Қаранар мен Мавр параллелі
23.12.2022
513
0

Қазақта «Қатепті қара нар» деген сөз тіркесі бар… Маған ұнайтын теңеу… Ауыр жүк көтерсе де мыңқ етпейтін жануарға, атан түйеге қарата айтылатын сөз. Нарға салынатын ерді ауыт, ал өркештің екі жағына байланған ағашты қатеп дейді екен. «Қатепті қара нар керек, біздің бүйткен бұл іске» деп жырлайды, қайрайды… жоқ, зарлайды Махамбет. Яғни тау қопарардай толағай іске қажетті көнбіс қажыр, таусылмас шыдам жайында айтылған. Ойға қалдырады. Нешеме зобалаңды басынан өткерген, бәріне көнген, сонда да шыдам-қажыры мен қайғысы таусылмаған, ықылым замандардан, нәкүмән нәубеттерден аман өткен қазақтың өзіне, тауқыметі еш кемімеген тағдыр-талайына арналғандай тіркес…

«Қатепті қара нар» деген сөз тіркесі ойыма келгенде Төлеубек Аралбай еске түседі. Төлеубектей тарлан актер бүгін-ертең өмірден өтеді деген күпір ой ешқайсымыздың ойымызда жоқ еді. Әманда ортамызда жүрердей көрінетін, қыруар қажыр мен шексіз шыдам ғана көтерер, сүйекті, ортаншы, басты рөлдер Төлеубекке телінетін, солардың бәрін бұлданбай, міндет қылмай және шебер орындайтын, мыңқ етпейтін, «мұрнын да көтермейтін»…
Әуезов театрының актерлік студиясында, Р.Сейтметовтің шеберханасында оқып жүрген бозбала кезі көз алдымда. Мен Райымбек ағаға ассистент боп жүрдім. Құрманғазы атындағы өнер институтының театр факультетін жаңа бітірген кезім болатын, әйтеуір Рекең көмекшілікке мені таңдап алып, өзі жан-жаққа сапар шеккенде сабағын маған тапсырып кететін. Шәкірттерінің біразы менімен қатарлас, екі-үш жас қана үлкендігім болмаса, бір кезеңнің жастары едік. Төлеубек орыс мектебінде оқыған екен, бастауыш сыныптан бастап драма үйірмелеріне қатысып, өзгелерге қарағанда қағылездеу, жұмыс істеуге бойы үйренген боп шықты. Уақытын бос жібермейтін тынымсыз, есесі кетіп бара жатқан естияр адамдай сабаққа өте жауапты, тапсырмаларға мұқият, білімге құштарлығы ерекше болатын. Актер шеберлігінің құпиялары мен теориялық канондары жайлы екеуіміз жиі сырласатын едік. Өзіне-өзі қатаң талап қоя білетін және олардың үдесінен шыға да алатын. Цирк өнерінің шеберлеріне тән эквилибристік қимылдарға қол-саусақтары епті, шарларды, сақиналарды кезек лақтырып-қағып алатын небір әбжіл қимылдар мен нөмірлерді қиналмай жасай беруші еді. Бәріне үлгеретін, үсті-басы тап-тұйнақтай, сымбатты жігіт болатын, тіпті бір әңгімесінде Семейде жүргенде, каникул кезінде ресторанда даяшы боп та істегенін айтып отырушы еді…
Рекең дипломдық жұмысқа М.Горькийдің «Шыңырау түбінде» пьесасын таңдады. Қазақы ұғымға қолайсыздау, ауыр шығарма. Сондағы басты рөлдің бірі – Сатин бейнесін Төлеубекке теліпті. Бұл өзі Горькийдің жазушылық қиялынан туған, революциялық идея­ның астары жегілген ауырлау рөл-ді. Кезінде осы рөлмен орыс театрының реформаторы К.С.Станиславскийдің аты шыққан. Уақиға желісі созылыңқы, бірсарынды ілбіп отырады, алайда астары тереңде. Төкен екеуміз (театрда, өмірде де бәріміз оны еркелетіп осылай атаушы едік, жастар Төкен аға дейтін) біраз қиналдық, не істейміз, қайтсек өзгеше кілтін табамыз деп… Оның үстіне әлем актерларының менмін деген небір шеберлері осы рөлмен аттары да шыққан, құлағандары да жетерлік. Сатиннің брендке айналған бір сөзі бар, драманың желісі бойынша бір кейіпкері асылып қалады, сонда: «…Е-ех, әжептәуір әннің шырқын бұзды-ау» деген… Осы сөзден астар, әрекет іздеп әлек болғанымыз есімде қалыпты. Шырқы бұзылған не ән ол… Қандай ән?… Ән бе ол?… Кейі-і-ін, Төкеннің Әуезов театрындағы өнер жолы ерекше айқындала түсті. Атынан ат үркетін Ә.Мәмбетов ағамыз Төлеубекті ең бір ауыр, кез келген актердің өресіне, күш-қажыры мен оң жамбасына оңтайлы келе бермейтін рөлдерге жегіп жүрді.
Кезінде үлкен мәдени уақиға болған Ш.Айтматовтың «Ғасырдан да ұзақ күн» қойылымында, ол кездері театр мен кинода дәурені жүріп тұрған, алдындағысын тістеп, артындағысын теуіп, алшысынан аспандап тұрған Ы.Ноғайбаев, А.Әшімов, Ә.Молдабековтерден бөліп, Әзекең басты рөл Едігені Төлеу­бекке жүктеді. Бұл – үлкен, тәуекелі бұлдыр шешім болатын, соны Төлеу­бектің «өлермендігіне», ішкі тәртібіне, жанын аямай жұмыс істейтін қажырына сеніп табыстағандай еді. Ол кезде Төкен театрдың жас актерлары қатарында болатын. «Қалай болар екен?» деген күдік бәрімізде болды, алайда қаншама ащы тер мен азапты репетициялардан, ұйқы-күлкісіз күндер мен түндерден, есепсіз ізденістерден соң, бұ дүниеден баз кешіп ессіз әлемге өтуден соң, асау рөл ауыздықталды. Ақырында Едіге осы Төлеубек үшін жазылғандай болып, мінез-құлқы өн бойына қона кетті, киім, грим, жүріс-тұрыс, еңкіш қалып, қарлығыңқы дауыс… бәрі-бәрі орнына келе қалды. Менің темыржолшының баласы екенімді біліп алып, теміржолшылардың күнделікті айтатын небір кәсіби сөздерін пайдаланып, жаттап, қайта-қайта сұрап мазамды алатын… Ақыры күдік сейілді, премьераның ертеңіне Төлеубек Аралбай ата театрдың арқалы, белді актері боп шыға келді.
Спектакль кезінде, Едіге өзінің бошалап кеткен бәсіре түйе бурасы Қаранарымен «айқасатын», екеуінің де мына қиюы кеткен өмірден көріп келе жатқан азабы мен өкініштерінің өшін бір-бірінен алардай, бүкіл дүниені тәрк етіп, астаң да кестең болатын сахнасы қойылымның шарықтау шегі еді. Сондағы Төкеннің запыран шеккен ашуы, кері кеткен заманның кежіріндей Едігенің еңсесін басқан ертеңі… көмескі, қоңырқай өмірі, шығыстан батысқа бізге белгісіз жүк тиеп, жүйткіп өтіп жатқан пойыздар… бәрі де көште қалған, елеусіз ғана Боранды бекетте қалып қойған қоңырқай тіршілік атаулы… бәрі-бәрі бір ғана актердің кеудесіне қалай сыйып тұрғанына, жүрегінің жарылып кетпеуіне таңданбау, сахнада болып жатқан уақиғаға актермен бірге енбеу, еніп тұрып сенбеу мүмкін еместей еді… Осы сахна есіме түскенде қазақтың қатепті Қаранары мен Төлеубектің паралелі, Айтматовтың Қаранары көз алдыма келе береді…
Айтпақшы, Әзекең, тіпті Шекспирдің көп театр репертуарына қоя бермейтін атышулы «Кориоланын» да Төлеубекке ойнатқан… Рөлдері көп қой. Екеуіміз көп қойылымдарда серіктес болдық. Немістің Фридо Зольтер атты әйгілі театр режиссері, біздің Болат Атабаевтың септеуімен Алматыға келіп, Ф.Шиллердің «Генуядағы қастандық» трагедиясын сахналаған. Төлеубек сонда қазақтың Қаранарына сәйкес келетін Мавр рөлін сомдады. Қойылым барысында мен кейіптеген басты кейіп­кер Фиеско, таққа барар жолында, керек қажетіне пайдаланып болған соң, қара нәсіл, қара күш иесі Маврды өлімге қиып жіберетін сахнада: «Мавр сделал свое дело, Мавр может уходить» (қазақша аудармасы кезінде ол сөздің дәл астар-әрекетіндей әсері болмады) деген театр өнерінің брендіне айналған, аталы сөз боп арсыға кеткен осы тіркес – сол қойылымда Мавр-Төкеннің аузымен айтылатын… Тағы да параллель…
Кейіндері, Әуезов театрында, сұрқайлы, солғын, соры сарғайған тоқсаныншы жылдарда, көзалдаудай ұйымдастырылатын «Театр көктемі» фестивальдерінде жыл сайын Төлеубек «Қазақ театрының Мавры» деген жүлде алатын. Кейінірек ол жүлдені «Қазақ театрының Қаранары» деп ауыстырдық. Тағы да параллель….
Мен де Төкенді ата театр сахнасына өзім қойған қойылымдарда сүйекті рөлдерге жегетінмін. Тобығы тайған тоқсаныншы жылдардың ортасында, көрермені көңілсіз, тайраңы кем төл театрым­ның сахнасында Карло Гоццидің «Турандот ханшайымнан» басталған менің режиссерлік «бұзықшылықтарымның» ерекше бірегейі болған, туысқан қырғыз драматургі М.Ғапаровтың «Тұзды шөл» деп аталатын псхологиялық трагикомедиясын сахналадым. Сондағы басты рөл Дәмен –Төлеубектің жұмысы оның актерлік шеберлігі мен тұлғалық қасиетінің тоқайласуы болғанын сыншы-міншілердің бірі біліп, бірі білмеді… Қазақы ұғыммен айтсақ, актерлік өнердің ұшар биігіне көтерілген-ді, орысшаласақ пилотаж болған еді… Әлімсақтан үйреншікті, әбден запысты болған шідерді бұзған өзгеше қалып, өзгеше режиссерлік қиғаш шешім, ең бастысы шынайы актерлік кейіпкермәнділік деген көп өнерпазға бұйырмаған биіктікке жеткен құбылыс болған… Болған… Ұққандар аз болды, ұққысы келмегендер көп болды… Көптың бір аты – тобыр… сахналық қойылым һәм драматургиялық ойдың тереңдігі, астарлы ақиқаты мол болғандықтан да көп өмір сүрмеді. Біліксіз қағажулардың көптігінен ағымдағы репертуардан түсіп, Ұмыт ауылында қалып қойды…
Соңғы рөлдерінің бірі – Ү.Гаджибековтің әлемге аты мәшһүр шығармасы «Аршин мал алан» музыкалық комедиясындағы басты кейіпкер Сұлтанбек. Кезектесіп ойнаушы едік. Көбіне Төкенге ойнаттырушы едім. Өте жақсы көріп, рахаттанып, айызы қанып жасаған рөлі болды. Репетицияларда неше түрлі детальдар тауып, қиналмай, күшенбей, майдан қыл суырғандай әсерде жұмыс жасайтын… Бір күні репетицияға таныстарының асыранды кептерін ала келіпті. Онысын иығына қондырып алып, Сұлтанбектің ұзынсонар монологын әлгі кептер екеуі сырласқандай етіп айтып, көрерменді күлкіге қарық қылатын. Ғазиза Әбдінәбиевамен керемет тандем болған еді… Еді… Амал не, бүгінде ол да, Ғазиза да жоқ өмірде… Төлеубек кейіп­теген рөлдердің бәрі дерлік сүйекті, бәрі де әдемі образдар еді… Санамалап қайтем, өтті, кетті… бітті… Өзі жан-тәнін салып шебер орындаған Ф.Шиллердің «Генуядағы қастандығының» бізше Қаранары, Мавр айтатын әулие сөзіндей сөйлесек… «финита ля комедия…» болып, Ұмыт ауылына аттанды. Параллель…
Өнердің ең бір қатігез түрі – театр өнері. Мұны мен емес, Ж-Б.Мольер айтқан. Өйткені театр өнері – тірі өнер… бүгін бар, ертең жоқ. Рөлдер актермен бірге туады, бірге өледі… Өнердің өзге түрлері, ешқайсысының көңіліне келмесін – өлі… Кино – қимылдайтын сурет. Ақын-жазушылардыкі – хатқа түскен жанды-жансыз әріптер… Сурет өнері бояумен жазылып, бояуы қатқан кенеп – табыт… Музыка – нота қағазына көшіп алған үн, реквием… Театрдан басқаларын қайталап оқуға, тыңдауға, қарауға болады. Ал театр өнерінің бүгіні қайталанбайды. Ертеңгі спектакль басқа, ертеңгі актер да басқа… Басқа жүрек қағысы… Спектакль сол шымылдық жабылған кеште немесе актер жүрегі тоқтаған күні көзден кетеді, көңілде ғана естелік боп қалады… Қалса… Бара-бара… көңілден де кетеді… Қатыгездігі осы…
…Қолым жүрмей отыр… Төлеубектің енді өзіммен болған паралельдері есіме түседі, жадымнан соларды іздеймін… Әлқисса, Миллениумнан кейінгі бірінші жылдың тамызынан бастап ата театр, қанына сіңген ыбыр-жыбыры көбе­йіп, ақыры орта жолда арбаға жегер ат ауыстырып әлекке түсті… Жегілгендері кілең жабы тектестер болды. «…Құйрық-жалы қаба деп, жабыдан айғыр салмаңыз… Жабыдан айғыр салсаңыз – жауға мінер ат тумас…». Мұны да мен емес айтқан… Қазағым айтқан… Содан бері Төкен екеуіміздің, тек екеуіміздің ғана емес-ау, жалпы Әуезов театрының репертуарынан, сол тоңғақ тоқсаныншы жылдардың күрмеуге келмеген қиын кездерінің өзінде тәп-тәуір көркем дүние боп, қымбатқа баланған біраз қойылымдар «ғайыптан тайып» жабылар тартқан арбадан түсіп қалып жатты… Бірінен соң бірі… Керісінше, босөкпе, бір күндікке ғана әзер жараған, арзан қойылымдар тыраштанып, келесі көпірге дейін жабыларының жалына жармасып қалуға тырысып, арбаның да, қасиетті өнердің де шын қадірін кетіре бастады… Олар да кезектесіп, заман мен талғам талабына шыдамай, шын өнердің кепиеті теуіп, арбадан өздігінен түсіп те қалып жатты… «Қалың малы арзан деп, жаманнан қатын алмаңыз… жаман қатын алсаңыз, топқа кірер ұл тумас…» Мұны да, қайран да менің Қазағым айтқан!.. «Арзанның сорпасы татымас» дейтін де аталы сөздің авторы – ақылы кейін кіретін сол Қазақ… Жөйіттер айтады екен: «Мұсылманның кейінгі ақылы менде болса, дүниені төңкерер едім…» деп…
Сол Актер Төлеубек Аралбай – бүгінге Арсыдан «ақырып» аманат айтатын қаһарлы қойылымдардағы Бұхар жырау мен Ораз Аталық рөлдерін жанын салып ойнаған, ойнаған емес-ау, солардың өмірін сүрген Абылай хан тақырыбы туралы қойылған білдей екі спектакль, Алла-Тағаланың асқан сүйіншілікпен, Адам Ғалайссәләмның бұғанасынан жаратқан Хауа Ананың өзін азғырып Жұмақтан тайдырған Әзәзілді кейіптеген «Қабыл – Адам Ата перзенті» қойылымы… тағысын тағылар, жөнекей жөнсіз «репрессияға» ұшырап, репертуардан сызылып, тағы да баяғы Ұмыт ауылында қала берді… Сол қойылымдар қолқасын қозғап, көңіліне жағып, көз жасы көл болып, көзайым болған көрермен Абылайды, Адам Атаны іздеп шарқ ұрды, айтты, жазды… жабылар кісінеген де, қыстырған да, қышынған да жоқ… Әлі де солай… Жабылар жегілген арбаның ыңыршығын тот басса да, шиқылдап, ауырдың үстінде, жеңілдің астыңғы жолымен қисалаңдап әлі келеміз… «Бұларың не, сендерге не болған?» дейтін «әй дейтін ажалар мен қой дейтін жоғарыдағы «қожалар», қазақтың Жаратқан Ие бұйыртқан қазынасын қасқырша қарпумен, отыз жыл бойы халықтың құлағына кеспе ілумен болып, ықылық атса да, ындыны тоймай, төменмен, елмен, театрмен, өнермен еш жұмысы болмады… Министрдің мәшинесін мінген бір миякі он екі миллиард ақшадан аспады, көпе-көрнеу ұрлықы көпір салып, сұлулардың сауырын сипалап, оларды қожалар мінген корабльдерге мінгізіп, «сайран» құрды… Қайсыбірін айтайық… Сол тексіз жабылар біз отырған қасиетті арба ғана емес, қазақ дейтін Атажұрт отырған құдіретті арбаны да аудара жаздады… Отыз жыл бойы жауға мінер ат, жиырма жыл бойы ес жиғызар, ел сүйсінер өнер де тумады… Алла бетін аулақ қылсын, жауға мінер ат болмағасын, ұрпағым деп үкілемеген елін қорғар, қарсы келген жауға шабар ұл да бар ма бүгінде – беймағлұм… Бұл нәубетті көтере алмай, қанша жүрек тоқтады, қаншама тұлғадан айырылдық… Арзанға қанағат тұтуды да әдет қылдық… Ұлттық қаны тасыған қатарластарымның бәрі де қайтпастың кемесіне мінді… Енді, міне, сен де…
Сен де, Қазақ театрының Қаранары, еңбекқорлығың мен қарапайымдығыңнан қымбат – актер Төлеубек Аралбай… Үш-төрт жас кішілігің болмаса, мұңымды білер, шерімді бөлісер алданышым едің… Өзіңнен кейінгілердің кетуі ауыр екен… Жөнсіз… Сен бізді, тірілерді кеш, Төкен… Тірілердің тізімінде қалғандарды азайтпа… Артыңда сен туралы айтатын, шынайы қадіріңді оңы мен солынан, шаламен шыланып, қымбат пен арзанның аражігінен адасып, өзге қаңсықты таңсық етіп шатасқан кейінгіге шын жағдайды айтар, жазар, жасқанбай жеткізетіндер азбыз… Біз сені ұмытпасақ – сен де ұмытылмайсың… Біз кеткен соң… білмеймін… Шекспирдің Гамлеті айтқандай «дальше – тишина…»
Айтпақшы, театрға сүйіншілеп жаңа Қазақстанның жаңа министрі келді, сөніп бара жатқан үміт отын жаққандай болды. Әлдеқашан қайыршының табысынан кем қалған, отыз жыл бойы ұмыт болған үмітіміз – ақшамыз өсетін бопты… Өнерді, оның бағасы мен қадірін өсіру жайлы үндемеді… Шахмат ойынын, фигура ауыстыруды жақсы біледі екен… Менеджер ғанамын деді.
…Солай, Төкен… Қош енді… Келмеске кеткеніңе жүрекпен емес, амалсыздан салқын ақылмен көндігемін де… Амал не… Не көрмеген бас… Екеуіміз еш есепсіз сыйлаған, қолына су құйып, ық жағында жүруге құмар болған ағалардың, кеудесіне тағатын салқыншақ сары темірге бола «туфли жалап» арзандағанын да көрдік, солардың өмір- сабағынан тәлім алған шәкірт-сымақтың сасыған сатқындығын да көрдік… Өлмеген құлға, Құдая, келіп те қалар тағы жаз… Ал сен ол жазды күтпедің… Арсыға кеттің… Біз – күздеміз, күйкі Тірліктеміз… Пенделікпен… үмітпен, тағы келер Жазды күтудеміз…
Келер ме екен мамыражай, әділ Заман, жақсы Жаз… Келе жатыр дейді ғой…
…Бақұл бол, бауырым… Қарапайымым… Адалым… Қаранарым… Маврым… Жаның пейіште шалқысын…

Тұңғышбай әл-ТАРАЗИ

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір