Майбасардың шөпшегі
06.03.2023
344
0

Жазушы Қанат Тілеухан әлеуметтік желідегі парақшасында тұмауратып қалып, Раушан есімді апайдың система, екпе салып бергенін жазған еді. Бұл кісі – Құнанбайдың інісі әйгілі Майбасар болыстың, Майбасар старшынның ұрпағы екенін білгенде, қатты толқығанын да тілге тиек еткен. Қанат Тілеуханның жазбасы бізді де бей-жай қалдырмай, Майбасар Өскінбайұлының тұяғымен тілдескіміз келді. Раушан Тастекееваны келе жатқан мейрамымен құттықтап, сөз тізгінін өзіне бердік.

«Мен – Майбасардың төртінші ұрпағымын. Біз Майбасардың Ақтанберді деген ұлынан тарағанбыз (Майбасар атамыздан Ахметжан, Бірадар, Ақтанберді, Жәукен, Нығметжан туған). Ақтанберді атамыздың Сәндекей, Тастекей есімді екі ұлы болған. Тастекейден менің әкем Мәлгаждар (Мәлік аталып кетті) өмірге келді.
Кішкентай кезімізде Шәкәрім қажының ұлы Ахат атамыз үйімізге жиі келетін. Қымыз ішіп отырып, әкеммен әңгімелесетін. Басынан өткендерін баян­дайтын. Сонда баламыз ғой, ол кісінің айтқандарын көңілімізге жақсылап тоқып алуды немесе жазып алуды ойламаған екенбіз. Байдың баласы деп жиі қудалауға ұшырағанын, түрмеге қамалғанын айтқаны еміс-еміс есімде. Ахат ата ұзын бойлы, аққұбаша келген, сақалды әрі ажарлы кісі еді. Қымызды өзі сапырып ішкенді ұнататын. Яғни құяр алдында анам сапырып барып құяды ғой, сонда: «Мен өзім сапырып ішейін», – деп айтатын еді. Қымызын сапырып, сақалын салалап отырып, әңгіме шертетін. Әкем Шәкәрімнің әнін орындайтын.
Ол кезде Совет өкіметінің билігі қатал. Шәкәрімнің аты шықпаған тұс, қажы атамыз жайлы көп айтылмайтын, айтуға тыйым салынған. Соған қарамастан, әкелерім атаның өзі туралы, артында қалған рухани мұрасы хақында көп әңгіме қозғайтын.
Шәкәрім қажыны жендеттер атып, құр құдыққа тастаған ғой. Көптеген іздеулердің нәтижесінде ақынның сүйегі әрең дегенде табылған. Сонда Ахат ата бар, әкем бар, ауыл ақсақалдары – бәрі сүйектерді жинап алып, матаға орап, Жидебайға жиналып барып, арулап қойып, құран бағыштады. Жерлеуге қатысқан кісілердің тізімі де бар.
Ахат атаның бәйбішесі қайтыс болғаннан кейін алған әйелінің артынан еріп келген Сара есімді апайымыз болатын. Өзі өте мейірбан еді. Бала кезімде үйіне барғанмын. Тастақ жақта тұратын. Беріде іздеп барып едім, ол үйін сүріп тастаған екен. Көршілерінен сұрастырғанымда, бәрі де бейхабар екен. Бүгінде тоқсаннан асқан болу керек, өмірде бар ма, жоқ па, анығын білмедім. Ахат атамызды өте қатты жақсы көретін. «Папа» дейтін. «Папамның жазғандарын жинақтап жүрмін», – дегені есімде. Міне, содан бері ол кісіні көрмедім де, хат-хабар да ала алмай қалдым. Сара апайдың өзі болмаса да қызын тауып алғым келген еді.
Ахаттың Фейзулла деген баласының орыс әйелінен өмірге келген Дәулет есімді немересі, Шәкәрімнің шөбересі бар. Сіңлім сол Дәулеттің Қарағанды жақта тұрады деп естігенін айтқан еді бірде.
Өзіміз алты ағайынды болғанбыз. Қазір ағам (суретте) екеуіміз қалдық. (Ағамда Майбасар атамыздың суреті бар еді, бірақ жаңа үйге қоныс аударғандарына байланысты суретті кейінірек тауып беретін болды). Екеуміз де қазір зейнеттеміз. Мен медицина саласында қызмет атқардым, ағам Семейде жоғары оқу орнында ұстаздық етті. Бертін келе фабрикада бас директор лауазымында болып, өткен жылы ғана зейнетке шықты».
Раушан Мәлікқызы әңгімесін осылай тәмамдады. «Алтын шыққан жерді белден қаз» демекші, тағы да сөйлете түсуге талпынған едік, апай жолға шыққалы отырғанын, асығыс екенін айтты. Біз апайға сәт сапар тіледік.

Мөлдір Райымбекова

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір