Манарбектің тақиясы
Жуырда әлеуметтік желіде ата жұртымыздың алтын дауысты әншісі Манарбек Ержановтың маңдайының тері сіңген тақиясын отыз жылдан аса уақыт сақтап келіп, оны Манекеңнің ән дәстүрін жалғастырушы, Арқаның аты мәшһүр әншісі Дәуренбек Әркеновке табыстағаны жайлы хабар жарияланған еді. Бүгін біз тәбәрік тақияның өз қолына қалай түскені жөнінде әңгімелеп беру үшін тақияның бұрынғы иесі Абзал Бөкенге сөз беріп отырмыз.
Манарбек Ержанов – исі қазақтың дарабоз әншісі, дара сазгері. Табиғат ананың құтты құрсағынан кең күйінде емес, кемел күйінде түсе қалған сом алтынның сынығы, жақпар жақұтының жұқанасы. Қайта жаңғыртуға көнгенмен, қайта жаратуға көнбейтін жалқы құбылысы. Манарбек, Жүсіпбек, Ғарифолла секілді қазақ өнерінің уызына жарыған үлкен үшемі туралы осылай десек жарасар.
Манарбек пен Күләш Тобықтының Манасынан тараған Мандар атаның ұрпақтары. Шежіренің қысқа тұсынан киліксек, Мандардан – Қара, Қарадан – Айтқожа, Айтқожадан Мәмбет, Бейіс, Уәли өрбиді. Осындағы Бейістен Күләштің әкесі Жасын шықса, Мәмбеттен Манарбектің әкесі Ержан туады. Бұл – жиырмасыншы жылдары қашан Алматы асып кеткенше атақонысы Қарағанды облысы, Ақтоғай ауданы, Нарманбет ауылынан ешқайда іргесін көтермеген жұрт. Әлгі Күләшті «анда туды, мұнда туды» деп жүргендері не білместіктің, не көреалмастықтың ісі. Бұл жөнінде өлке шежіресі мен тарихына қанық азаматтар Амангелді Туғанбаев пен Күләш Сардарбековалар сан мәрте жазып, дәйекті нүктесін қойған. Онда Күләштің кіндік қаны тамған жер Нарманбет ауылы, Қарасу елді мекені екені анық көрсетілген. Сол ауылдың тумасы ретінде мен де мұны растаймын.
Қарасу – талай жақсы мен жайсаңға құтты қоныс болған жер. Аталарымыз Мандардың қожасы әрі бір ауылдың тумасы болғандықтан Манарбек пен менің әкем Бөкен ойынды бірге ойнап, шаруаны бірге бағып өседі. Балалықтың әсерімен кезінде әкеміз айтқан әңгімелерді жүре тыңдаппыз. Арасында Манекең туралы да талай сөз бар еді, көбісі естен шығып, елеске айналыпты.
Жадымызды жаңғыртсақ, менің атам Қаужан қожа ауыл балаларына қара танытып, хатқа жетелеген қадірлі кісі болыпты. Қадірлі болмаса, бұрын да, қазір де елдің елеулі бөлігін құрап отырған Шомақ атаның ауылы оған қызын берер ме?! Бірақ оқудан гөрі ойын-сауық, әңгіме-дүкенге үйір әкем де, кедейліктің кесірінен қу тіршілікті күйттеуден артылмаған Манекең де дәл сол тұста сауат ашып жарытпаған сыңайлы. Құрсағы шомақтан, қуаты қожадан келген Бөкен – қырғи тіл, қиратпа қалжыңының арқасында қалың нағашысына дес бермей, төбелерінде ойнап өтті.
Әке айтқан әңгіменің бір парасы өткен ғасырдың жиырмасыншы жылдарының басына жетелейді. Қызыл идеологияның айтағына еріп, ауқатты ағайындарына тап берген кешегі кедей-кепшік «бай-құлаққа» бүйідей тимей ме?! Бейіс әулетінен де маза кетеді. Осы тығырықтан жол тапқан – Күләштің әкесі Жасынның бауыры Айтбек болады. Бұрын да алыс-беріс шаруалармен Алматы мен екі ортада көбірек жүрген ол ағайын-туысқа Алматыға қарай асуды ұсынады. Талқылап жатуға уақыт тар, шешім жедел қабылданады. Еті тірі Айтбек кейін таршылықта талай туысқа жол көрсетіп, тіпті, Манарбек бауырының Қызылордада ашылған драма театырына жұмысқа орналасуына да жәрдемін тигізеді.
– Бір күні үйге Манарбек келді, – дейді әкем. – Жүрісі суыт. «Бөкен, біз ағайын-жұрт боп Алматыға қопарыла көшкелі жатырмыз. Елге тықыр таянған секілді. Сен қайтесің? Шешең мен қарындасыңды алып бізбен бірге көшсең қайтеді? Не болса да бірге көрейік. Ол жақта талпынған адамға өнерден де, өмірден де талғажау табылатын көрнеді. Айтбектің айтуы солай», – дейді. Құрбы сөзіне елеңдеп қалған әкей шешесіне қарайды. Бірақ алты жыл бұрын ақсақалынан айырылып, ағайын-туысты айбар тұтып отырған ана Алматы әңгімесіне аттап баспайды.
Сөйтіп, жалғызілікті анасы мен қарындасын қалдырып кете алмаған әке өзінің Қарасуында қала береді де, Манекең Алматы аттанады. Ал осыдан алпыс жыл өткен соң кезінде әкем көше алмаған Алматыға менің көшуім – бөлек әңгіме.
Хош, сонымен Манекеңнің ауылы Алматыға көшіп кетсін. Арада талай жыл өтсін. Манарбек пен Күләш өнердің өріне өрлеп, бірі Қазақ ССР-і, екіншісі СССР халық әртісі атансын, бірі «Құрмет белгісі», екіншісі «Еңбек Қызыл Ту» орденімен наградталсын, халықтың қалаулысы, өнердің жалаулысына айналсын.
Сөйтіп, 1948-ші жыл келсін…
1948-ші жылы Ақтоғай ауданында Манарбектермен аталас тағы бір мандар бала шыр етіп дүниеге келді. Оның аты-жөні – Төкен (Төлеухан) Оразбеков еді.Болар бала бөркінен дейікші. Аса зерек туды. Ақтоғай өңіріне басқа дарымаса да, қырғи тіл мен қырмызы өнер дарыған ғой. Бұл да сол қасиеттен кенде қалмапты. Қайда жүрсе де қолынан домбырасы, қолтығынан кітабы түспеді. Ақыры ауылдың аясына сыймай, Алматының журналистер дайындайтын оқуына кірді. Мұнда ол бес жыл бойы кейіннен бірі ғылым докторы болған, екіншісі атақты ақындыққа жеткен Алтай Болтайханұлы, Дәуітәлі Стамбекұлы секілді дарынды жерлес достарымен бірге білімнің қызыл гранитін кемірді. Талапты баланы тез байқаған «Үгітші блокноты» оны қызметке шақырды. Дипломын енді ғана қолына алған баланы идеологияның бір пұшпағын илейтін басылымға шақыру қай кезде де сирек құбылыс. Төкен сондай сиректің бірі еді.
Ара-тұра туысқаншылап Манарбектің үйіне барып тұруды дағдыға айналдырған. Оны бұл үйге студенттің түлкіқұрсақ асқазаны емес, ағаның асқақ даусы мен ілме қағыспен шертетін домбырасы жетелейтін. Сөйтіп жүріп аяулы әншінің біраз қасиетін бойына жұқтырды. Өзі де «әу» дейтін жағдайға жетіп, бірталай күйді бірсыдырғы тарта алатын болды.
– Қай кезде барсам да Манекең үстіне жұмсақтап иленген ақ ешкінің терісі жабылған үлкен орындығының үстінде малдасын құрып отырғаны.Шәй үстелдің басында да, әнін шыңдайтын машық үстінде де осы қалпынан жаңылмайды. Барша талант атаулылары сияқты ол да ерекше еңбекқор болатын. «Қайталау – білім анасы» дегенді бағдар тұтқан бір адам болса, осы кісі дер едік. Сондай сәттердің бірінде әлде шыны, әлде әзілі, орындап отырған әнін кілт үзіп: «Әй, терезенің желдеткішін жабыңдаршы, әлгі Жүсіпбек қу осы арадан өтіп жүруші еді, бір нәрселерімді алып қойып жүрер», – деп жымиятын, – дейді Төкен бір әңгімесінде.
Сол Манекең жүріс-тұрысы көңілінен шыққан бауыры һәм баласы Төкенге кезекті бір барысында талай жыл киіліп, тері сіңген қызыл оюлы тақиясын сыйлаған ғой. Ағасы ат мінгізгендей қуанған Төкен үйіне келе сала тақияны титімдей Төреханының төбесіне қондырады. Бұдан кейін ол екінші ұлы Ерланның, үшінші ұлы Марғұланның, одан кейін өмірге егіз боп есік ашқан Арғын мен Найманның, ал арада біраз жыл өткен соң, Төкен екеуміз жаңа ауданның газетінде тоғысқанда қыздарым Жанар мен Жансаяның шекесінен тігісінен сәл кішірейтілген қалпында орын алды.
…Төкен Алматыдағы қызметінде ұзақ жүре алмады. Әкесі қайтыс болып, жалғызілік қалған анасы мен бауырларына қамқор болу үшін Ғалия мен кішкентайын жетелеп елге оралуына тура келді. Келе аудандық газеттің жұмысына араласты. Аз уақытта алғырлығымен көзге түскен жігітті, жиырманың үстіне енді шыққанына қарамастан, Ұлытау аудандық газетіне редактор етіп жіберді. Қызмет бабы бойынша өсуде сатылы сабақтастық дәстүрін қатты ұстанатын заманда Төкен тағы да ол ережені аттап өтіп, жаңа жұмысын сәтімен жалғастырды.
1977 жылы Жезқазған облысы құрамында (осындай облыс болған) орталығы қазіргі Балқаш қаласының түбіндегі Шашубай кенті болып Приозерный ауданы құрылды. Ұлытауда жатқан Төкенді енді жаңа ауданның газетін басқаруға шақырды. Онымен ой-пікіріміз жарасып, қоян-қолтық қызметтес болғанымыз осы кез. Төкен кескін-келбетімен, жайсаң-жайдарылығымен, ақкөңіл-аңқылдақтығымен жақсы адамға Чехов қоятын талаптардың бәріне сай келетін кербез керім еді. Жиын-тойларда көлденең гуілді бір сәт тыйып, «поэзияға бір минут» деп ақындарға өлең оқытатын тағы бір редактор бар ма екен жер бетінде?!
Бір күні әлдебір себеппен Төкеннің үйіне жинала қалдық. Осы отырыста ол менің әлі кішкентай Жанарымды қызықтап Манарбектің тақиясын ырым етіп кигізді. Бір кезде осы тақияға ие болғанда өзі қандай толқыса, енді мен де сондай толқиын. Толқымағанда ше, бұл – бүкіл Одақтың өнеріне олжа салған, әкемнің ауылдасы әрі бала кезгі досы болған Манекеңнің тақиясы ғой. Өкініштісі – осыдан шамалы уақыт өткенде Төкен оқыс жағдайда қаза тапты.
Тақияны біз отыз бес жыл бойы үйіміздің төрінде сақтадық. Осыншама уақытта қайда көшпедік, қайда қонбадық? Нені жоғалтып, нені таппадық? Бірақ тақия жоғалған жоқ.
Жуырда «Манекең кетті – тақия Төкенде қалды, Төкен кетті – менде қалды, ертең мен кетсем, кімге қалмақ» деген ой мазалады. Ескіден жеткен тәбәрік қой, қадірін білетін жанның қолында болғанына не жетсін?! Әрі ойлап, бері ойлап Дәуренбек Әркенге тоқтадым. Біріншіден, екеуінің де туған топырағы, ішкен суы бір, екіншіден, Манарбек мұрасының шын мәніндегі насихаттаушысы, үшіншіден, дәстүрлі әннің дәмін келтіріп жүрген әнші.
Осы ойымды Дәуренбекке білдіріп едім, ол атасының тақиясын аялай ұстап отырып қатты тебіренді. Жанарына жас үйіріліп, бас киімнің тер сіңіп сарғайған тұсын иіскей берді. Толқи отырып, тақияның бұдан былайғы иесі болуға шын пейілін білдірді. Қастерлі тақияны қабылдап алды. Мен ойладым: ертең Дәуренбек те қартаяр. Оған дейін құрсағы құтты Тоқырауын талай дүлділ әншілеріне толғатар. Мүмкін, кезі келді-ау деген сәтте Дәукен де осы көне жәдігерді солардың біріне табыстап, әрі қарай жалғастыруды аманаттар. Сөйтіп, маңғаз Манарбектің көне тақиясы әнші ұрпақтарының қолымен заманнан заманға өтер, үзілмес сапар шегер…
Қайран қиял! Қайран дәме! Кім білген, Құдай құп көрсе, қабыл болмайтын нәрсе жоқ қой.
P.S.:
1965 жылы жаз айында Манарбек Ержанов өзінің кіндік қаны тамған
жері – Нарманбет ауылындағы (Ол кезде «Партияның ХХІІ съезі атындағы» совхоз) Қарасу елді мекеніне ат басын тіреді. Болашақ әнші Алматыға аттанғанда ауылда қалып кеткен әкем әлі де қордалы қонысында тапжылмай отырған. Аталас туысы, айтулы әнші Сақан Кәріпжановтың үйіне тоқтаған Манекең сәлден соң біздің үйге сәлемдесе келді. Әкем екеуі төс қағыстыра амандасып, бір сәт ажыраса алмай тұрып қалды. Өздері ылғи мақтан тұтып жүретін атақты жерлестерінің келгенінен құлақтанған көрші-қолаң демде жиналып қалды. Әкем тайыншадай ақауыз қойын алып соқты. Сауып отырған бұлақтай екі биеміз бар еді. Қымыз сапырылды, шәй қойылды, әңгіме-дүкен қызды.
Бұл – айтулы әншінің алпыстың төртеуіне келген шағы. Алпыс төрт жас дені сау адамның дилы жүретін кезі емес пе?! Бірақ ағаның жүзі шаршаңқы көрінді. Етті де жарытып жеп, қымызды да оқсатып іше алмаған сияқты. Үйдің іші тола кісі болғандықтан біздейлерге орын тимей, жөнді әңгіме де ести алмадым. Жиналғандар «даусыңызды сағындық» деген екен, қайран аға сырқаттанып жүргенін айтып, домбыраға жуыспапты. Сөйтіп, әнші көкеміз тіріге сәлем беріп, өлгенге көңіл айтып, елін аралап болған соң Алматысына қайтып кетті. Содан бір жыл өткенде қайтыс болды деген хабар жетті. Әкем Бөкен бұдан кейін де жиырма бір жыл ғұмыр кешіп, сексен төрт жасында шын дүниеге сапар шекті. Алла алыстап кеткендердің баршасына иман байлығын берсін.
Абзал БӨКЕН.
Қарағанды қаласы.