БОЗТОРҒАЙЫҢ БОЛАЙЫН ПАНАЛАҒАН
Ұлжалғас Жәкібаева Шығыс Түркістанның Іле аймағына қарасты Көкқомыр жайлауының тумасы. 1942 жылы дәулетті отбасында дүниеге келген. Орта мектепті бітірген соң, Шыңжаң медицина университетіне оқуға түседі.
Алғашқы өлеңдері сол университетте оқып жүргенде өлкелік мерзімді басылымдарда жарық көріпті. Студент кезінде ұлтшылдық бағыттағы «Жас Қанат» ұйымына қатынасқандығы үшін он жылға сотталып, «Тарым» лагеріне айдалыпты.
1980 жылы жаза мерзімі ақталып, Құлжадағы «Достық» емханасына қызметке орналасады. 2000 жылы зейнетке шығып, Атажұртына оралған. 2022 жылы дүниеден озды. Оқырман назарына бірнеше өлеңін ұсынып отырмыз.

Сағыныш
Өткен күннің таусылмай армандары,
Құлын мүшем неге екен тарландады.
Туған елді сағынған сол бір жылдар,
Баласын құзға итерді, жарға айдады.
Еске түссе бейуақ күрсінемін,
Жүрді басым қосылмай, шіркін, елім.
Шуағымдай жанымды жылтып едің,
Мен келдім, орындалып бір тілегім.
Сонда самал желіңнен сыр аңғардым,
Толқып, тасып, толағай жыр арнадым.
Қу далада қуарып ақ арманым,
Атыңды атап келетін ұрандағым.
Туған ел – иранбағым кең сөсілген,
Шығыспан саған жайсыз пендесімен.
Көңіл – гүл,
Сен тұрғанда мол несібем,
Ел іші – алтын бесік, тербетілем.
Көкқамырым
Туған жер қарай берем асқарыңа,
Көз алдым сағыныштан жастануда.
Көп жүрдім басқа жердің тастағында,
Білмеп ем қадіріңді бастабында.
Ғұмырдың сырлары көп, астары да,
Қартайып кетіп барам қас-қағымда.
Елес боп бара жатыр өткен күндер,
Бұлдырап Көкқамырдың аспанында.
Барады жүрек шаршап алып ұшқан,
Гүлдер солды сарғайып сағыныштан.
Қаздар қайтып барады
қайырылмастан,
Шіркін, дүнией-ай,
сенімсіз кәрі мыстан.
* * *
Үңілем бір нүктеден бір нүктеге,
Ойлаймын, қысқа шіркін, тірлік неге?
Сан адам, ата-бабам қайда бүгін,
Барады тоқтаусыз жыл жылжып неге?
Келер күн кең дүние күңгірттене,
Үн қатпас бұл табиғат –
жым-жырт дене.
Бұлт мініп көлегейлеп елес көшті,
Көңілім соны ойласам мұңлық неге?
Елітем ол ырғақтан бұл ырғаққа,
Құдай-ау, көрер күнді қиындатпа.
Жалғанның жалғандығын мойындамас,
Арманға қолым жетер күнім жоқ па?!
Бозторғай
Алатауым сақтапты бар асылын,
Балдан артық көремін қара суын.
Жанашырым өзіңсің, жанашырым,
Ел деп туған қазақтың баласымын.
Шоқ гүл алып шыққандай далаларым,
Тебіреніп толқимын, нәр аламын.
Маңдайымнан сипаса самал желің,
Алақаны секілді бабалардың.
Қайтем, тәйір, өзгенің бақ-сарайын,
Осы араның сағынам аспан, айын.
Қара орманын іздеп ем байтақ елдің,
Келіп тұрмын қыраулап ақ самайым.
Шуағыңа шомылып дара ғалам,
Әр күнімнен өшпейтін сабақ алам.
Бозжусанның жалғыз тал жапырағын,
Бозторғайың болайын паналаған.
Қайдасыңдар?
Арызым бар, жарандар, арызым бар,
Жақындарым, кімің бар жанымды ұғар?
Қайдасыңдар, қайырылып қарасаңдар,
Сағыну бар, жанымда қамығу бар.
Жүрегімді жылыта гөр, тағдыр, менің,
Сусынымды бір мезгіл қандыр менің,
Шөл даланы көп кездім аңсап, елім,
Аққуың ем сағынған айдын көлін.
Қайдасыңдар?!
Ешкім де үн қатпайды,
Алдым соқпақ, бұраңдап бұлғақтайды,
Адам басы – Алланың добы деген,
Қайда апарып бір күні құндақтайды.
Жан жігерім мендегі бар білерім,
Туған жердің сағынам таңғы лебін.
Іздегенім табылмай бұл пәниден,
Арман болып артымда қалды менің.
Өмірдің сұрағы көп түйдектелген,
Не пайда өзіңді өзің күйреткеннен.
Пәни күннің кемесі кетсе жүзіп,
Айдын қалар артымда иректелген.
Елес
Албырт мінез жастық дәурен,
Делебемді қоздырып.
Түңілем бе әсте сенен
Кеткенімше көз жұмып.
Сұлу сезім ғайып болған,
Кездерде анау қым-қуыт.
Жас көңілге жауып толған
Адамды іштен тындырып.
Сахараның қызыл гүлін,
Жел сыпырды суырып.
Сүймеді онда жүзімді күн
Тұрды қоршап сұр бұлт.
Шөлде жүріп, құмда жүріп,
Балауса шақ болды үміт.
Елес қана мөлдір – тұнық
Қалды өмірлік орнығып.
О, замана, күнгейіңе
Әрең жеттім болдырып.
Аспан ашық, енді, міне
Кетті алысқа сол бұлт.