ЕСБЕРГЕН АЛАУЫ
24.05.2023
161
0

Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, заң ғылымының докторы, профессор, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, өз саласы бойынша талай алқалы жиындарды ұйымдастырып, іскерлігімен елге ерте танылған қаламгер Есберген Алаухановтың шығармашылығының негізгі өрілімі детектив жанрымен бітеқайнасқан. Қаламгердің «Ажалдың түсі», «Қасиетті мекендегі қала», «Шытырман», және басқа кітаптарын оқысаңыз, ұлт әдебиетінде Кемел Тоқаев негізін қалаған детектив жанрын белгілі деңгейде жаңа белеске көтергенін байқайсыз.

Жазушы Есберген Алаухановтың шығармашылығы жайында алдыңғы толқын ағалар тұшымды баға берген. Әсіресе Қазақстанның Халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Сәкен сері Жүнісовтің «Ажалдың түсі» атты алғашқы көркем шығармалар жинағына жазған алғысөзі ақжарма көңілден шыққан шынайы баға десек болады.
«…біз әдетте көркем жазуды (әсіресе өлең) ақын-жазушының бастайтынына үйреніп, кәнігіленгенбіз ғой. Ал қырық жасынан бастап көркем шығармалар жазуға араласты дегенге онша елеңдей қоймайтынбыз. Әйтсе де ұлы Абайдың шын ақындықты қырық жасында бастағанын (М.Әуезов лекциясынан) ескерсек, жасыңда жаз, мосқал кезіңде жаз, әйтеуір құр шимайлай бермей, дұрыс шығарма жазсаң, жас мөлшерінің ертелі-кештігінен ұтылмасың хақ. Солай десек, Есберген де ұтыла қоймаған екен: алғашқы әңгімелерінен-ақ оның қаламының ұшқырлығы, кәдімгі төселген жазушыға тән стильдік, тілдік қарымы мен аршыны, қанша көп шығармаларды оқып үйренсе де солардың әуеніне түсіп, эклектикалық жүйеге ұрынбағаны, образ жасаудағы психологиялық мінез-құлықтың әр адамдағы ерекшелігін аңғарғыштығын дөп басып, нанымды суреттеу шеберлігі, «болар жазушы басынан» дегенге сыярлық екен. Оның үстіне Есбергенді, тағы да басқа жазушылардан тақырып жағынан үйреншікті болып бара жатқан көркем дүниелерден ерекшелеу көрсететін, яғни өзіндік бетін, қырын, әдебиетке әкелген өз үлесін даралайтын нәрсе – қазақ әдебиетінде аз жазылып келген жанр – детективті оқиға тақырыбына құрылған шығармалар. Дүниежүзі әдебиетіндегі бұл жанрдың үздік шыққан қайсыбір өнімдерін санамай-ақ қояйық, ол біздегі фантастикалық шығармалардың аздығы секілді, авторы аз детективті шығармаға Есбергеннің, бұл тақырыптың ұңғыл-шұңғылын көбірек білетін заң қызметкерінің баруы, жазушының бұл өнерді тез игеріп, тамаша туындылар беруіне деген қалың оқушының сенімін екі есе арттыратыны сөзсіз», – дейді Сәкен Жүнісов.
Мұндағы баса мән берер бір жайт, танымал қаламгердің детектив жанрына ден қойған жазушының шығармашылығындағы басты ерекшелік – заңгер мамандығын терең білетін адамның осы жанрда қалам тербесе, өнімді болатынын аңғаруы еді.
«Достоевскийдің тұңғыш әңгімесі жарық көргенде орыстың үлкен бір жазушысы «Әдебиетімізге жаңа Чехов келді» деп жар салып, қуанған екен», – дейді сол алғысөзде Сәкен ағамыз. Бұл қаламгерлік сапарға нық қадам басқан автордың шығармашылығына дән ризалығын білдіргендігі еді.
Ал әйдік жазушы Мұхтар Мағауин заңгер Есберген Алаухановтың алғашқы шығармаларын оқып: «Бізге өзге саладан қарымды қаламгер келді. Заңгер жазушы келді», – деп, «Жұлдыз» журналына ақжолтай тілеп, әңгімелерін ынтамен жариялапты. Содан бері Есберген Алау­хановтың есімі қаламгерлер ортасында белгілі есімге айнала түсті.
Қазақтың қабырғалы қос қаламгерінің «әдебиетке сарыны бөлек жазушы келді» деп қуануының түп себебі – жоғарыда айтқанымыздай, Есберген Алаухановтың білікті заңгер екендігі әрі сол мамандығын өз шығармашылығында ұтымды пайдалана отырып, детектив жанрында шытырман оқиғалы туындылар жазуы десек болады.
Есберген Оразұлының өміржолына үңілсеңіз, заңгер, тергеуші, ҚР Әділет министрінің кеңесшісі, аудандық, облыстық сот төрағасы, Маңғыстау облыстық қаржы полициясының бастығы, Қазақстан криминологиялық клубының президенті, ҚазҰУ-дың журналистика факультетінің деканы қатарлы сан-алуан қызметтерді абыроймен атқарғанын көресіз. 300-ден астам ғылыми мақала, 20-дан астам монография, оннан астам оқулықтың авторы. Оның «Криминология» атты оқулығы елімізде және Ресейдің бірнеше қаласында жарық көрді.
Заң саласында еңбек өтілі ұзақ әрі осы салада ұзақ жыл еңбек еткен жазушының көркем шығармалары шынайылығымен, шытырмандығымен оқырманын баулайтыны заңды құбылыс. Бүгін 65 жастың белесіне шыққан қаламгердің тың тақырыптарды, қызықты сюжеттерді негіз еткен шығармаларымен оқырманын қуанта беретініне сенімдіміз.

Т. ӨСКЕНБАЙ

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір