Ақпанның төлдері
Бақыт Қайырбеков пен Қайрат Бақбергенов биыл жетпіс жасқа толып отыр. Екеуі де – ақын, аудармашы.
Екеуі де бір оқу орнында бірге оқыған.
Екеуі де – үлкен жазушылардың перзенттері.
Екеуі де киносценарий жазумен айналысады.
Екі ақынның бір өлеңінен аударып, ұсынып отырмыз.

Бақыт ҚАЙЫРБЕКОВ
АР ТҰТҚЫНЫ
Ақындар қорғаштауды
қажет етпес,
Жаратқан қалам берген
найза тектес.
Ғасырларға сақталар
құжат-тағдыр,
Жыр туған сәт жұмбағын
ешкім шешпес.
Таратылса карта, үлкен ойын басталып,
Білмейді олар кім қаларын ұтыстардан тыс қалып.
Сенімменен көз тігіп көк аспанға,
Бастар істі, тізгіндерді қолға алып.
Сөз өнерін ту ғып ұстап, тамсанып,
Келеді олар ұлы Тарих қойнауынан жар салып.
Ақын!
Қашанда оны сәби етіп жаратқан,
Қорғансыз болса да ол,
Күлімсіреп,
бар әлемді бір өзіне қаратқан.

Қайрат БАҚБЕРГЕНОВ
КӨШПЕНДІ ӨМІР
Тыным таппай, жолға
шықтым тағы да,
Туған-туыс кеюде, мін тағуда;
Ұшып-қонған құстай
болғаным – айып,
Қай қиырға енді
тұрармын тайып?
Өмірім тоқтаусыз бір әткеншек,
Байқаймын өн бойымда бұлқынып кеп,
Көшпенді салт оянды, ежелгі тек;
Ұшсам, жүзсем, жүгірсем деп.
Қаңбақтай дөңгелеймін, жоқ еш шарам,
Әлемнің көз алдында жолым тарам.
Өзгенің жан-жарасын іздеп табам,
Өз қайғымды тереңге көміп тынам.
Құлан дала көрмеп еді зарықтырып,
Енді міне, түскенде сергелдеңге,
Әткеншегі өмірдің тербелгенде,
Сағындыртып, салды маған дала құрық.
Табиғи жаратылыс тұрған тұнып,
Қайда жүрсек, тағдыр жазған «ғұрып»;
Бөтен болмыс айнасына үңілеміз –
Өзіміздің бейнемізді іздеп, ұғып.
аударған Ләйла АСҚАР