ШЕРАҒАҢНЫҢ «ТАҢШОЛПАНЫ»
20.12.2022
682
0

«Таңшолпан» десе, елең ете қалатын жанның бірімін. Оқушы кезімізде кім ерте оянса, сол ең алдымен теледидарды қосатын. «Таңшолпан» бағдарламасын көріп жүріп жуынып, киінетінбіз, көріп отырып таңғы асымызды ішетінбіз, қимастықпен сабаққа кетіп бара жататынбыз.

«Таңшолпан» десе, елең ете қалатын жанның бірімін. Оқушы кезімізде кім ерте оянса, сол ең алдымен теледидарды қосатын. «Таңшолпан» бағдарламасын көріп жүріп жуынып, киінетінбіз, көріп отырып таңғы асымызды ішетінбіз, қимастықпен сабаққа кетіп бара жататынбыз.
Уақыт қызық қой, арада талай жыл өткенде маған да сол «Таңшолпанда» жұмыс істеу бұйырды. Шерағаң – Шерхан Мұртаза атын қойған, «Қазақстан» ұлттық арнасындағы таңғы бағдарлама бәріңізге жақсы таныс шығар. Талай ұрпақты ізгілікке, бауырмалдыққа үндеген, танымын кеңейткен, көпшілікті ән-жырмен, салиқалы сұхбатпен сусындатқан сол бағдарламаның жарық көргеніне биыл отыз жыл толыпты. Отыз жылда қаншама дүние өзгерді, қаншама бағдарлама дүниеге келіп, қайтадан жабылып қалды. Бірақ «Таңшолпан» әлі күнге көрерменін ұйқысынан оятып, тірлігіне шығарып салып келеді.
Мен «Таңшолпанда» алты жыл шеф-редактор болдым. Сол алты жылда Ләззат Танысбай, Марат Сандықбаев бастаған басшылық маған зор мүмкіндік берді. Сәтін салғанда режиссер Серік Ыбырайым, журналист Болатбек Баянхан сияқты кәсіби жігіттермен жолым түйісіп, біраз тосын дүниені эфирге ұсындық. «Наурыз мерекесі десе, көз алдымызға киіз үй мен ұлт­тық киім киген ұл-қыз ғана елестейді. Неге біз жиырма бірінші ғасырдағы наурызды көрсете алмаймыз?» деген бастама көтеріп, «Наурыздағы қарбалас» атты фильм түсірдік. Көпшілікке ұнағаннан болар, 4-5 жыл қатарынан наурыз мерекесі сайын эфирден берілді. Атақты ақынымыз Қасым Аманжоловтың жүз жылдығына орай, «Дариға, сол қыз…» фильмін экрандадық. Ол да тоғызыншы мамыр сайын 2-3 жыл қатарынан эфирден өтті, мерейтойда жүлделі болды. Соза берсек, әңгіме көп. Қысқасы, «Таңшолпанда» жүріп осындай бес кино түсірдік, бәріне Нұрғали Нүсіпжанов, Алтынбек Қоразбаев бастаған елімізге танымал өнер адамдары қатысты, үлестерін қосты. Бағым шығар, күллі жұртқа танымал бағдарламаның жиырма жылдығын өткізу, сценарийін жазу, ұйымдастыру да маған бұйырды. Алматыдағы Студенттер сарайында мерейтойды дүркіретіп өткіздік. Бесінші перзентханамен алдын ала келісіп, сол күні дүниеге келген сәбиге Таңшолпан деп ат қойдық. Танымал журналист, композитор Ғалия Шаудырбаева екеуміз алғашқы болып «Таңшолпанның» гимнін жаздық:
Оятып тау мен даланы,
Тербетіп әнмен қаланы,
Тамылжып таңның атқанын,
«Таңшолпан» еске салады.

«Таңшолпан» таң нұрындай арайлы,
«Таңшолпан» әнге бөлеп маңайды.
«Таңшолпан» таңғалдырып талайды,
«Таңшолпан» күллі әлемге тарайды…
Ол да Р.Рымбаева, Т.Забирова, М.Сәдуақасова, С.Жолбарыс, «Жігіттер» тобы сынды әншілердің орындауында беріге дейін айтылып келді.
Бұл да бір жаңалық шығар, сегізінші наурызда қыз-келіншектерге өзгеше сыйлық болсын деп, өзіміздің жүргізушілердің орнына атақты академик Асқар Жұмаділдаев, актер Бекжан Тұрыс, әнші Рамазан Стамғазиевқа эфирді бердік. Үшеуі кәнігі мамандар сияқты екі сағат қырық минут бойы қонақтарды қарсы алып, олармен сұхбаттасып, сюжеттерге кезек беріп, үлкен абыроймен эфирді алып шықты. Мұндай шешім отыз жылдық тарихта бола қойған жоқ-ау…
«Таңшолпанның» күні бүгінге дейін эфирден түспей келе жатқанына тағы бір себеп: бір үйдің баласындай болып кеткен ұжым десем, қателеспеймін. Жүргізушілер мен кезекші таңғы бестен қыстың көзі қырауда да жұмыста отырады. Ел енді оянып жатқанда «Таңшолпанның» қызметкерлері бір-біріне соқтығысып әбігер болып жүреді. Бірі сол күні эфирге шығатын қонақты күтіп алып, бірі сценарий ретімен сюжеттерді дайындап, бірі жүргізушілердің мәтінін дайындап, қазандай қайнап жататын әріптестерімді отыз жылдық мерейтойымен құттықтаймын! Бізде «Таңшолпанда» «бұрын істеп кеткен» деген сөз жоқ. Жұмыстан кеткендердің өзі де әлі күнге туысындай араласып тұрады. Дамыған заман емес пе, әлеуметтік желі арқылы ортақ топ ашып қойған, сол жерде қазір жұмыс істейтіндер де, кезінде істеп кеткендер де шұрқырасып жатады. Шерағаң іргесін қалап, үкілеп ат қойған «Таңшолпанға» сонда қалай көлеңке түспек? Той құтты болсын, ағайын!

Қанағат ӘБІЛҚАЙЫР

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір