ПЕТӨФИ ТАБЫСТЫРҒАН ХУНГАРИЯ
04.04.2023
526
0

Сонау күзде Петөфидің өлеңін аударып жатқаным­да, бір күн болмаса бір күн Мажарстанға барамын-ау, сонда осынша қызық көремін-ау деп кім ойлаған расында. Түбірінде ғұн атауы бар әлемдегі жалғыз мемлекет­ті Венгрия емес, Хунгари деп атауға бейіл «Күннен туған, гүннен туған» қазақ баласының оны бір көруді бейсаналы түрде іздейтіні әмбеге ақиқат қой әйтпесе. Сол аңсар біз пақырда да болды.

Бұрнағы жылы Қарағандыдағы Бөкетов атындағы университет­тің магистратурасына түсіп, аталмыш оқу орнының магистрант­тары тәжірибені Будапеште өткізеді екен дегенді естігенде, сол аңсар шындыққа айналып кеткендей көрінген тіпті. Сөйтсек, атың өшкір ковидтің кесірінен тоқтап қалған барыс-келіс әлі де қалпына келе қоймаған екен. Жас келгендікі ме, оған бұрынғыдай апшымадым қызық болғанда. Осыған дейін де талай алданған үміт қой, «е» дегенбіз де қойғанбыз.
Cүйінші хабарды Түрксой ұйымының бас хатшысы Сұлтан аға Раевтың фейс­бук парақшасы жариялады. Бұл қаңтар айының 21-і болатын. Шынымды айтсам, әбден аузым күйіп, меселім қайтып қалғасын ба, айқайлап айтатын бұл қуанышты хабарды мажар топырағына 11 наурыз күні табаным тигенше ешкімге айтпадым. Ұшатын күнін күн санап, сағат санап жүрген адам үшін осы екі аралықта Түркияда болған зілзала мен Украинадағы соғысқа байланысты әлемдік геосаяси ахуалдың ушыға түсуі жүйкеге қаншалықты салмақ түсіргені өз алдына бір әңгіме.

«Берікқажыұлын» дұрыс дыбыстай алмай қиналған Лежак мырза һәм атын айтып үйренгенше ұмытып қалатын топонимдер

   Бұл бақ дегенді қойсаңшы, мұрты тебіндеп, жаңа өсіп келе жатқан талай бозбала сонау сәбет заманында әскерде жүріп-ақ көріп алған Мажарстанды біз елуге тақаған жасымызда көрдік. Украин-орыс қақтығысына байланысты Ыстамбұлды айнала ұшатын ұшағымыз Ференц Лист атындағы Будапешт әуежайына келіп қонғанда қауашағымыздағы самбырлаған ойдың бірі – осы еді. Ыстамбұлдан қосылған тағы төрт аудармашы бар, бәрімізді әуежайда Бенсе дейтін жас жігіт күтіп алды. Күн райы мен ойлағаннан салқын екен. Бенсенің ағылшынша айтқандарын Рамиль ат­ты әзербайжан жігіті екеуміз өзге әріптестерімізге кезек-кезек аударып, бізге арнайы бөлінген көлікпен жолға шықтық. Күнбе-күнгі бағдарлама алдын ала жіберілгендіктен, қайда бет алғанымызды бәріміз де шамалап отырмыз.
Будапешт­ен бір жарым сағат­тық жерде орналасқан төрт жұлдызды «Хун­гарикум» қонақ үйі айрықша этностилде салынған жаңа ғимарат екен. Бізді қонақ үйдің фойесінде Шандор Лежак мырза мен Юдит есімді оның көмекшісі күтіп алды. Ол кезде Лежак мырзаның Венгр Ұлт­тық Ассамблеясының (біздіңше – Парламент) вице-президенті екендігінен хабарымыз жоқ тіптен. Сәнді де салтанат­ты бөлмелерімізге орналасып, бізге арналған дастарқаннан дәм ауыз тигеннен кейін Лежак мырза бізді жеке залда қабылдады. Онда әрқайсымызбен жеке-жеке танысып, алдағы күндерде болатын жүріс-тұрысымызды нақтылай түсті. Бағдарламадағы әр детальді бүге-шігесіне дейін түсіндіретіні өз алдына, аты-жөнімізді дұрыстап айту үшін оны қайта-қайта дыбыстайтын Лежак мырзаның бұрын мұғалім болғанына сенбеске лажың қалмайды. Басқа есімдерді қайдам, ол кісіге бәрінен де «Берікқажыұлы» дегенді дыбыстау кәдімгідей проблема болып шықты. Аудармашы арқылы бөліп те, бөлшектеп те айтып, түсіндіріп бақтым да, болмай бара жатқасын (осындағы қайбір замандастарым сияқты) «Берікқажы» деп айта беріңіз дедім. Есіме еріксіз баяғыда испан ақыны Хорхе Падронның Дәулеткерейге «Капули» (Кәпұлы дегенді айта алмай) деп айдар тағып жібергені есіме түсті. Лежак мырзаның басындағы күйді көп өтпей өзіміз де бастан кешетінімізді қайдан білейік ол кезде. Венгрия десе көз алдына Будапешт пен ана бір жылдары «Астана» сапында ойнаған Кляйнхайслер ғана келетін кез келген қазақ­стандық үшін Яссентласло, Кишкунфеледхазе, Бугац, Морицгат, Кишкөрөш, Опустасер, Кечкемет, Кичкунмайша деген елді мекендерді дұрыс дыбыстау қаншалықты оңай болмаса, есте сақтау да соншалықты қиын екені айтпаса да түсінікті.

Венгрия Парламентінде неге туристер көп?

Лакителектегі (қонақ үйіміз орналасқан қалашық) екі күнгі демалыстан кейін ұйымдастырушылар бізді бірден Будапешт­егі Венгр Парламентіне алып келді. Өз елімізде бас сұқпақ түгілі, маңынан жүре алмайтын Парламент. Көздің жауын алатын мажар еліндегі ең ұзын һәм ең әдемі, оны айтасыз, бүкіл Еуропадағы архитектуралық інжу-маржандардың бірі саналатын Парламент. Басқасын қайдам, өз басым Будапешт­тегі алғашқы қадамымыз тап осы жерден басталғанын жақсылыққа жорыдым. Былайғы жұрт – әйгілі Вестминстер Сарайымен салыстырып жататын, ұзындығы – 268, ені – 123, биіктігі – 96 метр болатын әйдік ғимарат­та өзіңді құрмет­ті қонақ сезінуден ғажап не бар расында?! Қырық миллион кірпіш, қырық келі алтын жұмсалған залдар заң шығаратын мекеме емес, құдды бір көрме, я эрмитаж сияқты. Қабырғалар мен күмбездердегі әр сурет пен әр бояудан өткен тарих сөйлеп қоя беретін, едендегі арнайы тігілген кілемдер мен маңдайшалардағы түрлі мүсіндерден жергілікті халықтың бет-бейнесі мен тұрмыс-тіршілігі менмұндалап шығатын бір таңғажайып әлем. Мұндай жерде отырып еліңнің ертеңіне бейжай қарау да еш мүмкін емес сияқты. Бізге гид болып жүрген әйел Парламент­тің кіреберіс залында аңтарылып тұрғанымызда күмбездегі сурет­терді нұсқап, «анау бейнелердің ішінен Петөфиді тауып беріңіздерші» деді. Жұрт­тың дені музыкалық аспап ұстаған адам деп шу ете қалды. «Жоқ». Біздің әрі-сәрі күй кешіп қалғанымызды байқаған ол «теріс қарап тұрған адам» деді. Және оның мәнісін «бұл поза ақынның Габсбургтер династиясына деген қарсылығын білдіреді» деп түсіндірді. Дәл осы жерде тарихтан сәл де болса хабары бар адамдар 1848 жылғы венгр революциясының не үшін бұрқ еткенін ұмыта қоймаған болар деп ойлаймын.
Айта кететін бір деталь, біз жүрген залдардың барлығында келушілердің қарасы тым қалың болды. Олардың арасында ештеңе түсінбей аңтарылған балалар да, ұшып-қонып жүрген студент жастар да, бәріне ойлы көзбен қараған біз сияқты жатжұрт­тықтар да бар еді. Оқырмандарға түсінікті болу үшін айтпай кетуге болмайтын тағы бір жайт, ресми түрде Ұлт­тық Ассемблея (Жиын десе де болады) деп аталатын Венгрия Парламенті бұрын екі палатадан тұрса, бүгінде бір-ақ палата болып қалған. Туристердің аралайтыны – Парламент­тің сол бос тұрған қанаты. Депутат­тар жоқ дегені болмаса, аталмыш палатада күні бүгінге дейін әртүрлі жиындар мен конференциялар ұйымдастырылып тұратын көрінеді. Оны біз мәжіліс залында тұрған киімдер мен сөмкелерден байқадық. 10 аула, 13 подъезд, 29 баспалдақ, 700 залдан тұратын ғимарат­тың айта берсе қызығы таусылмайды ғой, әлбет­те. Мен балконнан сырбаз аққан Дунайға қарап тұрып, бүкіл тағдыр-тәлейін бір ғимаратқа асқан талғампаздық һәм ыждағат­тылықпен сыйдырып жіберген мажарларға басымды қайта-қайта шайқай бердім.

Ұлылардың алдындағы борыш

Мен осы кейде таңғалам: біздің қаптаған елшіліктеріміз бен ондағы мәдени ат­ташелер не істейді осы? Бізде әлем әдебиетін аударған қаламгерлер саусақпен санарлықтай ғой. Ал ел мен елді жақындастыруда әдебиет пен өнердің алатын орны қандай екені ит­тің итақайына да түсінікті емес пе?! Саяси-экономикалық қарым-қатынас пен әдеби-мәдени байланыстың қайсысы шынайы немесе қайсысы баянды екенін айтып жатудың өзі артық бұл жерде. Мұны айтып отырғаным, Шандор Петөфиді қазақта Қадыр Мырзалиевтей аударып-төңкеріп қотарған ешкім жоқ. Сол сияқты Роберт Бернсті Қуандық аға Шаңғытбаевтай толыққанды аударған қаламгер де кемде-кем. Олай болса, осындай тұлғалардың ерен еңбегін насихат­тауға біз неге сонша құлықсызбыз? Неге сол Шотландия, неге сол мажар жұрты әлі күнге дейін танымайды оларды? Бұл ой маған алғаш сонау 2008 жылы біз орыс тілінің ықпалымен Эдинбург атап кеткен Единбарада ешкімнің бұйрығынсыз, ешкімнің нұсқауынсыз Қуан ағамның аударма кітабын Шотландия Ұлт­тық Кітапханасына табанымнан тозып жүріп апарып бергенде келіп еді. Парламент­тегі Шандор Лежак мырзаның кеңсесінде, жергілікті ақпарат құралдары алдында сөз алғанда мені осы ой тағы да мазалады. Бар дүниені көрсетуге, істелген жұмысты айтуға не кедергі бізге осы? Осы бейқамдық қарапайым адамдарға жарасқанымен, мемлекет­тің сыртқы имиджін қалыптастыратын дипломат­тарға жараса ма, мысалы? Бәрін былай қойғанда, Совет­тер Одағының темір шеңгелінде отырып аударылған сол қыруар еңбекті енді кейінгілерге жеткізу бостан елдің көзіқарақты азамат­тарына борыш санал­уы керек емес пе?! Жиында сөз алған бізден өзге жұрт­тың бәрі Петөфидің су жаңа кітаптарын жарқыратып алып шыққанда қарадан-қарап қысылдым. Құдай оңдағанда қолымда Қадыр ағаның 1996 жылы «Жалын» баспасынан шыққан «Махаббат пен бостандығы» бар еді. Жалғыз дана болса да, соны өзіммен бірге алып шыққаныма дәл осындай қуанбаспын. Сөз басын қазақ жұрты үшін аса қадірлі Иштван Қоңыр Мандокиді еске алумен бастап, сөздің аяғын Қадыр ағамыздың сүбелі еңбегіне екпін қоя аяқтаған мен жалғыз-жарым кітабымды сол жерде Лежак мырзаға табыстауыма тура келді. Өзбегі бар, түрік пен түркімені бар ағайын күнде-күнде, дүркін-дүркін таратқан кітапқа классиктің жалғыз томы қарсы тұрды сөйтіп! Және ең қызығы, ертеңінде жарық көрген ақпарат­тардың бірінші бетінде дәл осы Қадекеңнің кітабы тұрды жарқырап. Мен осы оқиғадан кейін «Қадекеңнің аталмыш жинағын қайта басып шығару керек екен» деген ойға қалдым. Олай болатын себебі, бұл кітапты жиыннан кейін сұраушылар аз болмады. Мен оны қолқалап сұраған, я Түрксой ұйымының басшысына, я Шандор Петөфи мұражайына жеткізе алмағаныма қат­ты қапаландым, шыны керек. Сосын Жәнібек Әбдірашев бауырымыз бас болып отырған Мажарстандағы біздің елшілік өкілдері Кишкөрөш қаласындағы аудармашылар аллеясына Қадыр ағаның бюстін қоюды қолға алса, бірден-бір сауапты іс сол болар еді біздің замандастарымызға. Ақын туған үйдің жанынан орын тепкен аллеяда Петөфиді аударған орыс, неміс, пол­як, грузин, осетин сияқты әлем ақындарын көргенде ішің ашиды екен біртүрлі.

«Менің пірім – азынаған қара айғыр»

– дейді Петөфи. Аққан жұлдыздай бар-жоғы жиырма алты-ақ жыл ғұмыр кешсе де, екі ғасыр бойы ұлтының ұраны, поэзия­ның пырағы боп қалған ақын айтса айтатындай-ақ сөз. Маған бұрын ақынды дәл қазақ халқындай әспет­тейтін ұлыс жер-әлемде жоқ сияқты көрінетін. «Бақсам, бақа екен» демекші, ақынға деген құрмет­тің төресін мен Мажарстанда көрдім. Ақынның қай өлеңі қай жылы, қай жерде жазылғанына дейін көрсететін карта жасап, тұтынған зат­тарын көзінің қарашығындай сақтап отырған Будапештегі Петөфи мұражайы мен ақынның туған үйі мен жатқан төсегін сол қалпында сақтап, 1880 жылдан бері мұражай есебінде жұмыс істеп келе жатқан Кишкөрөштегі орталық сол сөзімізге бірден-бір айғақ. Шандор Петөфиді қазақта Қадыр ағамыздан бұрын Мұзағаң – Мұзафар Әлімбаев аударғанын да осы сапарда білдім мен. Мұзағаңның кітабы болмаса да, қолтаңба қалдырған суреті алдымнан шыққанда таңғалғаным содан. Р.Бернсті Қуандық ағадан бөлек Сырбай Мәуленовтің аударғанын Шотланд Ұлт­тық Кітапханасының картотекасынан көріп айран-асыр болған едім кезінде. Соңғы технологиялар арқылы Петөфидің бала күнінен есейген шағына дейінгі бейнесін жаңғыртып, Петрович есімімен алғаш жарияланған өлең кітаптары мен өз қолтаңбасы бар қағаздарды тап-тұйнақтай сақтап отырған мұражай қызметкерлерін көргенде «ақынды ел жүрегімен туатынына» (Жұмекен) шүбәсіз иланасың. Ақынның Яссентласло мен Морицгат­тағы ескерткіштерінің ашылу рәсімі мен Кишкунфеледьхаза мен Лакителектегі мерекелік шараларға қатысқан біздер қанша ғасыр алмасса да бұқара халықтың өз ұлына, өз ұланына деген ыстық ықыласы суымайтынына тәнті болдық. Ақынның өлеңдерін еш пафоссыз жатқа оқыған бүлдіршіндер мен жасөспірім балалар еріксіз көзіңе жас үйіреді екен. Мынадай елде, мынадай жерде туған Петөфи бақыт­ты екен дедім мен іштей. «Қайда кеткен мадьярдың қуаты, Қас дұшпанын өз қанына жуатын» (Қадыр Мырзалиевтің аудармасы) деп өзі жырға қосқан қалың ел, ояу ұлт, саналы ұрпақ бар екен. Мен соны ұқтым өлеңімізді сілтідей тынып тыңдаған жұртқа қарап. «Әт­тең, Жұмекеннің Петөфиге арнаған өлеңін оқыр ма еді мыналардың алдында» деген күйініш маза бермеді. Маған сахнаға шыққан сайын. Халықаралық шара болғаннан кейін протоколды бұзуға әддің жоқ, тілімді тістеген күйі жүрдім де қойдым. Ұйымдастырушыларға емеу­рін білдірсем, тек аударылған өлеңдерді ғана оқисыздар деп безек қағады. Дейтұрғанмен маған ол өлеңді Түркі Мемлекет­тері Ұйымының Будапеш­тегі Өкілдігі ұйымдастырған салтанат­ты жиында оқудың сәті түсті ақыры. Оқымай кетсем, өкінетінімді білдім. Сол үшін де алдын ала қысқаша аудармасын жасатып қойып, марапат­тау рәсімі кезінде «Қайда дедім Петөфидің моласына» бастым. Ондағы ниетім, мажар жұртшылығы Петөфиді жырлаған қазақ ақындарын тани берсе деген бейкүнә тілек еді менікі. Әт­тең бізді тыңдайтын құлақ жоқ бұл елде. Бар болса, Петөфи мен Мажарстанға жазылған өлеңдерді бір жинақ етіп шығаратын-ақ жөніміз бар еді биыл.

Гобелин Холлда ас берердей кімнің шікірәсі едік біз?

Басқаларды білмеймін, бірақ мен өзіме осы сұрақты көп қойдым. Мажар топырағына табанымыз тигеннен су десе суына, бу десе буына түсіріп, бар тәт­ті-дәмдісін алдымызға тосып, әр тәулік, әр сағатымыздың мағыналы өтуіне барын салған бұл кісілерге біз не өткізіп қойып едік сонша? Рас, бәріміз де өз елімізде өткізілген аударма байқауының жеңімпаздарымыз. Бәріміз деп отырғаным – әзербайжан Рамиль Эхмед пен Барыс Жавид Мовсумлу, қырғыз Толук Бек Байзақ, өзбек Рустам Мусурмон, түркімен Ақмұрат Режебов пен түрік Дурсун Аян мырзалар. Ал Гобелин Холл дегеніміз – Парламент ғимаратының ішіндегі жоғары дәрежелі қонақтарға қонақасы берілетін гобеленді зал. Осы уақытқа дейін біраз елді, біраз жерді көргеніміз бар сияқты еді, бірақ тап мынадай қонақжайлылықты көргенім есімде жоқ. Еуропаның төрінде емес, құдды бір өз ауылымызда жүргендейміз. Қайда жүрсек те қас-қабағымызға қарап, ой-пікірімізді сұрап бәйек болады да жатады мыңболғырлар. Мұндай қошемет, мұнша құрмет­ті көрген кім-кім болса да ақын болғанына рақмет айтатын шығар Тәңіріне. Әйтпесе деймін да, ақын деген бір ауыз анықтауышы үшін дені дұрыс қызметке тұра алмай, қоғамнан шетқақпай көрген бауырларымыз аз ба осы күнге дейін?! Ықылым замандарда патшалардың ең сенімді серігі болып, мемлекет ісіне араласқан ақын-жазушылардан безінетіндей не күн туды басымызға? Әбіш Кекілбаев пен Төлен Әбдік ағалардан кейін кім қалды мысалы қазір билік эшелонында?
Ақын дегеннен шығады, бірнеше тілді қатар меңгерген мықты дипломат, Түркі Мемлекет­тері Ұйымының Мажарстандағы Өкілдігін басқаратын Янош Ховари мырза менен марқұм Фариза апамызды білесің бе деп сұрады. Білемін дедім. Сол кездегі ол кісінің «ондай ақын, ондай қайраткер адам кемде-кем» деп қайта-қайта басын шайқағанын көрсеңіз! Бәрін айт та, бірін айт, осы керемет­тің бәрін өз көзіммен көріп, өз басымнан кешіп тұрып «мен расында да бақыт­ты адам екенмін» дедім іштей. Кезінде Махамбет­тің 200 жылдығына арнайы қонақ болған адам араға жиырма жыл салып Петөфидің 200 жылдығына қатысып отырса, ол ғажайыптың кереметі емей немене?! Сонау университет қабырғасынан бастап тіл деп талай теперіш көрген басымды Петөфидің рухы көтеріп кеткендей болды. Мажар тілі мен мажар елінің бостандығы үшін жанын пида еткен қайран Петөфи! Өз елінде жалғызсырап, өз жерінде қоңторғай күй кешкен ақынды бір аспандат­тың-ау сен! «Барлық ақын – баласы бір ананың» (Мұқағали) деген сөз рас болса керек соған қарағанда. Он үшінші ғасырда қыпшақ тайпаларын Паннония даласында құшақ жая қарсы алған Бела IV корольді еріксіз еске түсірген Шандор Лежак мырзаның да қаламгер екені бекер емес-ау.

Юдит­тің көз жасы немесе түйін сөз

Елге келгенімізге, міне, тура бір апта болды. Өлең түгілі, естелік жазуға мұрша бермейтін қым-қуыт тірлік біз пақырды өз иіріміне салып алып, жөңкіле жөнелді қайта.
Бүгінгі ішіп-жем, ертеңгі жамбаспұлды ғана ойлайтын жабайы өмір баяғы. Көлденең келген көк ат­тының бәрі байып шыға келетін топырағының асты да, үсті де кен ұлан-ғайыр далада отырып осыны жазғанға ұяласың тіпті. Сайлаудың ырың-жырыңы сарқылып, есірткіге есі кеткен Болат Назарбайдың көп тоқалдарының бірі әлемжеліні шулатып, сұхбат берген екен, жұрт­тың бәрі соны талқылауға көшкен. Боққа үймелеген көк шыбындай айналып келіп қаузайтындары – қалай болса солай шашылған миллиондар баяғы. Бірі аһ ұрса, бірі тамсанады. Осы бір аянышты көріністі бақылап отырып, кеше ғана ортасынан келген мажар бауырлардан ұяласың. Олардың істеп жатқан тірлігі мен өз тірлігіңді салыстырсаң, бетіңді басып, жерге тірідей кіріп кеткің келеді тура. Өз құндылықтары үшін ортасында отырған алпауыт Еуроодақпен тістесіп, өз экономикасы үшін еуроны кіргізбей отырған кішкентай ғана елге азуын Айға білеген кәрі құрлықта күн кешу қайдан оңай болсын әйтпесе! Тілін сақтау үшін жол бойындағы түрлі сілтемелер мен жарнама атаулының бәрін тек мажар тілінде жазып, ресми шенділерінен бастап қара халыққа дейін тек мажар тілінде сөйлейтін ежелгі ғұн елі мені ғана емес, бірге барған қаламдас бауырлардың бәріне кәдімгідей ой салғаны анық. Цивилизацияға ілесеміз деп ағылшын мен орыс, түрік пен кәріс, одан қалса жаппай қытай тілін үйреніп жатқан біздер расында да бейшара екенбіз. Тілің күннен-күнге мүкістеніп, ділің енді оңалмастай дүмбілезденіп жатқанда осылай демеске шараң жоқ. Австро-Венгрия империясы құрдымға кеткеннен кейін территориясының үштен екісінен айырылған мажар бауырлардың тарихтан алған сабағы бізге жұғысты болса, қанеки. Рас, мемлекет болғанына он бір ғасырдан асқан олар мен отыз жылдық бостан ғұмыры бар бізді салыстыру әбестік те шығар бір жағынан. Бірақ…не десек те бәрі осы «бірақтан» келіп шығады ғой. Бастарынан небір алағайлы-бұлағайлы замандар өткен Дунай мен Тиса бойындағы арқыраған Арпад тұқымы көп дүниеге басқа призмамен қарауға мәжбүр ет­ті мені. Бұрын орыстарға оң иығын беріп тұратындығы үшін аса жақтыра қоймайтын Орбан үкіметінің неге өйтетінін мен осы жолы түсінгендей, түйсінгендей болдым аздап. Десе де, Ужгородтан келген мажарға бола менің өз көзқарасымнан таймайтыным анық. Оны солай деп айт­тым да және. «Қарғайын десем – жалғызым, қарғамайын десем – жалмауызым» демекші, Орбан үкіметінің маған ұнаған қыры – олардың ежелгі Тұран даласына бет бұруы дер едім. Болашақтың бәрі Шығыста дегенді емеурінмен білдірген ресми тұлғаларды тыңдай отырып, ежелгі мажар жұртын тарихи тамырластығын саяси-экономикалық мүддеден жоғары қоятын ел дегенге сенгім келді біртүрлі. Бұдан Тұран деген қор құрып, Еуропаның төрінде құрылтай өткізуді дәстүрге айналдырған мажарлардың бәрі бірдей бізді туыс санайды деген ой тумаса керек, әлбет­те. Небір дәуірлер мен небір дауылдардың өтінде ғұмыр кешкен Арпад тұқымы түрлі тарихи жағдайларға байланысты түрлі ұлт­тармен мидай араласып кеткелі қай заман?! Біздің тәубе ететініміз, бізді тамыр көретін сол аз топ өзінің бар екенін және әл-әзір өздерінің нар екенін сөзімен де, ісімен де дәлелдеп отыр. Ресми мансабы Парламент Спикері Орынбасарының Кабинет Жетекшісі деп аталатын Юдит Кисфалуди-Бак ханым біз Будапештен қайтар күні бізді құшақтап, көзіне жас алды. Осы күнге дейін ресми дүниенің бәрін жасанды деп қабылдап үйренген мен бейбақ сол көз жасына қат­ты тебірендім неге екенін. Әйгілі Жарасқан Әбдіраш ағамның ұлы Жәнібек бауырым марапат­тау рәсіміне келіп қолдау білдірген, аяулы Иштван Қоңыр Мандоки жездемнің көзіндей көретін Оңайша апам екі күн қасымызда жүріп құрмет көрсеткен сапар осындай жарқын сәт­терімен есте қалды.

P.S Бас-аяғы бір аптаға созылған дүбірлі той соңында Сұлтан Раев басқаратын Түрксой ұйымы мен Шандор Лежак мырза қамқоршылар кеңесінің төрағасы болып саналатын «Лакителек» қоғамдық қоры Шандор Петөфидің 200 жылдық мерейтойына орай өткізген аударма конкурсының жеңімпаздарына арнайы дипломдар мен екі мың доллар сыйақы беріп, үздік шыққан аударма өлеңдерін жеке кітап етіп басуға уағда қылды.

Дәурен Берікқажыұлы,
ақын, аудармашы.
Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының және 2022 жылғы Мәдениет саласындағы Мемлекет­тік
стипендия иегері

Алматы-Ыстамбұл-Будапешт-Лакителек-Яссентласло-Кишкунфеледьхаза-
Бугац-Морицгат-Кикөрөш-
Опустасер-Кечкемет-
Будапешт-Ыстамбұл-Алматы

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір