СЕКСЕУІЛГЕ ҚАЙНАТЫП, ШӘЙ ІШЕЙІК, ЖҮРШІ, АПА!
08.03.2023
1595
0

Үміт БИТЕНОВА
* * *

Тағдыр сені сипамайды маңдайдан,
Басыңда ой болмаса егер байыпты.
Жағаласып, шығады деп жан қайдан,
Шайтан жүрген жер қашан да қауіпті.

Ашу-дұшпан, қозар тауып ретін,
Арандадың оған жылдам бой беріп.
Әшейінде сыпайы боп жүретін,
Былғанды-ау ақылыңа сай көрік.

Қу мінезге құл боп жүзің жайдары,
Бейпіл аузың боратты кеп былапыт.
Айтылған сөз – атылған оқ айғағы,
Айналып кеп иесін табар жылатып.

Жөн болмады бет жыртысып,
боқтасқан,
Аруақты қозғап, ата-тегіңді.
Қап-қара боп темір сынды тот басқан
Ағартпақсың енді қалай көңілді.

Пешенеге бұйырады талай сын,
Құдай берер төзгенге мол несіпті.
Енді жұртқа қай бетіңмен қарайсың,
Қатты жаптың қайтып кірер есікті.

Шат-шадыман шайтан
қанып құмары,
Көзіңді арбап, сөзге тоқтау бермеді.
…Түлен түртсе, бұған өзің кінәлі,
Ал ол сені жерледі…

* * *
Әртіс көңіл, менен не хал сұрайсың,
Өмір – сахна, сенен нені дәметем.
Кешкенімнің бәрі батпақ, ылай су,
Ішкенімнің бәрі удай тәуекел.

Жанарыма жасырынған сәулелер,
Сығалайды қайшыласқан кірпіктен.
Тыныштықтың құндағына Ай бөлер
Арманымды қараңғы түн үркіткен.

Айбарымды жиып-теріп қарманған,
Жем қыламын үйіп-төгіп үрейге.
Ар-ожданым арзандауға арланған,
Жарап жүрсе болды арқа сүйеуге.

Арықтығын білдірмейтін бөрі боп,
Қампайтамын күжірейтіп жонымды.
…Қойылымым басы бар да,
соңы жоқ,
Шығады екен шын
мәнінде нанымды…

Бақытжан РАИСОВА

Бұлттың құдіреті

Қара бұлттың көз жасына мелдектеп,
Марқаяды жер жасыл.
Қуанышты қайғы қуды жеңбек боп,
Жасып кетер бар ма асыл?

Қара бұлттың көз жасына таңым бар,
Тіршілікке жан берген.
Күн күйдіріп, алдарқатар Айым бар,
Тамшылар ғой нәр берген.

Көз жасымен келген баққа кектенем,
Тамыр тартқан қайғыдан…
Бұлт баурында булығатын өкпеден
Береді екен дән қылаң.

Көкте жүзген алып киттің сорасы
Асырайды бар елді,
Адамзаттың күллі әлемдік жобасы
Қайда қалды ал енді?!..

Сөз үйірген бұлт тағдыры жабағы,
Жасырынды жерге кеп,
Қату бұлттың ашылғанда қабағы
Шаруаң кетер дөңгелеп.

Кісімсінген күн – өртегіш,
жер– әлсіз,
Керуендей көшкен бұлтың болмаса.
Аспан шерлі, мұңлы Ай да амалсыз,
Көктің құты нөсерлетіп жаумаса.

Алтыншаш ЖАҚИЯНОВА

Ұмыттым сені

Ұмыттым сені біржола
Ұмытады екем,
Адамның жанын құр елес
жылыта ма екен?!
Табылмайтынын білсе де
жоғалған асыл,
Қимаған жүрек қасқырдай
ұлытады екен.

Ұмытқам сені,
Жүректен сызып тастадым,
Жазылған мида
лентасын үзіп таспаның.
Беймезгіл түнгі ұйқымды
бұзбасыншы деп,
Жабылған мәңгі есігі
құлыпты ашпадым.

Ұмытпай, кетсем де жағып
отын басқаның,
Жауапсыз сол бір күндердің
төгіп жастарын.
Өлшеулі ғана өмірді сезінген шақта,
Өшіріп ойдан, біржола көміп тастадым.

Ұмытпаймын-ақ деуші едім,
Ұмытады екем,
Өмірдің күзі бәрінен суытады екен.
Ауғанда бесін, уақытқа қарауыл қойып,
Адамдар ойын осылай
қорытады екен?!

Бұл өмір қандай қысқа еді
өтетін зырлай,
Мен сені сүйіп келіппін
елу-ақ жылдай.
Ұмыттым енді,
өкпең де жоқ шығар маған,
Жасамап едім сезімге қиянат қылдай.
Махаббат, қош бол, жастығым,
жылдарым асыл,
Туған жер, қош бол, жас күнім,
белдерім жасыл.
Не деген өмір осынша
қып-қысқа еді,
Сараңдығы ма, тым құрыса
бермеген ғасыр?!.

Тәңірім маған бақ берді, несібе берді,
Таңдаған жолым – ақындық
көшіне ердім.
Уақытым да жоқ…
ешқашан ойламаймын деп,
Серт берген күні тағы да түсіме ендің.
Неге?

Нұргүл МАУЛИНА

Шәй ішейік

күнікейі көш-кенттің
Көзіңдегі күн керім,
Сен зерлеген бешпенттің
Мен қадайын ілгегін!

Әуен бөлек ән десем,
Өрілгенде өлеңің
Сәукелеңді сәндесең,
Мен ұстайын желегін!

Ақбоз тартқан күймеңнің
Төмендетпей иегін
Алтын шайған түймеңнің
Күмістейін жиегін.

Сәуле болып тарайын,
Жанарыңнан жайнаған.
Айналаға қарайын,
Сен қараған айнадан!

Жырдан құрақ құрайын
Сырларымды үзіп мың.
Көзі болып тұрайын
Қолыңдағы жүзіктің.

Армандары айқара
Барады өтіп қанша күн!
Жаулығыңның қарқара
Мен түзейін моншағын!

Көктем күйін ойнатып
Жамыласың гүл шапан
Сексеуілге қайнатып,
Шәй ішейік, жүрші апа!

 

Еркежан БЕЙСЕНБЕКҚЫЗЫ

Абат далам

Сап алтынсың түскен сен қолға, білем,
Құшағыңда кімдерден қорғанып ем.
Атамның тері сіңген ішігіндей
Абат далам ыстықсың сен бәрінен.

Бал ұсынып кейде осы өмірге удай,
Сенде жүрсем даңғылдау жолым ыңғай.
Әдемі табиғатың көз сүйінер,
Әжемнің сырмағының оюындай.

Жағалауын Боғданың құм кемірген,
Адастырмас соқпағы мүлде өмірден.
Жас жаным жайған сенде жапырағын,
Бәйтерегім өзіңмен біргемін мен.

Аяулы аймағымды ғажап құтты,
Санамды сағыныш ой қажап бітті.
Бабам жүрген жолдарға қарайлаймын,
Жоғалтып алам ба деп қазақтықты.

Сенім арт, жас балаңның түсін ойын,
Үкідей арманымды үкілеймін.
Күн астына жүгірген күліктей боп,
Кермеңде күлдір-күлдір кісінеймін.

Аяулы баға жетпес асыл мекен,
Жасайын болашаққа батыл бекем.
Жиырма алты жыл сенде өткен
жалын күнім,
Жиырма шумақ өлеңге татыр ма екен?!

Жарқынай ЖҰБАТОВА

Тал бесік

Табиғаттың сан бояуы үйлесіп,
Жүрегімнен елжірете күй есіп.
Сағынышым тасып саған беттедім,
Туған өлкем, дайындашы тал бесік.

Жүрем әркез өзіңді ойлап санамда,
Сенен жақын бар ма мынау ғаламда.
Жерұйығым топырағың торқалы,
Мәңгі мекен болған ата-анама.
Сені ойласам, көкірегім күмбірлеп,
Мына ғажап мекенде мен тудым деп,
Көктеміңдей барқыт
белдер құлпырған,
Көңілімде өседі мың гүл бүрлеп.

Саған деген өршіл рух пішінде –
Махаббатым жанарымның ішінде…
Алыс кетсем сағынамын,
Сағынсам,
Көгілдір бел көрем ылғи түсімде.

Жырларымда жүреді атың, есімің,
Қадіріңді білмесем ет кешірім.
Әрбір таңың тағдырыма байлаулы,
Тебірене тербелген тал бесігім.

Индира КЕРЕЕВА

Сыңсу

… Балалық айналды ма ақ сағымға,
Қыз-ғұмыр өте шықты қас-қағымда?..
… Тап болдым аяқ асты басқа әлемге
Сөйлейтін сөзім, ойым басқа мұнда…

Мама, сен уайымдама!
Адал бәрі…
Жоқ мұнда қату қабақ, қаралы рең.
Қызыңның емес солғын, жадау бағы
Тек үнсіз жыр жазады… жанарымен…

Әлдебір күй кешкенде аңсап нені
Кетсем ылғи тірліктен шаршап тегі:
…«Ботам», – деп бір-ақ ауыз сөзіңменен
Қолдайсың, жарық нұрым,
әр сәт мені.

Жаныма мейірімді сіңірдің сен;
Шаттандың – жайнаң қағып,
күліп жүрсем;
«Қарамның тағдыры оңай
болсыншы» деп
сәт сайын Жаратқанға жүгіндің сен…

Ойлайсың, білем оны…
мені де әр таң;
Бәрі де, бәрі Ана, сенің арқаң!

Айжан ТӘБӘРӘКҚЫЗЫ

Мама

Көңілсіздеу бүгінгі іңірдің десі,
Төзімді бойға уақыттың сіңірді көші.
Мейірімге шөлдедім,
сағындым,Мама,
«құлыным» деші?..

Жамандықтан бұл күнде жүрегім ада,
Сен де мені сағындың,
бiлемін, Мама?!
Түсіме енші,
Тәңірден бүгінгі менің
тек осы тілеуім ғана!

Тыныштықты қай жақтан
табады санам,
Жылылық аңсап тағдырдың
қабағын бағам.
Күтші, Мама, күп-күрең
күзді арқалап,
кешікпей барады балаң…

Жазғырма, Мама, қара деп көңілі босын.
Қайтейін мұңның өмірде
өрімі басым.
Оңашада отырам өлеңмен сүртіп,
Осылай көзімнің жасын.
Кешірші, Мама…

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір