Ыйык
25.03.2023
288
0

Қара жерді қалың бұқарамен қатар басып, ел ортасында жүрген кезінде-ақ, «Адамзаттың Айтматовы» атанған даңқты қаламгер, әйгілі Шыңғыс Төреқұлұлының есім-сойы осы күндері 95 жасына орай ұлықталып жатыр.
Шықаң – қырғыздың тумасы болғанымен, қазаққа ерекше ыстық, етене жақын жазушы болды. Ол ғұмырының соңына дейін ұлы Мұхтар Әуезовті ұстаз тұтты. Мұхаң да соңына ерген інісі Шыңғыстың шығармашылық әлеуетіне сүйініп, талабын ұштап отырды. Ал Шыңғыс Айтматов әлемнің көптеген тілдеріне аударылған көркем туындыларында қазақ даласын шарлап, қазақ пен қырғыздың болмысын қатар сомдады. Сондықтан Айтматовтың мерейтойы бізге де ортақ. Осы орайда, біз Қырғыз Республикасының халық жазушысы, Тоқтағұл атындағы мемлекеттік сыйлықтың иегері, баспасөз саласында да еңбек етіп, кейін бірнеше жыл қатарынан Мәдениет министрі болған Сұлтан Раевтың Шыңғыс Айтматов туралы естелік-эсселерін жариялап отырмыз.
Сұлтан Раев – Шыңғыс Айтматовтың әдебиеттегі төл шәкірті.
Сұлтан Әкімұлы – қазір ТҮРКСОЙ-дың Бас хатшысы.

Айтматовсыз басталған күндер және емен табыт

…Шыңғыс Айтматов жөнінде сөз бастасам, екі оқиға ойыма оралады. Ол – Айтматовты алғашқы және ақырғы күні көрген күнім. Бұл оқиға әлі күнге жадымда жаңғырып, көз алдымнан елестеп өтеді.
1975 жылдың жаз айы. Сол жылы мектепті бітіріп, жоғары оқу орнына аттануға бел буып жүргенмін. Аттестатым «5» пен «4». Мектепті жақсы аяқтаған едім. Мектеп қабырғасында үздік оқыған талапкерге барлық оқу орындарының есігі айқара ашылып тұрғандай сезінем. «Шүу» дегенде Мәскеуге жол тартып, кинорежиссер болам деп, ВГИК-ке тарттым. Оған дейін бұл атақты оқу орны жайлы Сергей Герасимовтың шеберханасында кинорежиссуралық мамандығын оқып жатқан Замир Ералиевтен «Советский экран» журналын үзбей алып, біраз мағлұмат жинап қойғанмын. Ол кинорежиссер болу үшін қандай талаптарды, қандай жөн-жосықты білу керектігін баяндап, маған хат жазып тұратын еді.
Сергей Эйзенштейннің алты томдығынан тартып, Довженконың, Герасимовтың, Кулижановтың, Пырьевдиннің, өзге де классиктердің кино туралы жазған еңбектерін оқып шыққам. Оқып шықтым дегенді қалай айтсам екен, өзім бір түкпірдегі ауылда, жөнді клубы жоқ жерде өссем, менің оқығандарымның бәрі миымда механикалық түрде қатталып қалған еді. Түсінгеннен, түсінбегенім көп дегендей…
Бірақ сол кездегі амбиция, жастық максимализм мені ВГИК-тің босағасына жетелеп барды. «ВГИК» деген сөзді жүрегіме жаздым, оның атын жазбаған жерім қалмады: мектептің партасына, дәптерге, кітап беттеріне, жолға, қарға, дуалға, автобус аялдамаларына, әйтеуір жазуға мүмкін болатын жерлердің бәріне жазып шыққаным рас. Сол кезде мен пақыр ол оқу орнының атын көрінген жерге жазудан бұрын талантың мен талабың таразыға түсетінін ескермегенге ұқсаймын.
Аталған оқу орнына түссем деген арман менің есімді алды. Сөйтіп, Мәскеу­ге барып өңіме де, түсіме де қиялап кіріп алған атақты ВГИК-тің ауласында тұрдым.
Келсем, мені күтіп тұрғандай ВГИК-тің есігі ашық, дәліздері бос екен. Бірді-екілі адамның ғана қарасы көрінеді. «Молодой человек, вы куда?» – деген вахтердің сөзі үстіме мұздай су құйып жібергендей болды. «Я приехал поступать!» деппін әлгі жерде. «Куда?» – деді вахтер. – «Как куда? Во ВГИК…» – дедім мен. «Молодой человек, была бы хорошо, если вы еще через недели пришли… Экзамены давно закончились… Езжайте домой, следующий год приедите…», – деп, тағы бір «шелек мұздай суды» төбемнен төмен қарай төңкеріп тастай салды ол.
Сөйтсем, емтиханның аяқталғанына екі күн болып қалыпты. Шығармашылық байқау ерте басталатынын ұмытқан екенмін. Содан баяғы алқынған амбициям суынып, сөне бастады.
Фрунзеге қайыра қайттым. Теңіме алмай, төбеден қараған Фрунзенің оқу орындарының біріне сынақ тапсыруыма тура келді. Болар-болмас деп ҚМУ-дың тарих факультетіне құжаттарымды тапсырдым. Көкдөнен мінген көңілім баяғыдай – сынақ тапсырсам, өтемін деймін. Жоқтан гөрі жоғары деп осы оқу орнына құжаттарымды түгел өткіздім. Тарихтан – «5», әдебиеттен – «5», ағылшын тілінен – «4», шығармадан (ақырғысы) – «2» алдым. Құлаған жардай опырылдым. Көкірегімді күйдірген сөз – Әкімнің Сұлтаны да оқудан құлапты деген сөз.
Оқудан жолым болмады. Кірпікте – кіреу­ке, кеудем бос. Ештеңеге зауқым жоқ. Маңайым сұрғылт тартып, Фрунзенің Маркс-Энгельс ескерткіші орналасқан сквермен келе жатсам, алдымнан өңім бе, түсім бе деймін Шыңғыс Айтматов шыға келді. Жалғыз. Кәстөмін бүктеп, қолына бос тастай салған. Ойлы. Ол асықпай, аяңдап келе жатыр. Оған қарсы бойы ұзын, шекесі шыңылтыр, жүзін «жалғыздық» меңдеген (айтпақшы, Шықаң да бір кездері біз сияқты жұқа, шоң мұрын, үнемі жалғызсырап жүретін жігіт болған екен. Ол туралы кейін жұбайы Керез жеңгеміздің естеліктерінен оқыған жайым бар), қара торы біз келе жаттық. Шыңғыс Айтматов жанымнан жайлап басып, ойлы көзін жерден алмай өтіп барады. «Сәлеметсіз бе, Шыңғыс ағай!» – дегенге күшім де, еркім де, демім де жетпей сілейіп тұрып қалдым.
Көзім тірі Айтматовты көріп тұрды. Тілден қалдым. Ішім алай-дүлей. Айтматов өтіп кетті жанымнан. Соңынан қалшиып қарап тұрып қалыппын. Тұрдым да басқан ізіне түсіп, оның соңынан еріп жүре бердім. Әйгілі тұлғаның қасынан студент қыздар, жүргіншілер өтіп жатыр. Бәрі сәлем беріп, өзгеше сүйіспеншілікпен Шықаңа қарайды. Ол да көптің сәлемін ізетпен алып, одан әрі жолын жалғастыра түседі. Соңында салпақтап, 15 метрдей жерде мен келемін. Неменеге ілесіп келе жатқанымды да білмеймін. Жаңағы қыздарға ұқсап, көптің бірі болып сәлем берсем, менің сәлемімді алар ма еді ол?.. Сол жүргеннен жүріп отырып Айтматов еңселі есікті айқара ашып, ішке кіріп кетті. Есікке жазылған тақтайшадағы сөзді оқыдым: «Министерство культуры Киргизской ССР». Шығып қала ма деп көп күттім Шықаңды. Шықса, сәлем бермекпін. Шықаң шықпады. Ұзақ тұрдым…
Бұл күн – мен үшін өзгеше күн болды.
Кітаптарын жастанып оқыған сүйік­ті жазушым Айтматовты көрдім. Маған ВГИК та, тарих факультеті де ештеңе болмай қалды. Айтматовты көрсем екен деген бала қиялым орындалып, оқудан құласам да «Мен Айтматовты көрдім» деп ауылға алақайлап барарымды басымдағы бөркімдей көріп тұрдым.
1975 жылдың жазында Шыңғыс Айт­матовты бірінші рет көрдім…
…2008 жыл. 11 маусым. Айтматовты көрген соңғы күнім… Үлкен ұшақпен Айтматовтың сүйегі «Манас» әуежайы­на келді. Мемлекеттік комиссияның құрамында (ол кезде мен ҚР-ның Мәдениет министрі едім) әуежайдан Айтматовтың мәйітін күтіп алдық. Осы сәтте, сол минутта көргендерімнің бәріне көңілім нанбай тұрды. Ұшақтың жүк тиеген жағы ашылып, емен ағашынан жасалған табытты көрдім. Жүрегім мұздап қоя берді, «Менің Айтматовым», «Менің ұстазым» осы емен ағашынан жасалған табытпен келді… Баяғы Айтматовтың ізінен қалмай еріп, абайсызда ол бұрылып қарап қалар ма екен деген арық, өңі жүдеу, сырықтай ұзын бойлы өзімді елестеттім. Сол кезде қайтып: «Сәлеметсіз бе, ағай!» – деген сөзді айта алмай тұрсам, қазір де не айтарымды білмей, жерге, аспанға, мынау кең дүниеге аңырып қарай бердім.
Бүтін бір әлем, бүтін дүние, бүтін өмір… осы бір емен табытта жатты…

Ата-Бейіт…


10.06.2008… Шықаңның дүние салған күні. Бұл күн – әрбір адамның жүрегіндегі қайғының күні. Ұлы адамның жүрегі тоқтаған күн…
Көптен бері кеудемде ұялап келген, бәлкім, әлі күнге дейін ешкім біле бермейтін бір шындықты айтып қояйын. Бір жағынан бұл шындықты тарих үшін де, естелік үшін де айтып қою парыз.
Шықам менің, Шықаңның есімімен байланысты естеліктер, ой-толғамдар, ұлы адамның есіміне қатыстының бәрі осы күндері тарихқа айналып барады. Ұлының ұлы нарқы осында… Жыл өткен сайын Шықаңның ұлылығы әрбір жүректе ұлы таудай аспандап бара жатыр. Ұлы Манас дүние салғанда да қырғыздың қайғы қапқан жүрегі өкініш пен шерге толған шығар. Манас Айкөлді жоғалтқан қырғызым… Осы күні Манасындай тағы бір ұлын жоқтап, аңырап қалған-ды.
Бұл күн жүректе. 10.06.08…

* * *

Шықаңмен ақырғы жолығыс­қанымызда, Шоң-Арықта, Байымбет Мұратәлиев жездемнің үйінде отырдық. Арамызда ақсақалдардан Оморбай Нарбеков, Дәулетбек Шадыбеков бар еді. Шықаң қонаққа кешігіп келді. Осы кезде Ресейдің режиссерлері Шықаңның мерейтойына орай Сокулук тарабында деректі фильм түсіріп жатқан. Осы түсірілімге қармалып, ол бір сағаттай кешігіп келді. Шықаң келген соң арамыз толып, үйдің іші нұрға бөлене түскендей болды. Шықаңның оң жағында мен отырдым. Ұлы тұлғаның ұлылығы, аз-кем ілтипатынан да байқалады ғой. Жарықтық осында отырған бәрімізден күттіріп қойғанына кешірім сұрап: «Мени күтө бербей эле… баштай бербепсинер, маданий министр…» – деп қалды.
Шықаңдай адамды күткеннің де рахаты бар екенін сол кезде сезіндік. Ол кісісіз тамағымыздан қайтіп ас өтеді. Шықаңмен жыл басынан бері сөйлесіп келген мереке, іс-шаралары туралы пікір алмасып алуымызға мүмкіндік туды. Сөйлесіп те алдық. Шықаң отырған жер төрткүл дүниенің төріне айналды. Ұзақ әңгіме болды.
Бір сағаттай отырған ол көңіліндегі бір сөзді айта алмағандай, оны сыртқа шығара алмағандай түр аңғартты. Бір уақытта құлағыма сыбырлап: «Бәріңді осында қалдырып, мен шыға берсем, қалай болар екен, Сұлтан?» – деді. Сөйтсек, Шықаң дәл сол жерден Алматыға жол жүрмек екен. Оны Байымбет жездеме құлаққағыс еттім. «Шықаң жолға шықпақ екен, дайындалып отыр» деп. Олар әні-міне, әзір болып қалған үлкен асты тездетіп, қорытынды сөзді Шықаңа берді. Жарықтық сонда үркердей болып ошарылып отырғандарға қарап сөйледі: «Мен өзі Советский адаммын да…» – деп. Шықаң сонда өте терең сөздер айтты. Оның сөзі дастархан басындағы шағын топқа ғана емес, әлем жұртына арналып айтылғандай болды. Оның әрбір сөзі – қара жердің қабырғасын қайыстыратындай сөздер еді…
Шықаң ақ батасын беріп, сапарға аттанды… Сапар алдында бәріміз Шықаңмен суретке түстік.
Шықаң Алматыда 4-5 күндей шұғыл ісі бар екенін, одан арғы сапары Қазанға жалғасатынын айтты…
Суретке түстік…
Бірақ бұл суреттің – Шықаңмен түскен соңғы сурет болып қаларын білген жоқпыз…
* * *
Суық хабар дүниеге тарады, дүние Шықаңды жоқтап қалды…
Сол күні таңертең ерте мені Медет Шоқанұлы шақырды. (Президент әкімшілігінің басшысы М.С.Садырқұлов). Бәріміз қайғылымыз, қара жамылған­быз. Медет Шоқанұлының кабинетіне кірдім. Әдеттегідей «Кір, дорогой!» деп қарсы алған Медет Шоқанұлы ары қарай айтпағын іркіп қалды. Біраз үнсіздіктен кейін ол:
– Естідің бе? – деді.
– Естідім… – дедім.
– Шықаңнан айырылдық, – деді қабағы салыңқы Медет Шоқанұлы. – Аға енді жоқ. Шықаңды енді лайықты деңгейде шығарып салуымыз керек. Бір-екі күнде сүйегін алып келеді…
Медет Шоқанұлы әдетінше орнынан тұрып, терезенің көзіне барып тұрды. Сөйтті де маған қарап: «Шықаңды қай жерге қоямыз?» – деді. Бұл сөз – Шықаң арамыздан кеткеніне қазір де сене алмай тұрған маған бір басқа, айтуға келмейтін, Шықаңа арналмаған сөздей болды.
– Однозначно… Ала-Арша емес, – деді Медет Шоқанұлы. – Бірақ қай жерге екендігін мен де біле алмай тұрмын. Саған бір күн уақыт беремін, ертең ерте маған ұсынысыңды айта кел, – деді.
Медет Шоқанұлының сөзі – миыма тиген оқтай тесіп өтті.
– Давай, ойлан, дорогой! – деді.
Медет Шоқанұлының кабинетінен шығып бара жатқанымда ол: «Ең жақындарына, Илгиз байкеге, Роза апаға, ұлдарына әзірге айтпай қоя тұр. Соңғы шешім қабылдағанда өзіміз айтамыз», – деді.
Басшының кабинетінен ауыр жүк арқалап шықтым. Күні бойы ойландым, түнде көз іле алмадым. Шықаңның кітаптарын алдыма қойып, қайтадан оқып шыққандай болдым. «Саманчынын жолу» повестіндегі:
«Отец, я не знаю, где ты
похоронен.
Посвящаю тебе, Торекулу
Айтматову…» –
деген эпиграфы көзіме түсті. Бұл жолдарды оқыдым да, ішімнен «таптым» дегендей болдым. Медет Шоқанұлы ұсынысымды дәлелмен дәйектеп бер деген болатын. Алдымен дәлел мен дәйекті таптым… Бірінші дәйегім – эпиграф, екіншісі, әкесі Төреқұлдың сүйегі жатқан – Ата-Бейіт, ол жерге «Ата-Бейіт» деп Шықаң ат берген болатын. Мұнда қандай да бір байланыс бар еді. Әкесінің жамбасы тиген жерге ұлының да сүйегі беріледі деген түсінік бар… Бұл дәйектің мағынасы да терең көрінді маған.
Медет Шоқанұлы қашан да бір емес, ұсыныстың бірнеше нұсқаларын талап ететін. Екінші нұсқамды қарастырдым. Ол Совет, Ахунбаев, Жантошоев көшесіндегі саябақ еді. Сондағы дәйегім: бұл саябақ қаланың ішінде, жастар көп жүретін жер. Қала берді, Медакадемия, Ұлттық консерватория, Дене тәрбиесі академиясы, одан кейін Бүбүсара Бейшенәлиева атындағы мәдениет университеті… Бірақ өзім ішімнен Ата-Бейітті жөн көріп тұрдым. Ертеңінде ертемен Медет Шоқанұлының кабинетіне келдім.
– Ну, чо… ұсыныстар бар ма? – деді Медет Шоқанұлы.
Дайындап әкелген дәлел-дәйегіммен қоса ұсыныстарымды да қосымша айтып бердім. Шоқанұлы орнынан тұрды да… бір қолын қалтасына салып (ол кісінің сондай әдеті бар еді):
– Ата-Бейіт… Интересно… – деді ойлы пішінде.
Аңғарымпаз кісі еді Шоқанұлы. Менің екінші нұсқам туралы сөз еткен де жоқ.
– Мен онда бұл ұсынысты Первыйға берейін… Қандай жауап болар екен… Жди… – деді содан соң қысқа қайырып.
Сыртқа шықтым. Баяғы «Шықаңнан айырылып қалдық» деген сөз менің көңіліме қонбай қойды. Медет Шоқанұлынан күні бойы зарыға жауап күттім. Ойым– ұсынысым қабылданбай қалған ғой деген күмәнға кетті.
Түңгі сағат 21.13-те, сол сәт әзірге шейін минут, сағатына дейін есімде, Медет Шоқанұлы қоңырау шалды.
– Первый одобрил… ертең таң азаңнан Ата-Бейітті көріп кел. Қай жерге қоямыз… Түстен кейін шығып, тағы да барып көреміз, – деді.
Шықаң атасы Төреқұл Айтматов жатқан Ата-Бейітке, өзі «Ата-Бейіт» деп ат берген қырғыздың ұлылары жатқан жерден мәңгілік мекен тапты. Әке мен балаға топырақ бір жерден бұйырды.

Ел егесі

Алматыдағы Мұхтар Әуезов мұрағат үйінің кіре берісінде Шыңғыс Айтматовтың: «…У меня есть две национальные святыни с которым я еду в другие страны с которым переступаю порог других народов.
Это – «Манас» и Мухтар Ауэзов. Это символ моих народов» деген сөзі жазылып тұр. Мұрағат үйге кіргенде ең әуелі жүрекке жақын сол ұлылардың сөзі…
Бұл да – Шықаңның ұлы қасиеті. Еге, ұстаз бұл түсініктер – біздің ұлт­тық мәдениетіміздің алтын көпірі болған. Өнер – өнерден жұғысады. Бұл – өлмес-өшпес көне мәдениеттің феномені. Шықаң Манаспен оянып, Манаспен өмір сүрді, ол Манастың алтын тұяғы болды. Сол рухтан мәңгіліктің құдіретін бойына дарытты. Манас деп басын қатерге тікті, Манасқа өмірін арнады.
Бұл қасиетті ол ұлы ұстазы – Мұхтар Әуезовтен алған. «Манастың» ғана емес, қырғыздың басына ауыр күн туғанда Мұхтар Әуезов ұлы эпосымызды қорғап, айыр қалпақты ағайын үшін Алатаудай іс жасады. Сонда да Манас­тың «зияндылығын» айтып, қолтыққа су бүріккендер осы біздің арамыздан шықпады ма?! Ол ғана емес, Айтматовты да қудалап, тамырына балта шауып көрді. Сонда жас Айтматовтың талабын ұштап, Мұхтар Әуезов қадірлі басын қанжығаға байлады.
Байырғы тарихта Барысбек қаған қазығын қаққан Қырғыз қағанаты да өз ішінен шыққан шұбар жыландардың кесірінен талқандалып, ескі күндердегі еліміздің есі ауып, есеңгіреп, тарих беттерінен көрінбей қалмады ма? «Қырғыздың дұшпаны – қырғыз» дегенге еш сенгім келмейді-ақ. Ол – жаулық қырғыздың түбіне шөгіп алған қырғыз байлығында. Осы ішкі дұшпанның тұқымы қашан тұздай құрыр екен…
Ұлт болған соң ұлттың рухы, ұлт иесі болу керек. Ол – Айтматов. Талассыз. Оған да тыныштық бермегендер арамызда жоқ емес. Ыйыктын ыйыктыгын (қасиеттінің қасиетін) білмейтін не деген көкірегі көр жұрт болып барамыз?!.
Әрбір елде ыйыктын символы болады, ол біз үшін – Манас. Ол – Айтматов.
Шықаң «Манас», Мұхтар, Саяқбай туралы соңына соқталы сөздер қалдырды. Оны біз бен сізге қалдырды…
Ие, бұл түсінік – біздің ұлттық Культ болған. Дүние Иенің айналасында айналған, біз одан тәлім-тәрбие, өнер, сыбаға, нар кескенін алғанбыз. Бұл – қырғыздың дүйім дүниедегі дүр Академиясы.
Шықаңның шалқарлығы – өз иелерін үлгі тұтып, олардың дүние-мүлкін, соңына қалдырған мұраларын әрқашан қастерлеп келгенінде шығар. Олардың ізін жалғады. Бәлкім, Айтматовтың Айтматов болуының сыры да осында жатыр ма екен…
Ұстазы да жоқ, сыйлағаны да жоқ, сыйынғаны да жоқ, ештеңесі жоқ бұл заманда біз қайтіп өмір сүреміз?!.
Ыйык (қасиетті) кітаптарда айтылады: «Егер сенің ұстазың жоқ болса, демек сенің ұстазың – шайтан» деп.
Айтматов – біздің бәріміздің ұстазымызға айналғанда ғана, бұл қараңғы заманның түнегінен арылып, нұр жарық дүниенің дидарын көретін боламыз…

(Автордың
«Айтматов туралы
эсселерінен» үзінді.

Сұлтан РАЕВ

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір