ЖАН ШЫДАМАЙ ӨЗ-ӨЗІҢДІ АЛДАУҒА…
26.06.2015
1929
0

889985_726459454______________________________Ақберен Елгезек

 

ЖИДЕБАЙ ТҮНІНДЕ

(элегия)

Тылсым мезгіл күбірлеп мұң тілінде,

батырады даланы түн түбіне.

Маржан болып тұнады Ай сәулесі,

Күнге ғашық гүлдердің кірпігіне.

 

Шыңғыстауым!.. шіркін-ай, жұмақ таулар,

әр қолаты – шипалы бұлақ… баулар…

Бәрі мүмкін бұл маңда,

Сайтан болып

кету –

оңай,

жақсыны ұнатпаудан.

 

Әу-бастағы Тәңірдің жоспарындай,

мұндағы Аспан – өзге әлем Аспанындай,

жыпырлаған жұлдыздар жайқалады

Бақсылардың қаракөк шаштарындай…

 

Әзәзілден бұл маңда күй қашады.

Бәтеңкеңмен бетеге ұйқасады.

Мида оянған кенеттен бір бейнеге

кіл періште теңеулер жинасады…

 

Маңдайыңнан жалт етсе шұғыла бір,

Қара түнге көшеді шұбыра нұр…

Аспан жаққа шаншылған қос кесене

тылсымына ғарыштың сұғынады!..

 

***

Сансыз ғаламнан тұратын

шексіз Ғарыш – бір атом.

Мейірбан менің Тәңірім,

Өзі – Ғалым, Өзі – Ақын.

 

Сыбызғы тартса иесі,

өмірдің тәтті күйі осы.

Отбасы сынды тіршілік –

ортақ ғалам жүйесі.

 

Жапырағындай еменнің,

әріптеріндей Өлеңнің…

Ұлы Нұрдың

сұп-сұлу

ұшқынымын!

Өренмін!

 

Жаратқан үшін маңызды –

өрнектеп салу әр ізді.

Гүл-Ғалам Ұлы Тәңірдің

портреті тәрізді…

 

ЖҰЛДЫЗ-ГҮЛДЕР

Бұрынғы бір түстерімдей көрмеген,

Бұрынғы бір өмірімдей сүрмеген.

Көк пейіштен көктем исін үрлеген,

Көк аспанда жұлдыз-гүлдер бүрлеген.

 

Жұлдыз-гүлдер…

Ғұмырымда көрмеген.

Жүрегімді емдеңдерші кірлеген!

Іштен сыртқа шығатындай бірдемем,

Сендер жаққа жаутаңдаймын түнде мен.

 

Жұлдыз-гүлдер…

Жылап тұрмын мен неге?

Бұл жалғанның жарығына көнген ем,

Білем, білем шаршап кеттім мүлде мен,

Маңайдағы жұлдызсынған пендеден.

 

…Еш пенденің түсіне де кірмеген,

Көксеңгірде жұлдыз-гүлдер бүрлеген.

Көз жасымның түкпірінде бұлдырап,

Көк пейіштің көбелегі жүр неге?..

 

ИМАНИ КӨКТЕМ

Бүршік ата келсе-дағы көктем-қыз,

Кеуде ішінде ерімейді өктем мұз.

Жаралсақ та ақ нұрынан Алланың,

Көлеңкеге ұқсап неге кеткенбіз?

 

Бұл көктемнің қанығар ма ем сырына…

Тәнім менің – мұң құйылған құмыра.

Көңілімді тыңдамайды ақылым.

Екеуінде жоқ неліктен ымыра?

 

Соңына еніп сайтанқұйрық сағымның,

Сансыз мәрте сабырымнан жаңылдым.

Мені Өзіңе жақындатшы, Тәңір-ай,

Көрмесем де, Сені сондай сағындым!

 

Кіресілі-шығасылы мүлде Есім.

Қалды адыра өз-өзіммен тілдесу.

Табиғатқа қараймын да жылаймын,

Қандай ғажап үйлесім!

 

Көктем, көктем… өзге көктем!.. жаңа дем…

Жанарымда жаралар ма жаңа әлем!..

Тіпті, жәндік болу да – арман, – зиянсыз,

Жан-дауамды табар ем…

 

Жоғалтқаным көп секілді жиғаннан,

Қимағаным көп секілді қиғаннан.

Аспанға да қаймығамын қарауға,

Қарашығым нұрланбаған иманнан…

 

Алсам деймін аппақ нұрдан емделіп,

Кетпесе еді жынмен бірге, мұң да өліп…

Өткен өмір – күнәларым жазылған

Періштенің қолындағы күнделік…

 

Кеш

Қанша өтті күз аяулы,

сонша көктем бүрледі.

Әлемнің бар бояуы –

кепкен Нұрдың түрлері.

 

Жерді қимай жылаған –

батқан Күннің жарығы.

Шыңғырып кеп құлаған

естілмейді қар үні.

 

Жүрегіме кеште бұл

бара жатыр түн құлап.

Түйсік сөзі Есте тұр,

«Қартаймайды Нұр бірақ..».

 

Нұр санасы – өзге әлем,

құпияның ордасы.

Ол тылсымды сезбеген

көзім –

соқыр жолдасым.

 

Сыртын сипап құныға,

без де тоймас арбалып,

қайран шуақ-шұғыла,

аймалайды Шарды алып.

 

Күн нұрына тоймайсың,

Жанның емі – жылылық.

Жылатуды қоймайсың,

құдіретті Сұлулық!

 

ШАҺАР КЕЗГЕН

Өртеніп ұмыт болған сағыныштан,

Жұрт іші ағып келем, сабылысқан.

Жанарымнан сан ұшқын шашырайды,

Іштегі бітпейтұғын жарылыстан.

Ағып келем…

Теңіздей халық іші,

Кекілімді сипайды жарық ұшы.

Мен туралы білмейтін мына жұрттың,

Ұнайтыны несі екен сабылысы?

Ағып келем…

Өзгелердің қимылын бағып келем,

Ми қозып,

Лапылдайды жанып денем.

Сүйе аламын білемін, бәрін-бәрін,

Жүрегімді тұтатып, жарық берем!

Ағып келем…

Амалсыз, қарсылықсыз,

Көңіл тыныш, ми сергек, жан құлықсыз.

Мына нөпір әкетсін, адастырсын,

Қамасын бір бұрышқа жаңғырықсыз!

 

Көздері көздеріммен шағылысқан,

Бір сәтте Мұңым – мыстан

бұрылыстан,

Атып шығып алқымыма қолын созар,

Аумайтын кәрі түрі ыбылыстан.

Қорықпаймын!

Садақаға өлең өріп бере салам,

Жұлып алып кез келген құбылыстан!

 

Сыңғыр етсе сәулесі сынық ойдың,

Жүрегі жылып кетер, сұмырайдың!

Ал, мен ары жұрт іші аға берем,

Ешқашан ештеңеден жылымаймын…

 

***

Беймәлім бір жағдайларды түсінем,

Түсінем де, ауыр-ауыр күрсінем.

Содан кейін бір тылсымның күшімен,

Өлең жазып отырамын, қарайып,

Арқамдағы қанатымның ұшымен…

 

Көріп қойып ақ гүлдердің жүрегін,

Мен олардың мұң мен шерін білемін.

Серпіп тастап, мына әлемнің түнегін,

Жарық шашып жанарымнан, сұлбамнан,

Өзге әлемнің жолдарымен жүремін.

 

Байқап қалып өзге әлемнің шырағын,

Мен олардың белгілерін ұғамын.

Содан кейін таусылғанша шыдамым,

Бір нүктенің шетіне кеп, жаутаңдап,

Жәбірейіл жанарында тұнамын…

 

***

Жан шыдамай өз-өзіңді алдауға,

Тал да қалмай ең соңғы рет қармауға,

«Біттім!» — деп ап…

Бір себепті табарсың,

Ит боп өліп қалмауға.

 

Хабарласпай, мазаламай іріні,

Медет тұтып бір жақсыны, жылыны,

Жүрген кезде,

Алдап соғар жүгіртіп,

Кезекті рет телефонның шырылы.

 

Бір күндерің серпіліспен басталып,

Бәрі саған бір мезетте дос болып,

Ұмтылғанмен жанұшыра қуанып,

Бос қайтасың, бос барып…

 

Қурай да алмай, қайткенде көктеймін деп,

Абыройды қайтсем де төкпейін деп,

Ертеңге себеп тауып, ұйықтап қалам,

Оянбай кетпейін деп…

 

НОКТЮРН

Шығыстан күз бүгін, шашады күнді,

Ішімнен үздігіп, тосамын кімді?

Сарғайып кеткен, күз түгіл, кеудемде менің,

Жапырақ-жүрек сезеді жаңбырдың демін.

 

Аспаннан көшкен таңертең,

жаңбырмен мөлдір.

Мөлдіреп тұрған үмітім мәңгіге өлді.

Кімді күтемін алыстан, нені күтемін,

Қашан келеді жақыным – менің бөтенім?..

 

Ескі бақтағы сахнаға қалықтап қонып,

Діріл қағады бір сағым қамыққан болып.

Мың құбылған қызыл-жасыл жарыққа толы,

Ол әкелер көз алдыма өлеңнің жолын.

 

Ал мен болсам, терезеге жақындап, төніп,

Мұңға батамын қайтадан.

Жабырқау көңіл.

Бейберекет құлап жатқан тамшылар таңғы,

Әйнекпен ретсіз сырғанап, билейді танго…

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір