ҮЙ ҚЫЗМЕТШІСІНІҢ ҚОЛЖАЗБАСЫ
22.01.2023
4270
0

– Зәуреш, қайдасың?!. Сен осы қас пен көздің арасында қайда жоғалып кетесің, а?! Құрыған неме, бұл жұмыс ұнамай жүрсе турасын айт, тағы біреу табылар! Үкімет мені қараусыз қалдырмайды. Естідің бе?!.
Төргі бөлменің арғы түкпіріндегі абажадай кереует болар-болмас сықырлайды. Шал қалың көрпешені шидей сирағымен ары ысырды. Тіктеліп отырғысы келген-ді, аяқ астынан тап болған көкжөтел кеудесін көтеріп, жан-жағына қарау­ға мұрша бермеді. Сірә, кешегі ванна қабылдағаны бекер болды білем. Оған бола күтуші келіншекті несіне кінәлайды. О пақыр ойын баласындай жепжеңіл денесін мамық сүлгімен мұқият сүрткен соң мойнын, жауырынын әлдебір хош иісті дәрімен сылап-сипап, бір стақан жылы сүт ішкізді де, «суық тиіп қалмасын»-ды әдейі ескертіп, төңірегін қымтап жатқызып кеткен. Жасы келген адамның ұйқысы сергек. Бірер сағат­тың өзі үлкен демеу.
Көзі ілініп кеткен-ді. Артынша әлденеден құр қалатындай көзін ашып алды. Тершіген буын-буынның ыңғайы­на көніп, ұйқысы келмесе де алдағы күндердің өз басына тигізер пайдасы мен зиянын ойлап, жата тұрғаны жөн еді. Пайдасын жіпке тізсе, шашының түгі жетпес, зияны да соған жетеғабыл. Германиядан жарық көргелі жатқан қос томдық романының немісше аудармасына өресі жетпесе де, ең құрыса соңғы сөзінің түпнұсқасын қайта қарап шықсам дейді. Аудармашының бар дүниені төңкеріп тастағандай, мұның алдына түсіп, әлде төсекке танылған шалда не қауқар қалды дей ме, әйтеуір бір-екі сұрақ төңірегіндегі жауаптың өзін жау қуғандай жүдемелете жөнелгені ұнамады. Қырсығынан сақтасын, әзірге жүріп-тұрарлық шамасы бар. Өле-өлгенше өзі жазған дүние қаш-шан ойынан шыққанша қайта жазудан, қырнап-сүрнеп, түзетуден шаршамайтын әрі осы мінезімен ел арасына аңыздай аты жайылған жазушы ,міне, осыған келгенде екі көзі алақтап, әлдекімге кіріптар боп, тілді түсінбей, діңкесі құрыды-ай! Соңғы романы өзінің келісімімен бірнеше тілге аударылған. Соған шүкіршілік айтып, тыныш жатса да жарар еді. Жүрегі соғып тұрған соң былайғы жұрт­тың, жұрт болғанда әлем оқырмандарының алдында асқаралы бедел жинаған және сол беделдің арқасында аузынан шыққан әрбір сөзі жерде қалмай, ізінше жарияланып жататын бір-екі қаламгердің өзі туралы қандай пікірде екендігін білгісі келеді. Кішкене көңілі көтеріліп, ендігі қалған өмірге ризашылығын білдіріп, ара-тұра желпінген сәт­те ескі блокнотына түскен және оны өзінен басқа ешкім түсінбейтін телефон цифрларын тарамыс саусағымен тергіштеп, мұхит­тың арғы жағына қоңырау шалады. Абыз ақсақалдың дауысын естігендеріне олар да қуанышты ма қайдам, құдды көп жыл табыспаған құдасымен жаңа жүздескендей, хал-жағдай сұрасқаны былай тұрсын, «не жазып жатырсыз?» деп мұның асты-үстіне түседі-ай. Не жазушы еді, мүйіз шықса бір кісідей қағаз шимайлады ғой. Өзі бірер жылды Құдай көп көрмей «сыйлайтын» шығар деп дәмеленеді. Соған имандай сенеді. Ол ыңғайдағы дәлелдеме – пайым-түсінігі дауыл мен жауын шынықтырған түз гранитіндей. Осынша тірлігінде себепсізден-себепсіз бір пендемен жүз шайыспапты, жөн-жосықсыз дауласпапты. Әлдебір кәделі жиында әлдекімдермен жаға жыртысатындай дәрежеге жетсе, ол – сөз жоқ, туған әдебиет­тің келешегі үшін жасалған айтыс-тартыс. Көкірегін түйгіштеген тосын пікірін әлдебіреуге жақпай қаламын ба деп, іштей жұта салу дегенді айтпаңыз. Ондайда өліспей беріспейді. Қан-сөлсіз реңі одан әрі күреңітіп, былайғы күндері ешнәрсемен шаруасы жоқ беймарал кісіше аяғын ілби басып, өз жөнімен кете баратын шалдың шыңыраудағы екі көзі жемтігіне атылған арлан қасқырдың қанталаған жанарындай, алақ жұлақ етіп шыға келер еді. Тісі тиген жерді ойып түседі. Сондай айтыстан шыққанда кейбір әріптестері мұның батырлығы мен бетпақтығын іштей мойындағанын жасырып-жамап, өздерінше әзілдегенсіп, көңілін көтергенсиді: «Ойпыр-ай, нағыз көкбет­ті көктен іздеп жүрсек, ол қасымызда екен ғой». Бұл сонда да жүзін жылытпайды. Сосын сол… екі-үш айға дейін тірі жанмен тілдеспей, арнайы іздеп келгендерге де есік ашпастан, мына дүниенің қызық-шыжығынан баз кешкендей, тас бүркеніп жатып алады. Өзіне осы «демалыс» ұнайды. Жүрегі жылитын шығармаларын да осы кезде жазады. Әдет­тегіше жазғанын мың қайтара түзеген соң, сірә, осының илеуі қанды ғой деп, онысын алдымен жас қаламгерлердің талқысына ұсынады. Тұстастарының салғаннан жортақтатып мақтай жөнелетін пікірлеріне әбден кеңірдектеген. Атақ-абыройы аспан тіресе де, соңғылардан күтетін тілегі: «Аямаңдар, кемшілігін көзіме шұқып көрсетіңдер. Сойып салыңдар. Сендермен қарым-қатынасым сонда ғана жалғасын табады…»
Осы қағиданы өзіміздікілерден бұрын шетелдіктер де жақсы қабылдаған сыңайлы: «Соңғы романыңыздың ақырғы тарауы сұмдық! Бір тәулік бойы сең үстіндегі сергелдең, Бәкизат­тың үсік шалып, әбден титықтаған бет-әлпетін шығыстан енді көтерілген күн шапағына бұрып, дауыс шығарып айтуға шамасы жетпесе де, болашақтан күдер үзгісі келмеген жантәсілім толғанысын ішінен күбірлеп айтатын тұсы бар-ау… Соның әсерінен бір жеті ұйықтай алмадым. Көзімді жұмсам біт­ті, суық сорып қалжыраған денесін игере алмай, мұзда тайғанақтаған кейіпкеріңіз тура жанымнан табыла кетеді. Арал тағдырына мұхит­тың арғы жағындағы менің қатысым қанша?! Шынымды айтайын, сол сең үстіндегі сергелдеңді бастан кешкен сіздің сорлы әйеліңіз өзінің өлі мен тірінің арасындағы ауыр халіне қарамай мені де, тіпті күллі адамзат­тың қалғып кеткен санасын қайта қалпына түсіру үшін не істеу керектігін қаперлеріне салып жатқандай елестейді… Сіздей жазушысы бар халықтың не арманы бар?! Неге Нобель сыйлығына ұсынбай жүрсіз? Сыйлықтың өн-бойына саясат­тың салқыны тиді деп, табиғи тазалығыңызды ақырына дейін сақтағыңыз келе ме? Бәлкім, мұныңыз да жөн шығар…».
Екінші телефонды да ізінше құлағына тақайды: «Ағылшын тілінде Америкада жарық көрген екі романыңызды бар шаруаны жиып қойып, екі айға демалыс алып, үтір-нүктесін қалдырмай оқып шықтым. Сізге өтірік айтып нем бар. Аударма деген жарықтықтың ой-шұқыры көп дүние ғой. Қазақ тілінің шөп басына тұнған таңғы шықтай мөлдірлігін тап басып жарқыратып беру – сіз өмір сүрген ортаның жөн-жосығын дендеп түсіне бермейтін ағылшын тілді аудармашының қолынан қайтіп келе қойсын. Екі-үш ескертпемді хатпен салып жіберемін. Заманымыз бір, жұтқан ауамыз бір, ізгілікті ниетіміз бір, сондықтан аз-кем әзілдес­кенімді де дұрыс түсінгейсіз. Жасыңыз жүзге екі-ақ жыл жетпей тұр екен, бір ғасыр жасағанда екі жыл деген немене, тәйірі?! Шақырсаңыз да, шақырмасаңыз да бір ғасырлық тойыңызға бару – басы ашық ақиқат. Сізбен соғыстырып, бір бокал виски ішуден асқан арман бола ма біз пақырда! Құшағыма қысып, арқаңыздан сипадым…».
«Құшағыңа да қыспа, арқамнан да сипама. Ағылшынша аударманың көңілден шықпағанын ішім сезеді. Сондықтан жүзге келермін, келмеспін, оған тіпті бас ауыртсам не дейсіз?! Алла Тағала тап маған келгенде қолтарлық жасамас. Оған сенімім мол. Артыма қарамай өлу – арманым!.. Немісшенің бір тарауынан да кемшілік табылып жатса, біреу қолжазбаны көріме әкеп бере ме?! Тоқ-та, ертең Германиядағы баспагермен сөйлесемін де, кітапты қайтарып аламын. Бітіп тұрған шаруаның шат-шәлекейін шығарған шал шынымен жынданған шығар дейтіндер, дей берсін. Сөзім – сөз! Артыма қарамай өлу – арманым!..».

* * *
– Зәуреш, сен осы қас пен көздің арасында қайда жоғалып кетесің, а?! Байсырап біреулермен кездесіп жүргеннен саумысың?! Басы бос қатынның ойында не барын кім біледі!
Соңғы сөйлемнің артықтау айтылғанын кейін аңғарды. Екі аяғын кереует­тен салбыратып, көздері шытынап, қан-сөлсіз жүзі одан әрі күреңітіп, іргеліктегі таяғын қолына алды да, терезе жапқышын былайырақ ысырды. Ондағысы – тыстағы тірліктен хабардар болу. Алматының жылауық күзі атақты жазушы болмақ түгілі, әулие болсаң да сенің далаға шығып, кішкене бой жазайын дегеніңді қайтсін. Ақ жаңбыр кіршеңдеу терезені үсті-үстіне түрткілейді. Күн бұлыңғыр. Аспан да қабағын ашпай, түнеріп тұрған болар деп топшылады. «Боранды күні ит пен бала құтырады». Әнтек қана миығынан күлді. Есіне әлденелер түскендей болар-болмас көңілі жібіді.
Күтуші келіншек ылғалды қолын беліне байлаған алжапқышына асығыс сүрт­ті де, шалдың әдет­тегі шыңғырған дауысын естіп жүргені жаңа ма, есік алдындағы кәкір-шүкір шаруаны бітіріп тастайыншы деп оқталғанымен, кереует­тен құлап қалмады ма дейтін қауіп алқымға тірелгенде бәрін тастай салып, сүріне-қабына ішке енген. Самай шашы дода-дода. Басындағы ақ қиық орамал жылжи-жылжи желке тұсын жауып тұр.
– Далаға кір жаюға шыға салып ем. Аспан құлап кеткендей не болды сонша?! ̶ Келіншек еркінсіген сыңай таныт­ты. Шал мен арадағы қарым-қатынас баяғы кірпияз сыйластықтың шеңберінен шығып, сәл анайылау кейіпке көшкенін бұл жолы екеуі де байқамады. Өткен аптадан бері жоғарыдан берілген төтенше тапсырма бойынша шалды жұма сайын ыстық ваннаға салып шомылдыру күтуші келіншектің мойнына қосымша жүктелген. Алғашында ыңғайсызданғаны рас. Ер адамның тырдай жалаңаш денесін көріп жүргені жаңа емес қой десе де, әп-әдемі сүйріктей саусағымен ырсиған қабырғаларды ысқылауды соншалық құп көрмеген. Құдай басқа салса амал не, сол қызметі үшін жоғарыдағылар жалақысын үстемелер. Сүйтсе оған бола жүрексінгені бекер екен. Онсыз да жауырыны қақпақтай кісі емес еді, қазір тіпті қушиып, дене бітімі бір шұқым боп шөгіп кетіпті. Сірә, он-он бір жастағы баланың жеп-жеңіл салмағындай болар. Ыстық ваннаның жанына майдай жағатыны белгілі. Арса-арса сүйектер жұмақтың төріне жайғасқандай. Маңдайы жіпсіді. Аяқ-қолын созып, емін-еркін жата тұрғысы келді… Алла Тағаланың мына шеберлігіне не берерсің, әлем жұртшылығы ауыздарынан суы құрып, осы кісінің жазған-сызғандарын бастарына жастанып оқиды. Дүниежүзіндегі мойны озық қаламгерлер осы кісінің пікірімен санасады. Біздің үкімет ақсақалдың аты аталған жерде аяқтарынан тік тұрады. Жеке күтуші жалдап, бар жағдайын жасайды. Сол құдірет-күштің иесі шынашақтай шал, міне, Зәурештің қол астында аяқ-қолын қимылдатқансып сұлық жатыр. Шалға не істегісі келсе де өзі біледі! Тіфә-тіфә, арам пиғылдың заматында жетіп келетін залымдығы-ай! Керегі жоқ, аулақ, аулақ!..
Шалдың бой-сойы жеңілденді. Қисық, қыңыр мінезден ада. Теңіз жағалауындағы жатаған ауылда өткен балалық шағы еске түседі. Еш қолқалау­сыз алғашқы махаббатын сыр ғып шерт­ті. Кіндігінен ер бала болмағанына өкініш білдірді. Тағы-тағылар… бұл шежіренің бүгін-ертең таусылатын түрі байқалмайды. Бірде көзі бағжаң етіп әрі күтуші келіншекті жеп қоятындай, кірпік қақпастан тесіле қарайды:
– Сен тыңдап тұрсың ба, әлде мен манадан бері далаға сөйлеп жатырмын ба?!
– Тыңдайды, тыңдайды. Айта беріңіз.
Ваннадағы ақ көпіршік дір-дір: «Сені тыңдап тұр ғой десем. Өй, құрыған неме!»
Ақ көпіршік одан бетер дірілдейді:
– Арқамның орта тұсын ысқыла. Жаның бар ма, қат­ты, қат­тырақ! Бүгін тамақ ішпегеннен саумысың?! Осы сендер қайтіп бала туып, қатын боп жүрсіңдер, а?!
– Жүрміз ғой, – дейді күтуші келіншек. Айтысып жеңіске жетуді қаперге алмаңыз. Кішкене денені лып еткізіп көтеріп алады.
– Арқамның қышуы қанған жоқ. Баяғыдан қалған жел ғой. Қыстыгүні талай мұзға ойылдық. Содан тапқан кесел.
Келіншек үндемейді. Кейде үндемесең де айыптысың:
– Тіліңді жұтып қойып пе ең?!.. Кейін мен өлген соң өкінесің әлі. Осыны ұмытпа…
– Жуылмаған кірлер жиналып қалған екен. Соларды далаға жайып…
– Кір жаятын күнді таптың ғой.
– Кішкене дегдісін, сосын қайта жинап аламын.
– Мейлі, онда менің шаруам не. Көшеге шыққанда киетін жеңіл плащым мен қонышты бәтеңкем қайда?
– Тұрған шығар, жау келді деймісіз!
– Жау келмесе… – Таяғын кереует­тің аяқ жағына лақтырды: – Мені киіндір.
– Мынадай жауынды күні қайда барасыз?
– Оны өзім білем, сен кірлерді жинап алуды ұмытпа!
Суық паркет еденге жалаң аяғымен найзадай шаншылып, тікесінен тік тұр.

* * *
Іргеліктегі үй басқармасының бастығы екі-үш әйелдің басын қосып, өзінше жиналыс өткізіп жатқан-ды. Ауыздағы хатшы қыз атақты жазушыны қайдан танысын, алдын бөгеп, ішке кіргізбеудің амалын қарастырған. Бастықтың аты – бастық. Әркім кеуделеп, әрнені айтып әкіреңдей берсе, болмашы беделден жұқана қалар ма. Сондықтан тәртіп ханға да, қараға да бірдей.
– Мұнда бір кісі… өзі нахальный, шіңкілдеген дауыс көкке көтерілгенше қоңыр таяқ алдымен ішке озды. Бастық аузына апара берген ыстық шайын үстел үстіне төгіп алды. Жау тигендей қызметшілеріне шыға тұрыңдар деп ым қақты. Олар әп-сәт­те тізбектеле жылжып, жым болды. «Жаман шалдан қорыққаны соншалық, бұтына жіберіп қоя жаздады ғой» деп олар тысқа шыққанша бірінің аузына бірі түкіріп қойғандай, тоқтаусыз күңкілдесті.
Бастықтың қысық көздері үсті-үстіне жыпылықтады:
– Мынадай погодада… сырқат­танып қалсаңыз. Алдын ала ескерткенде өзіміз-ақ… оның бер жағында, бұл не асығыстық? Келер көктемге дейін…
– Келер көктемге дейін кім бар, кім жоқ. Қисаңдаған орындыққа жайлап жайғасты: – Кәне, эскизің дайын ба?
– Дайын, дайын болғанда қандай! Үй басқармасының бастығы суырмадан табақтай-табақтай қатырма қағаздарды шығарып жатып, хатшысына «шай әкелші» деп әмір берді: – Сонша жылдан бері алғаш рет төбе көрсетіп тұрсыз. Асықпаңыз. Басқадай шаруаңызға да қолұшын беруге дайынбыз. Әрине, үкімет қамқорлығындағы адамсыз, дегенмен ұсақ-түйек түгесіле ме. Алдымен биыл қыстан қалдырмай, аулаңызға асфальт төсетіп беремін. Шай ішіп, кішкене әңгіме-дүкен құрайық. Жұрт сізбен сырласпақ түгілі, сыртыңыздан бір көруге құштар». – Дауысын көтеріп, хатшысының зәре-құтын алды: – Шәйнектің түбі тесіліп кеткеннен сау ма?! Шай қайда?! Сен алдымен бері кел. Мына кісімен мені суретке түсіріп ал! Мұндай тарихи күн бола бермейді біздің басымызда!»
–Шай ішуге уақыт жоқ, – деді жазушы қабағын сәл суытып. Қатырма қағаздағы ертең өзі о дүниелік болған соң, талай жыл тұрған үйінің қабырғасына қойылар ескерткіш-тақтаның макет­тері еді. Бастамашыл топтың жетекшісі осы батыр. Жасы жер ортасынан ауып, талай-талай жауапты жұмыстар атқарса да, алды-артын ойламастан ойындағысын дүңк еткізіп қойып қалатын әпенденің өзі. Әлде әлемдік деңгейде атақ-абыройы бар және жазғандары оқырман жүрегін бірден жаулап алатын классикке көзі тірісінде мен де бір қызмет жасайыншы деген мақсат­тан туған шешім бе қайдам, бір кезіккенде: «…осылай да осылай, сіздің оған ренжімейтініңізді білем. Ерте ме, кеш пе, бәріміздің барар жеріміз белгілі ғой. Бір ғасырға татитын өмір сүрдіңіз. Кезек сіздікі, ал біз артыңызда қалып, қалған-құтқанды түгендей берейік. Қала әкімінің шешімімен сіз тұрған үйдің қабырғасына ескерткіш-тақта орнатылады. Оған күмәніңіз болмасын. Соны қай тұсқа орналастырамыз? Жөн-жосығын көрсетіп берсеңіз. Дұрыс түсініңіз, сізді ана ауылға ат­тандыруға асығып тұрған біз жоқ. Жүре беріңіз жанымызда…» Әзіл-шыны аралас кеңкілдеп күлген.
– Бұларың жөн екен, сенікі де ақыл. Бірақ алдымен тасқа қашалған ескерткіш-тақтаның нобайын тірі тұрғанда өзім көрейін, – деді жазушы. Жүзінен не қуаныштың, не реніштің ыңғайын байқатпады.
– Әп, бәрекелді! Сіз секілді кең пейіл­ді адамдар арамызда көп болса ғой, шіркін! Бір айдан соң суретіңіз басылған гранит тақта алдыңызда жатады. – Үй басқармасының аршыған жұмыртқадай жалтыр басы әлденеге риза болғандай, қақшаң ете қалды.
–Уәде – уәде.
Бір айдан соң жібек матаға мұ­қият оралған гранит тақтаны қолтығына қысқан бастық терлеп-тепшіп, жазушының үйіне алқын-жұлқын кіріп келді. Екі езуі екі құлағында. Ал классиктің бүйе шаққандай қабағы кіржиді: – Суреті құрысын, мынау не деген шұбатылған сөйлем?! – Алған марапатының бірі ұмыт қалмапты. Кейбір орден-медальдарын жазушы ана жылы архивке өткізіп жіберген.
–Мынау не масқара?! – Жазушының қан-сөлсіз жүзі одан әрі сұрланды: Маған мұндай дабыраның көк тиынға қажеті жоқ. Тіпті ескерткіш-тақта орнатпасаңдар да көңілім баяғыдай. Ал орнатқыларың келген екен, «осы үйде жазушы Ә.Н. ұзақ жыл тұрған еді» десеңдер жетеді ғой. Одан артық бір сөз қоспаңдар. Сендерге сенбейтін болдық қой ақыры…
Қатырма қағазға түскен екі-үш жобаның ішінен біреуін таңдады:
– Міне, мынау көңілге қонады. Мұнан артық не керек? Осы жарайды.
Шайға қарамады. Орнынан тұрып, тысқа бет­теді. Үкі көзденген хатшы қыз ұялғансып теріс бұрылды.

* * *
Соңынан емпеңдеп біреу жүгіріп келеді. «Бұл ағайыннан енді қайда қашып құтыламыз?! Жауынды күні мені кім танушы еді» деп түйе жүн кепкісін көзіне мемілдете түсіріп, көнетоз плащының жағасын көтеріп ап, шамасы келгенше жүрісін жымдамдатуға тырысып баққан. Жер лайсаң. Сірә, жауынның соңы қарға айналар түрі бар. Көптен бері тысқа шыққаны осы. Анау тас жолдың арғы айналмасындағы кішкене скверге барып, бой жазсам деп дәмеленген. Енді бір жерге құлап қалмай үйге жеткені олжа.
Суық қол қолтығына жармасқанда барып, оң жағына бұрылды: – Өй, антұрған, мені аңдып жүргеннен сау­мысың?!
Зәурештің мұндайға әбден құлағы үйренген. Бәрін әзіл ретінде қабылдайды: ̶ – «Екі тізем бастырмайды, түнімен қақсайды…» Өтірік! Желдей есіп, жеткізер емессіз ғой.
– Міне, өзің көрдің. Ажалдан өстіп, қашып құтылмақ ойым бар. Сенің бұл жолғың бос әуре. Одан да әлгі тапсырманы бітірсең ет­ті. Өте асығыс. Көзіміз тайса біт­ті, көше кезіп шыға келесің, ә?! Құрыған неме! Әлде байсырап жүргеннен саумысың?!
– Қайдағы байсыраған?! Байсыраған келіншек сүйріктей саусағымен қаусаған шалдың арқасын ысқылай ма?»
Зәуреш жанарынан жылт еткен ыстық жасты жазушыға көрсетпеді. Төмен қарап келе жатып, сайраған тілінен басқа не жылуы жоқ, не қауқары жоқ қолтығындағы бір шұқым денені құшағына қат­тырақ қысты. Алдағы тірлікті Алла біледі ғой. Бір шындықтың басы ашық, екі-үш жылдың арғы-бергі жағында көзінің ағы мен қарасындай қос бүлдіршіні де бауырын көтерген бөлтіріктей жетілер, жетекке ерер. Соған дейін осы кісінің көлеңкесінде жүре тұрудан үміт­ті. Жан қинайтын не бар, аптасына бір мәрте үй-ішін шаңнан тазартып, еден жуғаннан шаршай ма? Жазушының қағазға түскен қолжазбаларын компьютерге теру түк емес. Балалармен жағаласып жүріп, анада компьютер тілін біліп алғаны мұндай жақсы болар ма! Жазушының да өзіне деген көзқарасы өзгерді. Өзгермеген – шалдың жайма-шуақ жайдары күнде бас білдірмек болған бозбаланы бір бұтаның түбіне аударып тастап, сауырына қамшы тиер-тиместен өңкіп ала жөнелер түз тағысындай асау мінезі ғана. Қабағы сирек, өте сирек ашылады. Ашылған сәт­те мұнан жомарт, мұнан қамқор, мұнан ақ пейіл адам жоқ. Біраздан бері байқағаны – жазықты ма, жазықсыз ба, мейлі, арагідік үйге келген әжептәуір кейбір кісінің жер-жебіріне жететіні былай тұрсын, таяғын сілтеп қуып шыққанымен, кейін әлгі пақырдың көңіліндегі сіркедей реніш белгісін байқатпай, «шал райынан қайт­ты ма?» деп мұнымен хабарласатынын қайтерсің. Дәп бір шалдың осал тұсын Зәуреш қана тап басатындай. Ар жағындағы пейіл-ниет айтпаса да түсінікті: «Құлдығым, әйел алмайтын қамал бола ма, қырсық шалдың бетін бері қарат. Біз де қарыз боп қалмаспыз!».
Жә, о жағын қойшы, ай сайынғы жалақысы да әжептәуір. Мерекелерде тиісті мекемедегілер мұны да ұмытпайды. Сый-сияпатын үйге жеткізіп береді. Және еңбек стажы да заң шеңберінде. Оу, мынадай қысылтаяң заманда мұндай батпанқұйрықты қайдан табады? Тек тілегі қабыл боп, ақсақал өстіп қалбалақтап жүре тұрса…
– Сен… әлгіні сотқа берген жоқпысың?!
– Бергем жоқ, бірақ беремін. Азамат қой, балаларға тиесілі алимент­ті айт­қызбай, төлеп тұрар десем, құйрығын ұстататын емес. Ондайларды аяу аз, түрмеге қамап, әбден сілікпесін шығарып, ақшаны сөйтіп өндіріп алған абзал.
– Сен былай істе… – Зәуреш көпті көрген кісі жөн-жосығын түсіндірер деп, құлағын тіге қалды: – Ол сормаңдай да қайбір жетісіп жүрген дейсің. Мен әулие­мін, ертең, не арғы күні ол сенің алдыңа жүрелеп келіп, кешірім сұрайды. Сенің жеңісің сол! Балаларың бауырыңда. Неден қорқасың? Қаражат­тан қысылып жүрген жайың жоқ…
Зәурештің жүзіне мейірлене қарады. Сосын қолтығынан қолын алып, былай ысырды. Мұнысы – «ешкімнің көмегінсіз-ақ өзім жүреміннің» белгісі. Әлде жанынан олай-былай өтіп жатқандарға әлі де мықты екенін дәлелдегісі келе ме. Дәлелдей берсін. Ал Зәурешке шалдың байқаусызда әлдебір түбіртікке сүрініп, құлап қалмағаны маңызды.

* * *
Ұйқы үшін уәйім жемейді. Жұмсақ креслоның арқалығына басын қойып, сәл мызғып алса сол жеткілікті. Атқарылмаған шаруа шашетек. Алға қойған басты мақсаты – ақырғы демі үзілгенше Құдай қағаз қарауды көп көрмегей! Селтеңдеп жүре беретін шайтан емес, ондай жомарт­тықты кім бере қойсын. Тоқетерін айтқанда, мойында, мойындама, беймазалау өмірдің түбі көрініп қалды. Алдағы қыстың қыламықтап жерге түсер алғашқы қарын көре алса… «Ертелеу тұрып, аяз қысқан алғашқы қарды жалпақ табаныммен қышырлатып бассам, шіркін!..» Бала боп кеткеннен сау ма. Оу, сандырақтаудың да жөні бар ғой. Кеңсайдың тау бөктеріндегі құлама жары, құлама жардың ылғал тисе тастай қатып қалатын топырағы ондайда күрекпен қазылмайды. Электр бұрғы, не ұшы үшкір сүймен керек. Сірә, көр қазудың да машақаты оңай болмас. Бірінің үстіне бірі мінгескен бейіт­тер. Таудағы әр сүйем жердің иесі бар. Бұл сонда… электр бұрғының көмегімен қазылатын көрдің иесі, яғни өзі, мұнан әлдеқайда бұрын барып, бірін-бірі иықтан итеріссе де, әйтеуір жамбастарын тіреп жайғасты ғой, сол жайсаңдардың аруағын мазалап, «мен келдім, мені де қатарларыңа қабылдаңдар» дейді-ау асылы. Айтып-айтпай не керек, жаз айларында жерленгенге не жетсін!

Жайдақ үстелге құлап бара жатқан ақ шашты басын оқыс көтеріп алды: – «Менің қай айтқаным болып тұр. Қақаған қыс айында өлсем де ағайын далаға тастамас, көмер…». Кешегі жазғандарын көзін сығырайтып қайта оқып шықты. Ондыққа дөп тиетін өңшең құрмалас сөйлемдер. «Тоқсаның қалай-қалай сілтейді, а?!». Біреу естіп қоятындай, мұнысын да сыртқа шығармады. Осы күнгі қаны тамып тұрған тақырып. «Қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған заманға енді тап келдік-ау!» деп, бұған дейін ақырет­тен көз ашпағандай, біреулердің көсемсігендеріне қарадай-қарап ит жыны тырысады! Мақұл. Мұның ақ-қарасына байыппен барлау жасайтын шама қайда?! Мықты болсаңыз, бір ғасыр ғұмыр кешіп көріңіз! Және өмір бойы айтыс-тартыс, өнер атаулы қай кезде тақтадай тегіс жолға түсе қалған? Өстіп жүргенде осы қоғамның сыртынан бұрын ішкі тұрпатынан қол үзіп қалғаннан сау ма?! Бәлкім, мұныкі ескі көзқарас шығар. «Қай жағынан болсын, өзгелер таңғалатындай шынымен күрт алға дамып кеткен де шығармыз!» Тіфә-тіфә, осынысы расқа шыққай! Иә, қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған мына мамыражай заманда адамдардың пейілі аяқ астынан тарылып, бір-біріне деген аяушылық сезімді белден басып, тит­тей текетіресті, тит­тей келіспеушіліктің ақырын ақылға салып, кешіре білудің орнына бірден қойынға тыққан тапаншасына қол жүгіртетіні қалай?! Бұл қайдан шыққан қатыгездік?! Мұның түп-тамырына балта шабуға бола ма? Әлде жаңбырсыз-ақ дүр етіп, ие бермейтін арамшөп секілді қаулап өсе бере ме? Газет-журнал оқымайды, оқыса жүйкесі жұқарады. «Атып кет­ті, асып кет­ті», «жаңалықтардан» жүрегі шаншиды. «Қатыгездік қайда барады?!» Проблемалық мақаланың тақырыбы да дайын еді: «Мен жазбасам, кім жазады?!».
Аяқталмаған жазбаны кейінге шегерді. Сәл тыныстап, мидағы топан ойларды сана сүзгісінен тағы бір өткізсін. Оу, Мемлекет басшысының атына жолданатын өтініш-хат қайда? Қайда?! Бар болғыр әлгі келіншекке дүние күйіп кетсе де, алдымен компьютерге соны басарсың деп табыстаған! Жайдақ үстелдегі аткөпір қағаздарды ары лақтырды, бері лақтырды. Керегі де, керек емесі де тау боп үйіліп жатыр. Осыны рет­тейін деп Зәуреш қанша жалынды. Қол тигізбеген өзі кінәлі бәріне… Ал іздегеніңді тауып көр! Ондай мазмұндағы өтініш-хат күнде жазылмайды… Арал құрыды, әупірімдеп Кіші теңізге жан кіре бастап еді. Алыста жатса да, ол жақтағы тірліктен толық хабардар. Жасанды теңіздің де қазіргі ахуалы қыл үстінде. Теңіз ұлтанына балдыр бітіп, балық шаруашылығы өркендеген. Сол сол-ақ екен, жұрт жан-жақтан күпінің битіндей жабылып, туған табиғат­ты түтіп жеуге шақ қалды. Жағалау толған зауыт, зауыт­тар сапалы балыққа зәру. Қызыл көрген аш қасқырдай бір бүйір­ден килігіп, теспей соратын браконьерлер тіпті сорақы. Балық уылдырық шашар көктем мезгілінде тірі жанды теңізге шығармайтын қатал заңды коммерция деген пәле аузын аштырмай, тұншықтырып тастаған. Бұл – артық-кемі жоқ мемлекет­тік күрделі мәселе. Мемлекет басшысы қамқорлық жасамаса – дүние қараң.
Екі бет қағаз бір тұстан шықты-ау, әйтеуір! Қайта оқығанының зияны жоқ. Кенет тамағына әлдене кептеліп қалғандай, әзер жұтынды: – Зәуреш, құрымағыр Зәуреш, бері, бері кел! Сенен асылы тезірек құтылмаса болмас! – Жиегіне зер жалатқан көзәйнегін жұлып алды.
– Аманшылық па, өрт шыққандай сонша айқайлап?! – Келіншек кабинетке ентіге кірді.
– Менің жазғанымды өзгертуге саған кім право берді, а?! Сен түгілі… Бері, бері, неғып тұрсың селтиіп!
Зәуреш шалдың жанына жақындады да:
– Өзгергені қайсы?
– Міне, мына сөйлем мүлде қысқарып кеткен. Мен әзірге алжығаннан аман­мын. Не жазғанымды, не жазатынымды жақсы білемін. Ал сен, мына сен… артыңа қарамай, классикті түзетесің?!
–Өзіңіз дұрыстап қарамайсыз ба?! Кімге хат жазып отырғаныңызы білемісіз?! Сөйтесіз де, бір сөйлемді екі мәрте қайталайсыз… «Арғы-бергі заманда балықты у шашып аулағанды қайдан көрдіңіз?» Немене, басқа балама құрып қап па!? «… У шашып, у шашып!»…
– Сен, сен бар-ау. – Көзәйнегін қайта киді. Дауысы бәсең. Одан әрі не айтарын және білмеді.

* * *
Екі-үш аптадан соң осы қалада тұратын бизнесмен інісіне қоңырау шалды: – Көптен төбе көрсетпедің ғой.
– Жұмыс, сіңбіруге мұрша жоқ.
– Сен былай істе, түскі асыңды біздікінен іш. Әлгі қызметші қатынға балық қуыртып қояйын.
– Жайшылық па?!
Телефонды тастай салды.
Бір сағат­тан соң мойнына қылғындырып қызыл галстук байлаған сып-сығыр денелі жас жігіт аяқ киімін шешпестен, асүйде күйбеңдеп жүрген Зәурешпен де амандаспастан, бірден төргі бөлменің есігін қақты.
– Келдің бе? – Шал әдет­тегіше екі аяғын салбыратып, тіктеліп отыр. «Тізе бүксеңші» деп іргеліктегі креслоны нұсқады. Жас жігіт­тің түр-әлпетіне суланған жанарымен үңіліп қарады да, «ничегоны» естір-естіместей жайлап айт­ты.
– Ана жолғыдан да жүдеп кетіпсіз, – деді жас жігіт.
– Теріге ілініп тұрған сүйегім ғана.
– Қызметшіңіз қалай?
– Во! – Бас бармағын көрсет­ті:
– Сені шұғыл шақырған себебім мынау.
Сәл үнсіздік: – Маған хабар келді.
– Қайдан, кімнен?
– Құдайдан.
– Құдаймен сөйлесіп тұратыныңыз ғажап!
– Күлме. Саған серъезный әңгіме айтқалы отырмын. Бәлкім, ағамыздың ақырғы аманаты десең де өзің біл. Менің бір-екі айдан соң саудам бітеді.
– Құдайдан жыл сайын бір жыл мұрсат сұрайтыныңыз қайда?
– Өз шамамды өзім білем. Тыңда. Бізге қараған ағайынның ішінен өзіңнен басқа бас көтерер адам таппадым. Өлім жөнелту де үлкен сын. Оның үстіне жақсылы-жаманды атағымыз бар, елдің біраз нәрсені күтері аян. Оларға салсаң… оларға салсаң баяғы ескі жол. Театрдың кең залына мүрдемді қойып, қоштасу рәсімін жасайды. Азалы музыка ойнап тұрады. Оның маған бірде-бірінің қажеті шамалы. Кассада азды-көпті қаражатым барын білесің. Оны осыған пайдаланбағанда… Жерлеуіме үкімет­тен бір тиын сұрама. Өзімдікі-өзіме жетеді. Сендер қыста кішкентай тікұшақпен қасқыр аулаушы едіңдер ғой. Сондай тікұшаққа осы бастан заказ бер. Менде не салмақ бар. Қу сүйек әншейін. Шаруам біткен күннің ертеңінде сол тікұшақты әне, ана жерге, ауланың дәл ортасына әкеп қондыр. Сөйтіп, мені салып алыңдар да, Кеңсайға тартыңдар. Зәурешті де қалдырма. Қалғанын жерлеу бюросындағылар тындырады. Кейін басыма зәулім ескерткіш қоямыз деп тыраштанбаңдар. Бойымдай құлпытас жарайды… Тірі адамға қарыз емеспін. Әлім жетсе, жоқ оған әлім жетеді, біздің көшенің бергі бұрылысындағы жер асты жолында бір байғұс кемпір ертелі-кеш қайыр сұрап тұрушы еді. Бір-екі мәрте қалтамда ақшам болмағандықтан жанынан ыздиып өте шыққам. Соным дұрыс болмапты. Әдейі барып, соның қолына бірнәрсе ұстатамын. Содан соң жаным да, тәнім де тазарады…
– Әлсіреп қаларсыз, кішкене дем алсаңызшы, көп сөйледіңіз…
– Иә, айтпақшы, мені жер қойнына тапсырған соң «енді керегің шамалы» деп мына қатынды қуып жібермеңдер. Бірер ай осында болып, шашылған қағаздарымды жинасын… Сен асүйге барып тамақтанып ал… – Жазушы жамбасымен ілгері жылжып, көрпе астына кірді.
* * *
Абыздың жылдық асын өткізу жөніндегі үкімет­тік комиссия төрағасы кезекті отырысқа тым көңілді келді:
– Айтары жоқ, айтары жоқ, бұл нағыз сенсация! – деді қолындағы қоңыр пәпкіні үстелге қойып жатып: – Ал бұған сіздер не дейсіздер?
– Оу, ол неқылған сенсация кез келген жерде шашылып жатқан?! – Комиссияның бір мүшесі артқы жақтан төтенше сұрақ қойды.
– Қалай түсіндірерімді де білмеймін. – Бестселлер. Жазушы ағамызға мұнан артық ескерткіш бола ма?! Түнімен бас алмай оқып шықтым. Ішінен адам сенбейтін күмәнді бір оқиға табылсайшы! Шындық атаулы шып-шып тұнып тұр.
– Авторы кім?
– Авторының кім екені қайтесің, ең ғажабы – классиктің соңғы жылдағы тіршілігі айна-қатесіз қағазға түскен. Жер барып жамандамасын, ағамыздың мінезі де бірде көл, бірде шөл еді ғой. Қолжазба 365 бет. Яғни бір бет бір күнгі өмір айнасы іспет­ті. Жазушының бір тәулікте не істегені, кіммен сөйлесіп, кіммен ұрысқаны, кімдерді қабылдап, кімдерді қабылдамағаны, керек десеңіз, автордың өзін үйден қуып шықпақ болған әрекеті… Не жоқ дерсің, бәрі бар. Бір ғасырдың бір жылы! – Төраға тамағын кенеді: – Уақыт тығыз. Ат шаптырып, палуан күрестіріп ас беретін жағдай қайда? Жан-жақтан келетіндердің қарасы қазірдің өзінде қарақұрым. Жүз жасаған кісіден тәбәрік дәмету де жарасымды. Сондықтан кітапты тезірек бастырып, келгендердің қалталарына салып жібергеніміз абырой. Кәне, кімде қандай ұсыныс бар?
– Алдымен кітаптың кімнің қолынан шыққанын білейік те… Сіз мына түріңізбен кітап шыққанша ұйықтамайтын тәріздісіз…
– Сұмдық! Адам сенбейтін оқиға. Шеберлік, әдеби шеберлік турасын қазбалап қайтеміз. Классиктің өмірі тұтасымен көркем дүние ғой. Тек соны… әлгі бар болғыр әйел жүйелеп қағазға түсіре білген. Еңбек – соныкі. Авторы жазушының үй қызметшісі еді деуге аузым бармай тұр.
Бұл күндері Зәуреш Асылзатованың қалта телефоны үздіксіз қоңыраудан жарылып кететіндей. Көшеге шықса да, бейтаныс біреулер жолын бөгейді. Өтініштері – «сұхбат беріңізші», «телеэкранға түсіңізші»… Сұхбат беретіндей елде жоқ ерлік жасап па, немесе адам таңғалатындай жаңалық ашып па?! Жүз жыл жасаған классиктің соңғы бір жыл өмірінің жылнамашысы ғой бар болғаны. Және бұл сауаты бар кез келген пенденің қолынан келер еді. Бұл тұстағы басты көзір – кейіпкеріңді жақсы көру аз, жан-тәніңмен, адами болмысыңмен сүюің қажет. Әне, сонда ғана жүрек түкпірінен бұрын-соңды кезікпеген бір жарық сәуле атой салып шыға келеді…
Мемлекет басшысынан қарапайым оқырманға дейін кітаптың жарыққа шығуын асыға тосып жүр.

 

 

Қуаныш ЖИЕНБАЙ

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір