КОВИД АЯҚТАЛЫП, БӘРІМІЗДІҢ БЕТПЕРДЕМІЗ ШЕШІЛДІ
17.05.2023
3081
0

Жазушылар одағы 2018 жыл мен 2023 жыл аралығында қандай іс-шаралар өткізіп, не істеді? Бұл сұрақтардың жауабын Жазушылар одағының төрағасы, ақын, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Ұлықбек Есдәулеттің төмендегі баяндамасынан таба аласыздар.

  Редакция.

Соңғы бес жылда біздің басымыздан небір аласапыран кезең өтті. Күні кеше басымыздан өткен екі жыл бойғы КОВИД-19 эпидемиясы, коронавирус, пандемия, пневмония, локдаун, ПЦР-тест, маска-бетперде, карантин сияқты жексұрын терминдерді құр естіп қана қоймай, солардың құрбаны болған сұм күндер мен айлар қорқынышты түстей есімізге түссе әлі дене тітіркенеді. Бір күнде бірнеше қаламгердің жұқпалы кеселге шалдыққаны туралы хабар алдымен маған, Жазушылар одағына жетеді, оларды ауруханаға жатқызу, емдету мәселесі мойнымызда болды. Егер қаламгер қайтыс болса, ондай қайғылы жағдай кезінде – бетімізге маска, қолымызға қолғап киіп алып, қазалы отбасына барып қаралы хабарды естіртумен де, әкімдіктерге шапқылап, зират­тан жер әперу, моргтен мәйітін алу, жерлеу, кейде ас беру мәселесімен де айналыстық. Осы жағдайларда қасымыздан табылып, Жазушылар одағына қолдау көрсеткен әкімдік азаматтарына алғысым шексіз.
Күн сайын, кейде бір күнде бірнеше ақын-жазушыны жерлеумен жүрген кездерім есіме түссе, жаным түршігеді. Небір нар ағаларымыздан, тау тұлғаларымыздан, асыл азаматтарымыздан, қадірлі қаламдастарымыздан, қимас достарымыздан қапыда айырылып, ортамыз ойсырап қалдық. Міне, бүгін, осы құрылтайда олардың орны үңірейіп бос тұр. Бақилық болған әріптес достарымыздың жаны жаннатта болсын!
Міне, сол үрейлі екі жыл бойы бүкіл қоғам карантинде болғанда біз онлайн режимде жыл қорытындысын өткізіп, халықаралық конференцияларға қатысып, жұмыс істеп жатыппыз.
Бүгін бәріміздің маскамыз шеші­ліп, бір-бірімізге бетпердесіз қарайтын, тіпті бет жыртысатын күнге жеттік. Бұған да шүкір, тәуба!
Тірі адам тірлігін жасайды. Өйткені біз бұл жолы өлімнің бетін, ажалдың жүзін анық көрдік. Бір-біріміздің қадірімізге жетуіміз керек екенін түсіндік. Сондықтан бірлік, татулық, иман керек, ағайын!
Бізге бөлінген бес жылдың пандемиясыз өткен үш жылында жан аямай жұмыс істедік деуге болады. Атқарған шараларымыздың басты-бастыларын санамалап, тізбелеп берейін.
«Әдебиетсіз өмір – тозақ» депті Чарльз Буковский. Сондықтан корона­вирус тозағында да әдебиетпен өмір сүруге тырыстық, сіздер сол қиын кезде де әдебиет арқылы болашаққа рухани инвестиция салдыңыздар.
2018 жылдың мамыр айының басында өткен осындай құрылтайдан соң, іске кіріскен біздің Қазақстан Жазушылар одағы наурыздан кейін, айдың аяғында Талдықорған қаласында Алматы облыстық тілдерді дамыту басқармасымен бірлесе отырып, жас әдебиетшілердің республикалық «Жетісу көктемі» фестивалін ұйымдастырдық.
Дәл сол тұста «2018 жылғы 2-3 шілде күндері Жібек жолы бойындағы астаналар әкімдерінің форумы өтеді» деген хабарды ұйымдастырушылардың бірінен естіп, оларға қолқа салдым, нәтижесінде сол халықаралық шараның аясында, Астана әкімдігінің қолдауымен «Жібек жолы бойындағы астаналар қаламгерлерінің форумын» жедел ұйымдастырдық. Егер ежелгі Жібек жолы бойындағы көне шаһарлардан бүгінгі күні есен-сау өркендеп отырған 100-дің үстінде астана болса, біздің шақыруымызбен соның 25 астанасынан жазушылар келді. Бұл шарамыздың шұғыл өткендігі сондай, көптеген қонақтардың визасын ұшып келген бетте әуежайда соқтырдық. Бұл халықаралық маңызды басқосуды Олжас Сүлейменов, Мұрат Әуезов, Ғаділбек Шалахметов, Есенғали Рау­шанов, Сейдахмет Құттықадам бастаған қазақ қаламгерлері басқарып, жүргіздік.
Ал сол 2018 жылдың 26-30 тамыз күндері Астананың 20 жылдық мерейтойына орай «Ақ ордалы Астанам» атты халықаралық поэзия фестивалін өткіздік. Фестивальдің модераторлары Бақытжан Қанапиянов пен Есенғали Раушанов үшеуміз болдық.
Бұл поэзиялық шараға әлемнің түкпір-түкпірінен белгілі ақындар келді. Бес күнге созылған Халықаралық поэзия фестивалінде әр ақынға өз өлеңдерін оқытып, арнайы телеарналарға бейнероликтер жасақталды. Барлық қатысушылар Астана қаласының көрікті жерлерін аралап, Баянауыл, Бурабайға сапар шекті. Көптілді халықаралық поэзия кеші ұйымдастырылды. Фестиваль нәтижесінде «Әлем ақындары Қазақ­станды жырлайды» атты жыр жинағы жарыққа шықты.
Содан жиырма шақты күн өткенде, 2018 жылғы 20-21 қыркүйекте «Қазіргі заманғы сөз энергиясы» атты Еуразиялық әдеби форумын өткіздік. Бұл форумға Ұлыбритания, Ресей, Иран, Әзербайжан, Түркия, Моңғолия, Тәжікстан, Латвия, Молдова, Башқұртстан, Қырғызстан, Өзбек­стан сынды Еуразия құрлығының 30 мемлекетінен 40-қа жуық қаламгер қатысты. Сонымен қатар, Қазақстанның барлық аймағынан 100-ге жуық жазушы келді.

Елордамыз Астанада тұратын 150-ге тарта қаламгердің барлығы да осы Еуразиялық әдеби форумға қатынасты.
2018 жылы Қазақстан Жазушылар одағы «Әдеби өлкетануды дамыту» жобасын жасап, барлық облыстар әкімдіктерін тартып, іске асырдық. Нұр-Сұлтан, Алматы, Семей қалалары мен Ақмола, Қызылорда, Жамбыл, Маңғыстау, Павлодар, Түркістан, Атырау, Ақтөбе, Қарағанды, Солтүстік Қазақстан және Шығыс Қазақстан облысы, т.б. облыстарда біздің жазушылар 3 кісілік шағын топтарға бөлініп, ел мен жерді, ауыл-ауылды аралап, оқырмандармен кездесті, болашақ шығармаларына арқау болатын тақырыптар мен кейіпкерлер тапты, жұмыс жүргіздік. «Әдеби өлкетануды дамыту» жобасының нәтижесінде ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен 27 жазушының шығармаларын топтастырған 9 кітап жарық көрді. Әлі жарық көрмеген 8 қолжазба Мәдениет министрлігінің қоржынында сарғайып жатыр.
Сол жылы ҚР Кәсіподақтар федерациясымен жасасқан меморандум негізінде зейнеткер қаламгерлердің 50 пайыздық жеңілдікпен санаторийлерде ем қабылдауына қол жеткізілді.
Қазақстан Жазушылар одағы Астанадағы Ұлттық Академиялық кітапханасымен бірлесіп, Ұлыбритания, Америка Құрама Штаттары, Германия, Жапония сынды мемлекеттерде әдеби шаралар өткізді және әдеби-мәдени-ұлттық көрмелер ұйымдастырды. Бұл шараларға аталмыш кітапхана шақыруымен Ғарифолла Есім, Шөмішбай Сариев, Тұрсын Жұртбай, Баянғали Әлімжанов, Оңайгүл Тұржан, Ғаділбек Шалахметов, Сәуле Досжан, т.б. қаламгерлер барды.
«Жаңа заман Әзербайжан поэзиясының антологиясы» атты кітап шығардық. Астана, Алматыда тұсаукесері жасалды. Қарымтасында «Қазіргі қазақ поэзиясының антологиясы» деген кітап әзербайжан тілінде шығып, аталмыш жинақтың тұсауы Бакуде кесілді.
Испанияның астанасы Мадрид қаласында «Қазіргі қазақ поэзиясының антологиясы» классик ақын ХУСТО ХОРХЕ ПАДРОННЫҢ аудармасымен испан тілінде жарық көрді. Ол кітапқа енген 60 ақынның әрқайсысының өлеңдерін талдап, авторына мінездеме беріп, көлемді алғысөз жазды. Ол қазақшаға аударылып, біздің әдеби басылымда жарияланды. Бұл антологияның тұсауы Мадридте және Астанадағы Испан елшілігінде кесілді. Жазушылар одағының ұйымдастыруымен 20 жас ақын демеушілік қаржымен Испанияға барып, презентацияға қатысып қайтты.
Біздің бұл халықаралық шараларымыздың барлығы Қазақстан тарихындағы ең үлкен әдеби басқосудың біріне жасалған дайындық сияқты болып қалды. 2019 жылғы 4-6 қыркүйекте Қазақстан Жазушылар одағы Президент Әкімшілігінің қолдауымен «АЗИЯ ЕЛДЕРІ ҚАЛАМГЕРЛЕРІНІҢ І ФОРУМЫН» өткізді. Форум қарсаңында Президент Қ.Тоқаевтың алғысөзімен «Қазақ поэзиясының інжу-маржандары» атты Абайдан Шахановқа дейінгі 13 ақыннан тұратын антология жарық көрді.
1973 жылдан бері елімізде өтіп көрмеген мұндай халықаралық аса ірі форум Қазақстанның халықаралық имиджінің өсуіне ықпал етті. «Жаңа Қазақстан Жазушылар одағының осы форумдарынан басталды» деп айтуға да болар еді! Азияда 45 мемлекет болса, соның 38 елінің белгілі қаламгерлері мен Нобель сыйлығының 5 номинанты қатысқан бұл аса ауқымды Азия форумының ашылуында еліміздің Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев өзі құттықтау сөз сөйледі, әдебиет туралы келелі ойларымен бөлісті. «Үлкен Азия» сыйлығы тағайындалды.
Форум кезінде 11 елдің Жазушылар ұйымдарымен екіжақты меморандумға қол қойылды. Бұл келісімдер бұл күнде өз нәтижелерін бере бастады. Шындығын айтсақ сол жылы Қызылорда қаласында мәслихат депутаты, арқалы ақын Шәкизада Әбдікәрімовтың мұрындық болуымен, Жазушылар одағының қатысуымен «Мәртебелі поэзия» фестивалі өткізілді. Оған көршілес елдерден де ақындар шақырылды.
2019-2021 жылдары «Тарихи-әдеби өлкетану» жобасы қолға алынып, Түрк­іс­тан, Ақмола, Маңғыстау облыстарында, Алматы қаласында жұмыс жүргізілді. «Тарихи-әдеби өлкетану» жобасымен қаламгерлеріміз облыстарды аралап, тарихи шығармалар жазды.
2019 жылы Қарағанды облысы әкімдігінің қолдауымен «Жас әдебиетшілер форумы» өтті. Форумда жас қаламгерлерді одаққа қабылдап, бірнеше шеберлік сабақтары – мастер-кластар ұйымдастырылды.
2019-2020 жылдарда ҚР Президентінің тапсырмасы бойынша, Алматы қаласының әкімдігі өршіп тұрған пандемияға қарамастан, қазақ қаламгерлерінің қасиетті ордасы – Қазақстан Жазушылар одағының негізгі ғимаратына ағымдағы жөндеу жүргізіп берді. Қарқынды басталған жөндеу жұмысы карантин кезінде шекара жабылғандықтан құрылыс материалдарының жетіспеуінен біраз уақыт тоқтап, үздік-создық жүргізілді. Ал Жазушылар одағының Мәжіліс залы орналасқан жағы қосымша пристройка ретінде мәдени-тарихи нысан тізімінде болмағандықтан, жөндеуге қаржы бөлінбеді. Мәжіліс залының техникалық төлқұжаты жоқтығы анықталып, тіпті архивтен де табылмағандықтан, оны қайта жасатуға алты айдан астам уақыт жоғалт­тық. Жақында Мәжіліс залын күрделі жөндеудің бүгінгі заманға лайық жобасын әкімдіктің арнаулы комиссиясымен бірге қарап бекіттік. Онда жүріп-тұруы қиын қаламгерлер үшін біздің сұрауымыз бойын­ша сырттан кіретін арнаулы лифт жобасы да ескерілді. Күрделі жөндеу жұмысы Алматы әкімдігінің жоспарында тұр. Қазір техникалық сараптама жүргізіліп жатыр. Бұйырса, жаз ортасында сметалық құжаттары бекітіліп, күрделі жөндеу құрылысына тендер жарияланады. Алдағы уақытта жаңа заманғы құрылғылармен жабдықталған лэд-экраны бар интерактивті жаңа жарық залда шығармашылық кештеріңіз бен мерейтойларыңызды өткізетін боласыздар.
2019 жылы Қазақстан Жазушылар одағының 85 жылдығын осы опера-балет театрында өткіздік, осыған орай, «Әдеби өмір: фото-шежіре» альбомын, көлемі 75 баспа табақ болатын үлкен «Қазақстан жазушылары анықтамалығын» жарыққа шығардық. Мұндай анықтамалықты биыл да дайындап едік, бірақ кейбір қаламгерлер қанша өтініп сұрағанымызбен өмірбаяндарын толықтыруға, тіпті өткізуге салақтық танытып, соның салдарынан кітапты аяқтап үлгере алмадық. Негізі дайын.
2019 жылғы 12-14 наурыз күндері Парижде, Лондонда, Мадридте, Мәскеу­де және Каирде қазіргі қазақ прозасы мен поэзиясының 2 томдық антологиясы БҰҰ-ның жетекші алты тілінде шығарылып, сол қалаларда тұсаукесері өтті. Бұл тұсаукесерлерге жоба жетекшісі А.Ғ.Балаева (ПӘ), А.Елгезек (ҚЖО), Р.Кенжеханұлы («Ұлттық аударма бюросы») қатынасып қайтты. Ал мен – Каир қаласында болған тұсаукесерге қатыстым. Пандемияға байланысты Пекиндегі тұсаукесері өтпей қалды.
2020 жылы 14 ақпанда «Қазіргі қазақ поэзиясы мен прозасының» алты тілдегі антологиясының тұсаукесері ҚР Мемлекеттік хатшысының қатысуымен Алматы қаласындағы Достық үйінде өтті.
2020-2021 жылдар аралығында бүкіл әлемді жайлаған коронавирус індетіне байланысты мерекелік жиындар онлайн форматта өтті.
Мен осы бес жылда шамам келгенше облыстық филиалдарымыздың беделін көтеруге жұмыс істедім. Олардың басшылығына негізінен жастарды қойдым және облыстық әкімдер олармен санасатын деңгейге жеткізуге тырыстым. Қартайып кеткен Жазушылар одағының мүшелік құрамын жасартып, тамырына жас қан жүргізуге ұмтылдым. Жастарды қабылдауға, олардың жолын ашуға күш салдым. Ол үшін облыстық филиал басшыларының ұсыныстарына көбірек көңіл бөлдім.
Жаңа ашылған Түркістан, Абай, Ұлытау, қайта ашылған Алматы, Жетісу облыстарында жазушылар одағы филиалдары жұмыс істеп жатыр.
Әдеби процестер проза, поэзия, драматургия, әдеби сын, балалар әдебиеті кеңестерінің жетекшілігімен дамыды. Бізде орыс әдебиеті, ұйғыр әдебиеті секциялары да ойдағыдай жұмыс істеуде. Жақында Президентіміз Қазақстандағы этникалық шығармашылық өкілдеріне арнап бірнеше қомақты сыйлық тағайындады. Оның бірі – әдеби сыйлық, оның көлемі Мемлекеттік сыйлықпен бірдей.
2019 жылдан Жазушылар одағының ұсынысымен Атырау облысында Ж.Нәжімеденов пен Ғ.Сланов атындағы 10 сыйлық тағайындалды.
2019 жылдан Шығыс Қазақстан облысында «Абай әлемі» атты сериямен жергілікті қаламгерлер кітаптары жарық көріп келе жатыр. Қазірге дейін 200-ге тарта томдар жарық көрді. Мұнда «Төр Алтай жырлайды» атты әдеби фестиваль жүйелі түрде жыл ара өткізілуде.
2020 жылдан бастап, Қазақстан Жазушылар одағының қатысуымен Ақтөбе облысы әкімдігінің қолдауымен «Әдебиет. Рух. Қоғам» атты республикалық форум өтті. Форумда 10 номинация бойынша сыйлық тағайындалуы дәстүрге айналды.
Шымкент қаласында 2020 жылы орталық саябақ ішінде «Мәртебелі поэзия мінбері» атты әдеби алаң ашылды. Онда поэзия кештері дәстүрлі өтуде.
2021 жылдан бастап Қазақстан Жазушылар одағының мұрындық болуы­мен Батыс Қазақстан облысында 10 номинация бойынша сыйлық тағайындалды. Бұл да жыл сайын жалғасын табуда.
Жазушылар одағының ұсынысымен Семей аэропорты Абай атына ие болды.
Жазушылар одағы ұсынысы бойынша Президент Қ.К.Тоқаев өз Жарлығымен «Абай күнін» белгіледі. Қазір Абай облысында, бүкіл Қазақстан мектептері мен кітапханаларында Абай оқулары дәстүрлі түрде өтетін болды.
Осы жерде айта кетейін Мұхтар Мағауин ағамыз Қазақстаннан кеткенімен Қазақ әдебиетінен кеткен жоқ. Өйткені әрбір қазақша шығарманың ең көп оқылар ортасы, ормандай оқырманы Қазақстанда. Нағыз жазушы, классигіміз Мұхаң мұхит­тың арғы бетіндегі Күмісбұлақтан әдебиетімізді байытып жатса, ал енді Европада жүріп, біздің хакім Абайымызға ауыз салып, киелімізді қорлап, мақала жазып жатқан бір ғалымсымақ қызымызға не айтамыз? Ол ағылшын тілінде «Абай деген ешқандай ақын болған емес, оны ойлап тапқан Әлихан Бөкейханов-мыс» деген біздің ақылымызға сыймайтын қитұрқы мақалаларын қайта-қайта жариялауда. «Қазақ әдебиеті» газетінде оған зерттеуші ғалым, абайтанушы, алаштанушы ғұлама Тұрсын Жұртбайдың орнықты да дәлелді жауабы жарияланып жатыр.
Қасиетті Құранға шабуыл жасалып жататын Батыста өз қарындасымыздың ұлы Абайға шабуыл жасағаны қынжылтады.
Петропавл қаласында Мағжан күндері, Жетісу облысында Ілияс оқулары, Қарағанды облысында Қасым оқулары, Нарынқол мен басқа қалаларда, аудандарда Мұқағали оқулары өтуде. Мұндай шаралар барлық облыстар мен аудандарда ұйымдастырылуда.
Астанада «Қаламгерлер аллеясын» ашу, сол жерде Үш арыс – Сәкен, Ілияс, Бейімбетке және Алаш көсемдері – Әлихан, Ахмет, Міржақып ескерткіштерін ашуға да Жазушылар одағы мұрындық болды. Алматыдағы А.Байтұрсынұлының тозып кеткен мұражай үйін жекеменшіктен қала әкімдігінің құзырына өтуіне, күрделі жөндеу жасалуына да түрткі болды.
Алматыда тұратын 400 жазушының кітаптарын шығару, әрқайсысына жыл сайын қала әкімінің дәстүрлі түрде 500 мыңнан стипендиясы берілуі де – Жазушылар одағының ұсынысымен болып жатқан шаруалар.
Ұлы Абай мерейтойына Жазушылар одағының ұсынысымен 10 томдық жарық көрсе, Жамбыл бабаның мерейтойына 30 томдық жарық көрді.
«Қазақстан – Ресей» әдеби-көркем альманағы 4 рет жарық көрді.
«Қазақстан-Беларусь» атты альманах та шығардық.
Жақында Беларусь Мәдениет министрі әрі Жазушылар одағының төрағасы Алесь Карлюкевичтен хат келді. Ол алдағы уақытта Минскіде Қазақстанның әдебиет күндерін өткізуді ұсыныпты.
Сатириктердің ұсынысы бойынша Қазақ сатирасының антологиясы құрастырылды. Ол жақында «Фолиант» баспасынан жарық көрмек.
Жастарға арналған «Алтын тобылғы», «Алтын сақа», «Айтұмар», «Ұлы дала» («Аманат» партиясымен бірге) конкурстарын жыл сайын өткізіп жүрміз. Биыл «Ұлы дала» конкурсы «Аманат» партиясының қолдауымен еліміздің аудандарынан басталып, облыстарында өтіп, республикалық байқаумен аяқталатын болады.
Мәдениет министрлігімен бірлескен жобамыз – әрқайсысы 5 млн-дық 7 номинациядан тұратын «Айбоз» конкурсы биыл да жалғасады. Оған биыл Жазушылар одағының ұсынысы бойынша «Әдеби сын» номинациясы қосылды.
Жазушылар одағының ұсынысымен бұл күнде министрлік жанынан «Әдеби аударма орталығын» құру қолға алынды. Сондай-ақ
елімізде жас қаламгерлер легін қалыптастырып, оларға тиісті қолдау білдіру, әлемдік деңгейдегі тақырыптарға қалам тербеуіне мүмкіндік туғызу мақсатында 2023 жылдан бастап қазақстандық жас жазушылар мен ақындар үшін Президенттің арнайы әдеби сыйлығы тағайындалды. Қаулысы шықты. Сыйлық 18-29 жас аралығындағы жас қаламгерлерге «Проза», «Поэзия», «Драматургия», «Балалар әдебиеті» номинациялары бойынша бұрын жарияланбаған шығармалары үшін табысталады. Жоғары жаққа біз ұсыныс берген «Халық жазушысы» атағын қайтару, үш жылда бір жас жазушылар кеңесін өткізу сияқты жоба-жоспарларымыз алдағы уақытта іске асады деп есептеймін.
Шанхай ынтымақтастық ұйымында басшылықта жүрген мәмілегерлеріміздің ұсынысы бойынша Қазақстан Жазушылар одағының тікелей араласуымен «Жібек жолы бойындағы 100 қалаға – 100 кітап» жобасына ежелгі 3 қаламыз – Алматы, Түркістан, Тараз туралы Кәдірбек Сегізбаев, Мархабат Байғұт, Несіпбек Дәутай 3 тарихи кітап жазып шығып, олар қытай тіліне аударылды. Бұл тарихи кітаптар Президент Қ.К.Тоқаевтың алғысөзімен Пекин қаласында «Синсинь» («Жаңа жұлдыз»), Астана қаласында «Фолиант» баспаларынан жарық көрді. Енді Шанхай ынтымақтастық ұйымы басшылығы бұл кітаптарды орыс тіліне аудартып, өзіне мүше елдерге тарататын ниетін хабарлады.
Жақында 23 сәуір күні Астанада өткен Еуразиялық халықаралық кітап көрме-жәрмеңкесінде бұл 3 кітаптың тұсаукесері болды. Оған Мәдениет министрлігінен, біздің 3 қала әкімдігінен және Пекиннің аталмыш баспасынан жауапты өкілдер қатысты.
Біздің командамыз 5 жылда жаман жұмыс істеген жоқ. Белшеден қарызға батып, тұралап қалған Одақты аяғынан тік тұрғыздық, еңсесін көтердік. Әдебие­т­­­ке шын жаны ашитын үлкен жүректі меценат азаматтардың арқасында «Алматы-Болашақ» баспаханасына, Одақ қызметкерлеріне, үш басылым тілшілеріне жыл бойы төленбеген қарыздарды, айлықтарды, қаламақыларды төлеп, жабумен айналыстық. Сонымен қоса, сол 2019 жылы демеушілер көмегімен басылымдарымыздың компьютерлерін жаңартып бердік.
Бұл күнде бәрін жоба шешеді. Қолыңда дайын жобаң болса қаржы да болады. Көптеген жобаларды іске асырдық. Көптеген проблемаларды шештік. Қолымыздан келмегендері де бар.
Дегенмен 1973 жылы өткізілген Азия-Африка жазушыларының конференциясынан кейін 45 жыл өткенде әлемдік деңгейдегі форумдарды қолға алып, халықаралық әдеби қауымдастық алдында беделді ұйымға айналдырдық. Осының бәрі – өз арқаларыңызда, өз қолдауларыңызбен болған игілікті істер, құрметті қаламдастар!
Осыдан біраз ғана уақыт бұрын Анкарада Түріксой ұйымы өзіне мүше елдердің Жазушылар одақтары төрағаларын шақырып, құрылтай өткізіп, тарихта тұңғыш рет Түркі елдері Жазушылар одағын құрды. Оған Төрағалыққа барлығы бірауыздан мен пақырларыңызды сайлады. Түріксой ұйғарымы бойынша, мен бұл жаңа міндетті Қазақстандағы қызметіммен қатар атқаруым керек еді.
Бұл жаңа ұйым алғашқы мәжілісін Өзбекстанның ұлы ақыны атындағы Науаи қаласында өткізді. Онда Науаидің аудармашысы Н.Айтұлының жұлдызы жарқырады.
Алғашқы әдеби шарамыз Қызылжар өңірінде алдағы маусымның аяғы, шілденің басында облыс әкімінің қолдауымен Мағжан ақынның 130 жылдығына орай Түрік дүниесі поэзия фестивалін өткізу болмақ. Оған түркітілдес мемлекеттерден жиырма шақты ақын, өз елімізден де сонша ақын қатынасады.
Бұл Одақты құрған негізгі 6 түркі еліне – Түркия, Қазақстан, Әзербайжан, Қырғызстан, Өзбекстан, Түркіменстанға қоса бұл Түріксой Жазушылар ұйымына мүше болуға Татар, башқұрт, саха, алтай, қарашай, малқар, гагауыз, т.б. сияқты басқа да түркі тілдес елдердің Жазушылар ұйымдары да ниет-тілек білдірді. Олардың ішінде 15-інші болып өтініш берген Венгрия Жазушылар ұйымы да бар.
Мұндай халықаралық үлкен ұйым­ды басқару оңайға соқпайтыны анық. Сондықтан да мен Түріксой басшылығымен ақылдаса келіп, бүгін осы құрылтайда төрағалыққа сайлауға түспек ниетімнен бас тартуға шешім қабылдадым. Сонымен өз кандидатурамды тізімнен алып тастайтынымды мәлімдеймін. Маған сенім білдірген үлкен-кіші қаламдастарыма шын ниетіммен ризашылық білдіремін. Менің орныма Қазақстан жазушылар одағы басқармасына төрағалыққа сайланатын адамға қашан да тілектеспін. Түріксой Жазушылар одағының жарғысы, шарты бойынша оны құрған түрік дүниесіндегі барлық жазушылар одақтарының басшылары түгелдей Түрік дүниесі Жазушылар одағы төрағасының вице-орынбасарлары болып саналады. Біз тізе қоса жұмыс істейтін боламыз.
Мен Қазақстан Жазушылар одағынан төрағалықтан кеткеніммен, Одақ мүшелігінен, әдебиеттен кетіп жатқан жоқпын. Қашан да өз қатарларыңызда қаламдас, қанаттас, үзеңгілес болып қала бермекпін. Жаңа қызметімде Түрік дүние­сі әдеби әлемінің есігін қазақ әдебиетіне айқара ашуға қызмет істеу мүмкіндігіне ие болдым. Бұл біздің әдебиетімізге ұсынылып отырған жаңа кеңістік деп білемін. Қолымнан келгенше әдебиет жүгін арқалай бермекпін.
Біз Жаңа Қазақстанның, Әділетті Қазақстанның табалдырығынан аттадық.
Авторитарлық жүйеден бас тартып, мықты мемлекет, игілікті, қайырымды, құқықтық, азаматтық қоғам құрудың жолын таңдадық. Ендеше, осы бағыттағы саяси-экономикалық, рухани реформаларға қаламымызбен, қарым-қабілет, талант-дарынымымызбен, шабытты шығармаларымызбен атсалысайық! Барлығыңызға амандық-саулық тілеймін!

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір