ЕСЕПШОТ №0002000
01.04.2023
185
0

«Бастығымыздың бойында соңғы кездері бір өзгеріс байқалады. Шашын жылмита тарап, бетіне далап жағатынды шығарды. Қасын теріп, иіссудың түр-түрін қолданады», – деп осындағы қыз-келіншектер сөз етіседі. Есесіне, қызмет­тік жұмысына самарқау секілді, біздің де бұрынғыдай мазамызды ала бермейді, жиналысты азайт­ты. Өзіміз осынысына ризамыз, кеңсеге кештеу келіп, ертелеу қайтып жүрсек те, ешкім ешнәрсе дей қоймаса, өзгеде не жынымыз бар?!
…Ескі үстелімді өңгеріп, самарқау есінеп отыр едім, хатшы қыз бәрімізді «Жиналысқа», – деп бастықтың кабинетіне айдап кіргізді.
– Жолдастар, – деді ол бәрімізге жағалай көз тастап, сөйт­ті де, телефон трубкасын бір көтеріп, ұясына қайта тастай салды. Іле жамбастай бұрылып, радиоқабылдағыштың құлағын «тырс» дегізіп, бұрап жіберді. Сәлден соң қарғып тұрып, «Мә-мә» ансамблінің әуеніне салып, «Жорға, жорға» деген күйі терезенің алдына бір-ақ барып тоқтасын. Мына оқыс қылық, тегін концертке қарап аң-таң біз отырмыз. Күлерімізді не күлмесімізді білмейміз. Мына одыраң ойын, сайқымазақ селкілге күлмесең, күлкінің атасы өлетін түрі бар. Іштегі сайтанға еріп, қайқаңдата күле салайын десең, «Жорға» деп жорғалап жүрген басқа емес, бақа емес, қолынан жем жеп жүрген дап-дардай басшымыз, отырған жеріміз – соның кабинеті, өлетін жай жоқ.
Ішім жыбырлап, тамағымды қытықтап өлтіріп бара жатқан соң, шыдай алмай, жанымдағы Патсайыны «көрдің бе?» дегендей тіземмен нұқып жібердім. Әшейінде күлегеш сорлы, жарылардай зорға отыр екен, мырс ете қалды да, ағыл-тегіл енапат күлкіні төкті де салды… Менің де елеңдеп тұрған елгезек күлкім, келіншектің сыңқылы мен сыңғырына ілесе жөнелсін. Бір біз дейсіз бе, бәрі де атының басын әзер іркіп отырса керек, сол-ақ екен, кабинет­тің ішін қалың күлкі керней кет­ті.
Мұрны пысылдап, иығы селкілдеп, қарны іркілдеп, аузы қисайып жатқан біреу. Өзімнің «нормальный» күлкімнің нәшін келтіріп отырғанымда, біреудің төбемнен қойып қалмасы бар ма? Торға түскендей тоқтап қалдым, Дедейдің жан-жағындағы кісіні жұдырығымен төпелеп күлетін қу әдеті бар еді, мынау сол дәйіс екен. Менің сол жағыма қайдан сап ете қалғанын қайдам, тоқпағы төбеме тағы тақалып қалған екен, жалтара бере сытылып үлгердім. Бәріміз күлкі жарысында жүргендей зорға дегенде іркілдік-ау. Жұртпен бірге ыржақтап тұрған басекең де орнына қайта жайғасты да:
– Мырзалар мен ханымдар, күлкі керуені аяқталды! – деп қуақылана хабарлады. – Айтпақшы, қыз-келіншектерге рұқсат, жұмыстарыңызға бара беріңіздер, – деп сылқымдарға еркіндік берді. Олармен бірге бар шат­тығы, күлкісі ере кеткендей соңдарынан сүзіле қарап біраз тұрды да, – Жігіт­тер, – деді ол бір кезде. – Менің жағдайым қиын, сендердің көмектерің керек, – деді тұнжырап тұрып. Шошып қалдық. Жаңағы қылығы – анау, ендігі сөзі – мынау. Шынында, сау адамның тірлігі емес.
– Мен науқаспын, – деді ол күрсініп.
– Не дейді? – Бәріміз кәдімгідей үрпиісіп қалдық. – Операцияға түсетін болдым, – дегенінде Шонай онымен жаны бірге шығардай шыңғырып жіберді. «Бой жасап жүрмесе болғаны ғой, байғұс».
«Ақша жинайын деп отыр ма? – деп сыбырлап, сол құлағымды ысытып жіберді Зияш. Кабинет­ті арлы-берлі кезген басекең: – Жас болса, елуді орталады, балалар үйлі-баранды болды. Немерелерім де ержетіп келеді. Ал менің.., менің жүрісім болса мынау; маған айнала көк-жасыл, көктем болып көрінеді. Жүгіргім келеді, секіргім келеді, ұшқым келеді, – деп, басекең қолын көкке көтеріп, кең тыныстады. – Көрікті қыз-келіншек көрсем, көзім жайнап, жүрегім дүрсілдеп кетеді, – деді ол қуанған кейіпте. – Өліп кете жаздаймын.., бір жақты еткенше.., басқа жұмысқа зауқым кем, – деп сөзінің соңын сыбырлай бітірді. «Не деп тұр-ей, мына кісі. Түк түсінбедім. Аурумыны несі, жайнаймыны несі?! Шынында бірдеңе ұрған мынаны. Әнеукүнгі тойда еліріп, өлердей билегені жаман еді».
– Есім дұрыс, бірақ кеселмін, – деді басекең одан сайын жұмбақтап. Бірінші орынбасары Кәукәман «бұл кетсе, айналма кресло маған бұйыратын шығар» деген дәмемен қозғалақтап, нығыздалып отырды. Менің ішімді де арам ой аралап, маза берер емес. «Кәукең бастық болса, оның орнына бөлім меңгерушісі жылжиды. Сонда, бөлім біздікі болар, айлыққа да оншақты мың қосылмай ма». Шартарапты шарықтап, жерге түстім. Ал мұнда баяғы әңгіменің жалғасы.
– Үлкен жерге тексерілдім, бәле мына жерде екен. Бастық танауын нұсқады. Томпи тамаша көргендей таңырайған танауға үңіліп, өліп кететін түрі бар. – Дәрігерлердің айтуынша, жүз жылда бір қайталанатын сирек кесел көрінеді. Мұрныма қызғалдақтың ба, қыздың ба, исі ме аңқып келеді де тұрады. Айнала көк жасыл, әдемі көрінеді. Көңілім – көкте, өзім – жерде, ұшып-қонып отыра алмайтыным осыдан. Жасың дардай, тірлігің текежәуміт­тікі, ұят екен, тіпті! Қысыламын. Жақында келіннің подружкасын айналдырып, қолға түсіп қала жаздадым. Бүйте келе, абыройсыздыққа ұшырарым анық. Ары ойланып, бері ойланып, операциямен алдырып тастайын деп шештім.
– Нені алдырасыз? – деп Томпи әуес­қойлық таныт­ты.
– Мынаны. Мұрын ішінде жұпар иіс шығарып тұратын бір түйін пайда болыпты. «Корсекизариюс» деген осы неме. Мені желіктіріп, киіктің матауындағы текедей бақылдатып бара жатқан осы пәле!
– Ойпырмай, ә!
– Неткен ғажап!
– Бұл кеселіңіз нан тауып жеуге келетін, керек кесел секілді, – десіп жамыраса қалдық.
– Ғажап болса, сол керемет­ті біреуіңе сыйламақпын. Өзі шетелге сатса да құнды нәрсе көрінеді. Дегенде, «Текемет сатсаң да, ауылдасыңа сат, шетіне отырасың», – деген емес пе, рахатын өздерің көріңдер…
Мынасы, ойыны ма, шыны ма?
– Дәрігерлер айналдырған оншақты минут­та ауыстырып, салып беретін көрінеді. Әлгі түйін танауларыңа жайғасса, талай қызыққа жолығасыңдар. «Жігіт­тік – гүлстан», Гүлбазарға, қызбазарға кіресіңдер де кетесіңдер. Баяғы аңыздарда айтылатын қызыл гүлің осы! Пай-пай, шіркін! Осы жасқа келіп көрмеген қызығымды, осы түйін пайда болған бес-алты айда жолықтырдым-ау!.. – Басекең таутекедей талтайып тұрып, тәт­ті қиялға берілді.
Айтқаны рас секілді, соңғы кездері жас жігітше модный киініп, той-томалақтан қалмайтынын байқадық. Кафе, ресторандарды жағалап жүргенін де талай көрдік. Е, бәсе, алып бара жатқаны әлгі, «Корсекизариюс» дегені екен ғой. Салдырып алып, ойнақтасам ба екен, айхай! Орнымнан көтерілеңкіреп отырдым.
– Кәне, жасарам деген қайсың бар, бір тоқтамға келелік, – деп басекең елжірей үн қат­ты. Бәріміз ойланып отырмыз. Әркім өз қиялымен әуре.
– Дедей, сен қалай қарайсың?
– Ұсынысыңыз дұрыс. Келініңізбен екі ажырап, екі рет қосылдық, ананы салған соң, алаңсыз көше кезіп кетермін…
– Өй, сілең қатқыр! Сенің сондайың бар, – деді басекең зілсіз ғана.
– Сен ше? – енді Зияшқа қарады.
– Сеніміңізге рақмет, өзіңіздің көлеңкеңізде ілініп-салынып келе жатырмыз. Менің бүйрегім ауырады ғой, – деп Зекең де тайқып шықты.
– «Жау жігіті бір басқа, дау жігіті бір басқа» деген осы. Дальше, ары қарай кет­тік. Томпи, сен не дейсің?
– Жөні келетін іс екен. Бірақ менің айлығым аздау. Анауыңыз желпінтіп, желдіртіп, жетектеп кететін құдірет секілді. Жүріп-тұруға, қыз-қырқынды қыдыртуға қаржы керек, әуелі айлығымды көбейтіңізші…
– Ой, сөзің құрысын, бюджет онсыз да аз. Сен қалай қарайсың, Былду?
– Біздің әйелдің мінезі жайсыз, сонымен ақылдасып келейін де…
– «Төмен қараған еркектен без» деген, сенен түк шықпайтыны белгілі болды. Кәукәман, өзің болмасаң, мыналардан үміт үзілді, – деп орынбасарына қарады.
– Басеке-ау, мен де өзіңіздің аяғыңызды алып келе жатқан жоқпын ба, мені қинамаңызшы, – деп ол да жер шұқыды.
– Қызық болды ғой, өзі! Осындағы топырлаған еркектерден жарамды біреуі шықпағаны ма? Өзім де қимаймын, қызығына да тойған жоқпын. Қайтейін, «ниеті бұзық өгіз, бұзаумен бірге жайылады дей ме» деп амалым құриды.
Осы кезде, бас есепші шошаң етіп орнынан тұрды.
– Басеке, менде бір идея бар! Домалағыңызды жөнімен домалатайық. Өңкей шірікке қор қылып не етесіз. Ақшасы бар бизнесменнің біріне сатайық, солай мекемеге қаржы түсірейік. Сонда, бұлардың зарлап жүрген материалдық көтермелеуі, сыйлығына да жететін болады.
– Басың бас екен. «Ебелектен отын болмас» деген, мыналардан өзім де күдерімді үзіп отырмын. Біреуі иелене қойса деп едім, болмады. Ендеше, солай етейік, құжат­тарды дайындаңыз. Басқаларың боссыңдар, марш!
Демімізді ішімізден алып отырған біз, қырғидан ыққан торғайдай дүр көтерілдік.
– Жігіт­тер, айта жүріңдер, есепшот­тың нөмірі – 0002000, – деп дауыстады есепші соңымыздан.
Иә, үміткерлер болса, біз жаққа қарай қоңырауды сылдыр еткізіңіздер! Хабар күтеміз.

Нұрмахан ЕЛТАЙ

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір