Герман Другенбрудт: Нәпсіге құл болғандар поэзияны түсіне ме?!
04.04.2023
450
0

 Герман Другенбрудт – испаниялық ақын, аудармашы, баспагер. 16 жыр жинағының авторы. Алты тілді еркін меңгерген. Неміс, испан, италия, ағылшын, француз, қытай, араб, жапон, кәріс, парсы, т.б. халықтардың қаламгерлерін аударып, 13 тәржіма кітабын шығарған. Өзі де әдебиет әлемінде өте танымал. Кітаптары көптеген тілге аударылып, 30-дан астам елде басылып шыққан. Михай Еминеску академиясының вице-президенті ретінде Румынияда дәстүрлі түрде Халықаралық поэзия фестивалін ұйымдастырып келеді. Ол халықаралық әдеби байланыстарды дамытуға қосқан үлесі мен өлеңдері үшін Еуропа мен Азияның әртүрлі елдерінде және АҚШ-та беделді әдеби сыйлықтарға ие болған. 2017 жылы Нобель сыйлығына ұсынылған.

– Герман мырза, сіз 1944 жылы Белгияның нидерландша сөйлейтін Фламандия аймағындағы Роллегем елдімекенінде тудыңыз. 1987 жылы Испанияның Жерорта теңізі жағасындағы Альтеа қаласына қоныс аудардыңыз. Әлі де сонда тұрасыз. Сізді оқырмандарға қай елдің қаламгері деп таныстырған жөн?
– Мен нацист емеспін. Өйткені тарихқа қарасақ, шовинистіктің кесірінен талай соғыс тұтанған. Керісінше, мен өзге мемлекеттерді, өзге халықтарды, олардың мәдениетін зерттеуге жас кезімнен құштар болдым. Мысалы, 15 жасымда Голландия мен Германияға велосипедпен саяхаттадым. Кейінірек көлігіммен бүкіл Еуропаны, содан соң, ұшақпен күллі әлемді аралап, шарладым. Мұндай сапарларымда көптеген ұлт пен діндерді зерделедім, басқа халықтардың өкілдерімен дос болдым. Сонда байқағаным – адамның адамнан ешқандай айырмашылығы жоқ. Барлық ұлтта адамға тән сезімдер болады. Сондықтан бір халықтан өзге халықты артық қоюды дұрыс емес деп ойлаймын. Мысалы, мен қытай, жапон, үнді достарымды ұлтына қарамастан, кей отандастарымнан артық жақсы көремін. Оның үстіне, бірнеше тілді білгендіктен, көптеген елде өзімді жат сезінбеймін.

– Поэзияға алғаш қадам басқан сәт есіңізде ме? Сөз өнері өміріңіздің ажырамас бөлігіне айналарын сездіңіз бе сол кезде?
– Классикалық музыканы бала күнімнен жақсы көремін. Бастауыш сыныпта оқып жүргенімде, бізге мұғалім ырғақты өлеңдерді жаттататын. Сонда романтикалық поэзиядан әдемі әуен есетініне қатты сүйсіндім. Ойлаңызшы, өлең оқып отырасың, оның әсерлілігі соншалық – құлағыңа өзінен-өзі ән келеді. Фламанд ақыны Гвидо Гезелледен жаттаған шумақтар санамда әлі де сайрап тұр. Мен одан поэзияны әуенмен әрлеуді үйрендім. Содан шабыттандым ба, балалық шағымда шағын хикаяттар мен ондаған әңгіме жаздым. Ал 18-ге толған соң, Гете, Шиллер, Гёльдерлин тәрізді немістің романтик ақындарын оқып, оларға еліктеп, өлең жаздым. Өмірде бетбұрыс жасайтын белгі алғанда, біз нидерландша «Қабырғадағы ескерту» дейміз. Мұндай тосын белгі маған 40 жасымда келді. 40 жасымда күллі ғұмырымды біржола поэзияға арнаймын деп шештім. Сөйтіп, «Қырық жас қабырғада» деген атаумен алғашқы жыр жинағымды шығардым. Сонымен қатар, «POINT» («Poetry international», қазақша «Халықаралық поэзия») баспасын аштым. Біздің баспа бұрын жарияланбаған, таныла қоймаған авторларды аударып, оқырмандарға таныстыруды мақсат етеді. Осы уақытқа дейін Болгария, Босния, Чехия, Польша, Қытай, Гаити, Исландия, Жапония, Корея, Ливан, Марокко, Палестина, Сербия, Хорватия, ОАР, т.б. елдердің қаламгерлерінің 80 кітабын шығардық. Бұл ісімізбен адамзат игілігіне аз да болса үлес қосқымыз келеді.

– Сіз үшін жазудың мәні неде?
– Испан ақыны Хосе Анхель Валенте: «Поэзия – бұрыннан бар дүниені қайта жаңғырту емес, бұрын болмаған нәрсені жазу» деген. Менің өлең жайлы философиям осы тұжырыммен үндес.

– 16 жыр жинағыңыз жарық көрді. Кітаптарыңыз өзге тілдерге аударылып, 30-дан астам елде басылып шықты. Мұндай таралым кез келген қаламгердің арманы ғой. Өзіңізді бақытты, әрі мықты ақын сезінесіз бе?
– Мен қарапайым адаммын. Тәкаппарланып, ісіп-кепсең, жұрт сені төменге атып жіберуі мүмкін. Ал неғұрлым кішіпейіл болсаң, халық сені өзі-ақ көтереді. Менің барлық дерлік кітабымды баспаларға достарым ұсынып, таныстырды. Поэзияның коммерциялық бағыттағы өнер емес екенін өзіңіз де білесіз. Кітапты өзгелер қолқа салып жүріп, шығартса, демек, жақсы туынды болғаны. Рухани ұстаздарымның бірі Конфуций айтқандай, «Мен өмір бойы шәкірт болып қала берем».

– Өлеңдеріңіздің басты тақырыбы қандай?
– Көбіне философиялық бағытта қалам тербеймін. Сондықтан өлеңдерім Жапония мен Қытайда жоғары бағаланады. Қытай тіліне үш, ал жапон тіліне бес кітабым аударылды. Соңғы жылдарда жазған жырларымда – Ковид індеті, Украинадағы соғыс, ауа-райының өзгеруі, адамзаттың жай-күйі мәселелерін көтердім.

– Италия тілінде де бірнеше жыр кітабыңыз жарық көрді. Ол жырларыңызды Италияға жиі саяхаттай жүріп, шығардыңыз ба?
– Мен Италия туралы Гетенің жырларынан оқып, лимон ағаштары гүлдеген елге бармай тұрып-ақ ғашық болғанмын. Италияға алғаш Швейцария-Италия шекарасын пойызбен кесіп өтіп барғанымда, Комо көлін көрдім. Табиғаттың сұлулығына қатты сүйсіндім. Қазір бәріміз шаһардың у-шу өмірінен шаршадық қой. Ал философиялық жырларды жазуға шабыттануым үшін маған тыныштық керек. Комо көлінің жағасындағы Погнана ауылында құстардың әні мен толқындардың жұмсақ сыбдырын ғана естіп, қиялыма қанат бітті.
– Ақындығыңыздан бөлек аудармашылық қырыңыз да бар. Неміс, италиян, испан, ағылшын, француз, латынамерикасы әдебиетін тәржімаладыңыз. Аударма саласы шығармашылығыңызға қалай әсер етті?
– Поэзияны тәржімалағанда, бір сөзді қате қолдансаң, өлеңнің бүкіл жаны мен нәрінен айрылып қалуың мүмкін. Сондықтан жақсы аудармашы қажетті сөзді біліп тұрса да, түпнұсқадағы ойды одан да дәл жеткізетін басқа сөз бар ма екен деп, сөздікті «ақтарып» отырады. Осындай тынымсыз әрі табанды ізденістің арқасында менің сөздік қорым бай әрі көркем деп ойлаймын.
– Соңғы бір жылдан астам уақытта күллі әлемнің назары Украинадағы соғысқа ауды. Сіздіңше, поэзияның бейбітшілікті сақтауға құдіреті жете ме? Әлде бар жаһанда тыныштық орнату деген орындалмайтын арман ба?
– Украинадағы қантөгіс менің жүрегіме терең жарақаттар салды. Оны соңғы жазған өлеңдерімнен байқасаңыз болады. Киевте менің достарым тұрады. Солар үшін уайымдаймын. Украинада ешбір жақыным тұрмаған күннің өзінде, онда жазықсыз жандардың қаны төгіліп жатыр ғой. Өкінішке қарай, қазіргі әлемді өзгертуге поэзияның құдіреті жетпей тұр. Қарақан басының қамын ғана ойлаған саясаткерлер мен ұятсыз капиталист байлар дүниені басқарып отыр. Нәпсіге құл болғандар поэзияны түсіне ме?! Бірақ ешқашан үміт үзбеуіміз керек. Өлеңдерімнің бірінде құрғақшылықта су аңсап, әбден шөлдеген ағаштар жайлы жырлаймын:

ҮМІТ
Айлар бойы жаңбыр жаумаған
құрғақ­шылық­та
Ағаштар қанша шөлдесе де,
Әлі де жап-жасыл.
Себебі оларды үміті суарып тұр.
(жолма-жол аударма – А.Ф.)

Сұхбаттасқан
Алпамыс ФАЙЗОЛЛА

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір