Қайым Мұхамедханов – 100
Сәрсенбі күні Алматыдағы Ұлттық кітапханада көрнекті абайтанушы ғалым, жазушы, аудармашы, ақын, драматург Қайым Мұхамедхановтың туғанына 100 жыл толу мерейтойына арналған жиын өтті.
Жиын барасында Қайым Мұхамедханов шығармаларынан көрме ұйымдастырылып, «Алаш» баспасынан шыққан он томдық таңдамалы шығармалар жинағының тұсауы кесілді. Басқосуды айтыскер ақын Фархат Маратұлы арнау жырмен ашты. Қ.Мұхамедханов атындағы «Білім және мәдениет» орталығының директоры, Қайым ағаның қызы Дина он томдық шығармалары туралы хабарлама жасады. Қазақстан Жазушылар одағы басқарма төрағасының орынбасары Маралтай Райымбекұлы Одақ атынан қысқаша құттықтау сөз сөйлеп, ғалымның қызы Динаға сый-сияпат жасады. Белгілі сықақшы-жазушы Ғаббас Қабышұлы, көрнекті режиссер, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Есімхан Обаев, ғалымдар Айгүл Ісмақова, Салтанат Ізтілеуова, Қалимаш Бегалинова, Нұржанат Рахмановалар, ғалымның шәкірттері – Астанадағы Әлкей Марғұлан атындағы №40 орта мектептің директоры Ербол Іргебай және жазушы Асқар Сәбитов, ғалымның қыздары, балалары, шәкірттері Қайым Мұхамедхановтың өмірі мен шығармашылығы туралы естеліктер айтты. Ақындар Жәркен Бөдешұлы мен Шөмішбай Сариев арнау жырларын оқыды. Көрнекті ғалымның шығармашылығы және өмір жолын баяндайтын бейнетаспалар көрсетілді.
Жиынды М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты Абайтану және жаңа дәуір әдебиеті бөлімінің меңгерушісі, профессор Серікқазы Қорабай жүргізді.
Жиынға қатысушылар Алматы және Семей қалаларының әкімдіктері атына Алматы және Семей қалаларынан Қайым Мұхамедханов атына бір-бір көше бергізу туралы ұсыныстар жасаған шешім қабылдады.