ТЖБ мен ЖЖБ
09.03.2023
308
0

Дәл осы тақырыпқа ата-аналардың көзі түссе, жүректері дір ете қалатынына сенімдімін. Өйткені осы ТЖБ (тоқсандық жиынтық баға) мен (жылдық жиынтық баға) үйінде оқушысы бар барлық ата-ананың қанын ішіп, сорпасын сапырып отыр.

Мектепте мұғалімдер қазір қалай бала оқытатынын жұрт­тың бәрі біледі. Ол – өмірде болып жатқан шындық. Мейлі жыла, мейлі күл. Ешнәрсе істей алмайсың. Білім министрлігінің жасаған бағдарламасын да, жалпы білім беретін мектептің жоспарын да түсіну қиын.
Елімізде екі жарым жылдан астам Ковид деген кесел жайлап, «құланның қаш­уына мылтықтың басуы» болып, білім саласындағылардың басына қонғандары тарыдай жерге төгіліп қалды. Ал енді күшті болсаң, жинап ал. Балаларды Ковид кезінде онлайнмен үйде оқыту – алдымен мұғалімдер мен ұстаздарға қолайлы болды. Онлайн сабақтың сапасына, білсеңіз, ешкім жауап бермейді. Мұғалімдердің ай сайынғы алатын жалақылары сабақ оқыту сапасына қарай төленетін болса ғой, шіркін! Онда басқаша қозғалыс болған болар ма еді?
Мұғалімдер оқушыларға онлайн сабақты қою сүтпен шәй ішіп отырып жүргізетінін оқушылар бір-біріне жеткізіп, күлкі еткенін өз көзім көрді. Онлайндағы балалар бір-біріне:
– Мұғалімнің кесесінің алдында конфет бар ма, жоқ па? Бар болса, ол қандай конфет? Кім тауып айтар екен? – деп өзара жарыс өткізген. Немесе былай:
– Мұғалім апайдың үстіндегі халат па, әлде көйлек пе? – десе, екіншісі: Жуылған халат па, әлде кір халат па? – деп келеке ететіндерін білсе ғой. Осыдан барып онлайн сабақтың оқушылар мен мұғалімдер арасында қаншалықты деңгейде өтетінін аңғара бер. Мектепке бармаған бала үйде сабақ оқытып жарытушы ма еді. Мұның бәрі сорлы ата-аналардың иықтарына жүктелді.
Ковид кезінде онлайнмен үйде жұмыс істеп отырып, онлайнмен оқыған баланың сабағын қоса оқып, қыл көпірдің үстінде әрі-бері жүргеніміз естен кетпес. Осындай ата-ананың бірі өздерінің күн режимдерін бұзып, әрқайсысы өз баласына қай сабақтан көмек бере алатынымен бөлісті.
– Мен тек орыс тіліне және аздап ағылшын тіліне көмек бере аламын. Ал сен қай сабақтан көмек бере аласың? Давай, қазір айт! – деп бесінші сынып оқитын баласы бар Баршагүл күйеуі Бораштың қасына жақынырақ келді.
– Әй, сонда бұл бала не бітіреді, суо­лыш, а? Онлайн жұмыс істеп отырмын ғой. Күн сайын әтшөт­ті тапсырып отырмасам, жұртқа зәрпләта қайдан беріледі? Бастық мені де онлайнмен бақылап отыр. Ең болмаса осы онлайн кезінде ұйқыңды қандырып алуға мұрша бермейді. Тура сағат сегізде оятқан жоқ па бағана. Біреу қуып бара жатқандай діңкілдеп.
– Ту, Бораш, сабаққа келейікші. Математикадан, тарихтан, биологиядан, тарихтан сен сабақ үйретіп, ТЖБ-ны сен тапсырасың.
– Е, сенікі дұрыс-ақ! Барлық сабақты маған үйіп төгіп, сонда сен екі сабақпен қалғың келіп отыр ма?
Ал мен сабақ дайындасам, тамақты кім әзірлейді? Бұрын таңертең кетіп, кешке бір-ақ келетін едің. Қазір күні бойы үйде отырып, аузың тамақтан бір босаған емес. Жейсің де отырасың, жейсің де отырасың. Мен қай жағына үлгірем сонда? Мен де сен сияқты онлайнмен жұмыс істеп отырған жоқпын ба?
Осы кезде түпкі бөлмеден осы үйдің ең үлкен ұлы, онлайнмен сабақ оқып «жетістіріп» жүрген Әпилөк шығады.
– Мам, пап біздің сыныптағы қыздар, балалар Сіздерге, ата-аналарға көмектесетін болдық, – дей бастағаны сол еді. Әкесі ақырып кеп жіберді.
– Әй, суолыш! Сабақ сендердікі. Оқитын да сендер! Бесінші сыныптың білімдері сендерге керек! Біз шешең екеумізге бұл керек емес! Неге сендер сол өз сыныптарыңның программасын апайларыңнан өздерің оқымайсыңдар, а? Еще келіп, «Сіздерге көмектесетін болдық» деп айтып отырған сөзін қараш.
– Туу, тұра тұршы енді, балаға айқайлап шыға келмей! Әпилөк, жаңа не айтқың келіп еді, алтыным, айта қойшы. Қазір мен өз бастығыммен онлайнға шығуға а-с-ы-ғ-ы-п тұрмын. Соған дейін, жаным тездетші, – деді шешесі төрдегі сағатқа қарап.
– Әркімнің папасы не мамасы бесінші сынып бойынша қай сабақтан жақсы біледі, сол ТЖБ-да дайындалады. Сосын уатсап арқылы бізге салады. Біз мұғалімге соны жібереміз. Мысалы, біздің папа физикадан дайындалса, Дәлдудің пилосоп атасы тарихтан дайындайды. Күмісайдың әжесі биологиядан. Серкешованың тәтесі математикадан.
– Ойбай-ау мына табылған ақыл болды ғой, Әпилөк-ау. «Жаным менің», – деп шешесі баласын құшақтап бетінен сүйіп-сүйіп алды. Ақылдыларым, менің! Мұны қалай білдіңдер-ей?
– Мам, алтыншы, жетінші сыныптағылар алты айдан бері сөйтіп жүр екен ғой… Құпия ұстапты. Содан біздер білдік.
– Бұл озат тәжірибені мұғалімдер біліп қалса не істедік? – деді Бораштың папасы ұлына қарап, қылмыстың есігін ашып тұрғандай, үрейлене. Бесінші сынып оқушысы, баласы Әпилөк сасқан жоқ. Әкесіне жақындап, құлағына сыбырлады.
– Пап, мектепте мұғалімдедің бәрі біледі. Бірақ білмегенге ұқсап жүреді. Өйткені біздің сыныпта Айшаның мамасы мұғалім. Ол біледі. Басқа пәндегілер де солай.
– Ымм… Бораш күрсінді. «Әркім өзінің жайлы көрпесін жамылады. Басқалар «күл болмаса, бұл болсын» деген – осы. Жас ұрпақтардың білімінің сапасына кім жауап береді? Онсыз да қазір оқулықтардың қазақ тіліндегі нұсқалары сын көтермейді.
Осы Бораштың баласы Әпилөк екінші ме, жоқ үшінші ме сынып оқитын жылы Қарағандының көмірі деген тақырыпты түсіндіре алмай әбден басы қатқан. «Көмір деген не ол?» деп қоймайды сұрап. Қаланың баласы пеш дегенді де біле ме?
– Ол пешке жағылатын отын, – дейді Бораш.
– Пеш деген не?
– Пеш деген бе. Мынадай төрт бұрыш. Іші қуыс болады. Сол қуыстың ішіне таяқтарды салады. Содан соң… деп айта бергенде түк түсінбеген баласы жылап жіберді.
Білесіз бе, бізге апай да түсіндірмеді. Сосын үйге барған соң әке-шешелеріңнен, әжелеріңнен сұраңдар, – деді. Сен де түсіндіре алмай отырсың.
Бораш мұның ретін қыстыгүні ауданда тұратын балдызының үйіне Әпилөкті ертіп апарып, пешпен, көмірмен от жағып, таныстырып қайтқаны бар. Оның артынша тағы мынадай оқиға болды. Бала мектептен келе сала кітабынан Қазыбек би, Әйтеке би, Төле бидің сурет­терін көрсетіп:
– Папа, мына аталар дискотекаға барып күшті билейді ме? – демесі бар ма?
– Жо-жоқ!
Неге ендеше би дейді?
Мұны түсіндіру де оңай болған жоқ.
– Балам-ау, мектепте апайларың сендерге не түсіндіреді осы. Үйге келесіңдер де сан сұрақтың астына аласыңдар.
– Түсіндірді. Мен ұқпадым.
Бала басын төмен түсіреді. Әрине, ұқпайды. Осы оқулықты жазып отырған педогог тіл мамандарының өздері ештеңе ұқпайды. Әйтпесе, бастауыш сыныптың оқулығын жазар алдында мамандар ойлануы тиіс емес пе. Екінші сыныптың оқушылары мұны ұға ала ма, жоқ па деп. Келесі күні қазақ тілі мен әдебиетінен берген үй тапсырмасының қызығы тағы бар. «әл-Фараби туралы бір ауыз өлең жазып кел» депті. Оқулықта дәл осылай жазылған. Құдай-ау, сонда екінші сынып оқитын бала ақындық өнерді іштен туа біле ме? Қалай біледі? әл-Фарабидің өзін қайдан біледі?
Баланың миын ашытпайық деп ақын досымызға түн ортасында телефон шалып, әл-Фараби туралы өлең жазып беруді өтініп, үй тапсырмасын жабылып орындаған оқиға есімнен кетпейді.
Енді бірде Әпилөктің түрі бұзылып, қабағы түйіліп келді.
– Не, болды, балам-ау, демеймін де? – дегібірім қашып.
– Бүгінгі үй тапсырмасы қиын.
– Ол қандай тапсыр ма, тағы?
– Шешен сөздерін білесіз бе, мама?
– Құдай-ау, ағылшын тілі мен орыс тілдеріне көндік дейік. Латын тілін үйрене алмай жатқанда, тағы шешен тілі несі? Немене шешен тілінде оқулық шығып па екен?
– Шығыпты,мама шығыпты! «Мектеп кітапханасынан алып, қосымша оқып, бесінші күнгі әдебиетке дайын­далып келіңдер, – деді мұғалім.
Басыма қаным қайнап шыға келді. Дереу сынып жетекшісінен әдебиет пәні мұғалімінің телефонын алып, әлгі мұғалімге телефон соқтым.
Ақсырға Ақжүзіковна! Мен Әпилөк Бораштың анасымын ғой. Сіз әдебиет­тен үй тапсырмасына шешен сөздерін оқып, үйреніп келіңдер дедіңіз бе? Мен түсінбей тұрмын мүлде.
Арғы жақтан мұғалиманың «Не айт­тыңыз, қайталаңызшы? – деген сөзі естілді.
Мен барлық ашумен, ызаммен алдыңғы сөзді қайталадым. Менің сөзімнен кейін мұғалима сыңғырлап тұрып күлсін. Сосын лезде күлкісін тиып, дауысын өзгертіп:
– Ойпырым-ай! Бесінші сыныптың барлығы осылай түсінсе онда мен жетістім. Сізден кейін де маған әлі 30 ата-ана телефон соғатыны анық. Мен тезірек ата-аналар уатсабына жазып жіберейін.
Оларға жазбас бұрын алдымен маған түсіндіріңізші. Ентелеп мен қоймадым. Сөйтсем, шешен сөздері емес, «Шешендік сөздер» деген қосымша оқулық екен.
Ақыр соңында біз, ата-аналар да балаларымызбен бірге оқып, шаршап, жүйке тозып отырғанымыз мынау.
Уһ! Бәріміз бірігіп ЖЖБ мен ТЖБ-ны ойдағыдай аяқтап шықсақ екен өзі. Былтыр да озық үлгеріммен келесі сыныпқа көшкенбіз. Сонда оқушылардың бәріне мектеп директоры алғыс хат­тар мен Құрмет грамоталарын салтанат­ты жағдайда тапсырды. Біз ата-аналар бір-бірімізді құт­тықтап, қолдарымызды қысып, мәз болдық. Не себепті бұлай ет­тік, ішіміз біледі. Қазір үшінші тоқсанының ЖЖБ мен ТЖБ-сын табысты аяқтап шықсақ екен деп отырмыз.

 

 

Өріс Яшүкірқызы

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір