Гитара не деп жылайды? (жол-жөнекей жазбалардан)
30.05.2023
301
0

Кемелденген социалистік қоғамда сүйікті Коммунистік партияның бір жақсылығын көрдім. Билеп-төстеуші жалғыз партияның ыстық құшағына енбекші боп «Лениншіл жасты» тастап, облыстық «Жетісу» газетіне келгенде жолым болды, үш жылда комсомол арқылы КПСС қатарына өттім, дәл сол жылы «ұлы көсем» Лениннің 110 жылдығы аталып, еліміз ерен-ғайып той тойлап, көсемнің басқан ізін жаңғыртып, айтқан сөзін қайталап, әбігерге түсіп жатқан алашапқын шақ еді.

 
Ұзынағашта Сыр бойының дүлдүл ақыны Манап Көкеновпен айтысқа түсіп, кәдімгі батыр Бауыржан риза боп білегіндегі алтын сағатын шешіп берген орыс қызы Надежда Лушникова тұрады екен, соны тауып ап, «Надежда, сен үмітсің!» деген очерк жазып, жас коммунист-журналист ретінде партияның бір парызын орындап, газет абыройын көтерген сияқтымын. Бұл «ұлы достыққа» да, құлдырап бара жатқан ана тілімізді айдарынан сипап ардақтауға да, Сүйінбай мен Жамбыл салған сүрлеуді жаңғырту дәстүріне де сай кеп тұр. Очерк үшін Журналистер одағының сыйлығын алдым әрі облыстық партия комитеті «Ильич жүрген жолдармен» атты Бүкілодақтық маршрутқа қосып, қабырғасы қатпаған қара бала Еділ өзенін қақ жарып жүзген «Аврора» кемесінің қақ төріне топ ете қалды. Ильичтің кіндік қаны тамған Ульяновскіден бастап, Қазан, Самара, Волгоградты басып өтіп, жиырма екі күн дегенде оң жұдырығын түйіп, «меньшевиктерге көрсетем» деп мавзолейде мәңгі ұйықтап жатқан күн-көсемге кеп тәу еттік.
«Аврораның» үстінде кілең ғылым мен мәдениет майданында оза шапқан жас өрендер, күнде би, күнде диспут. «Веселые ребята» ансамблі «О чем плачут гитары» деген әнді шырқағанда тұлабойың босап, көңілді сапарда көзіңнен бір әбес тамшы мөлт етіп тамып, торығып қаласың, осы біздің қоғамда бір кінарат бар-ау деген ой көкірегіңе қонақтап тұрып қалады. Көңілді әндер көп-ақ, бірақ осы ән күнде кешке бір орындалмай қалмайды. Бір күні «Веселые ребятаның» ритм-гитарисі – татар жігітті түбі мұсылман ғой деп жақын тартып, «Гитара не деп жылайды?» деп сұрап қап едім, әлгі қабағын түйіп, «Сен, Абылай ханның ұрпағы, аузыңды жауып, тыныш жүр, құлағың болса, ән тыңда!» – деп сытылып кетті. Сірә, алдын ала дайын­дықтан әбден өтсе керек, біз де Еділге түсерде бұл дайындықтың ептеп дәмін татқанбыз. Бұл 1980 жыл еді, арада ғасыр озды, заман өзгерді. Бір орнында тағат тауып отыра алмас табиғаты шыдамсыз қаламгер де талай жердің топырағын басты. 1989 жылы Мәскеу Әдебиет институтында оқып жүріп, семинар жетекшісі Куницынның өкілдік етуімен Семей ядролық айлағына байланысты «Литературная газетада» «Это не Хиросима» деген 150 жол мақалам шығып еді, бір айдан кейін куратор: «Редакциядан қаламақыңды ал!» – деп есеп бөліміне жол сілтеді. 7 сом 50 тиын. Жеті күн тамақ және Бигелді екеумізге күнде бір-бірден жейтін ыстық самса. Ойламаған жерден келген көлденең табыс, кісіні жарылқайын десе себеп көп.
2000 жылы саяхаттап Пекинге табан тірегенде көне қалаға деген ғажайып әсерімді Пекин радиосының қазақ бөліміне айтып едім, араға күн салып, қонақ үйге 10 юань әкеп қолыма ұстатты. «Қаламақыңыз» дейді. Бұл не? Бұл – еңбектің бодауы. Жат жерде жүріп көкірегің шым етіп, еңбектің қайтарымын ойлағандай боласың. «Апыр-ай, қаламақы деген адамның бет-жүзіне қарамайды екен-ау» деп тәнті боласың. Үйге апарып, көгілдір юаньды әбдіреге сақтап қойсам ба деп едім, жолдағы тексерісте кеденшілер қалтамды тазалап жіберді. Мейлі, маған екі ауыз сөздің бодауының өзі жетіп жатыр. Міне, сол еңбегімнің құйтақандай жемісін ширек ғасырдан соң жұртқа жария ғып отырмын.
Тағы да жол. Қызмет қуып, мансап іздемеген адам жолға шыққысы кеп бұлқынып тұрады. Жапонияның Осака қаласындамын. Кәсібі жазушылық деп таныстырған соң құдаларымның біреуі: «Қанша агентіңіз бар?» – деп сұрап қалды. Шошып кеттім. «Бізде ондай жоқ», – деп жөпелдеме жауап бердім. Біздің миымызға 37-нің агенті сіңіп кеткен әрі тарихтан оқыған «жапонның агенті» деген жала да құлағымда ызыңдап қоя берді. Егер агентім бола қалған күнде, «Алған қаламақыңыздың қанша пайызын оған төлейсіз?» – деп сұрамақшы екен. Бұл – біздің ел қайта құрылып, халық дел-сал боп күн кешіп жатқан аумалы-төкпелі ауыр кезең еді. Кеңестік қаламақы да келмеске кеткен, бар білетініміз – күн сайын шығып жатқан жаңаша қаулы-қарарға бас шайқап, таңдай қағып таңдану. Бұ жолы осылай тілімді тістеп отырып қалдым. Келесі барғанымда, «Еңбегіңнің зейнетін көрмейтін қандай жазушысың?» дегенді көздерінен байқадым, бірақ сыр бермедім, қыз алып отырған соң ережесіне берік елдің сұлу-сыпайы үрдісіне тәнті боп епелек қағып, елге жеткенше асықтым. Табалдырықтан аттай бере Муракамидің жүзге тарта агенті бар екенін айтқанымда, әріптестерім түсі бозарып, бас шайқағаннан басқа ләм демеді. Тек Аманхан ғана: «Қаламақыдан басқасын қарық қып алайықшы, қазақтар ойына келгенін істеп жатыр ғой», – деп қожалығын көрсетті.
Өмірге Мереке Құлкеновтің қолдауымен «Үркер» роман-газеті келді. Мәскеуге еліктесек те бұл Орта Азияда шыққан тұңғыш роман-газет. 2008 жыл еді. Жұрт әдеби өмірге екіндіде ескен самал желдей боп қосылған басылымға қарай ағылды. Б.Майлиннің «Оспан Олжабаев» хикаятын, К.Тоқаевтың «Солдат соғысқа кетті» романын, С.Мұратбековтің жарияланбаған әңгімелерін жарыққа шығардық. Жоғарғы билік роман-газетке тосқауыл қойып, әдеби-мәдени журналға айналған соң ғылымның тәжін киген талай қасқа мен жайсаңның жазбаларын өңдеп, ретке келтіріп жарияладық. Бір күні алты бет мақаласы шыққан әдебиетші, ғылым докторы – сексеннің белінен асқан кісі еңбегіне төлем сұрады. 5000 теңге қаламақы қойылған екен, есеп бөліміне кіріп, ұстағаннан қалған 3900 теңгені алып шықты. Лифтіге дейін шығарып салдым.
– Бұған бес автоқалам аламын, бір рет асханадан тойып тамақ ішем. Сұрамасам, осы еңбегімнің төлеуін бермейсіңдер ғой. Оқығансыңдар ғой, қымқырып қалғыларың кеп тұрады. Саяси экономияны не үшін оқыдық, бұл сенің әкеңнің ақшасы емес, табан ақы, маңдай терім. Сендерде қаламақыға бөлінген ақша бар, тек өзді-өзің бөліп аласыңдар, – деп «алғысын» айтып кетті. Кезінде көңіліме ауыр алсам да, қазір ақсақалдың сол сөзіне тәнтімін. Біздің қоғамға осындай сергек адамдар керек. Дүние майда-шүйдеден құралады. Біз миллиардтап алғандардың аузына қарап, солар туралы ертегіні емешегіміз езіліп тыңдап отыра беретін күйге түстік. Антикоррупциялық комитет дегеннің аты ғана, көшеге түкірген 3 жыл, қоғам қаржысына миллиардтап қол салғандар 6 жыл жаза алатын заман туды, кісен де адам таңдап тұр. Не істеу керек?
Сонымен, баяғы «жылауық гитараға» қайта оралайық. Молдаван әуес­қойы шығарған бұл ән жүре келе халық әніндей шырқалды, тұрғын үйлердің кіреберісінен бастап, үлкен сахналардың репертуарына еніп, ел-жұрт дуылдата қол соқты, Кеңес Одағының сахналары мен саябақтарындағы қарапайым халық осы әуенге еліге құлақ түрді. Бұл әннің құдіреті неде? Әнде бір жаралы жүректің мұңы бар, дүние шіркіннің жетіспей тұрған қылаудай бөлшегі бар. Ән орысшаға аударылып, осы күндері «Доктор Ватсон» ансамблі жеріне жеткізе шырқағанда, «Комсомольская правданың» тілшісі «Заман өзгерді, адам өзгерді, бұл гитара неге жылай береді?» деп сұраған екен, сонда автор Михаил Долан: «Осы кезге дейін бір тиын қаламақы төлемесе, гитара, әрине, жылайды» деп жауап беріпті. Автор әннің қырық жылғы өтеуін тілеп тұр.
Гитара тегін боздамайды екен. 1980 жылы «Аврора» кемесінің үстіндегі сауал­ға «О чем плачут гитары-дың» авторы жарты ғасырға жуықтағанда осылай жауап берді. Бұл да құн заңының құдіреті.
Кісі ақысын жеген қандай жаман.
Көз жасын көру онан да жаман.
Қолың таза болса пейішке барасың, – дейді. Кетпенін адал шауып, бұ жалғанның қызығын көре алмай жүргендерден көз сүрінеді. Бәрі де кемелденген социализмнің суын ішіп, коммунизм құрылысшылары моральдық кодексінің мазмұнын бойына терең сіңіргендер. Төбеден төнгендер «халық бала секілді, оларды сөзбен алдап қоя салу керек» деп, бұжыр-бұжыр шарбақтың сыртын қызылмен бояп, шарбақтан шығып, қылт етіп көзге түссең кісен сап қорқытады. Бұлар болса, гитараның сыңғыр үні мен шыңғырып салған әнге бойлары босап, ашқұрсақ болса да сезімге беріліп отыратын біртүрлі жандар. Бұлар бәрін біледі, тек біліп тұрып айта алмайды, Гитлердің «Менің күресім» кітабының кейіпкерлеріндей «ұялмай әнші боп» жүргендердің әулекі әуеніне арбалып қала береді. Арбау да – бір сиқыр. Осы бізде гитараны жылатып, адамды үндемес қылған бір сиқыр бар. Соның сырын іздеу керек.

Қуандық Түменбай

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір