ЕРЛАННЫҢ ЕГІЗІ
03.02.2023
2816
0

Әркімнің жаны – бір сәби. Ақындыкі тіптен де. Оны қалай сауат­ты құндақтауды құдайдан басқа пенде баласы білсейші?!
Ерлан Жүністің көп өлеңімен таныспыз. Бірер жырын егіздеп, біразына негіз деп алып, арнайы тоқталуға ниет­тендік. Әлбет­те, бұл екеуі – мүлдем екі кезде, екі тарапта дүниеге келген жырлар болуы мүмкін. Екеуін қосақтап, «некелестіргелі» отырған – біздің қиялымыз.
Бұл қос туындыны біз неліктен бейсана түрде егіздеп алдық? Өзімізге де қызық.
Біріншіден, неге екенін қайдам, бұлардың бірнеше тынысы бардай сезіледі. Ішкі үйлесімінде музыка ойнап тұрады. Әсіресе автордың өзі жатқа оқыған кезінде анық аңғарылады.
Екіншіден, классикалық қара өлеңнен бөлекше. Жаңашыл сүйкімімен қызығушылық тудырады. Шығыс сарыны сынды майда самал.
Үшіншіден, интеллект пен сезім қатар өріледі. Жиі кездесе бермейтін көрініс. Терең лириканың ішінде энциклопедиялық анықтамалар әдемі жымдасып жүр. Ақынның интеллектуалдық деңгейін аңдай аласыз. Әрі көрініп қалайын деген жасандылығы жоқ, шынайы.
Төртіншіден, бәлкім, біріншіден дерміз, ана тәрбиесіне деген терең құрмет.
Бесіншіден, бәлкім, біріншіден дерсіз, жүрек түкпірінің әсіре сезімталдығы. Яғни, авторға бір, жыр құрылысына бір қарайлап қаласың. Ақырын-ақырын жарасымды жымдасып кеткен табиғат.
А, айтпақшы… таптық-ау деймін – Алматы!
Алматы – қазақ әдебиеті үшін негіздердің негізі, рәміздердің рәмізі. Қазақта ең көп жыр арналған шаһар, ең көп жыр жазылған жер ретінде ойланбастан айтып, бәстесуімізге болады. Ең алғаш кім арнағанынан хабарсызбыз. Алайда сол шайыр – ұлы даңғылдың бастаушысы. Бүгінгі ақындар – сол ізашардың жолын жалғаушы, дамытушы. Ұятқа қалдырмай келеді. Біз нысанаға алған шығармалар сөзімізді қуат­тай түсетініне дау тумауы керек. Халқымыздың өлең өнерінде өзіндік реңкімен ерекшеленіп үлгерген, өзіндік амбициясымен тіркелген жырлар: «Гүләнда» кітап дүкенінде» және «Алматыға барсам мені…».
Мазмұндық тұрғыдан автордың ақсақалдық ақылмандыққа жас талғамай жетіп үлгергенінен қалай айналмайсың?! Әркімнің түп-санасындағы Алматысы мен Ерлан Жүнісін, яғни әркімнің ішіндегі әркімін оңай оятады. Өзара шарпысқан сезімдер алаңы. Өткенің мен бүгінің, қиялың мен шының, бастауың мен ақырың, үмітің мен күдігің, сенімің, тағы сенімің… өмір айдыны. Әрине, адам баласының өмірі!
* * *
Таңертең үй сыртындағы шарбаққа білегін төсеп, қара жолға телміреді де тұрады. Ынтық-ықыласы алыста. Жас шамасы алтыда… жеті-сегізіндегісі де сол… Алматыны аңсайды. Не үшін екенін кім білген?! Бәлкім, Қыздар пединститутында оқитын әпкесі әкелген сурет­тер жиынтығының әсері? Бәлкім, газет-журнал, кітаптардан бейнелерін қиып жинайтын ақын-жазушыларының қай-қайсысының да астанадан «адам боп кеткені» туралы әңгімелерінен? Бәлкім… әйтеуір көкжиекке сіңіп жатқан шұбырынды көлік өңкей Алматыға асығып барады. Бұл ғана ауылда жалғыз қалып… күн сайынғы ойы – осы. Кейін көзі жеткенде білді: көліктерді «жұтып жататын» әлгі көкжиек – совхоздың гаражы екен ғой. Алматы деп жүргені – Астрахань бағыты, демек, батысты шығыс санап жүр десейші. Сонда бір жеңілдеп қалғаны-ай, әйтпесе өзінен өзгенің бәрі арманындағы Алматы асып кетіп жатқандай қиналып жүруші еді.
Әдебиетке әуес бала қиялшыл болмай қайтеді?!
Ғұмырында жанынан ажырамас ақиқат­тай көрінетін қазақ фильмдерінің әсері де әбден мазасыздандырып бітірді: «Тақиялы періште», «Менің атым – Қожа»… Келе-келе, олардың да кезінде бөтен біреудің басынан өткен сәт­тердей сананың шалғай түкпірінде ғана қаларын қайдан білсін?!
Алтыншы сынып оқып жүрген кезінен Мұқағали өлеңдеріне басы кет­ті. Әкесі бірде:
«Күлдіріп жүріп
жылатады Өмір,
Көтеріп жүріп құлатады Өмір…
Үп еткен желге сен құлай берме,
Төзімділікті ұнатады Өмір»,
– деп Өмірбек құрдасымен әңгімесінде өлеңдетіп отырған. Бұл бірден «Мұқағали шығар» деп ойлады. Балаң көңілдің түюінде жақсы жырдың бәрі – Мұқағалидікі болуы керек секілді көрінетін. Содан ал келіп ұлы ақынның бар жинағын қопарып кетсін. Бәрі бар, іздеген шумағы жоқ. Сөйтіп, жүріп, бірер жылда Мақатаевтың бүкіл жазғанымен танысып, күнделіктеріне дейін жат­тап алғандай күйге жет­ті. Арада біраз уақыт өткенде білді ғой, Мұқаң шығармашылығына ендіріп жіберген Өмір туралы шумақ тағы бір талант иесі Өмірзақ Қожамұратовтың шығармашылығынан екен.
* * *
Мұқағалидың сексен жылдығына орай Астана қаласы әкімдігінің атынан делегация жасақталып, сол топқа қосылдық. «Алматы» қонақүйіне орналасамыз. Енді көз іліндірейін десек, ауылдағы ескі үйдің шарбағына білегін төсеп тұрған әлгі бала ұйықтатпайды…
Ерлан Жүністің «Алматыға барсам мені…» өлеңі де оқыған сайын әркімді осындай тұңғиық сезімге баурай беретін болса керек. Мәселе онда географиялық тұрғыдағы Алматы емес. Әркімнің көңіл жықпылында бір Алматы бар, соны айтсаңшы.
Айтпақшы, кейінгі жылдары «Алматы» қонақүйінің алдынан Шәкен Аймановтың орындықтағы бейнесі үйлесім тапты. Ол туралы Ерекең – Ерлан Төсбайұлы келесі барғанында «қарсы алатын шығар» деп ойлаймыз.
Пішіндік тұрғыдан күрделі инверсияны жиі қолданады. Сәт­ті қолданады. Ол – ойлау ұшқырлығынан. Әрине, солай бола қоя­йын-ақ дегеннен емес, баяғы сол табиғи қалпы. Құйылған қола.
Түбінде бір «Алматы бояулары» деген тақырыпта жарытымды дүние жазғымыз келеді. Тегінде арман болған Алматы. Төлеген ағай Мұхамеджанов күйші Асылбек пен сазгер Ринат­ты сүйемелдеп орындаған «Беу, балалық» сарынының екі минут он бесінші секундындағыдай нәзік шыға алмаса да. Ал әзірге белгілі ақын Ерлан Жүніс өлеңдерінің әдеби әсері туралы аз-кем ғана көңіл күнделігін таспалай тұрамыз. Иә, әдеби әсер. Әйтпесе, теория іздеп, талдау іздеп, түртіншектеудің қажеті жоқ. Бұл жерде Ерланның «Жүрек маусымдары» тақырыбында, тіпті тұтас кітап жазғаны жөнінде де әңгіме жоқ. Оны «қазақ поэзиясының кардиологы» деп атай да қоймадық. Бәрінің сәті түсуін тілейміз… деп отырған кезімізде кейіпкер-авторымыз Алматыға қызмет ауыстырғанын естідік, қуанып қалдық:
«Ей, данышпан Ерлан Жүніс, пәлі, ғашық Ерлан Жүніс,
Қалған жұмыс жаман емес, жақсы деймін – барған жұмыс».

Ерболат ҚАМЕН

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір