Балаңызды күйзелістен қорғауды үйреніңіз
05.04.2023
57
0

Ресми статистикаға сүйенсек, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметі бойынша әлемде жылына 700 мыңнан аса адам суицидке барады. Бұл дегеніміз –үлкен қаланың тұрғындарына тең көрсеткіш. Еліміздегі статистика да суицидтің жыл санап көбейіп бара жатқанын растайды. Мысалға, 2020 жылы Қазақстанда өзіне қол жұмсап қайтыс болғандар саны жол апаты мен жүрек талмасынан көз жұмғандардың санынан көп шыққан. Ресми дерек бойынша 2020 жылы елімізде 3515 адам суицидке барған, ал 2021 жылы саны 3922-ге жеткен.

Елімізде суицидке қатысты статистика нақты емес екенін айта кету керек. Бұл көрсеткіштер бұдан әлдеқайда көп болуы әбден мүмкін. Бұған себеп көп. Біріншіден, менталитет сондай. Бетімізге басады деп, сүйекке таңба түсіреді деген пікір әлі күнге дейін бар. Сол үшін де өзіне қол жұмсағанын жасырып, жүрек талмасынан қайтыс болды деп шығаратындар жетеді. Мұны бір деңіз. Екіншіден, өзіне қол жұмсаған адамның жаназасы шығарылмайды деп қорқатындар да бар. Бұл бұрыннан келе жатқан үрдіс. Өзіне қол жұмсағанын жасырып, тағы сол жүрегі тоқтады деп мәлімдейді. Осыған қатысты бірнеше жыл бұрын ҚМДБ да жауап берген болатын. Діни басқарманың айтуынша, өзіне қол жұмсағандардың жаназасы шығарылады. Оларға ақыл-есі дұрыс емес адамдардың жаназасы оқылады деп түсіндірген. Себебі өзіне қол жұмсаған адамдардың ішіне жын кіреді, ал адам ақылынан айырылады дейді. Дегенмен бұл да өлім себебін жасыруға сеп болмай тұр. Өйткені дені сау адамның жаназасымен шығарылсын деп, басқа бір себеппен қайтыс болды дейтіндер де кездеседі. Қысқасы, Қазақстандағы өзіне қол жұмсайтындардың саны ресми деректен көп болуы ықтимал. Қорқыныштысы сол, бұл дерек жасөспірімдер арасында да азаймай тұр. Көбіне бұған себеп болатын – буллинг. 15-17 жасар жасөспірімдер арасында суицид бойынша Қазақстан алғашқы ондықта тұр.
«Қазақстанның тең құқық пен тең мүмкіндік институты» қоғамдық қоры 14 пен 29 жастағылар арасында 2 мың адамды шақырып, әлеуметтік зерттеу жүргізген. Нәтижесінде қатысушылардың 20 пайызға жуығы өзіне қол жұмсау туралы ойлағаны анықталған. Себеп ретінде психикалық күйзеліс, қаржы тапшылығы, ата-анамен қарым-қатынасын түзей алмау секілді проб­лемаларды алға тартқан. Мамандардың айтуынша, жасөспірімдердің 17 пайы­зы мектеп қабырғасында айына бірнеше рет қысымға ұшырайды. Түзде көрген зәбірді үйіне жеткізуді ар санайтын балалар көбіне бұл үлкен қысымға ұшыраған кезде проблемамен бетпе-бет қалып, күйзеліске ұшырап, стресті бастан өткереді. Дұрыс шешімін таба алмаған, психологиялық әлсіз бала өзіне қол жұмсауы әбден мүмкін.
Сарапшылардың айтуынша, жасөспірімдердің психологиялық жағдайына ата-ананың қамқорлығы көп әсер етеді. Баланың жеке басын құрметтемеу де соның салдары. Себебі ол өзінің өзгелер үшін (отбасы) қажет екенін түсінуі керек. Жұмысбастылықпен балаға қарамау, оның ойымен санаспау, тілдеспеу орны толмас қайғыға әкеп соғуы бек мүмкін. Мамандардың айтуынша, суицидке баратын жастардың 73 пайызы толыққанды отбасынан шыққан. Бала бақытты болуы үшін отбасында сүйіспеншілікке бөленуі тиіс. Көп отбасында ата-анасы рухани байланысты материалдық жағдаймен алмастырып қойған. Ал ақшасы бар, бірақ сүйіспеншіліктен ада қалған бала жалғыздыққа ұшырайды.
Әлбетте мұның негізінде әлеуметтік жағдай тұр деп айтуға болады. Баланы асырау үшін ата-ана үй көрмей жұмыс істейді, бірақ балаға көңіл бөлінбейді. Көңіл бөлген күннің өзінде, бала сырттан әлеуметтік теңсіздікке ұшырап, буллинг құрбаны болуы әбден мүмкін. Бұның бәрі шеңбер бойымен жүгірген тышқанды еске түсіреді, болмаса «Сизиф туралы мифтің» сюжеті ойға келеді. Қалай дегенмен балаға қамқорлық – ата-ананың міндеті. Балаға деген махаббат, сүйіспеншілік оның психологиялық жағдайына оң әсер ететіні сөзсіз. Ал қалған жағдайлардың бәрі дерлік заң жүзінде қадағалануы тиіс. Мектептегі әлімжеттіктің де кесірі көп. Бұған жол берген мектеп ұжымының да жауапкершілігі мол.
Денсаулық сақтау министрлігі кәмелетке толмағандар арасында суицидтің алдын алу бағдарламасын енгізгенін айта кету керек. Арнайы сайтта (https://bilimfoundation.org/) үнемі мониторинг жүргізіледі. БҰҰ Балалар қоры (Юнисеф), UNAIDS қолдауымен ашылған арнайы платформада кеңестер, сұрақтарға жауап алу, өзіне-өзі көмек көрсету туралы ақпараттарды таба аласыз.

А.ӘБИТҰЛЫ

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір