Мама
Әр адамның жүрегінде жатқан ерекше бір сыр болады. Ол сыр әдемі болса жақсы, көп жағдайда ол – құбыжық кейпінде. Менің де өз дертім бар.
Оның аты – Жамал. Жамал – менің анам. Есімді еміс-еміс біле бастағаннан анам екеуміз-ақ тұрдық. Қоңырқай тірлік етсек те, жылы, шуақты әлемде өмір сүрдік. Анам мектептің еденін жуатын. Ал мен сол мектептің жанындағы бақшаға бардым. Екеуміз-ақ едік. Шүйіркелесіп, қауқылдасып, құшақтасып жұбымыз жазылмай жүретінбіз. Мен сол мектепке бірінші сыныпқа бардым. Анамның мектеп дәлізінде отырып қоңырау соғатынын үлкен мәртебе және мақтаныш көрдім. Ұят кейін келді. Есейгенде. Айжанды ұната бастағанда. Анамды танымайтын адамдай өте шығатын болдым. Ол кісі ренжімейтін. Ол кісі зады ешнәрсеге ренжімейтін.
Мен бірінші сыныпқа барған жылы әкем оралды. Кейін, есейгенде ұққаным – ол түрмеге отырып келіпті. Не үшін отырғанын анам ақыры айтпай қойды. Туған әкеммен жеті жасымда таныстым. Басында тосырқадым, содан соң аздап жіби бергенімде, ол ішіп келіп, анама қол көтеретінді шығарды. Менің жеке тозағым осылай басталды. Арашалай алмайтын едім. Себебі ол – ересек, тым қауқарлы, тым күшті. Шырылдап арқасынан жармасып, кішкентай әлсіз жұдырығыммен тоқпақтаймын. Ол шыбын шаққан құрлы көрмейді. Өші кеткендей мамамды тепкінің астына алатын. Кейде арқасына жабысқан мені жұлып алып әудем жерге лақтырып жіберетін. Солай қабырғаға да соғылдым, солай талай мәрте басымды әр жерге бір ұрдым.
Анам көнбіс болып шықты. Қанша таяқ жесе де әкеме қарсы тұрған емес. Әкем ішіп келгенде, өз-өзінен былқ-сылқ етіп, таяқ жеуге ыңғайлана береді. Шағымданайын-ау, көмек сұрайын-ау демейді. Оның осы көнбістігі әкемнің ызасына тиетін тәрізді болып көрінеді кейде. Содан соң ара түсуді тоқтататтым. Жан дүниемді жайбарақат бір селқостық басқан.
Үшінші сыныпта оқып жүргенімде анамның аяғы ауырлап, дүниеге қарындасымды әкелді. Есімін Әйгерім деп қойдық. Өзіміз Айка дейтінбіз. Негізі бір түйгенім – өмір жасы ұзақ болмайтын, өкіндіріп, өксітіп кететін адам баласы періштедей таза, аңғал және тәтті болатын тәрізді. Жер бетінде дірдектеп, кетпей жүріп алатын өзге күнәһарлардың өзегін өртеу үшін Құдай әдейі солай істейтін сияқты. Айка – бір ерекше жаратылыстың пендесі болды. Сүйкімділігі мен қылықтылығы өз алдына, сабағына ұқыпты, әліне қарамай үй жинап, тамақ істеуге әрекеттенетін. Папаны алдамақ болып, неше түрлі қитұрқы әрекеттерге баратынын көріп жүрегім езіліп кете жаздаушы еді. Әкем бірақ ішкенін, мамама қол көтеруін тоқтатпады. Содан соң он алтыға ілігер ілікпестен оған мен қосылдым. Жоқ, құдай сақтасын, анамды ұруды емес, ішуді бастадым.
Сыныптасым Айжан қашанда қасымнан табылатын. Сабаққа бармай қалғанымда адамның миына келмейтін әлдебір себептер ойлап тауып, мектеп басшыларының қаһарынан қаншама мәрте арашалап қалды. Мен оны әрі жақсы көремін, әрі жек көремін. Жақсы көретінім – анама ұқсайды, жек көретінім – анама ұқсайды. «Кет, жолама!» деп қанша қусам да, екі көзі жәудіреп, жалтақтай қорқып, тағы бір көмегін ұсынады. Арақ та алғыздым, тіпті қол көтерген күндерім де болды… Бірақ Айкадан соң… Айка… Бәрі өзгерді…
…Сол күні таңертең әкемнің Айканы араққа жұмсап жатқанын естідім. Ол бас жазуға түк таппай, Айканы қарызға арақ әкеп беруін өтінген. «Жексұрын, періштедей баланы да аямады-ау», – деп күбірлеймін. Бірақ кешегіден соң өзімнің де басым сынып, сасық, жабысқақ терге малшынып, мал болып жатқанмын. Бір жағынан, арақ келсе, өзім де басымды жазып қалармын деген есек дәме және бар.
Айка – ақылды қыз ғой, бармасына, әкелмесіне болмайтынын түсінгендей, томпаңдап аяқ киімін, сырт киімін киіп, шығып кетті. Ол сол кеткеннен ешқашан оралған жоқ. Тіпті жерлеуге де мәйітханадан алып кетті. Әлдебір әлеуметтік қызметтің адамдары жайғастырды. Себебі анамның жүрегінің талмасы ұстап, ауруханадан бір-ақ шықты. Әкем екеуміздің жайымыз белгілі. Сонымен, солай болды. Машина қағып кетті. Жарқ еткен бір сәуле біздің қапас өміріміздің қабырғасын жағалай аралап шықты да, ғайып болды.
Содан соң мен ішпеймін деп шештім. Ешқашан. Өлсем де. Ішпеймін. Және бұл үйде бір секунд да қала алмаймын. Жаман-жұман киімдерімді жинап, бір пакетке салып, Алматыға тартып кеттім. Ешкімге, еш нәрсе айтқан жоқпын. Не үй жоқ, не күй жоқ, мамандық жоқ. Мектепті де бітірмегенмін. Бірақ ол үйде бір секунд та қала алмадым. КСК-ның сыз сасыған жертөлесінде тұрып жүріп көше сыпырдым, сантехник жігіттерге шәкірт болып жүріп, осы кәсіптің қыр-сырын меңгердім. Жігіттермен бірігіп пәтерге шықтым. Кейде жалақы төленбей, қосалқы ақша жасалмай қалғанда, жертөлені қайта паналаймын. Мені құтқарған – ішпейтіндігім және жұмысыма ессіз адалдығым. Адамдар өздерінде жоқ бұл қасиеттерді жоғары бағалайды. Ал маған бәрібір, әйтеуір күнімді көрсем болды. Әйтеуір үйге қайтып оралмасам болды.
Өстіп жүргенімде бір күні мені анам іздеп келді. Қолында дәл менікіндей көк пакеті бар. Жөн-жосықты білетін, сыпайы жігіттер кешкі тамағымызды құрастырып беріп, жұмысқа қонуға кетті. Мен анамды қатты сағыныппын. Және қалай қартайып кеткен. Сонау бір балалық кезге, екеуміз ғана тұрған ғажайып уақытқа қайта оралғандай болып ал келіп жыласамшы. Кеудеме мұнша өксік жиналғанын өзім де білмейді екенмін. Арасында өкіріп аламын. Қыстыққан демім қайта шықпай, жүрегім тоқтап қалар ма екен деп шошыдым бір сәт. Анам болса, көзінен домалап аузы-мұрнына құйылған ірі тамшыларды орамалының ұшымен ғана сүртіп, үнсіз егілді. Осылай қанша отырдық? Білмеймін.
– Балам, кеш мені, – деді ол, – үйді әкеңе тастап мен де кеттім. Шыдай алмадым. Айка екеуіңнің алдыңда кінәлімін.
– Айка екеумізді жолында құрбан ететіндей ол кім, мама? Ол кім сонша? Кім? – деймін қыстығып. Анам да жылайды, мен де жылаймын.
– Мама, енді тек екеуміз ғана тұрайықшы. Оған оралмашы. Мен екі жұмыс, үш жұмыс істеймін. Екеумізді толық қамтамасыз етемін. Енді мені тастамашы, енді мені ешкімге айырбастамашы, – деймін.
– Жарайды құлыным, жарайды ботам, – деген анамның ет жақын ыстық үні әлдилеп, талықсып ұйықтап кетіппін. Таңертең тұрсам, анам жоқ! Ұшты-күйлі жоқ! Түнгі кезекшіліктен жігіттер келе бастады. Анам жоқ! Бір күн, бір түн тапжылмай күттім де, келесі күні полиция учаскесіне барып, арыз түсірдім. Олар бірден әкеме хабарласты.
Анам қайтыс болып кетіпті. Бір ай бұрын. Әкем жерлеуге де бармаған. Оны мектепте бірге істейтін құрбысы айтты. Өзі арулап жөнелтіпті. Ал мені таппай қойған. Миға сыймайтын бұл хабар мені әбден есеңгіретті.
Осының барлығына шыдау үшін қандай күшті, қандай мықты болу керек? Мен мықты емеспін ғой… Мен мүлде мықты емеспін… Ең бірінші ойым – ес-түссіз ішу болды. Көз алдыма үзілген жапырақтай болып албырап Айка келді. Анамның шаршаған, әжім мен қасірет торлаған өңі елестеді. Өлген соң да жаны жай таппай жатыр-ау деп ойладым.
Содан соң қайта жинақталдым. Құран оқыттым, өзім құран үйреніп, осы екі аяулы аруаққа бағыштап, үйде оқып отыратын болдым. Қолымнан басқа не келеді? Достарымның, олардың кең пейілді ата-аналарының арқасында Айжанға үйленіп, үй болдым. Екі қызымыз бар. Бірінің есімі – Жамал, екіншісі – Әйгерім. Енді осы екі перизатымды бақытты ету – арманым…
Мадина Омарова