Ақтұма бұлақ
23.02.2023
181
0

Осыдан 17 жыл бұрын Қайрат Әбдіраманұлы Әлімбеков жол апатына түсті. Қаратал ауданында мәңгілік қоныс тапқан ата-анасына ас беруге асығып бара жатқан ақынның демі жолда үзілді. Алғаш естігенде «Қайрат қазаға ұшырапты» деген суық хабар өн-бойымды аралап, жанымның жапырағын бір қауызға сыйғызды. Жалған болар, жаңсақ шығар… Мүмкін емес, маңдайына тағдыр жалындап жануды жазған асқақ арманы, ақтұма бұлақтай атар таңына талпынған кіршіксіз өлеңі бар еді-ау… Әлсіз үміт жетегінде телефон нөмірін тердім, Мақсот достан жай-жапсарын білдім. Отбасына барып көңіл айт­тым, қос құлынының қайғысын бөлістім. Үйге оралған соң іні, дос Қайрат Әлімбектің жыр жәдігерін ақтарып отырып, көңіл архивінде мәңгілікке сақталған ақкөйлек ақынның біртуар болмыс-бітімін сараладым.

Алғашқы жүздесу

1980 жылдың жаз айы. Үшінші курс алдындағы өндірістік тәжірибені «Октябрь туында» (қазіргі «Жетісу») өткеріп жүрген кез. Түстен кейін облыстық радиодағы ақын ағамыз Тоқтасын Сүгірбеков хабарласып, бір сағат төңірегінде Зарядағы үйіне жетуімді нықтап тұрып тапсырды. Мерзімді уақыт­та айтылған жерден табылдым. Тоқаң жанында журналист ағамыз Тоқтасын Шөпбаев, сол кезде төңірегіне танымал болып үлгерген, ақын Ахат Баққожаев бар екен.
– Қазір Қараталдан бір ақын бала келмекші, мұғалімі оның жазғандарын радиоға ұсынып жүр. ҚазМУ-ге түсуге кепілдеме дайындап қойдық. Жас талаптың тырнақалдысын тыңдап, батамызды берейік, – деді Тоқаң айналасын баурап алатын ақжарқын күлкісімен жанымызды жадыратып.
Сол күні ұяты бетіне шығып тұратын, ұяң ғана сары баламен жүздестік. Мектепте оған орыс тілінен дәріс берген мұғалім жігіт (есімі еске түспей отыр) Қайрат­тың келешегінен үміт күтетінін бүкіл кеш бойғы әңгімеге арқау ет­ті. Бозбаланың төрт аяғынан тең түспесе де, таңғы шықтай таза сезімдері өрілген өлең өрімдерін тыңдадық, өзіміз де біраз желпініп, сыр ағыт­тық. Ахат ағамыздың шырқау үні қоңыр домбырамен жарасымын тапты.
Сол жылдың қазан айының ортасында ауыл шаруашылығы жұмысынан Қостанайдан оралып, жатақханаға енді орналасып жатқанбыз. Есік қағылып, бөлмеге дауысын соза амандасып жас жігіт енді.
– Жомарт аға, мені таныдыңыз ба, Қайратпын ғой…
Әріптес інімді студент атануымен құт­тықтадым, курстастарыммен адал да, аңғал бозбаланы таныстырдым. Жатақханадағы бөлмеміздің шамы сол күні көпке дейін сөнбеді, өлеңнің екпіні көпке дейін басылмады.

Ізденіс іздері

Жиі болмаса да ҚазМУ қалашығы біздерді жолықтырмай қоймайтын. Қайратым жігерлене түсті, ширай түсті. Өзі де, өлеңі де. Ол кезде университет­те қабырға газетін шығару дәстүрі бар. Сол газет­тен тың туындылар оқып, жаңа есімдермен жүздесетінбіз. Солардың арасынан Қайрат Әлімбеков ат­ты жас ақынның ізденіске толы жырларын жолықтыратынмын.
Жалғыз өзім отырмын…
Күн демалыс,
Ерте алмады шақырып бір де дауыс.
Терезеден телмірдім терезеңе,
Мүлде жақын тұрсың сен,
мүлдем алыс…

Көңілдің де, күздің де күні күлмей,
Шеңгеліме тұр әлі жыр ілінбей.
Дірілдейді теректің сырғалары,
Жүрегімнің нәп-нәзік діріліндей.
Бұл өлеңді ол екінші курста жүргенде жазып еді. «Шеңгеліме жүр әлі жыр ілінбей» дейді ол ақындықтың асуына асыққан жас табиғатпен жүрек сырын астастыра отырып.
Кездескендегі сауалым өлең төңі­регінде өрбитін. Қайрат болса арлы-берлі өтіп жатқан адамдардан жасқанбай сиясы кеппеген жаңа өлеңдерін жайып салатын. «Сенемін саған, Ақ Үміт, Алдасаң жейді бір мұңды ой, Арудай сені сағынып, Арманға балап жүрмін ғой», – деп толғанса да, «Өзімше от болып жалындап едім, Жеткенше күйіп асығып. Жүріпті қырсық жолымда менің, Жеңіне қайғы жасырып», – деп мұңданса да, жас ақын пәк сезіміне иландырмай қоймайтын.
Студент­тік шақпен 1983 жылы қимай қоштасып, өзіме етене таныс аудандық газетке оралғаныммен алаңым Алматы, гүл қалада қалған сырлас достарым. Араға екі жыл салып қалаға бағыт алған сапарым Қайрат­тардың қолға диплом алған кезімен орайлас келді. Бірер күн алаңсыз думандатып, Қайрат пен сыралғы жамбылдық дос Рысбек Ыбыраевты Лепсідегі үйіме алып кет­тім. Жол бойы ақын інімнің өлеңдерін тыңдап, өз үнін тапқан ізгі ізденісіне риза болғаным бар, достық рәуіштегі әңгімеміз Лепсіде жалғасын тапты.

Хат шерткен сыр

Қайрат­тың төмендегі хаты 1987 жылдың 5 қаңтарында қағазға түсіпті.
«Жөке! Қоян жылы құт­ты болсын! Өмірде де, өнерде де жаңа бақыт, үр қуаныштар тілеймін!
Жаңа жылды қалай қарсы алдыңдар? Дүрбелең мынау дүниеге, «қайың көзімен қарап», жүріп жатырмысың?
Өзімізге көшсек түгел есен. Орекең де, Сол газет…».
Қаратал аудандық газетінде жүргенде жазылған осынау құсни хат­тың соңында менің «Қар қызы» өлеңіме пікір білдіріпті.
Сол жылы Қайрат Алматыға қайта оралды. «Лениншіл жаста» журналистік шеберлігін шыңдады, «Арай» журналында ізі қалды, «Өркен», «Дала дидары» газет­терінің іргетасын қаласты. Қазақ радиосында, «Жетісу» газетінде, «Қазақ әдебиетінде» жүргенде ақтұма бұлақтай бұрқыраған өркенді өлеңдерінен ажыраған жоқ-ты. Қай басылымда жүрсе де хабарымызды үзбедік. Бірнеше рет Лепсіге жолы түсті. Алматыға барсақ, алдымен ат ізін Қайрат­тың мекеніне бұратынбыз.
Оның жазғаны өз оқырмандарын тауып жат­ты. Бірнеше жыр жинақтары жарық көрді. Қазақ­стан Жастар одағы сыйлығының лауреаты атанды, жыр-мүшәйраларына қосқан өлеңдері қара үзіп алда келетін. Алматыдан ойып тұрып пәтер алуы да – өршіл өлеңінің арқасы.

Ол өлеңнен өзін іздеді

Өміріме таң болып күліп келдің,
Үріккен мұң, өйткені үміт бердің.
Үлгісіне айналып қыз біткеннің,
Әңгімесі сен болдың жігіт­тердің.

Жүрген жерін жайқалтқан
көктем едің,
Өзіңді ойлап күндерді өткеремін.
Сұлулыққа көбірек сұқтандым ба,
Неге екенін білмеймін өкпеледің?!.

Жалқы сәт­те жалғыз-ақ жалт
бұрылдың,
Өңі тайды сол шақта-ақ
нарт-күнімнің.
Қақ суына мен екем
қармақ салған,
Қалтырауын сезіндім
қалтқы-мұңның.

Жоқ дерегің…
жүрегім дабыл қақты,
Көздің алдын көмкеріп
сағым жапты.
«Шұға десе, Шұға еді-ау»…
дейтіндей-ақ,
Керім еді сәнің мен әнің қат­ты.

Көрсетер-ау бәрін де
бақ-талайым,
Алыс-алыс сапарға ат­танайын.
Сұрай-сұрай Меккеге
барармын да.
Қызды ауылдан мен
енді жоқ қарайын,–
деп еді «Жоқ іздеген жігітпін» кітабының кіріспесінде.
Махаббатпен басталған Қайрат поэзиясының бірте-бірте тақырыптары тарамдалып, ауқымы кеңейіп, ой-өрісіндегі өскелең өзгерістер оқырмандарын қызықтыра түсті. Сан қырлы талант иесі – Жұматай ақыннан бата алған алғашқы өлеңдеріндегі ізденістер кейіннен қазақ поэзиясына өзіндік қолтаңбасы қалыптасқан Қайрат ақынды алып келді де мәңгі орнықтырды. 1989 жылы «Жалын» баспасынан шыққан «Сезімнің гүлі» оқырмандарды жас лирикпен қауыштырса, 2000 жылы «Нұрлы әлем» баспасынан жарық көрген «Намыс найзагері» дастаны Қайрат ақынның эпикалық құлашының кеңдігін таныт­ты.
Біз Қайрат­ты алғашында Үштөбенің жігіті деп таныдық. Сөйтсек, кіндік кескен жері – Панфилов ауданындағы Үшарал ауылы екен.
Кіндігімді Баркөрнеу бір-ақ кесіп,
Аршасынан жасаған ұнап бесік.
Беске дейін мәпелеп, бел асырып,
Ұшырған соң жүріппіз жырақта өсіп.

Жаным содан Жаркентке дара ғашық,
Танып келем қадірін сананы ашып.
Балаң көңіл Баркөрнеу баурайында,
Бұлтпен бірге барады араласып, –дейді ол «Жаркентім – нәзік мекенім» өлеңінде. Сондықтан да ақынның 60 жылдығын туған жері Жаркент те, өскен жері Қаратал да дүбірлетіп өткізуге үлес қосары анық.
Қайрат­тың ақындық шабытпен толқып туған, адам жүрегінің тылсым құбылысын шеберлікпен бейнелеген, ішкі мазмұны мен формасы үндестік тап­қан бай қазынасын ұрпаққа жеткізудің жалғыз жолы – таңдамалы кітабын шығару, замандастарының айналасына шуақ шашқан мырзапейіл ақын жайындағы естеліктерін топтастыру. Ақынның «екінші өмірі» ұзағынан болғай!
Ол өлеңнен өзін тапты. Бірақ өмірге еркелеп келіп, ертерек кеткені қынжылтады.

Жомарт ИГІМАН,Қазақ­стан Жазушылар
одағының мүшесі

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір