ меншік ыдыраған тұста Еркебала Бергенбаева бір отар қойды меншігіне алып, шаруа қожалығын құрған еді. Үш ағайынды жігіттің ұйымы бір. Шешелері не айтса, соны орындайды. Қой мыңға жетті, жылқысы бір қосқа жуық. Түйе де ұстайды. Әйтсе де ағайынды жігіттер шешелерін бел көріп, адуынды кемпірдің алдынан кесе өткен емес. Қолы мен аузы қоса қимылдайтын Еркебала қашанғы күйбеңінен жаңылмай, балаларына қолғабыс береді. Келіндеріне болысып қымыз баптап, құрт қайнатады. Ішек-қарын аршиды, сирақ үйтеді. Бой-басын бағып, сәнденуге жоқ еңбекқор ананының күлді-көмеш кейпін сырт адамдар сөз қылатын еді.
Бір күндері Бергенбай әулетінен жік шықты. Ағалар мен қарындастар арасында келіспеушілік туындап, іс насырға шапты. Қалада тұратын қыздар шығарды ілікті. Жағдайлары былайша жаман емес. Күйеулері табысқой, екеуі де кеңсе қызметкері. Бірі экономист, екіншісі білім саласының маманы. Бала-шағалы өздері ұлттық дәстүр-салтқа жақын жүретін-ді. Той-томалақтан, мәдени кештерден қалмайтын көпшіл әдеттері және бар. Қонақуар. Көбінесе ауылдағы ағаларына сүйенеді. Қысқы соғым, жазғы қызыл ауылдан келеді. «Еруліге – қарулы» деп қаладағы қыздар жөндерінен жаңылмайды. Қоржындары бос келмейді. Күйеулері де қарап қалмай, малды ауылға қолғабыс беріп, шөп шабысады, қора-қопсыны жөндеседі. Өздері болса жеңгелері дайындаған жазғы ақтың сүмесін базарға шығаруға жәрдемдесіп, мал саудасына көмек қолдарын созады.
Ілік үлкен қыздан шыққан еді.
– Шеше-ау, бұл жүрісің не?!
– Е-е, не бопты, қарағым?!
– Күйелеш етек боп қашанғы жүре бересің?
– Соны сөкет көремісің? – Сыншыл шеше алыстан орағытты. – Кісі өзіне-өзі құл болғаннан кішірейіп қалмайды.
– Жерге басың жеткенше, омылай күң етек боп жүре беремісің?!
– Әдетім солай, қарағым! – деген шешесі өзіне бір тықырдың тақағанын іштей сезіп, сөзінің соңын жұта сөйледі. – Қарап отырғанша деп… Ішек-қарын аршып… құрт жиып, ірімшік қайнатамын.
– Дұрыс болған екен?! – Өзіне тартқан адуындау үлкен қызы тіке кетті. – Өзге ұл-қыздарыңда жұмысым жоқ. Мен сен кемпірді бір күн де қоймаймын малды ауылда. Менімен бірге жүресің.
– Қалада не бар маған!
– Бәрі бар, қаладан бәрі табылады! – деген үлкен қызы жыларман болып. – Зеріксең атақты әншілердің концертіне барасың. Денсаулығыңды дәрігерге қаратасың. Осы күні бар қазақ қалада. Ауылдан кеткендермен әмпей-жәмпей боп бір жасап қаласың. Қона түстеніп жүресің, әншейін!
– Қалаға үйренісе алсам жақсы-ау?! – деген Еркебала кемпір қызының тәрізінен іш жиып. – Саған сонша не көрінді?! «Өз үйім – өлең төсегімде», балаларымның қолында жүріп жатырмын. Келіндерім жайлы өзіме. Ұлдарымның бірі де бетіме келмейді.
– Сол үшін солардың отын жағып, күлін шығарамысың?
Бір бүйірден кіші қыз килікті.
– Шеше, сөзді қойып, еріңіз бізге! – деді ол тұлан тұтып. – «Еркебала кемпірді ұлдары мен келіндері күң орнына ұстайды» деп дүңк-дүңк етеді ел іші.
Дау өршіді. Қалалық екеудің бет қаратпас әлпетінен қарадай түңілген үлкен келін шықты білегін сыбанып. Оған ортаншы келін дем берді.
– Бізге бұл кісісіз қиын болады, қыздар! – деген үлкен жеңге аса қатты кетпей. – Елдің өсегіне нанбаңдар. Дұшпандықпен айта береді. Біздің ынтымақ-бірлігімізді көре алмайды.
– Көре алмайды емес, шындығы сол болған соң сендерді өсекке таңады.
– Нанбасаңдар маманың өзінен сұраңдар! – деді ортаншы келін жыларман болып. – Өзіміз-ақ үйдегі шаруаны жайғап тастаймыз десек, бір шеттен киліге кетеді.
– Өзіңнен екен ғой! – деді үлкен қызы шешесіне сұқ саусағын қадап. – Әдет алып кеткенсің. Қолың қимылдамаса, отыра алмайтының содан. Кешегі кезең сен кемпірдің жетесінен өтіп кеткен. Атақты шопан атандырып, бейнетке белшеңнен батырғанын ұмыта алмай жүрсің! Бүгінде заман басқаша. Ортақ меншіктің қарасы батқан. Осыншама ырғын дәулетті сырттан қоғамдап, тып-тыныш отырмаймысың!
– Немене сонда, аға-жеңгелеріңе күң ұстап, жалшы жалда демекпісің?!
– Социализмнің әлеулайын ұмыту керек, шеше! Бұл қоғам қанаушы һәм қаналушы тапқа жатады. Біреудің еңбегін пайдаланбасаң дәулет жия алмайсың.
– Мен өйте алмаймын, қарағым!
– Өйте алмағаның сол ма?! – деген үлкен қыз: «Кәртайған шағыңда келіндеріңе күң болып, ел-жұрттың өсегіне қалып… жетіскенің сол ма?!» – деп салды.
Дауға үлкен ағалары киліккен еді.
– Екеуіңнің бұл не ілігің? – деген сабырлы салқын қалыпта. – Шешейді шарай көзге тендерге қойып… не көрінді сендерге?
– Тендерге қойсақ несі бар!? – деген үлкен қыз. – Біз де осы ананың құрсағынан шыққанбыз. Шешеміздің жағдайын келтіре алмаған өздеріңнен көріңдер.
– Сонда қайтпексіңдер?!
– Шешейді алып кетеміз! – деді кіші қызы. – Тәртіпке келтіріп, бой-басын түзейміз. Қыбыр-жыбыр сөзден құтқарамыз. Өз-өзіне келген соң, қайтарамыз ауылға.
– Бір ойлағандары бар шығар бұлардың, – деген Еркебала шеше сәл босаңсып. – Ішімнен шықты ғой, мауықтарын бассын. Ұлы не, қызы не, бәрі бір емес пе.
Жолға жиналған кейуана қашанғы көне киімдерін ілді иығына. Осыны ілік қылған қыздар аяқ астынан дау шығарды.
– Жөні түзу киетін кимі де жоқ бұл байғұстың! – деді үлкен қыз тұлан тұтып. – Сендер сонда не бітіргенсіңдер!? Осыншама мал-жанның иесі анамыз емес пе?!
– Сатып берген киімді жоқ-жітікке үлестіретін өзінен көрсін! – деген үлкен келін адуынданып. – Ескі-құсқы киімге жаны құмар өзінің!
– Өзімнің әдетім солай! – деді Еркебала мұңайыңқы кейіпте. – Ерімнен айырылып қалған соң, үстіме жөні түзу көйлек жапсырмай кеттім.
Келіндерімді айыпқа бұйырмаңдар. Деген жасымда жесір қалып, сендерді итше тістеп жүріп жеткіздім емес пе! Маған сол қанағат! Кәртайған шағымда «күнде қыз» атанар жайым жоқ! Мені сөкпеңдер, осы қалпым жарасады.
Еркебала шеше екі қызына еріп пойызға отырды. Бұларды да бір сынап көрейін деп түйген. Кәрілік меңдеген анаға үстемсіген ерке қыздарының ішкі пікірі өздерінде. Не ойлары бар екені әзірше мәлімсіз. Тендерде шешесін ұтып алып, аға-жеңгелерін сазға отырғызып кеткендеріне мәз. Сондай көңіл күймен оралған олар «сый қонақты» қай үйге түсіруге келгенде, пікірлері екіге жарылды.
– Менің үйіме түссін, – деді кіші қыз. – Сүт суалтқан кенжесімін ғой.
– Оның болмайды! – деді әпкесі ызбарланып. – Қыздың үлкені мен тұрғанда, саған жол жоқ.
Қызды-қыздымен екеуі жүз шайысуға бет алды. Бір-бірін ауыр сөзбен шарпыды. Ара түскен шеше: «Қарақтарым, бұларың естір құлаққа ерсі. Менен басқа ешкім білмей-ақ қойсын. Үлкен қыз ғой, Данагүлдің үйіне түсейін, – деп келіспеушіліктің тігісін жатқызды.
Келесіде Әтіркүл жайды дастарқанын. Екі үйде алма кезек қонақтаған Еркебала кейуананың көңілінде алаңыт басым. Ауылды ойлай береді. Қанша дегенмен қыз бала анаға бір табан жақын тұрады. Қыздарын ұлдарынан кем көрмейді. Осы күнгінің адамдарында мәлім жоқ. Біртүрлі. Қыздарының мінез-құлқы мүлде өзгеріп кеткен тәрізді. Бір қалада тұратын екеуінің бір-біріне деген жанашырлығы жоққа тән. Байқаса, ала көңіл қыздарында бір жетіспеушілік бар тәрізді. Үлкен қыз бала-шағалы, отырған пәтері тар екен. Үйдің кезегінде тұрған көрінеді. Кіші қыздың жағдайы әпкесіне қарғанда озғын. Күйеуі кәсіпкер, өзі болса беделді ұстаз. Сонда оларға жетіспей тұрғаны атақ-абырой екенін сыншыл ана сезіп қалған. Әтіркүл бір сөзінде «Үлгілі отбасы» байқауына іліккенін сарындаған болатын. «Қонақ аз отырып, көп сынайды» демекші, Еркебала бұлардың түпкі ойларын енді ғана аңғара бастаған еді. Шешені «тендерде» аға-жеңгелерінен ұтып алғандағы мақсаттары белгілі боп қалды бұлардың. Екеуі бірдей асты-үстіне түсіп бәйек болғанымен, сыншыл шеше қыздарына ішін бермей, салқын тарта берді. Данагүл шешесін осында тіркеуге қоймақшы екен. Кейуананы қарамағына алып, үй кезегіндегі ұпайын арттырмақшы.
Әтіркүлдің де жағдайы белгілі боп қалды. Байқаудың шарты бойынша үлгілі отбасы мүшелері үлкен адамдарға, ата-анаға қамқор болуға тиісті. «Анашым менің!» деп шыр-пыр боп жүргені соның әуселесі болса керек.
Күйеу балалары мен қыздарының сатып берген неше түрлі киімдерін үстіне ілгенімен, кемпірге бір нәрсе жетпегендей, қоңылтақси берген. Ойын-тойды көрді, концертке де барды. Бірақ соның біріне де тұшынбады. Ауылды ойлай береді. Қыздарының ұсақ әркетіне және қынжылды. Екінді шаққа жеткен аз күнгі тірлікте қыздарының жыртығына жамау болғанды хош көрмеді. Әр жан иесінің өз талайына бұйырған ырзық-несібесі болмақшы. «Алма піс, аузыма түс» дегеннің заманы өткен. Өз күніңді өзің көруге тиістісің. Тырбанған адам несібесіз қалмақшы емес.
Осы ойға бекінген Еркебала жолға жиналды. Бір бет алса алған бетінен қайтпайтын шешелерін қыздары тоқтата алмады. Пойызға отырды да, ауылға тартты. «Қартайған шағымда қала менің немді алған!? – деп түйілді іштей. – Қара қонысқа, далаға не жетсін, шіркін! Қалған аз күнімде таза ауасын жұтқанның өзі неге тұрады. Өлсем торғын топырағын жастанамын».
Өмір КӘРІПҰЛЫ
ПІКІРЛЕР3