ПОЛИЦЕЙЛЕРДІҢ ҚОЛЫНА, ДӘРІГЕРЛЕРДІҢ ҚАБЫЛДАУЫНА ТҮСПЕ
04.02.2023
382
0

Биылғы жылдың 20 қаңтардағы №2 санында «Қазақ әдебиеті» газеті «Бейпіл сөз – балағат» атты ойтүрткі материал жариялады. Онда ҚР ІІМ Әкімшілік полиция комитеті басқарма бастығының орынбасары Азамат Қырымбаев содан бір апта бұрын арнайы мәлімдеме жасап, онда адамдардың қоғамдық орындардағы тәртіптеріне байланысты мәселе қозғап, бұрынғы заңға түзету енгізілгенін тіліне тиек етіпті.

«Жаңа редакцияда қоғамдық орындарда әдепсіз сөздер айту, жеке тұлғаларды балағаттау, ғимараттарды, құрылыстарды, тұрғын үй-жайларды, қоғамдық орындарды, көліктегі және қоғамдық орындардағы мүліктерді қасақана бүлдіру бұзақылық ретінде қарастырылады. Мұндай ұсақ бұзақылық жасағаны үшін бұрын 5 АЕК яғни, 17250 теңге айыппұл немесе 15 тәулікке дейін қамауға алу түрінде жаза тағайындалған. Ал жаңа редакция бойын­ша айппұл 20 АЕК (69000 теңге), ал қамауға алу мерзімі 5 тәуліктен 30 тәулікке дейін болады», – деп, шәпкісін аспанға ата қуанышын білдіріпті. Хош! Ғимарат­тарды… қоғамдық мүліктерді қасақана бүлдіру –бұзақылық дейік. Ал әдепсіз сөздер айтуды неге бұзақылыққа жатқызуымыз керек? «Әкеңнің…», «шешеңнің…», «иттің баласы», тағы басқа анайылау тіркестерсіз сөйлемейтін қазақ жоқ. Қазақ қана емес, балағатсыз ой, пікір білдіріп, қарым-қатынас жасайтын ұлт тым сирек. Бұл нені аңғартады? Полицейлердің (полицей деген аты шошытады, бұрынғы милиция дегені әлдеқайда жұмсақтау еді) «құдайы» жасады деген сөз. Олардың күнделікті ішіп-жем табуларына жол бұрынғыдан да кең ашылғаны. Олай деуімізге дәйек бар. Екі-үш жылдың алдында «біреудің қалтасына қол салу – қылмыс» деген «ауыздықтау» тәртібі жарияланған. Жаздың бір шуақты күні болатын. «Таугүл» ықшамауданының автобус аялдамасында тұрғанбыз. Қасымдағы таныс екі жас жігіт ақ көйлектерінің кеуде қалталарының сыртынан көрініп тұрған ұсақ-түйек теңгелерің алақандарымен сипап: «Сенде де, менде де бір түстік асымызға жетерлігіміз бар екен ғой», – деп қалжыңдасып тұрған. Қай жақтан сап ете қалғанын… үш полицей жетіп келгені.
– Сендер неге бір-бірлеріңнің қалталарына қол саласыңдар? – деп шүйлікті.
– Біз, біріншіден, қалтаға қол салғамыз жоқ, сыртынан сипап тұрмыз. Екіншіден, бірге оқитын құрдас, курстастармыз, – дегендеріне қарамастан:
– Бізбен бірге пунктке баруларың керек, – деп бұйырды аға лейтенант шеніндегісі.
– Біз пунктке апаратындай бұзақылық жасап тұрған жоқпыз ғой, – дейді екі жас жігіт адал ақтала шындығын айтып.
– Бұлар өздерімен өздері қалжыңдасып тұр ғой. Ешқандай тәртіп бұзушылық емес, – деп мен араласып едім:
– Бұзақылықты жақтағаныңыз үшін Сіз де жауапқа тартыласыз. Араласпаңыз, өзгелердің ісіне, – деп шендісі өңін суыта көз алайтты.
Рациямен қай уақытта хабарлап үлгергендерін байқамадым. Полиция маши­насы­мен тағы екеуі келіп, екі студентті алды да кетті. Ертеңінде Берік есімді інішек бір полицейдің жетелеуімен менің қызмет орныма келіп:
– Аға, біз туралы іс қозғап жатыр. Екеу­міздің де әкелерімізге шұғыл хабарласып, жағдайды түсіндіріңізші. Жедел жетсін. «Ісіміз» үш тәуліктің ішінде прокуратураға жолданады екен. Тезірек «ақтаудың» әрекетін жасасын, – деп қамықты.
Әрине, екі әкеге де шындықты бүкпесіз жеткіздім. Бауыр еті – балалары дегенде не жандары қалсын. Отбасылары шалғай шеттегі аудандарда екеніне қарамастан, екі әке де қанат байлап, ертеңінде жетті. Полициядағылар «қамаудағылардың» әрқайсысын 500 мың теңгеге «жығыпты». Салыстырмалы түрде бірінің жағдайы болғанымен, Беріктің әкесі көпбалалы, әрі жұмыссыз еді. Бір жылқы беремін дегеніне құзырлы биліктегілер көнбей, сойыс малын осындағы ағайындарының біріне сенімхат беріп өткізіп, баласын құлқынқұмарлардан құтқарды.
Полицейлердің қашан да айы оңынан туып тұрады. Қазіргінің алдындағы болған екі министр де бұлардың жалақысын бірнеше дүркін өсірді. Сонша «мәпелейтіндей» полицейлердің не тындырып жүргендеріне зейініміз жете қоймады. Әрі осылардың ауылдағы бөлім басшыларына дейін астарында жүйткіген жеңіл автокөлік.
«Әдепсіз сөздер айту» деген сылтау «тәртіп сақшыларына» «Ал балық, ал балық, аузыма сал балықтың» тура өзі болып тұр. Өйткені бейпіл, балағат сөздерді ауызда ұстап тұра алмайсың. Мәселен, құрдастардың: «Әй, ит-ай, осынша шаруа тындырып тастапсың ғой», – деп сүйсіне мадақтайтындары бар. Кең кеңірдектілер үшін бұл таптырмайтын «факті» емес пе. Аялдамаларда жастардың қылжақтасып тұрып айтпайтыны жоқ. Соның бәрі шенділерге нәпақа көзі деген сөз. Тіпті мектеп 

оқушылары да бірін-бірі боқтамай (әрине, түсіністікте) ойнамайды. Бұл – әке-шешелерінің соры ғой. Оның үстіне балағат сөз бизнестің нағыз көзіне айналыпты. Газеттегі мақалада «Мемлекеттік бюджетті айыппұл есебінен толтыру болса…» дейді. 30 тәуліктік қамау «мемлекеттік заңдылыққа» жатар, ал 69000 теңге айып­пұл «тәртіп сақшыларының» қалтасын толтырып, нығыздауға кетеді ғой. Мен Махамбет, Абай сынды басқа да ата-бабаларымыз «бақытты» екен деп ойлаймын. Өтемісұлының Жәңгір ханға:
Хан емессің, қасқырсың,
Қас албасты басқырсың…
Хан емессің, аярсың,
Айыр құйрық шаянсың, –
деп қарапайымдарды емес, ханды балағаттап тұрғаны үшін неше есе айыппұл төлер еді немесе неше айға қамауға алынар еді. Абай атамыз да: «Адам бір боқ көтерген боқтың қабы» демей ме. Бүкіл адамдарға қатысты ғой. Азамат Қырымбаев сындылардың қолдарына түсіп қалмай, ертерек «мәңгілік тыныштық» мекеніне кетіп қалғандарына шүкіршілік.
…Бәрін айт та бірін айт, бұл мәлімдеме – тапқаны тамағына жетпей жүргендерге үлкен соққы. Азамат бұл жерде азамат­тық жасап, халықты ойлап отырған жоқ. Осынысы – қабырғаға батады.
…Енді осылардың тонын аударып кигендей әрекетке барып жүрген ақ халат­ты «абзал жандарға» көз қиығын салайық.
…Автобустың келесі аялдамасынан түсуге ыңғайлана беріп, есік алдында тұрған апа мен атаны байқадым. Сөмкелері тым ауыр, үлкен екен. Көмектесу ниетімен ышқына көтеріп табалдырықтан түсе бергенімде, алып қашады деп ойлады ма, апа сөмкенің үстіне құлай кетті. Тәлтіректеп барып мен жол жағалауындағы бетонға аяғымды соқтым. Сол күні байқалмап еді, ертеңінде күп болып ісіп кетті. Туплиге сыймайды. Келінім берген сықпа мазды жағып, ауру шыдатпаған соң, емханаға бардым. Ісікті қарайтын дәрігер үш айлық ақысыз еңбек демалысына жіберіліпті. Жаны ашыған келінім Нәзия «Сұңқар» комплексті емдеу орталығына кезекке жаздырып қойды. Сонда дұрыстап тексеріліңіз деп, алып барды. 6 мың теңгеге талон сатып алып барған кабинетте жастау дәрігер жігіт отыр екен:
– Аяғыңызды көтеріңіз, – деді. Көтере беріп едім, мазалап тұрған аяқты теуіп кеп қалды.
– Ей, есің дұрыс па? – десем;
– Сынған, сынбағанын байқайын дегенім ғой, – деп ыржаң қағады.
– Рентгенге ме, немесе басқа бір аппаратқа ма түсірмейсіңдер ме?
– Ешқандай аппараттың керегі жоқ. Аяғыңыз жарықшақтанбаған, сынбаған.
– Оны еш аппаратқа түсірместен, қайдан білдің?
– Мен тепкенде ойбайлап, бақырған жоқсыз ғой. Енді ақысын төлеп, терапевтке тексеріліп келіңіз.
– Менің ауруым – аяқтағы ісік қой. Бұған терапевтің қандай қатысы бар?
– Бойдағы тамырлар желілес, бар деген мамандарға барсаңызшы. Пәленше жіберді деп, мені айтыңыз, тез қабылдайды.
Бардым. Бір-екі минут тексерген болып, қағаз берді. Аяқ тепкіш дәрігерге апарып бердім.
– Енді психотерапияға барасыз. Ақшасын беруді ұмытпаңыз. Берген қағазын тағы да маған әкелесіз.
– Айналайын-ау, психода нем бар?
– Әлгінде мен айттым ғой, тамырлар бір-бірімен жалғасқан деп. Тезірек бары­ң­ыз. Мен сіз барады деп телефон соғып қой­дым.
Бардым. Тексергенсымақ болды. Қа­ғазын әкеліп бердім.
– Қазір невротерапевтке, ақшасын ала барыңыз.
Одан да қағаз әкелдім. Осылайша ақысын төлеп, жеті кабинеттен өттім. 42000 теңгемді қағып алды. Дәрігерім әкелген барлық қағаздарды қарап отырды да, келінім Нәзия аяғыма жақтырып жүрген мазды рецепке жазып беріп, мұны біздің дәріханадан ғана алуыңыз керек, – деп ескертті.
– Сен өзі оқыған дәрігерсің бе? – дедім.
– Намысыма тимеңіз. Оқымаған болсам, мені бұл жерге отырғызбайды, – дейді ашуға булыққан болып.
– Менің тарихшы-ғалым келінім ұсынған мазды қайталап беріп отырсың. 42000 мың теңге маңдай терімнің сығындысы кетті. Дұрыстау басқа дәрі жоқ па?
– Бергенді қабылдаңыз. Маған қазір басқа клиент келеді. Жолыңыз болсын, – деді.
Аптекасына барып, қосымша басқа да дәрілерді, «қызыл май» сұрадым.
– У нас масло не продается, – дейді. Арғы жақта отырған сарықарын әйел: «Тоқтаңыз, бар» деп әкеп берді. Сөйтсем, «Сұңқарда» сұңқарлар емес, жемтікке үймелегендей қарғалар отыр екен. Міне, қазақстандық медицинаның қарыштап дамыған сиқы.
Көрші апалар бар. Таяғына сүйеніп, есік алдында қиналып жүреді. Сексен жасқа таяп қалған Жетергүл есімді кейуанаға:
– Апа, қиналып жүре бергенше, дәрігерге неге қаралмайсыз? – деймін.
– Қалқам-ау, мемлекеттік деген емхананы да «ақылы» емдейтіндер «жаулап» алды. Бір қаралуға барғанымда 32000 теңге, екінші барғанымда 39000 теңге төлеттірді. Нан, шайға әзер жетіп жүрген зейнетақым оны көтермейді. Теледидардың жарнамасында көрсетілетін дәрілерді алып, пайдаланамын. Ақшам жеткенін, әрине.
Байқасаңыз, полицейлер мен дәрігерлер халықтың қалтасын қағу – қанын сору мамандығын оқығандар секілді. Енді жұртшылықтың: «Полицейлердің қолына, дәрігерлердің қабылдауына түспе», – деп шырқырамасқа амалs жоқ қой.

 

 

Еркін ЖАППАСҰЛЫ

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір