«TOZBE»: БАС ЖАРЫЛСА…
09.03.2023
459
0

«Бас жарылса – бөрік ішінде, қол сынса – жең ішінде» деген аталы сөз бар. Бірақ «жауырды жаба тоқимын» деп қанша жан тұрмыстық зорлық-зомбылықтың құрбанына айналды. Өткен жылдың ресми деректеріне көз салсақ, қасақана қылмыс қылған кісәпірлердің қоғамға қаншалықты кесірін тигізіп жатқанын, «ыдыс-аяқтың» сылдыры бейкүнә сәбилердің жан дауысына ұласып жатқанын байқамау мүмкін емес.

Мәселен, былтыр қазан айына дейін ғана полиция басқармасына осы мәселеге қатысты жүз мың қоңырау түскен. Ең өкініштісі сол, мұны мәлімдеген ведомство басшысы Марат Ахметжанов бұған қатысты істердің 60 пайызына шара қолдана алмағанын айтты. «Полицияға тұрмыстық зор­лық-зомбылық туралы 100 мың дабыл келіп түсті, оның 60%-ы бойынша полиция шара қолдана алмады, өйткені жәбірленушілер сол жерде өтініш беруден бас тартқан. Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, полиция қызметкерлері шағымсыз «үй тирандарын» жауапқа тарта алмайды», – дейді ол.
Иә, осынша адам хабарласа алды. Ал телефон тұтқасын көтеруге мүмкіндігі жетпегендер мен дәті бармағандардың саны қанша? Бұл бізге жұмбақ…
Атқарушы билік жыл сайын үшбу мәселеге қатысты бағдарламалар жасақтап, жобаларды жаңғыртып, зорлық-зомбылықтың жолына тосқауыл қоюға әрекеттеніп-ақ келеді. Дегенмен қырық ағайынды қылмыс түрінің тыйылар түрі жоқ.
Осынау озбырлықтың жолын кесу жолына жастар да білек сыбана кіріскен. Соның айғағы, жақында ғана «TOZBE» мобильді қосымшаның таныстырылымы өтті. Авторлары 16-20 жас аралығындағы өрімдей қыздар. Ендеше, жоба туралы білетінімізді алдарыңызға жайып салайық.
«Кез келген
зорлық-зомбылыққа төзбе»
Жобаны әзірлеушілердің бірі – Мира Оңғарова қолданбаның үш тілде жасалғанын атап өтті.
«Қолданбада SOS дыбыстық функциясы жұмыс істейді. Агрессор құрбаны «көмектесіңіз» деп айтқанда, қолданба бірден оның туыстарына хабарлама жіберіп, көмекке шақырады. Қолданбаның 20 метрге дейінгі қашықтағы дыбыстарды жазуға мүмкіндігі бар», – дейді ол.
Ол үшін қолданушы мобильді қосымшаны смартфонына жүктеуі және оған өзі туралы деректерді, сенімді, көмек бере алатын жақындарының байланыс нөмірін енгізуі қажет. Көмек керегіп, пәрмен бере қалсаңыз болды, хабарлама сол кісілерге жіберіледі. Ал жақын адамыңыз қолданбаны телефонына жүктемесе де болады, өйткені хат телефон нөміріне жіберіледі. Жеке мәліметіңіздің құпия қалуын қалап, мобильді бағдарламаны өшіріп қоюыңыз мүмкін. Олай етсеңіз, қолданбаның мәні қалмайды. Сондықтан қолданушының жеке мәліметтері құпия қалатынына жоба авторлары кепілдік береді.
Сонымен қатар мұнда нұсқау­лық­тар, заңгерлер мен психолог­тар­дың байланыс нөмірлері де бар. «Тұрмыстық зорлық-зомбылыққа ұшырасам, не істеймін?» немесе «Зор­лық­қа ұшыраған адамды көргенде қалай көмектесу қажет?», «Полиция арызды қабылдамаса, не істеймін?» деген секілді сұрақтардың жауабы жазылған чек-листерді де «TOZBE-ден» табасыз. Оны жасауға білікті мамандар ат салысқан.
Tozbe-нің жасырын сипаты – оның тағы бір ерекшелігі. Бір көрген адам оны ойын-сауық қолданбаларынан ажырата алмайды. «Кейбір агрессор құрбанның смартфонын ақтаруы мүмкін. Сол кезде тұрмыстық, отбасылық зорлық-зомбылыққа қатысты қолданбаны көріп, оны одан әрі қинауы мүмкін. Сондықтан қолданушының қауіпсіздігі үшін жасырын қолданба форматын жасау­ды жөн көрдік, яғни агрессор немесе басқа бір адам қолданбаға кіргенде ішінде сән журналы, кітаптар топтамасы сияқты ақпараттар тұрады. Бастапқыда «Бұл туралы ашық жария етсек немесе Tozbe туралы көп айтсақ, агрессорлар да оны біліп алады ғой» деген уайым болды. Кейін біз зәбір көрсетушіден қорқуды емес, құрбанға жәрдемдесуді бірінші орынға қою керек екенін түсіндік», – дейді Мира.
Жоба командасының атауы «Shuaq» екен. Бұлай аталуының да өз мәні бар. «Кез келген оқиға, кез келген қиын­дықтың артынан күн шуағы ша­шылатынына, жарқын күндер болатынына сенімдіміз. Сол сияқты бұл жоба қолданушыларымызға сол шуақты күнге жетуге көмектессе екен дейміз». Сөз иесі – Мира Оңғарова. Аталған қолданба маркетплейстерге жақында шығады.
Шуақ сынды топтар барда шуақты күннің орнайтынына біз де сенеміз. Жарайсыңдар, Жастұлпарлар!

А. ДӘУІТ

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір