ҮТІК БАСАТЫНДАР ЖАЗАДАН ҚҰТЫЛМАЙДЫ
Қаңтар оқиғасы кезінде ұсталғандар, жазықсыз қамалғандар, тіпті ешбір заң аясына сыймайтын әрекеттер, оның ішінде ұрып-соғу, азаптау, үтік басу секілді озбырлықты көргенде төбе шашымыз тік тұрды. Егер құқық қорғау органдары адам құқығын белшеден басса, басқалары не істемек?
Тіпті соғыс кезінде тұтқынға түскендердің өзін қамауда ұстаудың ережелері бар емес пе? 1929 жылы қабылданған Женева конвенциясында әскери тұтқын, яғни жаудың әскері тұтқынға түскенде, оны азаптау былай тұрсын, тұтқынға алған жақ оны дұрыс тамақтандыруға, медициналық көмек көрсетуге, антисанитария жағдайында ұстамауға, психологиялық қысым көрсетпеуге, тіпті соғыс жүріп жатқан майданға жақын жерде қамамауға міндетті. Бұл соғыс жағдайындағы ережелер. Ал біздікі не болды? Бейбіт уақытта ұрып-соғу, ыстық су құю, үтікпен басу, ауруханадан сүйреп алып кету – барып тұрған құқық бұзушылық, адамзатқа, адами құндылықтарға қарсы істелген қастандық деп бағамдауға болады.
Енді мұндай әрекеттерді болдырмау мақсатында, тергеушілерді, полиция қызметкерлерін қатаң бақылауда ұстайтын, азаптаудың алдын алатын заңнамалар қабылдана бастады. Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасы тергеу бөлімшелеріне бейнебақылау орнатуға міндеттеді. Яғни міндеттегеннен кейін бұл бұйрықты бұлтартпай орындау керек деген сөз. Бас прокуратураның бастамасы бойынша қылмыстық қудалау органдары полицияның пенитенциарлық мекемелері мен қызметтік үй-жайларында, сондай-ақ барлық жедел-тергеу бөлімшелерінде бейнебақылау жүйелерінің жұмыс істеу қағидаларын бекітті.
Бейнебақылау жүйелері жеке гигиена орындарын қоспағанда, келушілердің жүру маршруттары мен режимдік кабинеттерді де қамтиды. Нақты уақыт режимінде бейнежазбаларды қашықтан қарауға және бұзушылықтардың жолын кесу жөнінде жедел шаралар қабылдауға құқығы бар адамдардың тізбесі қалыптасқан.
Бұл шаралар тергеудің рұқсат етілмеген әдістерін болдырмауға бағытталған. Бейнежазбаларды сотқа қатысушылар дәлел ретінде пайдалана алады. Орган басшылары бейнебақылау жүйелерінің жарамдылық жай-күйіне, бейне архивтің сақталуына тікелей жауапты.
Яғни, әлдебір азаптау кезінде бейнебақылау жүйесі істен шығыпты деген сылтау енді болмайды. Оның өзіне де орган басшылары тікелей жауапты, бар жауапкершілікті мойнына артып қояды деген сөз. Теорияда бұл әдіс – қамауда отырғандардың құқығын қорғауда таптырмас әдіс, құқығы бұзылған жағдайды бұлтартпас дәлел бола алады. Тәжірибе жүзінде қалай боларын болашақта көре жатармыз. Егер қамаудағы азамат азапталып жатса, онда ол бұл бейнежазбаны сотта жүз пайыз өз пайдасына пайдалана алады.
Полиция қызметіне қатысты осыған дейін неше реформа жүрді. Оның бәрі сәтті деуге келмес. Айласын тауып, айналып өтіп жатқандар да бар. Полиция қызметкерлеріне жеке-жеке бейнебақылау орнатты. Жеке белсенділер полицияның азаматтармен сөйлесу мәнерін сынға алып, талай әлеуметтік желіде талқыға салып, назарда ұстады. Ендігі кезек, темір тордың арғы жағындағы жағдай еді. Қаңтар оқиғасы кезінде азапталғандардың ащы дауысы бұл өзгерістің жылдам қабылдауына католизатор болғандай. Ең алдымен полиция қызметкерлерінің өз ісіне адалдығы, жұмысының негізгі мақсаты мен жалпы сауаттылғы маңызды. Сауатты полицей құқық бұзушылықтың не екенін хабардар, оның салдарын бағамдайды, халықты қорғау мақсатында қызмет етеді. Ал бұл өзгеріс халықтың да, полицейлердің де сауаттылығын арттырудағы алғашқы қадам десек болар.
А. ӘБИТҰЛЫ
Для отправки комментария вам необходимо авторизоваться.