СЫДЫҚ. АМАНКЕЛДІ. КЕНЖЕҒАЛИ
26.04.2023
638
0

  ТІЗГІНҚАҒАР: Не нәрсенің басын бір шалмай, әр гүлге бір қонбай алдыңа мақсат қойып жұмыс істеп, соған жету жолында еңбектену де бір ләззат. Бұл да болса алдымыздағы ағалардан қалған үздік үрдіс. Осы бағыт­тағы әрісін айтпағанда, берісі Жарылқап, Жанболат ұстаздарымыздың өнегесін айрықша атап өтуге болады. Соңғы отыз жылдан астам уақыт ішінде өзім қызмет жасаған басылымдарда «Тұлғатану», «Тұлға-тағдыр», «Сол жайсаңдар қайда екен?», т.б рубрикалар ашып, едәуір жұмыс істедік. «Тұлғатану» сериясымен он шақты кітап шығардым. «Алматыны басқарғандар» ат­ты бұрын-соңды ойластырылмаған кітап жарық көрді. Бұл кітаптың көпшіліктен қолдау тапқаны сонша бірнеше мәрте басылып, қазақшасын айтпағанда орыс («Градоначальники Алматы»), ағылшын тілінде де жарық көрді. Шетелде қашып жүрген күйеу Храпунов ағылшын тілінде шығартып алыпты дегенді де естідік. «Абай» телеарнасының Руханият бағдарламасымен жүргізген 55 хабардың бірсыпырасы да тұлғатануға арналып, белгілі адамдардың белгісіз қырларын, тосын тағдырларын ашуға бағыт­талды.
Мақсат – елге өлшеусіз еңбек сіңірген тұлғалардың өмірі, қиын, қызық тағдырын талдап, таразылау арқылы оларға өз деңгейінде құрмет, ілтипат көрсетуді жолға қою. Тұлғаларға мерейтойын, басқа жағдайын күтпей-ақ, қай кезде де оралып отыру керек. Бүгінде бар адамның бағасын білмек түгілі, күні кешегі баршамыз мойындаған белгілі адамдардың өзі белгісіздікке айналып барады. Бір нәрсе айдай-анық. Тұлғаларына өз деңгейінде (қоғамда алатын орнына, абыройына қарай) құрмет көрсетпеген билікке ешқашан елдің бүйрегі бұрмайды. Егер осы халықтың өмірінде осы уақытқа дейін бай мазмұн, мағына болған болса, ол шенеуніктердің емес, сол шедевр жасаған шеберлердің арқасы. Бүгінгі бүлінуден іргесін аулақ салуға әлі де қауқарлы емес билік өз-өзіне келгенше, одан кейін де біз бұл мәртебелі міндетімізді ешкімге міндетсінбей жалғастыра береміз. Әр қияға тартып кетіп отырған осы бір жазба үстінде бірқатар азамат­тармен қатар, менің ойыма КЕНЖЕҒАЛИ орала береді. Қазақ­станның еңбек сіңірген артисі, Мемлекет­тік сыйлықтың лауреаты, кәдімгі Кенжеғали Мыржықбай.

* * *

Ғабеңде «Шындық біреудің паспортымен жүрген тәрізді» деген сөз бар. Әрине, мынау көбіне өзгенің өсегімен өмір сүретіндер көбейген заманда өз көзқарасы, өз пайымы, өз ұстанымы бар адамдарға құрмет айрықша. Олар көп те емес. Соның бірі де бірегейі осы – Кенжекең. Әрдайым сөйлесе, пікірлесе қалған жағдайда өз басының гөй-гөйін айтқан емес, аман-есендіктен соң сол ұлт руханиятының, оның тұлғаларының жайына көшеміз. Руханият «рубайлары» тоқтаусыз төгіледі.
«Сыдық Мұхамеджанов ұмытылмас-ау, ол өзіне өлмес ескерткіш қойып кеткен композитор. Алайда осындай біртуар тұлғаларды біз неге ұмыта береміз? Бұлар көп емес қой. Біз соншалықты ұмытшақ елге айналып барамыз ба?» дейді ол.
КСРО халық артисі, Мемлекет­тік сыйлықтың лауреаты С.Мұхамеджанов – ұлт музыкасының іргелі жанрларын жаңғыртқан, бағын ашқан, оған Абай, Мұхтар лебін алып келген кемеңгер кісі. Іргелі жанрмен жұмыс істеу ірінің ғана қолынан келсе керек. Оның бойындағы бекзат­тықты, кесек қасиет­терді танып, білуге Римский-Корсаков атындағы Ленинград консерваториясының вокал-хор факультетін бітірген Кенжеғалидың қабілет-қарымы жеткілікті. Петербор мектебінің түлегі өнердегі қадамын С.Мұхамеджановтың «Ақан сері-Ақтоқты» (либрет­тосы – Ғ.Мүсірепов) операсындағы Ақан серіден бастап, телегей теңіздің тұңғыш дәмін тат­ты. Жас тұлпарды әп дегендегі аяқ алысынан тап басып таныған Ғабең «мынау – Төлегеннің өзі ғой» деп паң сөйлепті. Солай болды да. «Қыз Жібекте» Төлеген болып бар ғашық жүректі жандырды.
С.Мұхамеджановтың С.Сейфуллиннің «Көкшетау» поэмасының негізінде жазылған (либрет­тосы – С.Сматай) «Жұмбақ қыз» операсының үлкен сахнаға шығу жолы да даңғыл болған жоқ. Бұл жөнінде Софыян Сматайдың өзі былай деп жазды. «…ол тұс – хан, сұлтанды құбыжық көретін алпысыншы жылдардың аяғы.
Сақта тәңірім, Абылайды!
Зарды Абылай танымайды!
Күлсе ол – күлер күллі дүние,
Ол шат! Жаудың жаны қайғы.
Сақта тәңірім, Абылайды,
Ең тәуірім Абылайды! –
деп көп дауысты хор күңіренткенде… Орталық Комитет­тің аса жауапты, аса ауыр денелі, зілі сұсты қызметкері қат­ты шүйілді».
Сол заманның өзінде де есебін тауып, басын бәйгеге тігіп, «абылайлаған» туындылар болған. Әрине, мұндай қадамға Сыдықтай қоғамда мойындалған тұлғалар ғана бара алды. Осы тағдыршешті туындыда Н.Қаражігітов, А.Сембиннен кейін Адақ партиясын Кенжеғали орындады. С.Мұхамеджанов – сегіз бөлімнен тұратын «Ғасырлар үні» ат­ты тұңғыш ғаламат ораторияның авторы. «Шат­тық отаны» симфониясын тыңдау ләззатының өзі бір бөлек, бүтін сөз. «Жарқ етпес қара көңілімді…» тыңдағандағы Сәбең мен Мәриям апайдың авторға көрсеткен ықыласының өзі бір мақаланың тақырыбы.
Кенжеғали бүгінгі күн рухани қажетін қанағат­тандыра бермей ме, көбіне кешегі күнмен, өлмес классикамен өмір сүріп келеді. Батасын алып, осы барақат күнге жеткізген ұлық ұстазын ол ешқашан есінен шығарған емес. Мұхаңдар, Шәкендер, Қаллекилер еркелетіп, ертеңінен көп үміт күткен ұстаз алдағы күнде 100 жасқа келер еді. Бала шәкірт бұған дейін мерейтойы бірде-бір рет өз деңгейінде аталып өтпеген оның мұңын мұңдап, жоғын жоқтап, баспаған жері, бармаған тауы қалмады. Бар қолынан келгені – композитордың бір өзі бір қойылымдай ән, романс, арияларынан тұратын «Сазың кетпес құлақтан» арнайы концерті. Бізде бір жаман дағды бар. Әкімдіктер белгілі бір тұлғаның мерейтойын өткізуді жергілікті жердегі шикі шенеуніктерге жүктей салады. Ал олардың деңгейі белгілі. Есеп беру үшін есебі түгел. Кенжекең осы бір қараң калғыр көзқараспен күресемін деп шаршады. С.Мұхамеджанов баршаға ортақ тұлға емес пе!? Оған қазақтың қай қиыры да құшақ жайып тұруы керек қой.

* * *

Адақтың партиясын атақты Аманкелді Сембин де орындады. Ол Үлкен театрдың да әншісі болды. Италияның Милан қаласындағы өнер Меккесі атанған «Ла-Скалада» тағылымдамадан өткен тұңғыш қазақ. Дүниені дүрілдеткен оның сахнадағы ғұмыры небәрі сегіз жылға жет­ті. Сыдық ағаның «Жарқ етпес қара көңілімін…» Әбекең орындағанда дүние жап-жарық боп кететін дейді тыңдағандар. Сыдық ағаның көңілі толғаны сондай әншіні әрдайым кең құшағына алып, мейірленеді екен. Сол сұрапыл Сембин де бүгінде ұмытылды. Осыдан біраз уақыт бұрын Мәдениет министрлігі мен Жамбыл облыстық әкімшілігінің атына «Ана тілінде» «Аманкелдіні ұмытуға болмайды» (№14, 2022 жыл) ат­ты хат­тың жазылуына түрткі болған да Кенжекең еді. Белгілі адамдар қол қойған сол лепеске тырс еткен жан болмады. Жамбыл облыстық әкімшілігіндегі осы саланың басшыларына хабарласып едік, «интернет­тен қарап көрейік. Ол кім болды екен?» деп жағамызды ұстат­ты. Бұдан кейін Таразға жолы түскен Кенжекең шаруасының шұғыл екеніне қарамастан, әкімшілікке бас сұғады. Жұмысы Сембиннің жайын білу. Түгін қалдырмай бүге-шігесіне дейін санасызға да жететіндей етіп айтады. Содан бері жылға жуық уақыт өт­ті. Бір хабар болсайшы.
– Қазақ атын кешегі Әміреден соң, бүгінгі Димашқа дейін дүниеге әйгілеген әнші атында әншілердің халықаралық конкурсын өткізу өзінен-өзі сұранып тұрған жоқ па? Біз осыны неге сезінбейміз? Тіпті Тараздағы өзі оқыған мәдени-ағарту училищесіне атын берсе де болады ғой. Тірісінде тағдыры талауға түскен әншінің бақилық болған соң да елеусіз қалуын қалай түсінсек керек? – деп күйінеді Кенжеғали.
Бір ой қылаң береді. Өсіп-өнген елдерде талант­ты адамын тал түсте талатып, тонатып қоймайды. Аса дарынды адамдарға мемлекет­тің байлығы, тірі шежіресі ретінде қарау көзқарасы әзелден қалыптасқан. Олардың әр күнін, сағатын хат­тап, қабағын бағып отыратын әдеби, мәдени, өнери сауат­ты бір-бір хатшыны жоғары жалақымен бекітіп қойған. Бізде егер болса, әлеумет­тік қызметкер деген бар. Оның өзі бірде көл, бірде шөл боп жүрген біреу. Мәселен, АҚШ-та тікелей мемлекет­тің өзінен қаржыландыратын талант­ты адамдарды қорғау агент­тігі бар. Міне, осындай көзқарас болғанда Сембиндерді сақтап қалған болар ма едік? Жоқ бізде, керісінше, оның тағдырын өсекке, бөстекі әңгімеге айналдыру керек. Содан барып, біреу сүйіп өледі, біреу күйіп өледі. Оның осынау азапты жолын бәзбіреулер ішімдікпен байланыстырады. Кім ішпеді дейсіз? Егер оның тізімін жасар болсақ, сау адам таба аларсыз ба? Ол кезеңнің құрбаны болды. Қызғаныш оты ішін күйдіргендердің қолтаңбасы еді бұл. – Жарайды, оның бәрі өт­ті, кет­ті. Қазір қоғам басқа, өмір басқа ғой. Аманкелділер жүз, ру аясына сыятын тұлғалар ма? Меніңше, ұлтқа ортақ тұлғаларға келгенде, жершілдік, жүзшілдік, рушылдық көзқарастан тез арылмасақ, біз алысқа бармаймыз – дейді әнші.
«Дүниеге Сембин сыймай кеткен жоқ, қотыраштар сыйдырмады ғой. …Күншіл қотыраштар таспаға жазылған дауысына дейін қалдырмауға тырысқан. Сембиндей асыл талант – теңіз түбіндегі інжу-маржандай ғасырларда ғана бір-ақ кездесетін өте сирек қазына. Жүз жылда бір-ақ туатыны өкінішті» деп тебіреніп еді-ау, қайран Шерағаң.
Әлемдегі атақты үш тенордың бірі – Лучано Паворот­тиден дәріс алып, пікірлес болған Сембиннің тағдыры әлі күнге тиісті орындар тарапынан зерделенген емес. Әт­тең ол Өзағаңның қолына кеш түсті. Бүгінгі Т.Жүргенов атындағы Ұлт­тық өнер академиясының сол кездегі ректоры Ә.Сығай ағамыз ән кафедрасына қызметке алды. Өмірінің соңғы жылдарында шәкірт тәрбиелеп, оқулықтар жазып, бір дәуірледі. Кенжеғалидың телефон шала қалғанда алдымен сұрайтыны да сол – Сембин.
Аға толқынның тағдыры толғандырып, аманатын алға апаруды ойлайтын ол сол баяғы табандылығы мен төзімділігін әлі де осы жолға арнап келеді. Қазіргі депутат­тарға көбірек тиісетін тұста күні кеше өмірден озған Алаштың бір абызы – Аманкелді Айталы еске түспей тұра ма? «Могиканның соңғы тұяғындай» дара тұлғаның атын есте қалдыруды да Кенжекең үлкен бір жиындарда, ұлықтар бас қосқан жерде де еске салып жүреді. Мына психологияда «талант души» – «жан таланты» деген ұғым-түсінік бар. Кейде тақырып орайына қарай «талант­тың жаны» деп те қолданылады. Одан ұғымның мәні өзгермейді. Бұл – қалай дегенде, өзі дарынды жаралған кісінің бойында өзге озық қасиет түрлерінің топтасуы. Кенжекең соңғы ондаған жылдар мұғдарында өзі еңбек ететін Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия Ұлт­тық университетінде «Кәусар» мәдени-танымдық бірлестігін ашып, «тұлғатануға» қайта бір түрен салды. Бұған дейін өзі жүргізетін 8 концерт­тік бағдарламамен әлемнің 18 елін аралап, бай тәжірибе түзген әнші енді осы бір көркем кеңістікте көлдей толқып, дариядай тасып жүр. Қанында бар шешендік, ділмарлық, сал-серілік қасиет кісіні жатқызсын ба!? Мақсат тағы да сол – ұлтын кемелдікке ұмтылдыру жолындағы жанкешті жұмысты жалғастыру. Рухани кембағалдықпен күрестің бір тосын тәсілі бүгінгі болмысы беймағұлымдыққа бет бұрған жастарды тұлға арқылы тәрбиелеу, солардың бойына ел мойындаған аға, орта буынның ізгі қасиетін өнер, әдебиет, тарих арқылы дарыту.
Астана Астана болмай тұрып, алғаш ат басын бұрып, көш бастаған да біз білгенде Кенжеғали еді. (Елорда филармониясына жетекшілік етіп, ұлт аспаптар оркестрін құру жолындағы жанкешті жұмысы бөлек әңгіме) Орыстанып кеткен өңірге ұлт рухын жақындатып, ағартушылық жұмысқа құныға ден қойды. Оның қай кезден де ұстанған идеясы – Алаш идеясы. Алаш ардақтыларының мұраты – ұлт мазмұнын байыту еді ғой. Кенжекең де сол идеяны жалғастыруды қасиет­ті міндеті санап, ұлт­тық идеологияны қолға алғанда ғана ұлт­тың бүтіндігі сақталып, ұлт ұпайы түгелдене беретінін терең пайымдады. «Кейде даладан іздеген даналық өз үйіңнің төрінде отырады» деп Мұқаң айтқандайын, бар даналықты да, даралықты да даладан, өз бойымыздан іздеді және оны тапты да шәкірт бойына таңғы саф ауадай сіңірді.
Мәшһүр ақсақалда «Адам деген – бір жалаңаш нәрсе. Мінез, ақыл, сөз оның киімі іспет­ті. Осылар көркем болса, жұрт көзіне көрікті, сүйкімді көрінеді» деген сөз бар. Сол әулие шалдың тәмсіліндегідей, бүгінде миллиондаған көрерменнің көзіне көрікті, көркем мінезді, сымдай тартылған сымбат­ты, сырбаз ғана көрінетін, жалған сөзден, жасанды ойлаудан ада, надандықтың исі шығатын жерге жоламай жүретін Кенжекең туралы кең көсіліп бір кітап жазу да қиындық тудырмас еді. Себебі түпнұсқада мін жоқ қой. Ілгеріде бір айтқан болуымыз керек. «Кісіні қартайтпайтын, шаршатпайтын жақсы мінез, жақсы сөз» деп отыратын еді әлгі біздің Мәшһүрді біліп өскен шалдар. Осы адамгершілік формуласынан тамыр тартатын зияткерлік, дегдарлық, өне бойында үнемі жүріп жататын жылы ағыстарға тәнті болғалы қай заман! Осынша уақыт ішінде жиған абырой, беделін ұстап тұрған да өзгеге, кез келген әзәзілге жеңдірмеген де ішкі зор рухани қуаты. Өтірік айтатын адам аурушаң болады. Өнерді өлтіретін өлермендік, өтірік екенін де шақалақ шағынан көкірегіне құйған ол тәңірден берілген талант­ты тазалық пен тартымдылыққа ұмсындырып, оны ұстап тұрудың темірдей тегершігі қателікті де, кемшілікті де түзеп, ұшықтап жіберетін еңбек екенін естен шығарған күні жоқ. Кішкентай дауысы, титімдей қабілеті барлар болдым, толдым деп атақпен ауыра бастағанда оның шала шатақтықпен тіпті де ісі болмай, алтын қайнарлардан қанып ішіп, жанкешті жұмысын жалғастыра берді. Өзін жоғалтпаудың жолына түсіп, жетіліп отыруды ойлады. Соның арқасында кімсің, Кенжеғали болды, бүгінгі кемелдікке жет­ті. Атақ та оны адаспай тапты, даңқ та өзі келді. Біреудің алдына барып өтініш айтып, бірдеңе дәметуді өліммен тең көрді. Осы оймен орайлас бір жағдай есіме түсіп отыр.
Күні кеше Мемлекет­тік сыйлыққа түскенде тақымымызды қысып отырғанымыз рас. Классикалық музыканың мэтрін, үлкен өнерді бағалау үшін үлкен зерде қажет. Комиссиядан да соны күт­тік. Кейде сенім басымырақ болғанымен, мына байырқалау заманда әлдебір алаңдаушылық болмай тұрмайтыны және бар. Осы оймен өзі үздіксіз насихатшысы болып жүретін, «қазақта енді ұлт композиторы тумайды» деген кесімді ойдың иесі Ілия Жақановқа хабарласып едім, ол кісі: «Құқ деме. Мен білетін Кенжеғали жарып шығады» деді. Талант талант­ты таниды деген – осы. Үміт ақталды. Алғашқы турдан-ақ аламаннан қара үзіп шықты.
Бір қызық дерек ден қойғызады. Оған 1991 жылы Қазақ­станның еңбек сіңірген артисі атағы беріліпті. Араға отыз екі жыл салып, Мемлекет­тік сыйлықтың лауреаты атанды. Енді Президент қайта қалпына келтірген «Қазақ­станның халық артисі» атағын алуға осынша уақыт керек пе?
ТІЗГІНТАРТАР: Осыдан отыз жыл бұрын ол жөнінде «Егеменге» «Таза бұлақ» деген шағын дүние жазып­пын. Бүгінде сол кеудесін өнер буып, бұлқынып өскен бұлақ асау бермей арнасынан асып, айбынды айдынға айналғанының куәсіміз.
Айтары жоқ, кісінің бар жағынан келісті, бекзат болуы – бұл өзі әркімде кездесе бермейтін құбылыс. Ойымызға осы тұрғыдан назар қоныстатқанда, бүгінгі жастардың, қатарластарының Кенжекеңе қарап та бой түзейтінін қуанып айтуға болады. Қырғыздың Ниязалы комузшысы айтқандай, «күлкісі жақсы кісінің күлкісіндей, жүрісі сұлу торы ат­тың жүрісіндей». Мұның еш құпиясы жоқ. Қарапайым қисынға салсақ, таза жүру, жақсы тілекпен тыныстау, елін сүю, ұлтын ұлықтау.
Қазақ вальсі королінің бірі – Бекен Жамақаевтың нағашы жұрты Саржалда ат жалын тартып мінген сары бала осынау зымыран жылдар ішінде ағаларының аласармауына, інілерінің ірі болуына, әріптестерінің әдептен аспауына тілекші бола жүріп, бүгінде ұлты ұлықтап, ұлағат көрсетер ұлына айналды.
Ел ертеңін ойлаған қай ердің де болмысын биіктетіп, жолын ашатын да көбімізге жетісе бермейтін осы мінез, осы қасиет қой.

Қали СӘРСЕНБАЙ

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір