БЕЙПІЛ СӨЗ ≠ БАЛАҒАТ
20.01.2023
625
0

Өткен аптада ҚР ІІМ Әкімшілік полиция комитеті басқармасының мәлімдемесін қоғам қызу талқылады. Жұрт жаппай талқылайтын бұл нендей мәселе? Аталмыш жағдаят іске асса, қараша халық­тың жағдайы оңала ма, әлде онсыз да жыртығы жамалмаған қалтаны одан әрмен үңірейтіп кетпес пе? Осыған қатысты әлеумет­­тік желілердегі мазақтың мәні не?

Алдымен ҚР ІІМ Әкімшілік полиция комитеті басқарма бастығының орынбасары Азамат Құрымбаевтың арнайы мәлімдемесін келтірейік: «Жаңа редакцияда қоғамдық орындарда әдепсіз сөздер айту, жеке тұлғаларды балағат­тау, ғимарат­тарды, құрылыстарды, тұрғын үй-жайларды, қоғамдық орындарды, көліктегі және қоғамдық орындардағы мүлікті қасақана бүлдіру бұзақылық ретінде қарастырылады. Қазіргі уақыт­та мұндай ұсақ бұзақылық жасағаны үшін 5 АЕК, яғни 17 250 теңге айыппұл немесе 15 тәулікке дейін қамауға алу түрінде жаза тағайындалады. Ал жаңа редакция бойынша айыппұл 20 АЕК (69 000 теңге), ал қамауға алу мерзімі 5 тәуліктен 30 тәулікке дейін болады». Демек, айыппұл мөлшері өсті демесеңіз, бұл заң бұрын да болған. Ал біздің білмей қалуымыздың сыры үшбу заңның «Қайрат болма, адам бол» деп келетін сериялсымақтар мен ғаламтор бетінде өрт­тей қаулап тұрған былапыт сөзі көп мультфильмсымақтарға, бастан аяқ боғауыздан тұратын мәтінге жазылған әнсымақтарға бір де бір рет қолданылмағанында деп есептеуге толық хақымыз бар. Әрине, біреудің ар-ожданын аяқасты етуіне ешкімнің хақысы жоқ. Сөйткен екенсіз, Мемлекет­тік, Халықаралық заңдарды қойып, ар сотының алдында айыпты боласыз. Бірақ мұның астарында басқа да мән бар.
Ойды ой қуалайды. Есімізге түскен бір-екі жайт­ты баян етейік.
Бала кезімізде үй маңындағы біз қатарлы балаларды жинап алып бір ағам жыр айтатын. Ойын баласының бар қызықты тастап, қарғаның қарқылындай дауысты ұйып тыңдайтындарының өзіндік себебі тіпті күлкілі. Ол ағамыз жырлап отырып, арасына бейпіл сөз қыстырып жіберетін. Мәселен, «Қашаған ақынның Есқали сұпыға айтқанын» былай келтіретін:
«…Қаріп пенен қасірге,
Қуат болған бұл ағаш.
Жетім менен жесірге,
Суат болған бұл ағаш.
Өзіңді халық сұпы дейді,
(Анаңды «түген қылайын»
сұпы-еке!)
Боқтағаның қай ағаш?!.»
Біз жақшаға алған жол «жыршы­ның» жанынан қосқаны. Міне, елудің жуан ортасындағы кісі осылайша құлағымыздың сұрағанын беріп, бойы­мызға жырдың дәнін себетін.
Тағы бір мысал. Ол кезде мектеп оқушысымыз. Көп сөйлемейтін, әйткенмен тілінің тікенегі бар сыныптасымның (аты Самат дей берейік) әпкесі бізге биология пәнінен сабақ беретін. Бірде, сол сабақта, бәріміздің езуімізді керіп, айызымызды қандыратын тақырыпты өт­тік. Көбіміз апайдан ұялып, дауыс шығармағанымызбен, шикіл сары, мысық көзді, мылтық бойлы біреу (аты Нұрсұлтан-ақ болсын) тырқ-тырқ күлсін. «Ұрық дейді-ей!». Ыржың-ыржың. Қоятын емес. Оған әлгі қу тілді сыныптасым қабағын түйіп қарап-қарап қояды. Бір уақта бір жөткірініп алып: «Неге күлесің-ей, ұрық!». Нұрсұлтан ұрып жіберейін десе, әлі келмейді. Ақыры апайға: «Апай, ініңіз болғасын үндемей отырсыз ғой. Бірдеңе десеңізші, мынау маған ұрық деді». Мұндайда құдай бере салған тіл мен жақ тыныш қалсын ба, Самат жайбарақат қана: «Сен де ұрықсың, мен де ұрықпын. Бәріміз ер Адайдың ұрығы емеспіз бе! Не бопты ал, ұрық!». Сынып у да шу күлкі. Нұрсұлтан жыларман боп отырып қалды. Нұрсұлтан содан былай қарай биология пәнінде басы артық қимылдамайтын болды. Бейпіл сөздің тәртіпке салар осындай да реті бар.
Көрдіңіз бе, бейпіл сөзді орнымен қолдану да – өнер. Өнер дегеннен шығады, қазақ фольклорында әбес сөздер аз ба еді? Іздеп кетсеңіз, арғы-бергі ақындарда осынау құбылыс байқалады. Сөзіміз дәйек­сіз шықпасын, төмендегі шумақты оқыңыз:
«…Көт қасыған махаббат па?
Кек тасыған арман ба?! –
Түкірдім мен нәжіс басқан,
Боқ сасыған жалғанға!..»
(Светқали Нұржан
«Салыстыру» өлеңінен үзінді).
Үйіп-төге беріп не етеміз, жаңғыз шумақпен тоқталық.
2000 жылы «Темірқазық» баспасынан Ақселеу Сейдімбектің «Бейпіл сөздер: Қазақтың эротикалық фольклоры» кітабы жарық көрді. Онда Ақаң мифтер мен ертегілерден бастап жаңылтпаштарға дейін нақты мысал келтіріп, «Ұлы сөзде ұят жоқты» дәлелдеп шығады. Азамат Құрымбаев мәлімдеген «қоғамдық орындарда әдепсіз сөздер айтуға» жоғарыда біз келтірген дәйектер де жатса, «Асыра сілтеу болмасын, аша тұяқ қалмасын» десеңіздер, қазақ фольклорын сот­таңыздар (салған бет­тен аулақ).
Джордж Оруэл атақты «1984» ат­ты романында «сөзді жою» туралы ойлы түйін жасайды. Онда жазушы жобамен былай келтіреді: «Сөзді қысқартып, жойып отыру керек. Сөз қысқарса, ой қысқарады. Ойы келте халықты басқару шырпы сындырғаннан да оңай».
Ал мәселенің мәні Мемлекет­тік бюджет­ті айыппұл есебінен толтыруда болса, ол да жақсылыққа апармайды. Ең қызығы, құзырлы органдар айыппұл мөлшерін есептейтін кезде дамыған Батыс елдерімен салыстырады да, жәрдемақы, жалақы мөлшерлерін тағайындауда Азия елдеріндегі жағдаймен қарастырады. Жүйкесі жүндей түтілген қарашаның ішіндегі ащы запыранын шығару үшін бейпіл сөздерге жүгінетіні өтірік емес. Ендеше, бұл қаталдық халықты тұншықтыруға бағыт­талған әрекет. Әрі-беріден соң, бейпіл сөз де мәдениетіміздің бір бөлшегі. Бюджет­ті толтырамыз деп, тіл аясын тарылтып алмайық.

Асылан ҚУАНЫШҰЛЫ

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір