Ю.МИСИМА. «ӨМІРІМДІ САТАМЫН»
27.03.2023
134
0

Мисиманың кезекті шығармасы көңілімнен шықты. Шағын ғана көлемде жазылған романның басты кейіпкері – Ханио есімді жас жігіт өзіне қол жұмсағысы келеді. Бірақ ойлаған ісіне күші жетпеген соң, біраз ойланып, өмірін саудаға салуды жоспарлайды. Өмірін сату дегеннен гөрі, өлімін саудалайды деген «жарасымдырақ» сияқты. Өзі жұмыс істейтін контораның мекенін нұсқап, газетке жария салады: «Өмірімді сатамын!»… Көп күт­тірместен Ханионың алғашқы тұтынушысы есік қағады. Бейтаныс қарт кісі жас жігіт­тің өмірін өзінің бұрынғы көңілдесінен кек алу үшін сатып алмақшы болады.

Мисиманың «Алтын ғибадатхана», «Бетперденің ағынан жарылуы» сынды ең танымал шығармалармен үндестігін бұл кітаптан да көре аласыз: сюжет спиральді шеңбер арқылы дамиды. Демек, сюжет­тегі шеңбердің алғашқы нүктесі қо­йы­л­­­­ған сәт өте маңызды. Оқиғаның шешімі алғашқы әрекетке қайта әкеледі. Бұл – Мисиманың өмірге деген көзқарасын растайтын сияқты. Айналып жүріп қайта сол нүктеге орала беретініміз сияқты.

Өмірді сатып алу дегеніміз – романда өлімге итермелеу әрекетімен пара-пар. Ханиомен келісімге келген қарт шал өзі құлай сүйетін Рурико есімді жас келіншекті алдап, оның қазіргі көңіл қосып жүрген адамның алдында екеуінің ұсталуын қалайды. Сөйтіп әйел де, Ханио да өліммен қауышатынын айтады. Ақысына екі жүз мың иена ұсынады. Бұл жоспар жүзеге асқанымен, Ханио өлімнен сау қалады. Оқиға оны байқамаған жерден аса қауіпті мафиямен байланыстырады. Одан кейін Ханиоға келетін кітапханашы келіншек, вампирдың баласы, шетелдік агент­тер – бәрімен қомақты сомаға келісім жасалғанмен, өлім кейіпкерімізді өзіне жеткізбей қояды…
Романда тізбектей кездесетін кейіпкерлер, шыны керек, ертегі мотивін еске салады (Пропп. Ертегі морфологиясы): карикатуралық образдар бауырсақ туралы ертегідегі аңдарға ұқсайды. Әрқайсының проб­лемасы тылсымға толы. Ертегінің басты кейіпкерлері от пен судың арасында түрлі сынақтардан өтетіні сияқты, Ханио – біреудің сюжетіне абайсызда араласып кеткен қуыршаққа ұқсайды. Яғни, романның авторы Мисимадан бөлек, мәтінде көзге көрінбейтін, алайда оқырманға барынша сезілетін тағы бір автор жасырынғандай.
Мисиманың «Алтын ғибадатхана», «Бетперденің ағынан жарылуы» сынды ең танымал шығармалармен үндестігін бұл кітаптан да көре аласыз: сюжет спиральді шеңбер арқылы дамиды. Демек, сюжет­тегі шеңбердің алғашқы нүктесі қо­йы­л­­­­ған сәт өте маңызды. Оқиғаның шешімі алғашқы әрекетке қайта әкеледі. Бұл – Мисиманың өмірге деген көзқарасын растайтын сияқты. Айналып жүріп қайта сол нүктеге орала беретініміз сияқты. Әдет­тегідей Мисиманың өрнектеуінде өмірден гөрі өлім сұлуырақ. Бұл тақырып автордың детективті баяндау мен философиялық пайымдау әдістері арқылы ашыла отырады. Әрине, тағы бір мәрте Достоевскийге сілтеме жасаудан жалықпайтын автор өз стилінен де айнымайды.
Көлемі шағын, фабуласы ерекше, көркемдік құралдары шеберлікпен шыңдалған романның соңы көзге жас келтіргенін де мойындаймын. Ақырында өмірге құштарлық танытқан кейіпкердің қоғамнан тит­тей болсын пана таппауы – Ханионы да, оқырманды да алып, үрейге қамап тастайтыны анық… және өкінішті…

Ақерке АСАН

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір