АЛА-ТООДАН АЛАТАУҒА КЕП ҚОНДЫМ
13.04.2023
675
0

Акбар РЫСҚҰЛОВ
Қырғызстанның Ел ақыны

ҚЫРҒЫЗДАР
Қара бала құстай енді самғайды,
Қондырды әкеп асау аттың жалына.
Анасының зәре-иманы қалмай жүр,
Қарап қойып қарқарадай шалына.

Атсейіс қарт: – Қане, балам, тартынба,
Сауықшыл ел тақымыңа тандансын!
Күлігіңмен құйғығанда, артында
Жұмбаз-жұмбаз жұмарланып шаң
қалсын!

Ат жалында өмір ағып барады,
Бауырында төсек-төбе жаншылып.
Шабандоздың шоқтанады жанары,
Сәйгүліктің сауырына қамшы ұрып.

– Жалғызымды сақтай көрші, құдайым! –
Жылайды ана – жанарында жұлдыз бар.
Зекиді шал:
– Өй, атаңды… ұрайын,
Ат жалында жығылмайды қырғыздар!
УАҚЫТ
Асыққан Уақытқа жақын боп,
Бағынсақ қаланың заңына:
Ысқырып басуға қақың жоқ,
Ыбылжып жүрмейсің тағы да.

Мезгілді өзіңе қаратып,
Жалына жармастың күндердің.
Жұмысқа зымырап баратып,
Темекі шегіп те үлгергін!

Алдыма алаңдап жүрем көп…
Сабырсыз сағатқа қараңыз.
Уақытты таксиде үнемдеп,
Үйлену тойына барамыз.

Келешек қол бұлғап алыстан,
Таңдарың толықсып атар-ды…
Уақытпен алысқан, табысқан,
Сүйемін күрескер шаһарды.
АҚ ДҮНИЕ
Қолым бұлғап қоштасуға қорықтым,
Көкірегіме тәп-тәтті бір толып мұң.
Ескі жылды Бішкегімде ұзатып,
Жаңа жылда Алматыда жолықтым.

Бішкегім мен нұр Алматым – қос бағым,
Қанатымнан қар суыртқан асқағым.
Бастап беріп жыр сайысын қырғыздың,
Қазақтардың қара өлеңін қоштадым.

Ала-Тоодан Алатауға кеп қондым,
Ақша қармен Жаңа жылды ап келдім.
Қазір менің мақтануға хақым бар:
«Аяз-Атаң – нағыз менмін, нақ менмін!»

Қай тарапқа, қай көшеге бармағын,
Қар жауып тұр…
қар жауып тұр…
қар қалың…
Құтты кешті Алматының қызымен,
Ақ қысымен танысуға арнадым.
Сары аязы құлағымнан шымшылап,
Сықыр-сықыр …аяз жолдың тыншын ап,
Әрбір алған қадамымды қызғана,
Аяғыма оралады қыңсылап.

Тыным алмай, түні бойы борап қар,
Салы орамал салып апты дарақтар.
Құлағыма сыбырлайды табиғат:
«Ақ дүниеге ақ пейілмен қара, Акбар!»

КІМ ТҮЗЕМЕК КӘРІЛЕРДІҢ ҚАТЕСІН
Қарапайым, жаны жайсаң кәріні,
Қадірлеген иісі қырғыз баласы.
Қариялар – көзіміздің жарығы,
Қариялар – көкіректің жарасы.

Салауатты қартты көрсең әрдайым,
Сәлем бергін, алдың сенің болсын төр.
Сапар шегіп, қайда ғана бармайын,
Құбылнамам секілді олар жөн сілтер.

Бірақ кейде, құбылнамаң жаңылар,
Бағыт таппай, тілі ауытқып, қармасып.
Кейбір шалдар дамбалына шалынар,
Алпысқа да аяқ артпай алжасып.

Қарттарымның өз сөзінен ұққаным,
Тұстасы көп – ішінде бар күлтегі.
Қатынды емес, халқыңды қор тұтқаның,
Қасіреттің үлкені!

Шала шалды көрсем,
түтеп ішімнен,
Қатені өзім жасағандай арланам.
Кешірмеймін дәлдүріші үшін мен,
Қарт ақынды өлең оқып сарнаған.

Гүлін бірге теріп төскей-күнгейдің,
Қол созысқан кәдесі ортақ табаққа, —
Қаламдастар қайда жүрген, білмеймін,
Қасым, Ташым қамалғанда абаққа!

Қарт ақындар… кеткен бе еді еті өліп,
Бір-біріне салмайды уыс топырақ.
Қашанғы олар жеке туып, жеке өріп,
Қашанғы олар кектеседі, ақымақ!

Кекшіл адам жүз тіріліп, жүз өлер,
Өмір оған көрсетеді көкесін.
Жас ақындар – түзелер,
Кім түземек кәрілердің қатесін.

Қарапайым, жаны жайсаң кәріні,
Қадірлеген иісі қырғыз баласы.
Қариялар – көзіміздің жарығы,
Қариялар көкіректің жарасы.
ӨСИЕТ
Қиналған жоқ, қиналған жоқ, жарықтық,
Бір түн ғана шықты дейді ұйықтамай.
Қапылыста жүрек тоқтап қалыпты,
Кете барды жыламай да сықтамай.

Кете барды шау тартпаған шағында,
Сар төсекке салмақ салмау – қандай бақ.
Темір жолдың бойындағы тамында,
Кіріп-шығып жүрер еді мал жайғап.

Әттең деші…
Арман ету жарамас,
Сұм тағдырдың тарлығына өшігіп.
Бір қырсығы – қара басқыр, қара бас!
Ұлдарына хабар жетті кешігіп.
«…Ұлдарыма хабар барар кешігіп»,
Алдын-ала сезген шығар шал мұны.
Өткен күнді кеудесіне көшіріп,
Қолына алған қорадағы шалғыны.

Кең құлаштап, оңды-солды тастады,
Соңғы күшін тұла бойға жидырып.
Жарықтықтың мүйізденген ақ сабы,
Саусақтарын бара жатты күйдіріп.

Қыстырды әкеп тапқа түскен шалғыны,
Батырманың ең көрнекті жеріне.
Осы болды – балаларға жарлығы,
Осы болды – соңғы сөзі еліне.

Кете барды шау тартпаған шағында,
Сөнді солай шаңырақтың шырағы.
Темір жолдың бойындағы тамында,
Өмірі оның өлең айтып тұр әлі…
АЛАҚАНДАҒЫ АЙ
Түнгі сапар,
Түнгі жолдың қызығы-ай,
Тура тұстан қылтияды қызыл Ай.
Сыбырлаймын қызыл айды көрсетіп:
«Саған тартқан сыйым болсын, қызым-ай».

Ай-қызғылтым, құбылады өңі ерек,
Айналасы нұрға толып керемет.
Автобустың әйнегінен қарайды,
Омырауыңа жұпар иісін себелеп.

Жұлдыздарды тітіркентіп, тоңдырып,
Ай жылжиды жамбасымен, болдырып.
Автобустан қолың созып аспанға,
Алақанға Айды тұрдың қондырып.
СЫР
Біз қаншалық жұлқыссақ та, біл – сана,
Соншалықты ыстық тартып барамыз.
Көзімізде ашу ойнап тұрса да,
Алыстамай, жақындайды арамыз.
Егер сені ақымақ деп тілдесем,
Менің де ессіз екенімді ұғарсың.
Түзу жолдың қайда екенін білмесем,
Тарлауыттан тартып алып шығарсың.

Бұл өмірден айтам сені таптым деп,
Жан бауырым, ниетімді бағала!
Құдай ұрып, шыға келсем сатқын боп,
Сенің қолың жетер менің жағама!

Не болмаса, таң қалдырып талайды,
Бағындырсам бір биіктің өресін.
Дидарыңа шаттық орнап арайлы,
Ең алдымен өзің келіп өбесің.

Әңгімеме құй сен, мейлі, құй сенбе,
Кеудемізде тұрсын дәйім күн сөнбей.
Сені қанша ренжітіп жүрсем де,
Сонша жақсы көрерімді білсең ғой!
ҚИЯЛ
Келер күндер қолын бұлғап тұр, міне,
Үміт болса –
жеңіс бізге бұйырды!
Қиял, шіркін, ұқсас кейде дүрбіге,
Жақындатар
көз жетпейтін қиырды.

Қиял деген – келешектен хабаршың,
Жылы сөзбен жұбатамын құрбымды:
Жақыныңды алыстатып аларсың,
Қарай көрме
теріс салып дүрбіңді!
СОҢҒЫ САРБАЗ
Ең соңғы сарбазды іздейді оқ,
Ажалдың дабылы қағылды.
«Мерт болып кетесің біздей боп…» —
Бір взвод жолдасы жалынды.

Достардан айырылу – азап-ақ!
Қолқаға көнбейді ол енді…
Жағасын…
етігін тазалап,
Тік басып өлімге жөнелді!
ҮШ СУРЕТ
Күн шығысың қызыл нұрмен құбылып,
Қараңғылық керегесі қирады.
Аппақ қарда жалаң аяқ жүгіріп,
Бәйшешектің жаурап қапты сирағы…

* * *
Суға бару – сұлу қыздың қызығы…
«Бақ» еткенде көзәйнекті бақалар,
Саусағынан сусып түсті жүзігі.

* * *
Бала қайың – қара қыстың ермегі,
Мұзбен орап, қызық күнін қашты алып.
Күнді көріп,
иіп сала бергені,
Көздерінен мөлт-мөлт етіп жас тамып.

* * *
Асымды ішпей… атынды іштей қайталай,
Сүйдім сені, сырт өмірден жасырып,
Бірақ соны айтып қойды байқамай,
Менің көзім… асығып!

Сүйемін деп, күйемін деп, өлермен
Болған жоқпын, ардағым.
Соның бәрін айтып қойды дегенмен,
Құшағымнан жібермеген қолдарым.

Туған жерім – Кемінім,
Күтіп жүр ме жасыл жаулық келінін.
Мендіксің бе? Сұрағам жоқ жауабын,
Айтыпты оны ерінің мен ерінім!

Аударған
Шаһизада Әбдікәрімов

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір