«Мінәжатқа берілген қол»
22.02.2023
236
0

Нюренберг қаласына таяу маңдағы қыстақта он сегіз баласы бар бір отбасы өмір сүріп жат­ты. Құдайдың бергені шығар, бір үйде он сегіз бала! Бұл –Германияның қазіргідей кемеліне келген шағы емес, кедей-кепшігі көп ХVІ ғасыр еді.
Дюрер әкей он сегіз баланың қамы үшін күніне он сегіз сағат жұмыс істейтін. Ол негізінен әшекейлі бұйым­дар соғатын шеберхананың дарханы еді, бірақ ақысы төленетін көлденең жұмыс шыға қалса болды, оған да кірісіп кететін.
Осылайша он сегіз бала бейнетқор әкенің арқасында бірін-бірі жетелеп, өсіп келе жат­ты. Сол он сегіздің ішінде екі бала жұпыны, жадау тұрмыстың қыспағына қарамастан, қиялға берілетін. Екеуінің қиялы – Нюренберг Академиясында оқып, қылқалам шебері атану еді. Ал сонда академияға қайсысы барады? Альбрехт пе, әлде Альберт пе? Тұрмысы жадау отбасындағы екі баланың бірдей аталған әйгілі оқу орнында оқи алмасы бесенеден белгілі ғой. Балалар ақылдасты, ұзақ ойласты. Содан бір күні шіркеуге кіріп, мінәжат етіп шыққан соң тиын лақтырып, бақ сынасып көрді. Сөйтсе, Альбрехт­ың жұлдызы жанып, тәлейі талабына сай келіп тұр екен. Академияға Альбрехт ат­танды. Енді екеуара келісім бойынша, Альберт кен орнында жұмыс істейді де, бауырының төрт жылдық оқу ақысын төлеп тұрады. Кейін Альбрехт туындыларын сатып, бауырын Академияда оқытады. Сурет­тері сатылмаса, қыстаққа оралып, қауіп-қатері мол шахтаға да түседі.
Арада ат­тай шауып төрт жыл өтеді. Осы төрт жылдың ауқымында Альбрехт Дюрер атағы шыққан суретші атанады. Оның гравюралары мен картиналарына Академиядағы ақ бас профессорлардың өзі қайран қалып, мадақ сөздер айтатын. Бұл шамада талант­ты жас суретші туындыларын сатып, қормалданып та қалған.
Академиядағы оқуын тәмамдаған соң ол ата-анасын, бауырларын сағынып қыстағына келді. Дюрерлер шама-шарықтарынша «дүркіретіп» той жасап, Альбрехтің құрметіне дастарқан жайды. Күй тартылып, күлкі естілді. Би биленді. Дюрер әулеті өткен-кеткендерін айтып мәз болды. Мәзір соңында дастарқан басында шалқып отырған Альбрехт түрегеліп ата-анасына, бауырларына ыстық лебізін білдірді. Сөзінің соңында ол Альбертке бұрылып: «Альберт, менің жайсаң бауырым, енді сенің жұлдызың жанар сәт туды. Сен мен үшін бәріне төздің. Шахтаның терең шатқалына түсіп, жұмыс істедің. Тап­қан табысыңды маған үзбей жіберіп, мені оқыт­тың. Нюренберг­ке ат­тану кезегі бүгін саған келді. Мен сенің оқуыңа барымды саламын», – деді.
Салқар дастарқан жап­қан үстелдің шетін ала елеусіздеу жайғасқан Альбертке ағайындары жалт-жалт қарасқан. Сонда ол басын шайқап, қарлыққан үнімен: «Жоқ, жоқ, жоқ!» – дей берді. Альберт­тің жүзін жас та жуып кеткен еді. Азапкер жігіт үстелге тая­нып, бойын тіктеді де, жасын сүртіп былай деді:
«Жоқ, бауырым, мен ешқашан Нюренбергке бара алмаймын. Мен кеш қалдым. Көрдің бе, төрт жылдың ширегінде шахта менің қолыма не істеді? Менің саусақтарым түгел саудырап сынып біт­ті. Ол аздай, оң қолымнан артрит басталып келеді. Мен, тіпті тілек айтқанда бокалды да ұстап тұра алмаймын. Бокал ұстаудан қалған қол қарандаш пен қылқаламды қалай ұстасын?».
…Содан бері 450 жылдай уақыт өтіпті. Әлемнің әйдік мұражайларын Альбрехт Дюрердің қарандашпен, қылқаламмен, күміс сиялы қаламдармен салған картиналары, нақыштары, кескіндемелері мен гравюралары жайлап алған. Сіздің үйіңізде, бәлкім, қызмет­тік бөлмеңізде А. Дюрер салған сурет­тердің көшірмелері ілініп тұрған болар?.. Ал мына буындары шодырайып, иір-иір болған қолдың суреті ше, ол да бар ма? Бұл – Альбрехт салған азапкер кенші Альберт Дюрердің қолы. Сурет­ті сол замандағы жас суретші жай ғана «Қол» деп атапты. Кейін осыно-оу керемет туындыға сүйсінген, «Қолдың» құдіретіне бас иген төрткүл дүниенің жұрты оны «Мінәжатқа берілген қол» деп кет­ті.

Д. Қасенұлы

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір