ТЫНЫМСЫЗ ТЫНЫШБЕК
Мектепте оқып жүргенде облыстық газетте жарияланған хабарын көріп қуанғаны әлі есінде. Төңірегіндегі ірілі-ұсақты оқиғаларға кішкентайынан сергек қарап, баспасөз бетінде көпшілікпен бөлісуге асығатын Тынышбектің Сыр өңірінің атақты жыраулары, ақындары, шешендері, батырларына қатысты қандай да дерек, әңгіме, аңыздарды көкейіне сақтап ержетуіне кеуделері қазынаға тұнған әкесі Дайрабай, Төлеген Тәуіпбаев, Нұржан Жұдырықов сияқты ауыл ақсақалдары, Үбісұлтан Аяпов, Әлқуат Қайнарбаев, Шәйімбет, Асан деген молдалардың да ықпалы зор болды.
Біз университетте бірге оқыдық, курсымыздың старостасы, қоғамдық жұмыста алдына жан салмайды, ұдайы асығыс, белсенді. Басқаларымызға қарағанда әлдеқайда пысық, өйткені мектептен кейін киномеханик мамандығын алып, жұмыс істеген. Украинаның Днепродзержинск қаласында әскери міндетін атқарған. Айдархан есімді аруға ғашық боп, 1967 жылы той белгіленген күні үлгеріп келе алмай, қалыңдықсыз өткізіп, ертеңіне қарсы алып, қайтадан жалғастырғанбыз. Көпшіл, қайырымды, бәрімізге бастық, университет, факультет басшыларымен қарым-қатынасы да жақсы, үлкенмен де, кішімен де тіл табысып, қандай да мәселенің шешімін таба қояды. Дипломдық еңбегін сол кезеңде әлі ақталмаған белгілі мемлекет қайраткері Темірбек Жүргеновтің өмір жолына арнап, сәтті қорғады. Ұстазымыз, кафедра меңгерушісі Қайыржан Бекхожин мен комиссия мүшелері тарапынан жоғары бағаланып, Әдебиет және өнер институтына жолдама алды.
Туған ауылына аттанғанда, бәріміз де таңырқағанбыз. Қарт әке-шешесінің қамын ойласа керек. Біразымыз Алматыда түрлі басылым, баспа, ғылыми мекемелерден орын таптық. Қызылорда жаққа жиі сапарға шығатын әріптестерім Тынышбекке соғып, қандай құрмет көргендерін тамсана айтатын. Бұл оның 1969-1974 жылы Қызылорда облысының Тереңөзек ауданы «Еңбек туы» газетінде бөлім меңгерушісі, 1974-1976 жылы «Қараөзек» кеңшарының партком хатшысы, 1979-1985 жылы Тереңөзек аупартком бөлімінің меңгерушісі, 1985-1995 жылы ауатком төрағасының орынбасары, аудан әкімінің орынбасары болған кездер. Осы уақыт аралығында ол жауапты идеологиялық қызметін жан дүниесіне жақын тақырыптарымен ұдайы толықтыруға тырысты. Тарихи сирек мәліметтерді жинауын жалғастыра берді. 1991 жылы Тоғанас батыр, Дүр Оңғарға арналған кітаптары жарық көрді. Алматыға 26 жылдан кейін оралып, халықаралық «Түркістан» газетіне қызметке тұрғанда, әлгі аталған шығармаларының қатарына «Қаңлы Жүсіп», «Кете Шөмекей шежіресі» де қосылып үлгерген еді. Содан бері де ізденіске, шығармашылық жетістікке толы жиырма сегіз жыл өте шығыпты. Міне, енді, сексен жасқа Тынышбек Дайрабай сергек қалпында, телегей-теңіз талдау, зерттеулерімен – жаңа кітабымен жетіп отыр.
«Халықтың қастерлеп мұрасын, Тарихтың ашты көп тұмасын. Шежіре таратса бұл Тәкең, Атадан қайта бір туасың» деп, қазақтың белгілі қаламгері, жан-жақты дарын иесі Қаржаубай Омаров анықтама берген зерттеуші, этнограф, «Құрмет» орденінің иегері, ҚР мәдениет қайраткері, Сырдария, Жалағаш, Қармақшы аудандарының және Қызылорда қаласының Құрметті азаматы, Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің «Құрметті профессоры», Әлеуметтік ғылымдар академиясының «Құрметті академигі» Тынышбек Дайрабайдың «Ел есіндегі есімдер» атты жаңа шығармасы қалың оқырманға жол тартты. Төрт бөлімнен тұратын бұл кітап нақты тарихи тың деректерімен, танымдық маңызы зор қысқа-нұсқа мәліметтерімен құнды. «Киелілер мен кесек сөз иелері» деп аталатын алғашқы тарау Сыр елінде ХVІІ-ХVІІІ ғасырларда өмір сүрген Мақтұм-Сейіт әулие, Құрбан Қожа, Ерсейітбембет, Қожан қожа, Марал ишан, Мүсірәлі – сопы Әзіз және басқа қасиетті де киелі кісілердің ізгілікті істерін саралаумен басталып, мешіт ұстаған оқымысты ғана емес, үлкен дарын иесі, айтыс өнеріне де белсене қатысып, артына мол мұра қалдырған қазақ халқының алғашқы дәрігерлерінің бірі (кезінде академик Қаныш Сәтбаевты да емдеген) Садық ахун Қодарұлы; діни сауаты мол әрі әулиелік және емшілік қасиетімен, өнегелі өмір жолымен туған халқының есінде жатталып қалған, 1900-1903 жылдар шамасында Абайдың әкесі Құнанбаймен бірге қажылық рәсімді орындаған Қадырқұл ишан Оразмағанбетұлы; артында ілімі мен ілкімді істері қалған Тоқсанбай ахун; аңызға бергісіз тағдыр кешкен әкелі-балалы Дүтбай батыр мен Төлеген болыс; «Сыр елінің Сейітнәбиі атанған» Мұқашев; әділдікті ту еткен Құба би; ширек ғасырға жуық атағы аспандап, қазақ хандығының берік болуына атсалысып, Әбілқайыр ханның аталығы болған, шетелдік А.Тевкелеев, И.К.Кириллов, В.Н.Татищев, ағылшын суретшісі Джон Кэстльдермен кездесіп сөйлескен, Әбілқайыр хан, Бопай ханым, Нұралы, Ералы, Барақ, Батыр сұлтандармен жақын араласып, хан өліміне әкеліп соққан үлкен дауды бейбіт жолмен шешудегі билік істерімен қоғам қайраткері дәрежесіне көтерілген Мәмбет аталық Бұлғақ баласы және оның Тәттімбет би атанған батыр, елші інісі; кезінде ел басқарып, бүгінде ру атын алған Жәрімбет пен есімі 1803 жылғы Ресей патшасының шенеунігі, поручик Гавердовскийдің күнделігінде жазылған баласы, ауылын жауға алдырмаған Мүсіреп би және басқа да би, болыс, шешен, жырау, қайраткерлердің тағдырларына қатысты деректермен жалғаса береді. Алашадан тараған Қодар, Түлкібай батырлармен қатар, елдің ұйытқысы бола білген Есет Төлепұлы, Байтаңат би мен ұрпақтары, Шынарбай баба, Сауранбай болыс, ағайынды қос тұлға Үмбет, Сәмбет Тілегенұлдары, архив жазбаларында есімдері қалған Ақберген, Сейіт, тағы басқаларының өмір жолдары оқырманды бейжай қалдырмайды.
«Батырлар мен сөз зергерлері» бөлімі небір ел қорғаған жаужүрек, алғыр ақылдың иелерімен таныстырады. Мәселен, Қорен атты бір бағланның болғанын кім біледі бүгін? Қорен десе, қалмақтың қаһарлы ханы есімізге түседі. «Қазақ батыры Қорен – ел қорғаған жаужүрек, алғыр ақылдың иесі. Ең өкініштісі, ел аузындағы әңгімелерде, архив құжаттарында есімі ара-тұра айтылатын, ХVІІІ ғасырда өмір сүрген Қорен батыр Жәдікұлы туралы онша біле бермейміз, тіпті арнайы тілімдей мақала да жазылмаған. Есімі ескерусіз қалып бара жатқан осынау тұлға Қорен батыр жайлы Сыр сүлейлері бұрындары арнау жыр шығарғанын да ескере бермейтін сияқтымыз» – дейді Тынышбек. ХVIII-XIX ғасырда өмір сүріп, ел тәуелсіздігі жолында жанын сала күрескен батырлардың бірегейі – Меңей Қарашаұлы, атақты батыр Бәйтік Бәймембетұлы және басқаларымен Қарақалпақ Нұртай мен Орынбайдың бекіністерін бұзып, Жаңадария мен Қуаңдария өзендерінің бойынан қуған Ақпан батыр, атақты ақын Тұрмағамбет Ізтілеуов: «Тоғанас туып Бәйтіктен, Байланып қылыш, ту алған. Ізіндегі көп дұшпан, қалтырап қолы қорыққаннан, Жоқ еді белін буа алған» деп бағалаған, Сыр еліндегі Жанқожа, Есет, Қыстаубай, Бұқарбай, Сейіл батырлармен қатар аталатын Тоғанас батыр, билігі мен батырлығы қатар аталатын Қызылбас Мүсірепұлы, сазгерлік, сыншылдық, айтыскер ақындық қырымен қатар саятшы, атбегі, тазы ұстап, ат баптап, құс жүгірткен, өзінше мақам, әуезінде жырлаған, жасынан «Бала жырау» атанған Тұрымбет Салқынбайұлы, соңына өшпес мұра қалдырып, Сыр сүлейлерінің ұстазы атанған Дүр Оңғар Дырқайұлы жайлы жинақталған небір маңызды мәліметтерге қанықтыра отырып, өзіндік ой түйеді, ұсыныс айтады.
Бір-біріне ұқсамайтын сан алуан тағдыр аясынан түрлі ұрпақ өкілдерінің рухани қазынамызға деген ыстық ықыласы байқалады. Қан майданға қатысып, неміс тұтқынында болған партизан-жауынгер Нариман Майқановтың кезінде ұстаз бола жүріп, ел ішіндегі аңыз-әңгімелерді, ақын-жыраулардың шығармаларын жинап, Кете Жүсіптің «Шаһизада», т.б. шығармаларын және Таубайұлы Жүсіптің бірсыпыра дастандары мен оның өмір жолын зерттеп Қазақ тіл білімі институтының қорына өткізуі, «Сүлейлердің жалғасы, нөпір жырдың иесі», «Алтын балық», «Айша қыз», «Шаһизада», «Мағауия», «Әбу Шаһнама» атты қиссаларды жырлап, Қаңлы Жүсіп, Кете Жүсіп, Даңмұрын, Сейітжан, Тоғжан ақындарды өзіне ұстаз санаған Жабағиев Мұхамедиярдың мақамын тыңдап бағалауы, Қармақшы, Қорқыт өңірлеріндегі билер мен батырлар жайлы толғау, дастандармен қатар Тұрмағамбет Ізтілеуовке, Сүлеймен Есқараевқа, Роза Бағлановаға, Көшеней Рүстембекұлына арнаулардың авторы Запа Дәулетбаевпен жақын араласып, есімін әспеттеуі, қатар өскен, редакторлық жауапты қызметіне қарамастан, шығармашылықтан қол үзбей, өлең мен прозаны тең ұстаған, Асқар Тоқмағамбетовтың айтуынша ХХ ғасырдың 60-70 жылдарындағы қатар шыққан 30-ға жуық жас ақындардың ішінде ерекше танылғанымен, жастай көз жұмған Зордан Салықбаевқа, әріптес інілері, «Өлеңмен болмысын зерттеген» Асқар Кіребаевқа, «Атасының ақындығын жалғаған» Ибрагим Бекмаханұлына, «Ғылымның көкжиегін көтеріскен» Қылышбай Алдабергенұлына, ортамызды ойсыратып кеткен Ырым Кененбаевқа деген ерекше ілтипаты жүректі жылытып, мұң ұялатады.
«Қоғамда орны бар азаматтар» тарауы елімізге танымал талай жанның сырларына тұнып тұр. Солардың арасында қоғам және мемлекет қайраткері, есімі Орта Азияға белгілі Темірбек Қараұлы Жүргеновке қатысты жүргеновтанушылардың өздері біле бермейтін беймәлім тұстарын зерттеуі анық та қанық. 1938-1988 жылдары республикалық, облыстық, аудандық газет-журналдарда әртүрлі тақырыптағы мақалалары, очерктері мен сын-сықақ, фельетондары мен өлеңдері жүйелі жарияланып келген майдангер журналист, сықақшы, фельетонист Сұлтан Қожаниязов есімінің ескеруге тұрарлық екеніне назар аудартады.
Халқы үшін аянбай еңбек еткен Алтынбай Еспенбетов, автор көрген қариялардың бірігейі Қожахмет Ысмайылұлы, соғыс, еңбек ардагері Мөрәлі Шәменов, «қан майданда шыңдалып, еңбектен бақыт тапқан Ахатай Рахметов, «өндіріс пен ғылымды ұштастыра жүргізген, мемлекеттік қайраткерлік дәрежесіне қол жеткізген» Айтмағамбет Ойнарбаев, қоғам қайраткері, білікті басшы, ақын Балғабай Имашев, айтулы азамат, құрдасы Берік Демеуов, досы Қырғызбек Қолдасов, «Құрмет», «Парасат» ордендерінің иегері, кәсіпкер Нұрмұрат Есенов, әр жылдары «Құрмет», «Парасат», III дәрежелі «Барыс» орденімен, «Еңбек даңқы», тағы басқа да медальдармен марапатталып, үш рет Қызылорда облыстық мәслихатының депутаты, Қармақшы ауданының «Құрметті азаматы» атанған, бірнеше мәрте күріш өндіруде «Облыс чемпионы» атағын иемденген Қылышбек Әбішевтің, кеңес өкіметіне қалтқысыз адалдық танытып, сол өзі қызмет жасаған жүйенің құрбаны, 1937 жылы нақақтан атылып, 1995 жылы ақталған Бағлан Мұхтаровтың жарқын бейнелері біздің де көкейімізде сақталып, терең ойға жетелейді.
Асқар Тоқмағамбетовтың 1926 жылы республикалық «Еңбекші қазақ» газетінде жарияланған «Құлшық» атты өлеңі мен ХХ ғасырдың 60-жылдарында жазған «Әке мен бала» романына арқау болған Құлшық Бекбауов (архив жазбаларында Бекбаев) пен Құлжан ұста Шақаев (Жақаев) оқиғасынан өзіндік ой түйіп, көркем шығармадағы жәйттердің қалай өрбігенін бұлтартпас фактілермен дәлелдейді. «Асқар Тоқмағамбетовтың «Құлшық» және Құрбан ұста жайлы өлеңдері мен әңгімелерінен және ел аузындағы әңгімелерде екі тұлғаның да өз заманында ел сөзін ұстаған азаматтар болғанын нақтылай түседі. Көркем шығармаға кейіпкер болған қос кейіпкердің өмірі жайындағы шындық – осы. Олар патшалық Ресейдің қазаққа жүргізген кесір саясатының құрбандары» – деп түйіндейді автор.
Жоғарыдағы айтулы тұлғалардың қатарында Сыр өлкесінде небір аңыздың өзегіне айналған Шынар ананың шоқтығы биік. Тынышбек 1927 жылы «Советская степь», «Правда» газеттерінде Шынаркөл туралы жарияланған мақалаларды, А.Тоқмағамбетовтың «Шынар туралы дастанын», ауызекі әңгімелердің үш нұсқасын салыстыра талдап, мұның астарында тарих, «тарихпен бірге Шынар ананың ақылдығы, сұңғыла болғаны сезіліп-ақ тұрғанын» атап өтеді. Жақсылық Сәтібаев пен Алтынбек Қоразбаевтың зарлы да мұңлы «Қаракемпір» әнінің кейіпкері өзі туған Жаңаталап ауылында да болғанын тебірене жеткізеді. «Байкемпір» атанған Шолпан Бердіқызының Смағұл, Смайыл, Іскендір Мақатайұлдары соғыстан оралмаған. Соларды күтіп, таң атқаннан «киіз үйден шығып, күн қызарып ұясына батқанша көзін көлегейлеп, ауылдың Арқа жақ бетіне қараумен болатын» кейуананың бейнесі Тынышбекпен бірге біздің де көзалдымызға орала береді. Сондай-ақ қайраткер апа Тән Ерманқызы Түменбаева мен «Республикада алғаш әкім болған қыз» Алмагүл Божанованың қадір-қасиеттері уақыттың бір-біріне ұқсамайтын ендіктерінен хабар бергендей.
Кітапты «Архив құжаттарын сөйлеткенде» тарауы қорытындылап, туған өлкесіне қатысты деректер мен дәйектер толықтырған. Қандай ғана байлық жоқ десеңізші мұнда! Перовск уезі, Қызылорда, Қазалы ояздарындағы болыстардың құрылуы, Еңбекші, Мақпалкөл колхоздары – бүгінгі Т.Жүргенов ауылы, Жаңаталап жетіжылдық мектебінің тарихы, бабаларының арғы-бергі шежіресі асқан ыждаһаттылықпен жинақталған. Тауман Амандосов, Қайыржан Бекқожин, Марат Барманқұлов сынды алыптармен жүздесуі мен кездесуі де кейінгілерге өнеге. Туған елінің игілігіне адал қызмет атқарған Елеу Көшербаев, Қонысбек Қазантаев, Нәлқожа Ергешбаев, т.б. қоғам қайраткерлерінің өмір жолдарына да қысқаша тоқталып өткен.
«Ел есіндегі есімдерді» басынан аяғына шейін қызыға оқыдым. Титтей жалықтырмайды, тарихи тұлғалардың бүгінгі ұрпақтарын іздеп тауып, кең мағлұмат беруі мақалаларының салмағын одан әрмен арттырып тұр. Кез келген зерттеуінен өткен шақтың шындығы мен бүгінгі күннің жасампаздығы қатар еседі. Бұл – Тынышбек Дайрабай қолтаңбасының ерекшелігін, шығармаларының өміршеңдігін аңғартады. Ел есіндегі есімдерге қандай жауапкершілікпен қараса, өзінің де еңбектеріне мұқияттылығы, алғаш жаза бастағанынан бүгінге дейінгі туындыларының библиографиялық көрсеткішін құрастыруы да бізге үлгі аларлықтай жәйт екен. «Тоғанас батыр» (1991); «Қаңлы Жүсіп» (1994); «Кете Шөмекей шежіресі» (1995); «Тереңөзек» (телеавтор) (1996); «Тұғыры биік тұлға» (1998); «Қорқыт Ата» энциклопедиясы (1999); «Төребай» (2001); «Кете Жүсіп» (2003); «Дүр Оңғар» (2004); «Мұзарап ақын» (2004); «Сырдың сырлы сыры»; «Түркістан альбомы» (2005); «Ақын Қуаныш Баймағамбетов» (2007); «Сырдария аудан шежіресі» (2009); «Сыр перзенттері» (2010); «Билер сөзі — киелі» (2012); «Жеті тараудағы — жеті анық» (2012) кітаптарының авторы Тынышбек Майлыбайұлы Дайрабай 1998 жылы Темірбек Қараұлы Жүргеновтің 100 жылдық мерейтойын өткізуге ұйытқы болып, баяндама жасаса, Қорқыт ата кітабының (1999 ж.) 1300 жылдығы мен Жалаңтөс, Жанқожа батырларға арналған конференцияларды жоғары деңгейде өткізуге белсене қатысты. Атақты жырау Дүр Оңғардың, Төребай бидің 150 жылдық, Бұқарбай батырдың 180 жылдық, Баймұрат батыр, Тұрсынбай датқаның 230, Қазақ хандығының 500 жылдығы, Тұрмағамбет Ізтілеуовтің 125 жылдық мерейтойларына арналған, халықаралық, республикалық, облыстық конференциялардың лайықты өтуіне де белсене атсалысты. «Сыр елі» энциклопедиясын шығарушылардың бірі болды. «Сырдария» кітапханасы сериясымен шыққан көптомдық кітапты шығарысуға да өз үлесін қосты. 2017 жылдан қазірге дейін 20 адамның атына көше алып берді.
Көпшіліктің Тынышбекке деген ілтипаты да ерекше, әріптестерінің, ақындардың оған арнаған жүздеген өлең, мақалалары, тілек, құттықтаулары бар. Сыр өңірінің батырларын, би, болыстарын, ақын-жырау, атақты тұлғаларын әлемге әйгілей жүріп, өзі де қайраткерліктің биік шыңына көтерілді. Бұған ол әуелден икемді, лайық еді. Қызметтің түрлі сатысынан өтті. Аңыз-әңгімелерді жинап, сөз маржанын терді. Қазақтың рухани қазынасын байытты. Архивтерде тұншыққан деректерге дем беріп, бұлбұлдай сайратты. Ең басты ерлігі – бұдан бір жарым ғасыр бұрынғы өмірімізден сыр шертетін, Орта Азия халықтарының тарихи, мәдени, этнографиялық археологиялық ескерткіштерінің озық үлгілерінің 1300 фотосуреті жинақталған «Түркістан 1866-1872» атты альбомын іздеп тауып, қазақша, орысша, ағылшынша елімізде алғаш рет толық күйінде шығаруы. Атақты ғалым Әлкей Марғұланның 1985 жылы жарық көрген «Ежелгі жыр-аңыздар» кітабындағы «Қорқыт күмбезінің» ең алғаш фотоға түскені 1868 жыл еді. Бұл фото бүгінде тек Кауфманның «Түркістан» альбомында ғана сақталып тұр» деген сөздерінен басталған ұзақ жылғы ізденісі мен нәтижесі жайлы республикалық басылымдарда жан-жақты жазылды. Бір ғана осы факт Тынышбек Дайрабайдың ұлттық рухани мұрамыздың тарихынан ойып тұрып орнын алуына жетер еді. Алайда ол ұдайы ізденіс үстінде, енді ғана шыққан жаңа кітабы – соның және бір дәлелі. Сексен жасың құтты болсын дейміз әріптесіміз, тыным таппайтын Тынышбекке!
Мағира Қожахметова
Қазақстанның еңбек сіңірген
қайраткері
Для отправки комментария вам необходимо авторизоваться.