Әлеке. Ұшар. Барақты…
Әлемде ит культі жүріп тұр. Бразилияда ит шіркінді адаммен қатар қояды. Олардың некесін шіркеулерінде қияды, тойларын шілде айында арнайы мейрамханаларда өткізеді екен. Мұндай культ басқа жұрттарда да жоқ емес. Итті құрметтеу культінен қазақ баласы да бас тартып отырған жоқ. Бүгінде, тіпті итпен жұбайлық жағдайда тұратын иіс алмастарды да көз көріп отыр. Тіпті олардың некеге отырғандары да бар дейді. Енді жыланмен бірге тұруға әуестік шығыпты деседі жұрт.

Мына жарық дүниеде біраз жүре тұрсақ оны да көретін болармыз.
Ендігі әңгімеміз ит жөнінде… Жалпы біз ит жөніндегі бабалар түсінігінен ажырап қалған елміз. Малдың қиының өзін жапа, тезек, томалаққа айыратын бабаларымыз итті қасқырдан қанша алыстатқанымен, өзінен ешқашанда алыстатқан емес. Қазақ қасқырды қалай киелі санаса, итті де киелі мақұлық санайды. Ит туралы жаман сөз айтып көріңіз…
– Тәйт әрі, тантымай отыр! – дер еді.
Мұны екінің бірі айта қоймас, ал қазақтың кез келген көпей шалы айтады. Екінші рет айтып көр дегендей ызбармен айтады. Мұның өзі көп жәйтті ұғындырса керек.
Қазақ түсінігінде Жаратушы итті адам, оның ішінде қазақ үшін жаратқан. Мұндайда «баланың барлығы, иттің көптігі білінбейді» дейді.
Бабаларымыздың ит жөніндегі діни нанымы да бұл түсініктен алыс жатқан жоқ. Ит жерге жұмақтан келген және жұмағына барады.
Соған орай қазақ баласы итті де жерге арулап көмген. Иттің адам баласына өткен еңбегі көп. Соның ішінде бабаларымыз оның екі қасиетіне ден қойған.
Оның бірі – қорған болатыны, тағы бірі – қамқорлығы.
Осы жерде сәл шегініс жасалық. Кейінгі кездегі әлемдегі табиғи апаттың күрт өсуі итке деген зәрулікті де айтарлықтай өсірді. Осыған орай бүгінде иттің ізшіліне, иісшіліне (ізбақай, иісбақай) сұраныс көптеген елдерде мемлекеттік деңгейде талқылануда. Оларды өсіру үшін арнайы тұқымбақтар ашылуда. Ит баласы қашанда иесін қасқырмен қоңсы қондырмаған. Ит баласы иесінің басына ғана емес, қора-қопсысына, алдына салған малына қарауыл болған.
Ит баласы қашанда аузындағысын иесімен бөліскен. Иттің бұл қамқорлығы әсіресе ашаршылық жылдарында білінген екен. Бүтін ауылды асыраған иттер аз болмаған. Бұрындары ондай иттер туралы түрлі әңгімелер айтылатын еді, бүгінде соның бірі ұмытылған. Бүгінгі түсінікте итті адам асырап отыр. Бұрында «біреу ит сатты» деген әңгіме естілген емес. Қазақ баласы ешқашанда итті тауар деп білмеген.
Соған қарамастан, мәрт қазақ итті қалай тегін алудың жолын білген. Не қалаған, не бұйымтайшылаған. Мұндайда жөн білетін қазақ баласы дәрменсіз. Жетелетіп қоя береді. Ит жетелеген қазақ осылайша бұрын да білінген. Қарымтасы қалаушының мәрттігіне байланысты. Біреулері мініп келген атынан түскен. Біреулер үйір жылқы айдатқан. Біреулер ішік кигізген. Мұның бәрі қазақ даласында кәдімгідей әңгімеге желі болған. Сондықтан қазақ даласына аттары әйгілі шыққан ит баласы баршылық.
Қазақ дүниетанымында ит сертті мақұлық, иесіне адалдықтың үлгісі. Үйіне келген мейманға ет асса оған еріп келген итіне сүйек тастаған. Қазіргідей ит қуған бала болмаған. Қазіргінің баласы иттен қашық жүргісі бар, бұрынғының баласы итке жанай жүрген. Өздерін иттен тудыратын, болмаса өрбітетін жұрт жер бетінде аз емес. Оларға арнап орнатылған ит мүсіндер де баршылық. Иттің кәдімгідей соғысқа қатысқанын жұрттың бәрі біледі. Ғарышқа да солар иесінен бұрын ұшты. Иттің иесіне деген осы адалдығын адамзат баласы бүгінде оны ит жарықтықтың өзіне қарсы пайдалануда. Өртке де бірінші болып кіретін осы иттер, минаға да ұрынып жататын осы иттер, бір сөзбен айтқанда олар – заманымыздың камикадзелері болып тұр.
Дегенмен адамзат баласы итке деген құрметін жоғалта қойған жоқ. Ит кеше де босағада отырмаған. Бүгінде иттің орны төр.
Ол құрметті адамзат баласының итке орнатқан ескерткішінен көруге болады. Қазақ жерінде де ондай мүсіндер бар. Алайда арнап мүсін соқты дегенді естімедім.
Діни нанымда адамзат баласының құрбандыққа қой шалғаны белгілі. Ежелгі түркі жұрты да құрбандық шалып тұрған. Онысы, әрине, қасқыр еді. Құрбандыққа ит те шалынған.
Ит жөніндегі жалпы түсінігімізді мұнан арман қазақ баласының, оның ішінде бабаларымыздың түсінігімен жалғастырғанымыз жөн болар деп ойлаймын.
Ит жарықтықтың мәртебесін бабаларымыз бір-ақ ауыз сөзімен берген. «Ит –жеті қазынаның бірі» деп! Қалған әңгіме осы қазынамыз туралы.
Сіз қанатты мақұлқаттарды білсеңіз керек. Қанаты бола тұр ұша алмайтынын да жақсы білесіз деп ойлаймын. Олардың қатарын бабаларымыз түйеқұс деп біледі. Не түйе емес, не құс емес… Бұл өз алдына лексем болғанымен, бабаларымыз бұл сөзді де кемсіткі сөз ретінде пайдаланғанын байқаймыз. Қанатың бола тұра ұша алмайсың деп тұр. Ал қанаты жоқ сүйген мақұлқатына қанат байлап беріп, онысын пырақ деп, барынша көтермелеген.
Осы жерде еске ең алдымен жылқы жарықтығымыз түссе керек. Қанатты жылқымыз біздің елтаңбамызда тұр. Қанатты қасқырларды да білсек керек. Қанатты барыстардың сұлбасы да қазір жер-көкті басып кетті.
Қанатты иттер жөнінде бұлай деп айта алмаймыз. Өйткені, бізде сол қанатты итке бергісіз, қанатты иттен де жүйрік италақазымыз бар. Өкініштісі сол, біз әлі де ұлттық мифологиялық әпсанамыздың табиғатын аша алмай келеміз. Жұрт мұндағы италақазды кәдімгі сарыала қазбен шендестіреді. Ал бұл құстың басқалардан алып бара жатқан ешқандай ерекшелігі де жоқ..
Біздің әлгі мифологиялық әпсанамызды басқаша өрбітетін жұрттар да бар. Мысалы олар қаздың орнына құмайды айтады. Бұл құстың да аспандата қоятындай керемет бір ерекшеліктері жоқтың қасы. Өлексемен қоректенетін отырықшы құстардың бірі. Кәдімгі гриф. Санитар құс. Соған қарамастан, бұл әпсана ел ішінде әлі де айтылып келеді, айтыла да береді және оған соқыр сеніммен сенеді. Бүгінде иттің жүйрігін, ит болғанда тазының жүйрігін осы құмаймен байланыстырып «құмай», «құмай тазы» деп айту белең алған. Шын мәнінде ит жүйрігін бабаларымыз «ұшар» деген. Оның өзінде ұшар деп әлгі қанатты бақайларымызды айтады.
Ұшар деп ерекшелегенімізбен мұнымыз кәдімгі тазы. Оның өзін қазақ итбегілері ойшар деп, өршар деп екіге бөледі. Өршарымыз төсі кіріңкі, құйрығы шұбалаңқы келетін тазымыз, бұл жүйрігіміз көбіне өрге қарай жүгіреді. Ойшарымыз төсі шығыңқы, құйрығы сербегінің үстінде шиырылып тұратыны, бұл ұшарымыз ойға қарай жүгіреді.
Ит – серті бар мақлұқат. Киіктің серті жол кесу болса, иттің серті – ерте ме, кеш пе ата жауымен бетпе-бет келу. Ал иттің жауы кәдімгі қасқыр. Кез келген қасқыр итті бұтарлап кете алады. Керісінше, итте ондай қауқар болғанымен, айбын, айбат жоқ. Кейбір иттер қасқыр алғанымен, көбінесе өздері қасқырға жем болып жатады.
Ит әбден қартайғанда да бұл сертінен тая алмайды. Өлерін білген ит өлермен.
Ол ұли бастайды. Ата жауын іздейді. Бұрынғыдай бұғып қала алмайды. Жауына жемтік болып кетсе де шайқасып өледі. Иттің жақсы аталатыны, өлімтігін көрсетпейтіні осыдан. Негізінен бұл мәтел жүрексіздерге, қорқақтарға қаратылып айтылады. «Ит жақсысы өлімтігін көрсетпейді» дегенде бабаларымыз осыны айтып отыр. Бұл мақал «Жақсы ит өлімтігін көрсетпейді» деп жарыспалы түрде де айтылып жүр.
Ит – жеті қазынаның бірі. Жұмақта болатын мақлұқаттың ішінде ит те бар. «Құс өзі үшін алады, ит иесі үшін алады». Адам ұстаған мақлұқаттың ішіндегі ең тазасы осы ит деп есептеледі. Шын мәнінде ит – нас мақлұқаттың бірі. Қазақ онысын жақтырмайды. Үлкендер жағының бір нәрсеге кейістік білдіргенде «сілекейіңді жақпай отыршы» дейтіні сондықтан.
Тазының тазасы – әлеке.
«Әлекедей жаланған» деп айтса қазақ тазының тазалығын да айтып отыр. Соған орай қазақ баласы тазыны төрге оздырған. Мұнан біздің білеріміз ит иесіне ауру-сырқау әкелмейді екен.
Ит ауырғанда иесінен алыстай бастайды. Әлі жеткенше денесін сүйреп барып өледі. Яғни «ит өлген жер» деген сөз «алыс жер» деген сөз. «Ит иесінен ұзап барып өлді» деген сөз.
Һақ Тағалла мақұлқаттарды Адам Атадан бұрын жаратқан. Жұмақтан Адам Ата Һауа Анамызбен, шайтанмен шығып қалған. Сонда шайтан мақұлқаттарды азғырған. Адам Ата сендерді құртады деп. Сонда бірінші болып Адамды ит қапқан екен. Алайда Жәбірейіл періштеден хабар келіп, Адам Ата оны қапса да жылы құшағына алады. Адам Атаның жұпар иісін алған иттер оның жау емес, дос екендігін біледі. Сөйтіп, болашақ иелерін қорғап қалады. Һақ Тағалла оларды мәңгілікке дос етеді.
Ілгеріде иті жоқ түңілікті сөккен жағдай да болған. «Үрерге иті жоқ» деп кемсіткен, айып қылып бетіне басқан. Бұл – қорғансыз қалды, доссыз қалды деген сөз. Бұл сөздің екінші жартысы біріншісімен өзектес. «Сығарға биті жоқ» дейді. Иттің қызылмен қоректенетіні белгілі. Қызыл деп отырғанымыз – ет. Еті жоқ үйге ит жоламайды. Ал қаны аз адамға бит жоламайды.
Әдеттегідей бір күні телесандыққа жабысып қалғанбыз. Әңгіме ит, оның ішінде тазылар жөнінде болып жатыр. Ойдан-қырдан итбегілер жиналған-ақ екен. Біреуі кейінде ғана қазақ даласында пайда болған Тұйғын тазысы жөнінде баяндауда. Араларында дамай басталды.
– Тұйғын дегеніміз – тазының құс тістеген жүйрігі, – дейді иесі.
– Баяғының шалдары тазының жүйрігін әлеке деуші еді, – деп біреуі әлсіз күңк етті.
– Жүйріктігін қайдан білуге болады? – дейді сауал қоюшы.
– Жаясынан, – дейді иесі.
– Жалды болса, тіпті ерен, – деп тағы қоссын.
Енді біз ойланайық. Итте жая болады, жал болады дегенді естіген емеспіз. Шамалауымызша, әлгі итбегіміз сербекті айтқысы келген болар. Жылқыда жая болса, итте сербек болады. Жалдың да жылқыда болатыны белгілі. Қасқырда да болады. Көкжал, қызылжал, ақжал деп айтатынымыз содан. Ал тазыда жал болуы мүмкін емес.
Ит те жеті қазынаның бірі ретінде әлпештелген. Оларға да арнап аяқ шабылған. Ол – итаяқ. Иттің де иті бар. Түлкі шалатын, қасқыр алатын тазылардың орны бөлек болған. Әсіресе тазының әлекесі қастерленген. Олар үшін де арнайы аяқ шабылған. Оны тазыаяқ деген.
Итаяқ пен тазыаяқтың айырмашылығы жоқ десе де болады. Алайда тазыаяққа да өнер туындысы ретінде қаралған. Кейбір аңшылар тазыаяқтарын иттерімен бірге ала жүрген. Өз басым көбіне ит жөніндегі тақырыптардан қашып жүрем. Ахаңа – қазақтың Ақселеуіне тиіп кете ме деп. Өйтетінім…
Ел ішінде сөз бар. «Ел жаманы – Тарақты, Ит жаманы – барақты» деген…
Сөйте тұра жүз жиырма алты қаһанымыз бен ханымыздың тең жартысының есімі Барақ болуы қалай дейсіз? Барақ есімді қазақ батырларының саны да бір жиырмадан асып түседі екен. Сонда Барақ қалай жаман болады? Әйтеуір, бір күні Бараққа барып тірелетінімізді мен білмедім емес, білдім. Соған орай ішкі дайындығымды сақайттым. Арғы-бергі білгенімді миқазаныма түсірдім. Мидан жүйрік ештеңе жоқ ғой. Мың сан жауапты ұстатты. Соның біреуі ғана тура. Соны дөптеймін деп талай таңды көзім бақырайып атырдым.
Әу басқы әңгімеме оралайын. Сұқаң – Сүбіхибек деген ақсақал болды.
Сүбіқибек Әбдірахимов – ақсақал менің көрген адамым, көргені көп, білетіні де айдын шалқар, текті ата ұрпағы. Ол кісінің әкесі Ахмет мұғалім деп ел ішінде әспеттелетін, «Ғалия медресесін» тауысқан адам. Аудан орталығынан бір қырық шақырым жерде, Қайрақты деген кеніште тұрды. Заманында мектеп директоры, поссовет болып істеген адам.
Аптасына кем дегенде бір рет қоңырау шалады. Келгін дейді. Жұмыс аяғында барып тұрам. Ол кісі болса ауыл ақсақалдарын көгендеп қойғандай жозы айналдырып отырғызып қояды. Сонан түн ауғанша ауызымыз жабысып, сөз сапырамыз.
Сондай себеппен Сұхаңнан біраз әңгімесін алып қалдым. Сол сапырыстың ішінде итталау да болды.
Ит көрмедім деп айта алмаймын. Көсеу ит бар деген жердің бәріне ерінбестен бардым. Былай қарасаң, бейкүнә мақлұқат ғой. Иесін талайтынына еріксіз күмән келтіресің. Бірақ талайды екен. Иесін… Онысы не дейсің еріксіз? Бүгінгі күннің қазағы ойланбастан құтырған тиді деп бір оққа жалынар еді. Ал кешегінің қазағы үйін жығып, көше жөнелген.
Бұл – әлгі жозы жағалап отырған қайрақтылық шалдардың сөзі. Итталау да болады дейді. Иесін жүргізбейді дейді. Аяғына оратылып. Үзеңгіге аяқ салса ат алдынан тұрып алып үреді дейді. Иесі есті болса, иттің жаманшылық сезіп тұрғанын сезеді.
– Көш! – деп тұр еді үргеніші.
Өйткені ол жер – жаманауыздың қабірстаны еді. Ал жаманауыздар ондай қабірстандарына оқтын-оқтын оралып отырады. Бұл – иесіне де, өзіне де қауіп. Содан ит иесін талайды. Есті иесі мұндайда есті итіне жүгінеді.
Ит қашанда көшті жаманауыздар қорымынан сырт қондырады. «Ит көш» деп осыны айтады. Ит жаманының да осы көшке тікелей қатысы бар. Әңгіме барақ жөнінде.
– Бәлі, – дейді Ақселеу ағамыз, – иткөші жөніндегі әңгімең құлаққа тосаңдау естілгенімен, барақ жөніндегі пайымың менен де ілгері кетіпті. Төре болмағанымызбен, біздер төреге есеппіз. Төре емеспіз, төреден былай да емеспіз. Сен қаузаған барақты біз де қаузағанбыз. Сол төреңізге біз де барғанбыз. Сіз қойған сауалды біз де көлденеңдеткеміз. Сондағы айтқандары… Ит төресі – барақты!
Барақ итті жаман қылып отырған тағы өзіміз. Не жақсы болса сол жаман емес пе? Қасқырға қарсы түспеді деп кем ұстаймыз. Алайда қасқыр көрсе құйрығын қысатын дүрегейіміз емес қой ол. Барағымыз ит болғанымен қасқырға есеп үргенішіміз. Қалған түйінді өзің түйнештей бер. Жаман болғанда бараққа қасқыр болмадың деп тұр. Біздерге – тарақтыларға төре болмадың деп тұр…
Қасқырға қарсы тұра алатын барағың біздің көшімізді қайтсін?! Иесінің күйін күйттемеген соң барақ қайдан жақсы болсын?!.
Бұл әңгіме осыдан бір қырық жыл бұрынғы әңгіме. Қашанда бір бүйрегімде жүретін еді. Соны айтатын уақыты келген екен.
Ит жаманы барақ-ты… Оны жұрт білсе керек!
Ит жақсысы – Ақбақайды білеміз бе? Ендігі әңгіме Ақбақай жөнінде…
Төрехан Майбас