ҰРПАҒЫҢМЕН ҰҒЫНЫСЫП ЖҮР
28.02.2023
133
0

Жасөспірім ішкі күйзелісін айтып бөлісетін адам таппай, соңында жанын жегідей жеген дерті оны өлімге алып баруы мүмкін. Мұндай балалар мұңын тыңдап, сөзбен демеу беретін кісі көмегіне зәру. Алайда, көп жағдайда өзіне қол жұмсаушы, ашықтан ашық көмек сұрамайды. Ондай адамды, біз өзіміз тауып, жәрдемімізді бергеніміз дұрыс.

Суицид дертінің емі – иманда. Анығырақ айтқанда, имани тәрбие­де. Осы тұрғыдан алып қарағанда жасөспірімдер отбасында, мектеп қабырғасында имани тәрбиеге мұқтаж. Демек ата-ана, мектеп мұғалімдері және психологтар бірлесе жұмыс атқаруы қажет. Жауапкершілік те теңдей бөлінуі керек.
Бұл проблемада ата-ананың кінәсі басымырақ секілді. Ата-ана «баламды жұрттың баласынан кем етпеймін» деп тек тамағын тауып, киім-кешегін бүтіндеумен әлек болудың салдары. Тіпті шаңырағына бір мезгіл уақыт бөліп, перзентімен ашық-жарқын сөйлесу ұмыт қалған тәрізді. Баласының киімі көк болғанымен көңілі күпті, жаны құлазып, ата-анасының мейіріне мұқтаж күй кешуде екендігін көп жағдайда ұғына бермейміз.
Ересектерге елеусіз көрінген проб­лемалар жас баланың санасын мазалай бастайды. Бұл жай ата-ананы екінші кезекте толғандырады. Естусіз қалған жасөспірімнің жанайқайының нәтижесі кейде өзіне қол жұмсауға алып баратынын бүгінде тек елімізде ғана емес, әлемде орын алып жатқаны анық байқалып отыр.
Көп жағдайда ата-ана мен баланың әңгімесі ұрыс-жанжал секілді өрбиді. Тіпті әңгіме тергеу сипатын алып та жатады. Балаға өз ойын жеткізбек былай тұрсын, сөйлеуге мұрша да берілмей қалады. Былайша айтқанда, әке мен баланың арасында көзге көрінбейтін мықты болуы тиіс байланыс ақыр соңы үзіліп тынады. Имансыз білім ақсақ дегендей, мектеп қабырғасында біліммен сусындап жүрген жасөспірімдерге имани және рухани тәлім-тәрбие ауадай қажет.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір