Жыр қағанатының ГЛАДИАТОРЫ
26.04.2023
2207
0

Білеу тасқа өзін бітіктеген

 Поэзия ауылына дүркірей келген өңге реңкті өңшең түренділердің бірі: тірі Траян – Шаһизада Әбдікәрімов. Алпыстың (1960-1970) жалғасы – жетпістің ортан белінде ойран салған озаншы – осы күмен… Үндемей өзімен бірге жүргендермен ере берген болса, мүмкін «мұратына ерте жеткен» болар ма еді?! Ерегесқұмар, екі иінінен түтін будақтатқан түлен-түрткен түге! Сықпыты мен сүрепеті де тым жағымды емес, киген «кіреукесі» де қонымсыздау – қоңыр ауыл мен келімсектердің қонысы болған тобырлы қаланың арасында адасқан дүлей һәм «атаман» сүлей һәм «…сүрей»… Бар айтатын дәті де, нәті де – адуын ақын Байботадан бата алғаны! Байбота ақын да осал дуалиһат­ты әулие болмаса керек – Абаймен бәсталас ақынға алақанын жайып ықыласын берген… Әйтеуір бір кәллә, бір ниет дейік! Ала жөнеліп, ауыздығын қарш-қарш шайнап, жаңбырлығынан тер саулаған, сербегінен жел лаулаған қыл құйрықты кіл егей жүйрік еске оралады. Алтайы таудың ақырғы көшпелі сайлауыт­тары түгел «жынды» күлік мініп, қымыз қыдырып, қыр кешкен. Күлік пен «бүліккес» ақынның түп тамыры бір жерден… Шын жүйріктер ағынды өзеннің шетінен су ішпеген… Бозөркеш ағынға қарсы кешіп барып, сағалдырығына дейін басын көміп тұрып тұнықтан жұтатын құйматұяқтының ежелгі инстникт һәм бейтүйісі. Шәһидің осы бір сұрқынан тұрқы киіктей бір күліктің елесі көрінеді. Қым-қиғаш қашаң саяқ ойлары, көлбеу кесімдердің үркініндей…
«…Түндіктен сығып су беріп, түтікпен сорды қанымды…»!? Ойыңда қалатыны – оның болмысы «аяқталмаған» жыр секілді біртүрлі және көпбояулы сүгірет кейпі сықылды. Үскіні үшін ешкіммен санаспайтын шәйірдің оқыстан музаға қарай маңып кететіні де ерек. Ғазалиясының ең ғажабы – ерте дәуірдегі мейханалардың іргесінен іңсілеген ұрғашышыл тип­пен бейқұмығуға ұқсас. «…Қырық қадам шыға бере үйден біз, қырық қыздың құшағына күйгенбіз, соның бірі сен емес пе ең, қалқам-ай, омырауы ойық көйлек киген қыз?..». Бұдан кейін қызыл, күлгін жайраң дара сын есімдердің бұлқынды қимылы жалғасады! «…Торы айғырды төмен қарай сазға айдап…» кете береді! Мен білсем бұл эротикалық бейбастақтық емес. Тағы да сын есімнің өзге өңдерінің ізі. Тіптен күшті пернелерге, өршіл ноталарға өзін тізіп, әуенмен рокерлеп, жөрмеп байлайды. «…Лыпасын түре асыға, қомданды ол, бүркіт болып,Үр қыздың ұмасына, ұрығын іркіп төгіп. Дауа жоқ мына сұмға, адалды арам ет­ті, Батпақтай бінәсінда, бақырып бала кет­ті. Ару қыз көп жылады, бір сезім баурап күшті. Аңсардың әбжыланы ауынан аунап түсті…»!? Беті ұят­тан қолдыраған ұят пен ардың арасындағы ұлт­тың трагедияға толы тоғысқан тағдыры! Өлеңнен теріс айналып кеткің келмейді. Бұл жерде былыққан талайдың аражігінде құлықсана мен назымның ажырамас бөлігін көресің. Хаос! Құрмет тұтуға келетін әуезі керемет хаостың көкесі! Осындағы «Айдаһар» және «Аллегория» өлеңі де өлең-шөпке түскен өрт­тей сұрапыл! Тек «Ақырзаман» өлеңіндегі: «…Айтпайды ешкім ұры деп те, ұлық деп, Нашақордай қазір көкке ұшамын: – Мұп-мұздай боп төсегіңе кіріп кеп, маздап жанған мүсініңді құшамын!..». Габриэль Гарсиа Маркестің «Жүз жылдық жалғыздығының» әсерінен емес секілді. Мүмкін ол, Маркестің «Менің әйелдер туралы мұңлы ойларымының» тура әсері болар ма?! Ал Есениннің «Қара киімді адамы» өлеңінде күллі адамзат­тық трагедияны: «Мүшеқаптың жыртығынан жылп етіп, мына өмірге өтіп кеткен мұңдар-ай…» дейді. Аурелиана Буендианың ішқұса арпалысындай, аса дағдарыспен күйгелектену, тықыршыған мазасыз күйін кешуден туындаған ойлар. Адамзат­тық саналы арпалысқа ұрына алатын – мақұлық тек ақындар ғана дейтіні осыдан! Оны қазбалай беруге енді уақыт­тың ебі де, себі де келмейді, қажетсіз…

Бұғалық жырдың борышы – қыл мойында

Ақын Шаһизаданың жиі қолданатын бір орамдары болмақ керек еді. Оны да байқау үшін Шәһидің өлеңдеріне үңіліп қаламыз. Ақын деген ғаламды оятатын құбылыс ретінде көрсетпейді. Алайда оны меңбәлки бағалауға бейім. Мұндай таныммен тәпсірлеу Батыс пен Шығыста көп емес. Ақынның бұл кейпі – оның өз сүлдері. Мінеки, «…күндейсің бе, көктегі айды, тілдейсің бе – от­тама! Ақындарды сот­тамайды, өлтіреді тек қана; көр-лақат­ты қалғып құшып, күзетіңдер мүрдесін – құлпытастан қарғып түсіп, қашып кетіп жүрмесін…». Расында Шәһидің өлеңдеріндегі образдар мен ойлар пафос тек өзін көрсетеді! «…Өлді бір күн… ұлар арман, ұлық ой, леп белгімен аяқталып сөйлемі; керуен кешкен көп жолдардың бірі ғой – жүрегіңе жерлемей-ақ қой мені…». Ол расында ешкімге басыбайлы болуды көксемеген жансебіл есебінде екен. Поэзияның әлемді құтқара алмайтын өлездікке айналуын нақты сәуелейді. Мұнда Евтушенкоға хат жазыпты, өлеңмен. Женяға жеңіл наз жазып отырып өзі ой сүңгісімен сөз қазып, ең терең ессіздікке сүңгіп бара жатқанын жылдам сезінеді. «…Жағдай ауыр, өтім толы уытқа… Женя аға, жылы орныңды суытпа! Ақынына бұрылмаған Русьтің, ақылы да кіре қоймас жуықта…». Не үшін, неге, кімге айтылған ишарат? Бәрінен де өз сеніміне шыншыл, өз дегенінде қазықтай қағылып қалып қоятыны қызықты. Қалып қана қоймайды, толып тұрған бейсанаға өзін қадап кеткісі бар. Мыс шегедей мықты мығым еркін айтары бар. Өткеннің көгілдірлі көктеміне өз еркіндігін бұйдалап берген өрен бостан! Соцреализм дәуірінде сын, теория деген ұғым мүлдемге ақсап жат­ты. Ақынның қызықты ғұмыры, талант­тың тұрмысындағы түрлі жағдаят­тарынан тіптен шалғай, алшақталған дөрекі шалағай «сын» – сын емес бүкіл қоғамымен масқаралануға жақын ұғым еді. Ақынды хаһи сын арқылы ақылмен қайраудан гөрі оны антикоммунистік пенде ретінде мансұқтау, әдейі ұмыт­тыру, ортадан бездіру, шығармашылғын тәлкектеу, шүбә келтіріп, адал ісіне күмән туғызу, тіпті тура қудалауға дейін барғызған қиын да жабық заман болған. Қоғам арасында «…ақындық ғұрпы басқа…» дарындыларды «оқу соққан» әумесер, сезіктілер қатарында көрсет­ті де, аса талант­тылар мейлінше механат шекті. Шәһи де «…шаһидке де тіл тигізер пенде бұл!..» деп солардың қатарында соры қайнағандардың қатарында сықылды. «…Көргені – қиялдай, көнгені – зорлық іс… жазылған қанатын жия алмай, шырылдап жат­ты-ау бір сорлы құс…». Әйтеуір осылай зарлап жүрді…
Алайда арманда кеткен арда Сағат Әбдуғалиев, зейіні бөлек шайыр Зейнолла Көшкенов, арманы тапталған аңқыл Артығали Ыбыраев, сайрамдық саңлақ ақын, жайдары жаңбырлы Танабай Нармановтардың тағдырынан сәл өзгерек демесең, осылармен бірге өлмеді демесең, Шәһидің өмірінде көргені де біршама екен. Ол: «…Өткенді ойлап, кеткенді ойлап, Күрсіндім… Қайтар едім сол күндерге «қайт» десе. Адам болдым арқасында Тұрсынның, ақын болып кетер ме едім, әйтпесе…».

«Түрмеден түгел өткен…»

Есуастармен бірге шайтани ортада аралас-құралас болған жанның өзі де онша оңбайтыны – ақиқат­ты аянның аяны. Шәһидің «Толық емес өмірбаян» өлеңі қып-қысқа роман немесе неше метражды кино, телесериалдың бір керемет­тей үздігі секілді. Ащы шамырқанудан туған ащы шабыт­тың «жемісі»! «…Бала жасымнан өсіп ең, Өлең, қолда ойнап, Көрмеге қойып көрсе еді. Алматы барып, басында бұлақ болмай қап, «барға» апардым-ау мен сені…». Осы өлеңді оқығанда шынайы өмір мен қызыл жүйеде ұрланған жас ғұмырдың, дарыны мен шабыты өртке шарпылған ақын ғұмырдың өлексе сұлбасы көзге елестейді. Бостандықты көксеген бос сандалыс, бастан аяқ детективті оқиғалар ұстындары үрейлі үңгіріне тартады. Үрейлі кино көріп отырғандай бейүрейлі күйде қаласың. «…Баспаға келдім… ақынмын ой-дой көтендей, …сұрайды менен «кімсің» деп… Бастығы соқыр екен ғой…». Арғысы өң мен түстей… Сұп-суық басшының көлгірсіген өлі көзі мүлдемге өтірік бет-әлпеті… «Университет­те болмады, білем, берекем, Сергей Мироныч жат көрді, Қожакеевтің вокзалда досы бар екен, кезексіз билет ап берді… Көрсетем әлі көкелеріңді түгендеп, Кет­ті ғой деме бас бағып,бұл бәле тағы төбелес бастап жүрер деп, «жетінші пойыз» қашты алып…». Қат­ты аяп кетесің. Бүйткенше «Жетінші ғарыш» біржола аспанға алып қашып кетсе еді деп!? Әт­теген… «Ауылға жет­тім – баяғы өзім көргендей, жерге қаратып сары шалды. Адам өлтіріп, түрмеден қашып келгендей, Қармақшым суық қарсы алды…». Үндіқытай түбегіндегі Бирма (Мьянмар) елінде ыстық климатқа байланысты «суық қарсы алды» дегені бізше – «ыстық ықыласпен жүздестік» деген коммунистік лепемен бірдей ұғым! Қармақшысы «суық қарсы алғанымен» жас әрі жалыны сөнбеген бала Шәһи үнемі қызып (көңілді) жүргенін өлеңге айналдырады… Ол тағы да: «…өлеңді қайтсін, сабантойларды бұл ара, баяндамалармен жүр атап, Түсіп жүрмін-ау дау-дамайларға күнара, ішіп жүремін, Рахат!» Беу, шабыт! Ақынды сорлатқан да, шырылдатқан да бозторғай-уақыт! Шабыт – торғай секілді, қонады, үркеді, кетеді ұшып! Ішкі бостандық үшін салынып ішіп кеткен ақындар аз ба?! Шәһи болса ақындықпен емес, ащы шайтансумен қоштасқан. Сонысымен жоғалмай қалған шығар дейік!? Жуықта ақын Бауыржан Бабажанның «Өмірзая» деген бір мақаласын оқығам. Сол – «жетінші ғарышқа» ұшып кеткен аяулы шайыр Әділ Ботпанов туралы. «Ұнатам Күзді, жапырақтардың алып ұшқанын, түскен жерге… сандалыс, сабылысқанын…» дейтін жыры бар пәруай! Ақынның ең қиын қасіреті – баз кешуі! Шәһи айтқандай: «…күндейсің бе, көктегі айды, тілдейсің бе – от­тама! Ақындарды сот­тамайды, өлтіреді тек қана; көр-лақат­ты қалғып құшып, күзетіңдер мүрдесін – құлпытастан қарғып түсіп, қашып кетіп жүрмесін…» немесе «…Қаңғырып келгендей біз басқа әлемнен, кеңселер кіргізбейді тастан өрген…». Енді қайтпек, еңсесі жаншылып жатса?! Бұл сөйлемді тағы да тінімізге тіркеуімізге мәжбүрміз былайша реті мен кезегі келгенде! Сөйтеді де өзі күніге титімдей жарты шындықтан бүтіндей айналып, тәйкі ойымен тайқып, қашып жүреді!? «…Аман өтіп кетсем екен деп тұрам, түрмелер мен молалардың тұсынан…» немесе «…Бесігімнен шыққан жол, бейітіме аман-есен жеткізсін…».

«Бір тамшы қанымды алақаныңа тамыздым»

«Жылдарым» деген ұзын өлеңі бар. «…Айдаһардың арқасында мызғып ап, жолбарыстың жотасына мінгескен…» жылаған жылдарын осылай айтады… Жақсы өлең емес тегі… Алайда тоң дүниеге көз жасымен сөзін суарған ақынның бір шөкім ілкі тектоникасы секілді жып-жылы сүрен. Дүниеуи ақындардың түгелінде бар дерт-мұң. Ол ойқыш-ойқыш оқыс ойларымен «өзін» ғана жазады. Италияның ұлы суретшісі әрі ғалым Леонардо да Винчи өзінің әйгілі «Моно Лиза» портретін сызғанда тек өзінің кескінін келтірген деп долбарлаған американың бейсаналы ұрғашы өнер танушысы Лиллиан Шварцтің (Lillian Schwartz) көзқарасы дұрыс-ау!? Көзқарас – таңдау! Шәһи осындай бір ерекше көзқарас таңдаудың соңында болғаны байқалады. Мүмкін оңбай адасты да. Ол Бауыржан Омаровтан білімдірек, Серік Байқоновтан сіңірлірек, Артығали Ыбыраевтан кербезірек, Есенғали Раушановтан ақынырақ, сөне-е-е-у арғы бет­тегі ақын арқадашы Адий (Аркадий) Павлович Кутиловтен (1940-1985) алғырырақ, Әбубәкір Қайраннан ақылдырақ, Ертай Ашықбаевтан қайырымдырақ, Ғабиден Құлахметовтен сәл айбындырақ, Мәди Қайыңбаевтан дәл жинақырақ, Қасымхан Бегмановтан ширағырақ болғысы келмеген секілді. Бәрінен де олардың бір жиынтық аманати болмысымен «…аманатқа адал болу –парызым…» деп өмірі солармен бірге өрілген ақын.

Ақырғы азамат­тық пақырлық

Ол 2016 жылы «…Жалғызымсың, қайтейін, Қазақ­стан…» деп зар қақсағаны бар. «…Мен бір сорлы басынан базары ұшқан, кім ұғады жанымды наза қысқан? Гого Ашкенази мен Мешкейұлын төбесінде ойнатқан Қазақ­стан… Ертісбаев ерінін жыбырлатса, ере кете бересің, Қазақ­стан… …аңырайды Жаңаөзен қаза құшқан! Қыр соңымнан қуалап атқаның не, «көзіне қос көрінген» Қазақ­стан…»,«…теледидар алдына Тоқтарымды, тізерлетіп сөйлет­тің, Қазақ­стан…». Осыдан кейін ақындардың тесік шөміш секілді жүрегіне үңілмей көріңіз!? Шәһи зәуде бір орам ғана ода жазса да іштегі барлық шері мен жан сырын адалдықпен бұрқыратып төге салады. Әрине, бір есептен Макс Хоркхаймердей (Max Horkheimer 1895–1973) тоталитарлық қоғамның қанды тұзағынан құтылудың ғаділет­ті жолын көкседі. Соншама ғаламдық деңгейдегідей қауқарлы да кең ауқымды да, бек айбарлы бола алмаса да, ол «түскен жолынан» аумады. Мейлінше тек өзінің өмірлік әділ ұстанымы үшін өлшеусіз ішкі еркіндігіне өрескел жол ашты. Жаһандық жадтағы баяғы жалғыз өлшем, бір идеологияның құрсауынан бұлқынып шыққысы келді. Түстіктегі АҚШ-тың беймазаң шақта қуғын көрген әулиелерлерінің бірі – Герберт Маркузе (Herbert Marcuse 1898-1979) секілді атақты бола алмаса да өз дегені мен өзтізгініне өте берік болғысы келді.

Тағы да көп өлшемге қарайды…

Иманғали Нұрғалиұлы Тасмағамбетовке арнаған өлеңінде өзгеше азамат­тық лирикалық реңкі басымдау көрінеді. Ол көкірегімен біртүрлі саңылауды іздейді де жүреді. «…Мамық төгіп астары жыртылған Көк, қараңғы түн қамайды сыртымнан кеп. «Атырауда кім бар-ей, мені күткен?!», сұрғылт вокзал сел ет­ті… Ұмтылған жоқ». Мінеки, нағыз сүгірет, бөлекше сүлейдің мұңлы кейпі. Жан бауырын жалғыз жарыққа теңейді! Теңеуі де ересен: «…жалғыз жарық – көзінен тамған нұры…».Түр мен сұлу сөздің сөлі сіңген – морфология… Бұл азамат­тық сарын, досқа адалдық пен хаһи адамдықтың бір бейжазды көрінісі. Жатбауырлықты жаны да қаламайды. Жетер жері, жеткен шебі мен шегі – тағдырлы елінің ертеңі! «Жетімхана» өлеңі – өлең емес, дағуат-салауат сарыны секілді. Ұлт­тың ұлт болып өнуінің ең қатерлі «қанды қақпаны» – жетімхана?! Қазақтың басын жетімханалардан теріп жүрмеуге арналған болашақ ғұрыптық тірі үндеу! Бүгінгі елдік кодекстерде көзі ұйқыдағы депутат­тар былай тұрсын көрімдеулерінің өзі жөнді көрсете бермейтін түгел демографиялық туу коэффициент­тері туралы жариялы жан айқайды ақындар ғана айта алатынын осыдан байқауға болатындай. Жақсы өкімет – жалпыұлт­тың ұрықты жанын (кодын) жатырда сау сақтайтынын, жас нәрестененің жетімшілік көрмеуін, ұлт­тың өз-өзінің иммунитетін қорғап, жан құрсақты қадағалауына қарай еңсерген ірі лепет­ті ниеті.

Адамзат­тық ақылға қарай

«Кішкентай ауыл» өлеңінде ұлы өркениет­тің биік те аласа табалдырығы көрінеді. Сағыныш пен қимастыққа байланған. «…Келеді пойыз зымырап, санамды салып сарсаңға, «стоп кранды» жұлып ап, секіріп түсіп қалсам ба!?», «…келеді пойыз зымырап, құшағын ашып далам кең. «стоп кранды» жұлып ап, бәрібір түсіп қалам мен!». Бір өзін екіге жарған мінезді ақынның қимастығынан бейсаналылықтың жолақ-жолақ қылаңын жолықтырамыз. Соцреализм бе, әлде метамодернизм бе!? Жоқ, екеуі де емес! Тек мөп-мөлдір дала лирикасын арқалаған – өз «шәһизмі» ғана болуы мүмкін! «Қала» өлеңі супер! Зағип тексіздік жайлаған жабайы урбанизация керенеу тозғындық, сондағы балилер мен малилердің урбандалуының кеспір-кейпі елестейді, керемет! «Дария» өлеңін оқысаңыз шәһизмнің нілі арқылы әбден кетеуі кеткен даланың сора-сора көз жасының «ізін» байқай аласыз! Япырай,ә?! Қарт­тықтың қара пайымымен, абыздықтың жұғымы бар зейіні күшті ы-ым-м!? Бәрін ерте сезгендей… Әстәпір! Бейнет­тің бетін ары қылсын! «Өшкен үміт. Өлі маңай!». «…Күйреген соң нар қамысы, ырылдайды, ыңыранып, Сырдың соңғы жолбарысы, көкірегіме кіріп алып…». Дағыстанның ардақты ақыны Расул Ғамзатов: «Біледі олар көктегі жұлдыздың не деп тұрғанын…» деуші ме еді?! Бәрін сезеді ол, хайуандық, бөрілік салауат­ты, түйсігі (инстинкт) күшті. Шәһи өзі де «…аузынан алтын түкіргендей…» осылайша тәнменшік комплексімен есе береді. «Күзгі өрт­тер» жырын үшінші жаққа қарай бұра өрген. Онысын соңғы шумаққа жасырады!? Тіпті шарықтап барады да шәлт кетеді. «Аяқталмаған жырына» бұзаутіс қосып осып өтеді, жосылтып… Осқан жерінде қолдыраған қанды жолақтар табы қалатындай. Поэзяның шырмауықты кіреукелі жыр – гладиаторы ақыры осында: «…Кеудесін тоспай қамшыға, құйрығын тосқан досым-ай!» деп налиды. Біледі, білді, сезеді, сезді, т.с.с.
* * *
Қармақшының қара сексеуіліндей хас ақын Шаһизада Әбдікәрімовтің тас бұйырғындай тамаша саңқыл өлеңдері анда-санда көрініп қалып жүр… Өмірі ө-ө-өз тұғырында һәм жан жары Тұрсынының қасында тұрған Траян… Дұрысқа өрілген – теріс бұрау – Шәһи-за-де!

Сұраған РАХМЕТҰЛЫ

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір