Күйзелсеңіз, психологпен сөйлесуден қашпаңыз
04.04.2023
150
0

Камюдің суицид туралы пайымына сенсек, өзіне қол жұмсаған адам – өмір сүрудің еш мәні жоқ екенін түсінген адам. Суицид абсурд проблемадан шығудың ең қарабайыр тәсілі. Әп-сәт­те өзіңді және кеңістіктегі орныңды жою. Мәңгіге жоғалу.

Қазақ­станда қазіргі таңда ара-тұра өзіне қол жұмсағандар туралы жаңалықтар естіп жатамыз. Біреуді өлтіріп, содан кейін өзін қылмыскер санап, өзін өлтіргендердің жайы басқа. Бірақ стресске түсіп, депрессия­ны бастан кешкендердің жайы бір бөлек. Қысым көру, әлдебір балалар ойынының құрбаны болу, буллинг, тағысын тағы себептердің салдары елді алаңдатып отырғаны рас.
Адам саналы ғұмырында өмірдің мәнін іздеумен өтеді. Адам өзінің өмірінде еш мән қалмағанына сенімді болған сәт­те, тағдырын шорт кесіп, бұл фәниден кетуге тырысады. Дегенмен Альбер Камю «Сизиф туралы миф» ат­ты еңбегінде өзіңе қол жұмсау – дұрыс шешім емес деген пікірді ұстанады. Неге дейсіз ғой. Себебі өмірдің қаншалықты абсурд екеніне көзің жетсе, оған қарсы шығу одан бетер абсурд шешім. Мәнсіздікке мәнсіздікпен жауап бергенше, сол абсурд өмірдің, Абайша айтқанда, тетігін тауып, қаланғаны жөн. Бұл өмірде әлдебір миссияның жоқ екеніне көну, соны қабылдау. Адамдар өз өмірінің мәнін өзі жасай алады. Күресу­ге болатын нәрсенің бәрі дерлік әр адамның өмірлік мақсатына айнала алады.
Жалпы суицид дегеніміз философиядағы ең маңызды мәселелердің бірі. «Философияда жалғыз ғана маңызды проблема бар – ол суицид. Өмір сүруге тұрарлық па, әлде жоқ па деген сұраққа жауап беру – философияның іргетасын құрайтын маңызды сұраққа жауап табу», – дейді Камю.
Адам өзіне қол жұмсамас бұрын өзінің жалғыз емес екенін түсіну керек. Болмаса, әлдебіреудің ойы оның өміріне өзгеріс енгізе алатынын ойламағаны абзал. Буллинг әрекетін де дер кезінде хабарлап, заң тұрғысында мәселені оңтайлы шешуге тырысу, болмаса өзін мазалайтын сұрақтар бойынша психологпен сөйлескен дұрыс.
Бір жағынан бұл үлкен проблеманың туындауы – сауатсыздықтың кесірі. Оның бір мысалы – психологпен сөйлеспеу. Сөйлесу былай тұрсын, одан қашу, ұялу, психолог пен психиатрдың айырмашылығын түсінбеу, содан кейін психологпен сеансқа қатысқанда ауытқуы бар адам деп тану, бұның соңы буллингке әкеп соғуы. Міне, бұл мәселенің бір парасы ғана. Жоғарыда айтқанымыздай, мына өмірдің абсурд екеніне сенсек, оған қарсы шығып, өз өміріңді қию – бұдан бетер абсурд әрекет. Сондықтан өмірден өз орныңды табу маңызды. Ал әлдебіреулер оған кедергі келтірсе, жан дүниеңе әсер етсе, оны заң тұрғысында, психология тұрғысында шешкен абзал. Себебі өмір тек адамның өзіне ғана берілген мүмкіндік. Бақыт­ты ғұмыр кешу әркімнің өз құқығы. Оған кедергі келтіру ар алдындағы және заң алдындағы қылмыс.

А.ӘБИТҰЛЫ

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір