Күдікті елордада ұсталды
09.03.2023
365
0

Елордада есірткі қылмысына қарсы күрес басқармасының қызметкерлері аса ірі көлемде есірткі сатудың жолын кесті. Бұл туралы 20 ақпанда Polisia.kz сайты хабарлады.

Елордадағы Күмісбеков көшесінен Range Rover автокөлігін тінту барысында жүк салғышынан күшті синтетикалық есірткі заты – мефедронның екі пакеті табылған. Осы іске қатысты 35 жастағы жергілікті тұрғын ұсталды. Есірткіні Алматыдан сатып алып, көлікпен Астанаға жіберіп, өзі елордаға ұшақпен жеткен. Содан кейін есірткіні бір келіден бөліп, Көкшетау, Петропавл және Павлодар қалаларына тасымалдау­ды көздеген күдіктінің пәтерін тінту кезінде екі келі гашиш, бір миллионнан артық теңге, сондай-ақ электронды таразылар мен есірткіні буып-түюге арналған материалдар алынды. Ішкі істер министрлігі атап өткендей, тәркіленген есірткінің салмағы аса ірі мөлшерге жатады. Мұндай мөлшердегі есірткі үшін қылмыскердің мүлкі тәркіленіп, 15 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Қазір басқарма қызметкерлері ары қарай іздестіру жұмыстарын жалғастырып, күдіктінің сыбайластарын анықтауға кірісті.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір