АҒАЛАРЫМ
17.05.2023
530
0

Ағаларды сағыну, олардың арда болмысын аңсау – әдеби ортада ұрпақтан- ұрпаққа жалғасып, үзілмей келе жатыр. Бұған, әрине, шүкір дейміз. «Ағаларым» – жазушы, велосаяхатшы Темірхан Момбекұлының циклді-эсселер жинағының аты. «Қазақ әдебиеті» апталығы автордың қалауымен соңына көркем шығармалар мен кісілік келбетін қалдырып кеткен қаламгерлер туралы естеліктер тізбегін жариялауды жөн көріп отыр.

 
ЖҰМЕКЕН НӘЖІМЕДЕНОВ: ҒАФУ – ШЕШЕН ҒОЙ

1983 жыл, 26-қараша. Жұмекеңде өзінің сүйсінген тұстарын айта жүретін бір өзіндік мінез бар еді. (Бес жыл «Мектеп» баспасында бір кабинетте отырып, әріптес болдық.) Сондай әңгіменің бір иірімі:
– Ғафу – шешен ғой. Еш жерде мүдірмейді. Аяқ астынан айтшы, «түген тақырыпта, не пәленше жайында сөйлеші деп» – сайрап қоя береді. Украинаға сол кісімен бірге бардым. Президиу­мда отырмыз. Ғафекең маған біртүрлі селсоқ отырғандай болып көрінді. Жұрт сөйлеп жатыр. Сөйлеу­шілер – әр республикадан келген өңшең ығайлар мен сығайлар. Әңгіме арқауы – Шевченко. Ғафу оларды тыңдап отырмаған сияқты. Солай жорамалдағаннан ба, ыңғайсызданып-ақ отырмын, түртіп қалып, сыбырлап қоямын:
– Оу, жұртқа қарасаңызшы, сөз тыңдасаңызшы, – деп.
Залдағылар да, президумдағылар да Ғафудың селқостығын жаратпай отырғандай көрінеді маған. Осыдан қысылдым.
Бір кезде Ғафу:
– Бала, қалай ойлайсың, сөйлейін бе? – деді.
– Сөйлеңіз, – дедім.
Ол сөйлей бастады. Ғафекеңе сонда бір ырза болғаным-ай!
Ғафекең былай деді: «Осында бауырлас республикадан келген жолдастар Шевченконы аудардық, біздің тілде пәлен кітабы шықты» деп жатыр. Ал бізде тіпті де бұлай емес, бізде, Қазақ­станда, «Шевченконы аудардық, оның пәлен кітабы қазақ тілінде шықты» деген сөз де жоқ, ұғым да жоқ. Ол – біздің өз ақынымыз!» Осылай деді де, Ғафу қазақ тілінде Шевченконың өлеңін жатқа оқи жөнелді. Одан соң дереу сол өлеңнің орысшасын да жатқа оқи бастады. Өлеңді оқып болды да, сөзін жалғастыра берді: «Аудардық, аудардық» дейсіздер. Бір өлеңін жатқа айта алмайсыздар. Ал біз қазақ оқырмандарына аударма деп айта алмаймыз. Олар Шевченконы өз ақынымыз деп кеткен ғой! Өз ақынын өзіне аударып береміз бе сонда! Біз аударма демейміз, өзіміздің ақын дейміз. Бітті сонымен. Өзіміздің ақын!» – деді. Бүкіл жұрт дуылдата қол соқты дейсің! Тегі гулеп кетті. Ғафуға деген көзқарастары өзгеріп сала берді. Бәрі де енді қошеметтеп, құрметпен ғана қарайды. «Шевченконы жатқа айтқан қазақ ақынын көреміз» деушілер көбейді. Жалпы, содан соң украиндар бізге тіптен басқаша қарайтын болды. Ғафуға сонда бір ырза болғаным бар! – деп еді Жұмекең.

ҒАФУДЫҢ ДАУЫСЫ

6-ақпан. 1998 жыл. Бұрынғыны еске түсіріп жазып отырмын. Жұмысқа келсем, біраз адам танаурап жүр. Соншалықты елеңдей қоймадым. Жаңалық-өзгеріс атаулының қандайына да сергек қарайтын, елеңдеп отыратын БАҚ-тың бірі – радио емес пе қанша дегенмен, мұндай танаураулар, екі күннің бірі демей-ақ қояйын, бізде жиі-жиі болып тұрады. Сөйтсем, Ғафекең қайтыпты. Менің түсінігімде, ол кісі әлі жас қой. Ажал шіркін сол ардағымызды да алып кетіпті.
– Ғафекеңнің дауысын таппай жатыр! Ғафудың дауысы сақталмаған соң!.. Ол жоқ болса!..
Журналист Оңғарбек Құраловтың бұлай таңдануының да, шошуының да реті бар еді. Біріншіден, Ғафу – анау-мынау емес, қалың елге белгілі тұлғалардың бірі, алыптардың сарқытын ішкен, тәрбие-тәлімін алған, сол жайсаң ұстаздардың алдын көрген, көп жағдайда үзеңгілес те бола білген, кеше мен бүгінге жалғасқан алтын көпірдің елеулісі. Оңғарбектің де, басқаларымыздың да түсінігіміз бойынша, мұндай кісілердің дауысы (тіпті әр жылдардағы үні) жазылып алынып, «Алтын Қорда» сақталуға тиіс. Бұл өзі, біле білгенге, радионың, әсіресе ондағы әдебиет, музыка, «Алтын Қор» секілді бөлімдердің тікелей міндеті есепті ғой. Екіншіден, Ғафекеңнің сергектігі, ширақтығы, көп іске үлгере білетіндігі, қоғам тірлігін жан-жақты қамти жүретін ерекше елгезектігі астаналық қауымға әбден белгілі. Оның үстіне, ақын Жарасқан Әбдіраштың:
«Теледидарды ашып қалсаң –
Ғафекең,
Радионы басып қалсаң – Ғафекең!
Журналдарды парақтасаң –
Ғафекең,
Газеттерді қарап қалсаң – Ғафекең!
Дунай бойлап араласаң – Ғафекең,
Думан-тойға бара қалсаң – Ғафекең!
«Мына біреу оңашалау кафе екен»
деп кіріп ем…
Мұнда да отыр Ғафекең… – деген әзілі де Ғафекеңнің ширақтығын көпшілікке одан арман танытқандай еді.
Екі күннің бірінде дерлік радио-теледидардан сөйлейтін Ғафекеңнің радиода дауысы сақталмаған болса, шынында да масқара еді. Қазекемнің салғырттығына, салақтығына, әсіресе радиодағы тиісті кісілердің мүлдем бойкүйездігіне бұдан артық сорақы мысал табу қиын шығар.
– Одақтан, «Үлкен Үйден» (Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің, Үкіметтің, Өкіметтің ғимаратын Үлкен Үй дейтінбіз) қайта-қайта хабарласып, дауысын сұрап… Соған бастықтар әбіржіп! – деді Оңғарбек ініміз.
– Менде бар!
– Ойбай, Темке, тезірек айтыңыз! Бәрі жосып кетті ғой, таппай.
Сол дауысты алып барып бердім. «Жоғалып кетпесін» деп қоямын.

* * *

Осы әбігерден екі жылдай бұрын Ғафекеңді «жазу» керек болды. Редакциядағы жігіттер осылай дескен. Әсіресе мен өзім ықыласты болдым. Содан Ғафаңа хабарлассам: «Пәлен уақыттарда келіп, жазып ала ғой» деген. Репертормен жазған үн студиядағыдай қайдан болсын, кейін сақтап қою үшін кімнің де, ненің де мүмкіндігінше студияда жазылғаны дұрыс, әрине.
– Ғафеке, студия таза жазады. Репертормен жазғандарымыз кейде ұзақ сақтауға келе бермейді, өте жақсы жазыла бермейді де. Студия дайындап қойсам, сіздің қашан уақытыңыз, мүмкіндігіңіз болады? Дауысыңызды сақтап қойсам деп едім. Осындай кеңшілік кезде бір асықпай жазылып қойсаңыз дегенім ғой. Күнделікті саясат, өзге жайларға сөйлеу – бір басқа. Мен ешқандай сая­сатқа, науқанға байланыстырмай-ақ, өзіңіздің өлең оқығаныңызды жазып алсам деп едім.
Ол кісі келісті.
Айтқан уақытында келді. Аяғы ауырыңқырап жүрген, таяққа сүйеніп алған. Сол жолы біраз өлең оқыды. Солардың арасынан «Қазақ қызына» және «Ордабасы» деген екі үлкен толғауын сейфіме сақтап қойып едім.

***

Екі жарым жылдай үзілістен соң, радиоммен қайта қауышқан тұстарым еді. Қарбалас жұмысына кірістік те кеттік. Ғафаңның жетпіс жылдығын жаздым. Ғафекеңнің өзі қандай болса, жетпіс жылдығы да солай болып өтті. Өзіме ұнады әйтеуір. Хабарға берілген уақыт – жарты сағат. Кешті соған сыйдыру керек. Кешті сығымдап беруді ғана көздемей, бас-аяғы жұп-жұмыр әдеби хабар жасау керек қой. Баяғы өзім жазып алған, сақтаған екі өлеңді Радиодан кетерде жазушы Дінәш Нұрмұхаммедке беріп едім. Ол кісі «Қазақтың Ғафаңы» деген екі бөлімді хабар жасапты. Жетпіс жылдық тұсындағы хабар жасау барысында сол өлеңдерді Дінекеңнен сұрамаймын ба. Ол кісі бермекші болды. Алайда дәл хабар жасар сәтте жұмысқа келе алмай қалды. «Ғафекең туралы хабар өзінің дауысынсыз кететін болды-ау!..» деп, хабар жасауға қиналыңқыраған күймен кіріскенмін. Режиссерім Досбайұлы Тілеуберді де (Таңат) «Ғафудың дауысы көп еді ғой. Табу керек еді» деп қойды. Енді бастағалы жатып, коридорға шығып қалдым. Операторым болса, хабар жасайтын жаңа таспа әкелуге кеткен еді. Ондайда мен сияқты сабырсыз да, тынымсыз адамдардың бір орында байырқалап тұра алмайтын әдеті. Бір кіріп, бір шыға берем. Сол сәтте ғой, Ғафекең саңқылдап өлең оқып тұр. Дауыс шыққан жаққа қарай жанұшыра жүгірдім. Оператор Құрбансұпиева Тоқтиханның кабинетінде екен. Күнделікті уақытша ғана пайдаланып жүрген ағымдағы таспаға жазыпты. Енді өшіріп, таспаны басқа хабарға пайдаланғалы тұр екен. Өшірерде тыңдап жатқан беті екен. Жармаса кеттім.
– Бес минутқа бере тұр.
– Дінәш сәлден соң хабар жасауға келеді. Соған таспаларды дайындап қоюым керек, – деді Тоқаң.
– Бес-ақ минут. Сосын қайта берем. Осы дауысты Дінекең о баста менен алған еді, – деп асығыс түсіндірдім де, дереу таспаны алып кеттім.
Істің иіні келейін десе, келеді екен-ау деп қойып жүрдім сонда. Әншейінде операторым хабар жасауға сәл ғана да­йын болмай қалса да, ренжитін мен, оператордың сол жолғы жаңа таспа әкелу үшін кідіргеніне де, өзімнің тынымсыз, сабырсыз болмысыма да қуандым-ау.
Сол мен жазып алып қалған екі өлеңді талай редактор пайдаланды. Ал енді тағы бір редактор ол екі өлеңнен басқа да, Ғафекеңнің өз оқуындағы өлеңдерінің кейбір хабарларда бар екендігін «Алтын Қорды» түртінектеп жүріп тауыпты әйтеуір. Сонымен, Ғафу ағамыздың біраз дауысы бар болып шықты. Біле білгенге, бұл – шын қуа­ныш еді.

ҒАФУ ҚАЙЫРБЕКОВ: ЖҰМЕКЕН – ФИЛОСОВ АҚЫН

1983 жыл. Жаз. Жұмыстың соңына қарай бізге Ғафекең – ақын Ғафу Қайыр­беков кірді. Қасында танымайтын бір кісісі бар. Ғафу ағамыз сөзінің соңында:
– Жақсының қадірін білген – жақсы. Мына Жұмекен – қазақтың ұлы ақыны. Бұл сыпайылылығым, бөстірткенім емес. Шыны солай. Ақын көп қой. Ал Жұмекен – философ ақын. Философ болғанда да, мықты философ. Сендер сондай жақсы адаммен бірге отырсыңдар, – деді.
Жұмекең ағасының сөзін әзілге бұрып, Ғафаңның қасындағы адамға қарап:
– Сол философ ақын сұранғанда жіберіп тұр деңізші. Бөгеместен жіберіп тұрсын, – деп күліп жатыр.

ДОС КІМ? ҚАС КІМ?

Жоғарыда айтқан Тарас Шевченкодай ұлы кобзардың тойына барғанда, бір оңашалықта, Жұмекен Нәжімеденов замандас украин әріптесімен сырласып қалады. Сонда ұлттық мәселелер де тілге тиек болмай ма. Әлгі сыйласы Жұмекеңе:
– Сендер – қазақтар бақыттысыңдар ғой, – дейді.
– Қайдағы бақыт? Біз де сендер сияқты орыстың қол астындамыз, – дейді Жұмекең.
– Орыстан тілдерің де, діндерің де бөлек, ең бастысы – түрлерің бөлек. Кімнің-кім екенін сыртынан қарап-ақ білесіңдер. Бізді айтсайшы, тіліміз ұқсас, дін болса да, ал түріміз – аумай қалған. Өзіміздің украин ғой деп, іштарта бастасаң, орыс боп шығады, ендігілері орыс шығар деп, абайлап сөйлейсің, сөйтсең, ол байғұс өзіміздің украин болып шығады. Сөйтіп, кімнің кім екенін білмей, дымың ішіңде жүреді. Сендерді бақытты дейтінім, біз сияқты емес, кімнің кім екенін анық біліп жүресіңдер. Дос кім? Қас кім?

Темірхан Момбекұлы,
жазушы, велосаяхатшы

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір