Әскердегі әлімжеттілік ел қауіпсіздігіне сын
25.04.2023
160
0

Қазақстан Республикасының әскери докторинасы «Қазақстан Республикасының әскери қауіпсіздігі мен қорғанысын қамтамасыз етудегі мемлекеттік ресми қабылданған көзқарастар жүйесі» деп айқын түрде көрсетілген.

Әлбетте, жер көлемі жөнінен әлемде тоғызыншы орындағы, табиғи ресурстары мол мемлекетке іргелес державалар сияқты басқаның жеріне, игілігіне көз қызартудың қажеті жоқ. Мәселе – қолда барды сақтап қалуда.
Рас, Қазақстан Кіндік Азиядағы Қырғызстан, Тәжікстан сияқты елдер емес, барлық көршілерімен шекарасын демаркациялап алды. Ішінара ұтыстармен қоса ұтылыстар да бар. Дегенмен негізгі шекара заңдастырылды.
Алайда ел іргесін заңдастырдық екен деп қамсыз, қарекетсіз отыруға және болмайды. Қаржы вице-министрі Дәурен Темірбеков биыл күштік құрылымдарға жұмсалатын қаржы 317 млрд теңгеге ұлғайғанын айтады. Әлбетте, бұл көп қаржы. Ендігі гәп, сол қаржының тиімді игерілуінде.
Жасыратыны жоқ, біздегі сыбайлас жемқорлық барынша меңдеген ведомствоның бірі – қорғаныс министрлігі. Одан күштік саланың басқа құрылымдары да қалысып тұрған жоқ. Тәуелсіздіктің алғашқы кезеңіндегі полковник Сапсай ісінен бері қаншама генералдың темір тордың арғы жағынан шыққанын халық көріп, біліп отыр.
Әскери міндет, борышты дұрыс орындамауға байланысты қылмыс та көп. Күні кеше ғана қаңтар оқиғасы кезінде жіберген кемшілігі үшін сол кездегі қорғаныс министрі жауапқа тартылды.
Казармадағы әлімжеттілікке байланысты қылмыс та жетіп артылады. Тәуелсіздік жылдары әскерге аман кетіп, үйіне табытпен оралғандар саны да жан шошырлық.
Рас, «дедовщина» кеңестік әскерде де болған. Бірақ ондағы тәртіп те, бақылау да қатаң еді. Кеңестік жүйенің сол тә­жіри­­бесін біздің әскерге де енгізген дұрыс сияқты.
Қазіргі әскерде жауынгерлердің әлеуметтік-тұрмыстық жағдайына барынша көңіл бөлінген. Бұрынғыдай екі қатарлы кереует жоқ. Бұрынғы он солдатқа арналған ас үстелінің орнына ыңғайлы орын берілген, міндетті қызмет мерзімінің қысқарғаны тағы бар.
Бұл жерде «өз әскерін асырай алмаған ел өзгенің әскерін асырайды» деген қағиданы да есте ұстау парыз дер едік.
Мәселе айналып келгенде, әскерді қаржыландыруға тіреледі. Әлбетте, биылғы әскери салаға бөлінген 317 млрд аз қаржы емес. Ендігі мәселе – сол қаржының тиімді игерілуінде. Ең бастысы, әскердегі сыбайлас жемқорлық пен әлімжеттіліктің ел қауіпсіздігіне сын екенін басты назарда ұстау керек.

Өмірзақ МҰҚАЙ 

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір